КЕЙБIР ДӘРIГЕРЛЕР НЕГЕ ҚЫЛМЫСҚА БАРАДЫ?

КЕЙБIР ДӘРIГЕРЛЕР НЕГЕ ҚЫЛМЫСҚА БАРАДЫ?

КЕЙБIР ДӘРIГЕРЛЕР НЕГЕ ҚЫЛМЫСҚА БАРАДЫ?
ашық дереккөзі
251

Неғұрлым көбiрек жұрттың бақытты

болуына септiгiн тигiзген адам ғана – ең бақытты адам.

Д.Дидро

Қазiр бiздiң дәрiгерлер арасында аурудан құлан-таза емдей алатындар да, керiсiнше, сау адамды сергелдеңге салатындар да бар.

Алғашқыларына мың да бiр рахмет. Ал кейiнгiлерiнiң пендешiлiктерi турасында күнделiктi көз көрiп, құлақ естiп, байқап, пайымдап жүрген шындықты несiне жасырамыз? Әлi де болса көптеген дәрiгерлер алдына келген адамның жүрегiн, өкпесiн тыңдап, қан қысымын тексерiп, түрлi "анализдер" алған соң ләм-мим деместен салақұлаш дәрiлер тiзiмiн жазып берiп, өздерi алдын ала келiсiп қойған дәрiханаларға жұмсаумен шектелiп "осымен iс бiттi" деп ойлайды. Ауруы асқынған, көңiлi пәс науқаспен асықпай отырып сөйлесу, көңiлiн демеп, ақыл-кеңес беру дегендi ескермейдi.

Ендi бiреулерi науқасты қабылдап отырғанда кабинетiне жора-жолдасы кiрсе немесе телефон соғылса, солармен күнделiктi ұсақ-түйек мәселелер жөнiнде ұзақ әңгiмелесiп, онсыз да қиналып отырған науқастың бар-жоғын ұмытып кетедi. Қарапайым iзеттiлiк, парасаттылық деген игi қасиеттер көп дәрiгерлерге жетпей жатады.

Денсаулық сақтау министрлiгiнiң ақпараты бойынша, елiмiзде мемлекеттiк медицина саласында 58 мыңдай дәрiгер, 355 мыңнан астам медбике жұмыс iстейдi екен. Құқық қорғау органдарының таратқан мәлiметтерiне сүйенсек, ақ халаттылар арасында Гиппократқа берген антын бұзып, қылмыстық iске ұрынып жүргендер аз емес. Мәселен, Солтүстiк Қазақстан облысы, Қызылжар ауданындағы Соколовка ауылдық ауруханасының бас дәрiгерi Виктор Плищенко Қазақстан Республикасы Қылмыстық iстер Кодексiнiң 121-бабы бойынша айыпталып, қамауға алынған. Ол ауруханада емделiп жатқан он үш жасар ер баланы зорлаған.

Медицина және педагогика ғылымдарының докторы Совет-Хан Ғаббасов соңғы жылдары дәрiгерлер қылмысының өрши түскенiн, жандарына шипа iздеп баратын сырқаттардың да оларға деген сенiмдерi сетiней бастағанын растайды. "Олай деуiмнiң басты дәлелi, — дейдi дәрiгер аға, — осыдан бiрер жыл бұрын Алматы облысында соқыршек болған 20 жастағы жас қызға дер кезiнде ақша төлей алмауынан хирург операция жасамай, оның соқыршегi жарылып кетiп, өмiрi қыршынынан қиылған! Сондай-ақ, осыдан бiраз жыл бұрын дәрiгерлердiң селқостығы мен жауапсыздығынан жаңатастық (Жамбыл облысы) 153 оқушының денсаулығы бұзылып, ауру болып қалғаны — өкiнiштi жағдай. Дәрiгерлер мен медбикелердiң iстерiне немқұрайды қарағаны сонша, балаларға қызылшаға қарсы салынатын вакцинаның орнына құрт ауруына қарсы салынатын дәрiнi ауыстырып, егiп жiберген. Дәрiгерлер қолынан ауру болып қалған сол балалар көп жылдардан берi емделiп жатыр. Алайда, олардың толық сауығып шығуы үшiн әлi де қанша уақыт қажет екенi белгiсiз. Мысалы, кезiнде өзiмiзбен көршi тұрған сол балалардың бiрi — 10 жасар Русланның анасы Елена Шумилованың жан күйзелесiне мен де куә болған едiм. Баланың бұрынғы жүрек ауруына қосымша ауру жапсырып, әбден әлсiреткен дәрiгерлердiң қылмысты iс-әрекеттерiн кезiнде баспасөзде әшкере еткенбiз. Сау балаларды ауру еткен сол дәрiгерлердiң кейбiрi қылмыстық жауапкершiлiкке де тартылды. Дегенмен бәрi де кеш едi".

Дәл осындай жағдай сол кезеңде Атырау облысында да қайталанды. Қаншама бала айықпас дертке, қаншама ата-ана өкiнiшке душар болды. Шымкенттегi жұқпалы ВИЧ сырқатына шалдыққан балалардың сондай-ақ, соңғы кездегi Астанадағы Денсаулық сақтау министрлiгi мен Парламентке дейiн айқай-шуға айналған, лейкемия және гепатит С дертiне ұшыраған балалардың ауыр тағдыры да тек балалардың ата-аналарын ғана емес, бүкiл жұртшылықты күйзелтiп отыр. Яғни, дәрiгерлер жауапкершiлiгiнiң өте төмендiгi, оларды тағы да өрескел қателiкке ұрындырып, тағы да қылмысқа жол ашылды.

Қарапайым iзеттiлiк, бiлiктiлiк, мейiрiм мен парасаттылық деген игi қасиеттер көп дәрiгерлерiмiздiң бойында жетiспей жататыны жасырын емес.

Мәселен, саяжайында демалып жүрген дәрiгердiң толғақ қысып әлсiреп жатқан ананы өзiнiң жекеменшiк көлiгiмен ауруханаға жеткiзiп салудан бас тартқанын, ендi бiр тәжiрибелi дәрiгердiң жол бойында апатқа ұшырап, қансырап жатқандарға қайырылып, қол ұшын берудiң орнына мойын бұрмай, көрмегенсiп өте шығуын қалай түсiнуге болады?

Сол сияқты, аурухана қызметкерлерiнiң ауыр халде жатқан сырқаттарға жедел медициналық жәрдем көрсетудiң орнына, ең әуелi әртүрлi қағаздар талап етiп, уақыт алатыны да жасырын емес. Тiптен, кей жағдайда сол сырқаттың жолдамасы, не болмаса басқа бiр анықтама қағазы болмай шықса, емдеуден бас тарту фактiлерiне өзiмiз куә болғанбыз. Оны айтасыз, қағаздарын түгендеп бiткенше, жүрегi нашар, қан қысымы жоғары, ауыр сырқаттардың о дүниеге аттанып кеткен де жайлары кездескен.

Тағы бiр жүрек сыздатар мысал – ауыр операциядан кейiнгi әлi ұйқыда (наркозда) жатқан кезiнде өзiн реаниматолог-анестезиолог дәрiгердiң зорламақ болған қылмысты iс әрекетi туралы полицияға шағымданған 19 жасар бойжеткеннiң жанайқайын Ақтөбеден шығатын "Диапазон" газетiнен оқып, жанымыз түршiгiп, жағамызды ұстағанымыз бар.

Мiне, байқап отырғандарыңыздай, Гиппократқа берген антын бұзып, қылмыстық iс-әрекеттерге бой алдырған дәрiгерлер тiзбегi осылайша жалғаса бередi. Неге бұлай? Осындай проблемалық мәселенiң алдын алып, оған тойтарыс беру үшiн нендей шаралар қолданған жөн? Мүмкiн жауырды жаба тоқи бермей, өркениеттi мемлекеттердегiдей, сау адамды ауру еткен, сырқат адамды дұрыс емдей алмай өлтiрген, өзiнiң кәсiби мамандығын дұрыс игере алмаған, қылмыстық iс-әрекеттерге барған дәрiгерлердiң тiзiмiн баспасөзде ашық жариялап отырған жөн болар. Шектен шыққан дәрiгерлердi дипломынан айыруды да ойластыру қажет. Сонда ғана мұндай келеңсiздiкке бiршама тоқтау болар. Әйтпесе, осы уақытқа дейiн "медициналық кәсiби қызметiн өз дәрежесiнде пайдаланбағаны жөнiндегi" 114-бап, "ауруға көмек көрсетпегенi туралы" 117-бап бойынша жауапқа тартылып жатқан ешкiмдi көргемiз де, естiгемiз де жоқ. Яғни, пәрмендi заң талаптары орындалмайынша, оның пәрмендiлiгiн кейбiр дәрiгерлерiмiз сезiнбейiнше, "дәрiгерлердiң қателiгi" өршiген үстiне өрши бермек. Осы орайда, көндiре алатын күш болмаса, заң заң болудан қалатынын да айтпасқа болмайды.

Айта кетер тағы бiр өзектi мәселе — емдеу органдарында жұмыстың сапалық жағына назар аударылмайтыны. Мәселен, дәрiгердiң қызметi сауығып шыққан, өмiрге, еңбекке қайта оралған адамдардың санымен бағаланса, соған қарай оларға моральдық және материалдық ынталандыру шаралары қолданылса, дұрыс болар ма едi? Әйтпесе, қазiр дерттi дөп басып, шипалы ем қолдана бiлетiн дәрiгер де, ауруды айлап емдеген болып, ешқандай нәтиже шығара алмағандар да, тiптi, ауруға ауру қосқандар да бiрдей жалақы алады. Бұл дегенiңiз әлеуметтiк әдiлетсiздiк емес пе? Сондықтан да дәрiгерлердi, орта медицина қызметкерлерiн аттестациялау тәртiбi түбегейлi өзгерiстi қажет етедi. Мұндай қажеттiлiк кейбiр медицина қызметкерлерi тарапынан қызмет бабын пайдаланып, пара алу, өз мiндетiн жауапсыз атқарып, емдеу-сауықтыру шараларын дұрыс орындамау фактiлерiнiң орын алуына байланысты туындап отырғаны түсiнiктi. Қазiргi қиын-қыстау, дағдарыс кезеңiнде алда тұрған ауқымды мiндеттердi кәсiби шеберлiгi жоғары, адамгершiлiгi мол, ар-ожданы таза адам ғана атқара алады. Сондықтан да, адам тағдырына жауапты жандардың осындай биiк деңгейден көрiне бiлгенi жөн дер едiк.

Тағы бiр таңданатын жағдай — дәрi-дәрмек тапшылығы. Соңғы жылдары шет елдерден дәрi-дәрмек сатып алуға бөлiнген валюта қорының азая түсуi сала қызметкерлерiнiң өздерiн де алаңдатып отыр. Тәуелсiздiкке ие болғанға дейiн бiз дәрiнiң бiр пайызын ғана өзiмiз өндiрiп, қалған тоқсан тоғыз пайызын шеттен алып келiппiз. Ендiгi жерде дәл осылай жалғаса беруi мүмкiн емес. Елiмiзде емдiк қасиетi мол дәрiлiк шөптер аз ба? Сол дәрiлердi өзiмiзде жасау мәселесiн жедел шешу үшiн үлкен өндiрiстi дамыту да кезек күттiрмейтiн iс.

Мектеп бiтiрушi жастардың мамандық таңдаудағы қателiктерiнiң неге апарып соғатыны бұл күндерi әмбеге аян. Жақсы дәрiгер болып шығу үшiн бiлiмдi болу аздық етедi. Өнердiң кез келген саласындағыдай, бұл жерде де табиғи бейiмдiлiк, талант қажет. Сондықтан да дәрiгерлiк оқу орындарына, әсiресе, жоғары оқу орындарына студенттердiң икемдiлiгiн, бейiмдiлiгiн көрсететiн арнайы байқау өткiзген жөн секiлдi.

Осы жерде медицина қызметкерлерiнiң қызметiне әкiмшiлiк денсаулық сақтау департаменттерi тарапынан бақылаудың да онша мықты еместiгiн аңғарғандаймыз. Олай дейтiнiмiз, әкiмшiлiктiң алқасы мен мәслихат сессияларында денсаулық сақтау мәселелерi жан-жақты қаралмайды. Оның дәлелi — дәрiгерлердiң халық алдындағы борышын қалай орындап жүргенi сауаттылық, адамгершiлiк, ар-ождан, шипагерлiк мәселелерi жерiне жеткiзiле көтерiлмейдi.

Ендiгi бар үмiт, медицина саласындағы жаңа реформаның қалай жүзеге асуына байланысты болмақ. Бұл ұлттық реформаның жақсы нәтиже беретiнiне, өмiршең болатынына үмiт те бар, бiрақ күдiк те жоқ емес. Үмiт тудыратыны, емханалар мен дәрiгерлер арасында бәсекелестiк пайда болатыны. Емдеушiлердiң бiлiктi дәрiгердi өз таңдауына мүмкiндiктiң жасалуы. Бәсекелестiк болған жерде iстiң оңға басатындығы өмiрлiк тәжiрибеден белгiлi. Ал, күдiк тудыратыны, санада сiңiсiп қалған қасаң қағидадан, жұмыс iстеудiң үйреншiктi ескi тәсiлiнен дәрiгерлерiмiздiң тез арада арыла қоюы қиынға соғуы мүмкiн. Сондай-ақ, жаңа реформаның ғылыми негiзi жеке ойластырылмаған. Олай дейтiнiмiз, нарық заманына байланысты экономикасы жоғары, орташа, төмен аудандардың жай-күйi жан-жақты зерттелмеген. Дегенмен, "үмiтсiз — шайтан" — деген. Алдан тек жақсыны арман етейiк. Сонда өмiрде де бәрi жақсы болмақ. Өйткенi тағдыр үнемi ауруын ғана емес, шипасын да жiбередi емес пе?!

Әлеуметтiк мәселелердiң iшiнде адамдар денсаулығына қамқорлық жасаудан маңызды мiндет жоқ. Олай болса елiмiзде халқымыздың денсаулығы — мемлекеттiң қамқорлық жасайтын ең негiзгi саласы.

Медицина — шын мәнiсiнде барлық кәсiптiң iшiндегi ең iзгiсi. Сондықтан да, дәрiгерлер қиналған сырқат адамдарды көрiп тұрып, өз iсiне немқұрайды, селқос жауапсыз қарамаса екен дегiмiз келедi. Өйткенi, денi сау адам — қоғам байлығы. Ал, адам бақытының оннан тоғызы денсаулығына байланысты. Осыны әсте естен шығармасақ екен…

Болат ШАЙМАНҰЛЫ, заңгер-экономист, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

Серіктес жаңалықтары