АРМАН БАҒЫНДЫРАР БИIКТЕР

АРМАН БАҒЫНДЫРАР БИIКТЕР

АРМАН БАҒЫНДЫРАР БИIКТЕР
ашық дереккөзі
435

«Бейжiңде өткен Олимпиада ойындарынан олжасыз оралғанда, бәлкiм спортты тастар ма едiм», — деген едi бiр сөзiнде Бейжiң Олимпиадасының қола жүлдегерi Арман Шылманов. Бiрақ, Бейжiң Олимпиадасының қола медалi Арманның үмiтiн алға қарай жетеледi.

Арманның спортқа келуiнiң өзi бiр қызық, бала кезiнде ақ тер-көк тер болып доп қуды. Кейiнiрек күрес пен боксқа да бiраз бетбұрып көрдi. Спорттың қай түрiмен айналысса да, қарымды жасқа ол спорт түрiн меңгеруде аса қиындықтар туа қойған жоқ. Барлығына да бар ынта-шынтасымен кiрiстi. Соның арқасы болар, облыстық турнирге қатысып бақ сынағанында, қарсыласын асқан шапшаңдықпен жеңiп, Жамбыл облысының чемпионы атағын жеңiп алады.

Алайда Арманның отбасы сол жылы Атырауға қоныс аударады. Он бес жасар Арман бөтен қалада бiраз қиналды. Ешкiмдi танымайды. Бокс пен күрес секциясы тапшы болғандықтан, таэквондо бөлiмiне жазылады. Бокс пен күреске қатысқаны көмектестi ме екен, әйтеуiр Арманға бұл спорт түрiмен айналысу аса қиынға түспедi. Бiр күнi кезектi жаттығудан соң бапкерi барлық шәкiрттерiн жинап, қалалық турнир өтетiнiн хабарлайды. Жас та жалынды Шылманов бапкерiне қатысатындардың тiзiмiне қосуын сұрайды. Бапкер жас баланың көңiлiн қалдырғысы келмеген болуы керек, үйiрмеге келгенiне көп болмаған, үйренерi әлi көп Арманды тiзiмге қоса салған. Бұл 1999 жыл едi, қазаққа тән қайсар мiнезi мен шымырлығының арқасында қалалық турнирдiң жеңiмпазы атанды. Осы жеңiс Арманның таэквондомен шындап айналысуына мүмкiндiгiн тигiздi. Бапкерi де оның болашағына зор сенiммен қарайтын болды. Арада үш жыл өткен соң, жанкештi жаттығулар өз нәтижесiн бере бастады. 2002 жылы Арман Шылманов жастар арасында ҚР-ның чемпионы атанады. Содан берi өз салмақ дәрежесi бойынша ел бiрiншiлiгiнде жеңiлiп көрген емес. Алайда халықаралық жарыстарда көзге түсу атыраулық жiгiтке оңай бола қойған жоқ. Тек 2002 жылы Азия чемпионатында қола медальға қолы жетедi, артынша Азия ойындарында сол нәтижесiн қайталайды. Көп ұзамай Арман Грецияға аттанады. Ол жерде Олимпиада ойындарына қатысу құқығын беретiн жолдама сарапқа салынған едi. Алайда спортта жеңiс пен жеңiлiс қатар жүретiнi белгiлi ғой. Сол жолы жолдама алу бақыты оған бұйырмады. Аталмыш додадан кейiн Афины Олимпиадасына таэквондодан Әдiлхан Сағындықов аттанған болатын. Бiрақ Әдiлхан эллада елiнен олжасыз оралды. Таэквондо спортының түп тамыры Корей жерi екенiн жоғарыда айтып өткенбiз. 2005 жылы Кореядан қазақ елiне бiлiктi бапкер – Че Чжен Гук келдi. Бiлiктi бапкердiң келуi қазақ елiнiң таэквондосына жаңа серпiн бердi. Жергiлiктi бапкерлермен бiрлесiп қызу жұмысқа кiрiсiп, «Жұмыла көтерген жүк жеңiл» демекшi, таэквондо спорты өрлеу кезеңiн бастады. Көп кешiкпей оң нәтижесi де қылаң бере бастады. 2006 жылы өткен Азия чемпионатынан Арман алтын алқамен оралды. Келесi жылы әлем бiрiншiлiгiнен қола медальға қолы жеттi. 2008 жылы өткен Азия ойындарында Олимпиада ойындарына қатысу құқығын беретiн жолдаманы иеленген Арман Бейжiңге аттанды. Аспанасты елiнде қола үшiн тартыста Шылмановтың жолы кубалық Анхел Матиаспен түйiстi. Алқашқы кезенде есеп – 1:1, екiншiде – 2:1, үшiншi кезең – 3:2. Үшiншi кезеңнiң соңғы секундтарында Анхелдiң кезектi тепкiсiне тiзесiн төседi. Анхелдiң аяғынан қан кеттi, оған медициналық көмек көрсетiле бастады. Ереже бойынша мұндай жағдайға тек бiр минут берiледi, Анхел мен бапкерiнiң қасында тұрған төрешi уақытты есептей бастады. Берiлген уақыт бiттi. Кубалық спортшы татамиға шығып үлгере алмады. Дәл осы мезетте Анхелдiң жүйкесi сыр берсе керек, төрешiге соққы дарытты. Осы ағаттығының кесiрiнен кубалық спортшы спорттан өмiрлiк шеттетiлдi және барлық марапаттарынан айрылды. Шыны керек, аспанасты елiне аттанған қос таэквондошыларымыз қуантады деп ешкiм де ойламағаны рас. Арманның қола жүлдесi – қазақ елiне сыйлаған тосын сыйы болды.

Бұл күндерi Арман Олимпиададан кейiнгi демалысын аяқтап, жаттығу залына қайта оралды. Арманның алға қойған мақсаты — жаттығуын жалғастырып, алдағы алар асуларға мейлiнше тыңғылықты дайындалу. Бәрi сәтiмен болып жатса, спортсүйер қауым Арманды Лондон Олимпиадасынан көрiп қалулары әбден мүмкiн. Ол үшiн өзi де көп еңбектенуде. «Даңқты палуан Дәулет Тұрлыханов ағамыздың жастарға айтатын: «Алға қойған мақсатқа жету үшiн көп еңбектену керек, олай болмаған жағдайда еш биiктiктi бағындыра алмайсыңдар!» деген сөзi бар едi. Мiне, осы сөз үнемi жадымда. Сондықтан да мен еңбектiң ешқашан да еш кетпесiне кәмiл сенiмдiмiн», – дейдi Арман.

Бақтияр ҚАБАСОВ, журналист

Серіктес жаңалықтары