АЗЫҚ-ТҮЛIК ҚАУIПСIЗДIГIНЕ ТӨНГЕН ҚАУIП

АЗЫҚ-ТҮЛIК ҚАУIПСIЗДIГIНЕ ТӨНГЕН ҚАУIП

АЗЫҚ-ТҮЛIК ҚАУIПСIЗДIГIНЕ ТӨНГЕН ҚАУIП
ашық дереккөзі
234

Қазақстан 60 пайыз азық-түлiктi сырттан алады

Кедендiк одаққа кiрдiк, ендi кедендiк шекаралардан шектеу-бақылау алынады. Өзара одаққа бiрiккен үш елдiң тауар нарығына кедергi келтiретiн ештеңе қалмайды. Әлбетте, үстеме салықсыз өткiзiлетiн тауардың түр-түрi алмасады. Қазақстанның азық-түлiк, шикiзат нарығын кедендiк одақтастардың тауары жаулап алары күмәнсiз.

Себебi, елiмiз өзге түгiлi өзiн отандық өнiммен жарытып отырған жоқ. Мұнай мен газ экспортына иек артқан елiмiз ауылшаруашылық өнiмдерiнiң пайдасын осындайда сезiнетiн болар. Елiмiз үшiн қажеттi азық-түлiктiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету тұманға таяқ сiлтегенмен бiрдей болып тұр. Айтпақшы, отандық өнiм азық-түлiк нарығының 40 пайызын ғана құрайды. Демек, қалған 60 пайыз өнiмдi сырттан, басым бөлiгiн Орта Азия және ТМД елдерiнен жеткiземiз. Ендеше Кедендiк одақ азық-түлiк қауiпсiздiгiн тек тұншықтыра түсуi мүмкiн…

Әлемдiк стандарттарға сәйкес азық-түлiктiң 84 пайызын мемлекет өз iшiнде өндiруге тиiс, ал қалған 16 пайызды шетелдерден ойланбай сатып алуға болады. Кейбiр өркениеттi елдерде азық-түлiктiң 80 пайыздан астамы өздерiнде шыға тұра, сырттан тасымалданатын өнiмге мемлекеттiк қауiпсiздiкке нұқсан келтiредi деген күдiкпен қарайды. Ал бiз ше? ДСҰ-ға мүше болу – стратегиялық жоспар. Кедендiк одаққа кiргенiмiз, оған жетудегi алғашқы қадамдар деп Премьер-министр К.Мәсiмов пен вице-премьер Ө.Шүкеев қайталап айтудан танған емес. Алайда, отандық азық-түлiк өнiмдерi азық-түлiк нарығының елу пайызынан да кем. Өзгесi "Дата виготовлення вказанi на тубi", "Ishlab chigarilgan sana tyubikda ko’satilgan" деген жазулармен кез келген сауда орындарында тұрады. Импорттық тауарларға халықтың етi үйренгенi соншалық, отандық өнiмдерге деген сұраныс сырттан келген тауарлармен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Ал, ресейлiк, украиндық өнiмдер сапа жағынан әзiрге дес бермей келедi.

Азық-түлiк – әрине, ауылшаруашылық өнiмдерiнiң өңделген түрi. Ендеше азық-түлiк қауiпсiздiгiне алаңдаушылық ауылшаруашылығына жiтi көңiл бөлуден басталады. Алайда аграрлық сектор кенжелеп қалған деп айту да қиын. Елiмiздiң астығы ТМД елдерiне, биылдан бастап Орта Азия, Қиыр Шығыс елдерiне, сондай-ақ Мысырға дейiн тасымалданады. Тiптi өз егiнiн экспорттап, жиi астықсыз қалатын Украина мен Ресейдi қамтамасыз етедi. "Агроөнеркәсiптiк кешеннiң дамуы арқасында бiз бiр мезгiлде елiмiз үшiн аса маңызды екi мiндеттi – азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi және экспортты әртараптандыруды шешемiз. Бұл алдағы он жылда атқаратын мiндетiмiз" деген-дi, Елбасы Н.Назарбаев. Ауылшаруашылық өнiмдерiн өндiретiн негiзгi 25 мемлекеттiң қатарына енуге және ресурстық әлеуетi жағынан қазiргi деңгейден 3-5 есе артық өнiм өндiруге мүмкiндiк бар. Иә, мүмкiндiгiмiзде гәп жоқ, бiрақ қисапсыз қара жердi игеруде енжарлық әлi етек алып отыр.

Азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуде ауылшаруашылығының маңызы зор, дамыған сала дей тұра елiмiз ет пен сүт өнiмдерiнiң 40 пайызын шетелден сатып алады. Атап айтсақ, Ресей, Белорусь, Украина және Қырғызстан. 1990 жылдары жалпы iшкi өнiмнiң 34 пайызын ауыл шаруашылығы құраған, бiрақ соңғы жылдары бұл көрсеткiш 6 пайызға жеттi. Аталмыш саланың министрi Ақылбек Күрiшбаевтың өзi де "Отандық тамақ өндiру көрсеткiшi 40 пайызды құрайды. Азық-түлiк өнiмдерiнiң 60 пайызын бiз сырттан тасымалдаймыз" деп қазiргi нарықта қалыптасқан жағдайды жасырмады. Елдегi азық-түлiктiң жай-жапсарын ұғынуда экономика ғылымдарының докторы Атамұрат Шәменовтiң көмегiне жүгiндiк: "Азық-түлiк қауiпсiздiгi Қазақстандағы ауқымды мәселелердiң бiрi. ДСҰ-ға кiремiз дегелi он шақты жыл болды. Олардың талаптары бар – 80 пайыз өнiм өзiмiзден шығу керек. Осы төңiректе бiздiң көрсеткiштер әлдеқайда төмен. 1999 жылы Санкт-Петерборда қабылданған Парламентаралық ассамблеяда азық-түлiк қауiпсiздiгiне байланысты заң қаралған болатын. Яғни халықаралық деңгейдегi бiрыңғай нормаға келуiмiз керек. Тағамды пайдаланудың халықаралық қалыпты нормасы бар. Бiз сол норманы екi есеге азайтып бекiтiп алғанбыз. Кеңес үкiметi тұсында бiр адамға жылына 70-80 келi еттен келетiн. Ал бiз 45-47 келiге түсiрiп, бекiтiп алдық. Еуроодақ елдерi мен Кеңестер одағындағы нормаға бiздiң қойып отырған есемiз сәйкес келмейдi. Ет өнiмдерiн, тiптi, Бразилия мен Аргентинадан да аламыз. Астықты экспорттайды екенбiз деп, басқа нәрсенi ұмыт қалдыру көңiлге қонатын нәрсе емес", – дедi.

Айтылған мәселеге орай, телеарналардағы жарнамалар да шетелдiк өнiмдердiң көсегесiн көктетiп тұр. Халық арасында белгiлi сүт өнiмдерiн шығаратын компанияның кезектi жарнамасында: "Қолдан алынған сүт бруцеллез ауруын жұқтыруы мүмкiн, тетрапакеттегi сүттi пайдаланыңыз" делiнген. Әйтсе де қала төңiрегiндегi елдiмекендердiң тұрғындары өз өнiмдерiн бәрi бiрдей қала базарлары мен сүт өнiмдерiн дайындайтын компанияға еркiн сата алмайды. Оларға кедергi көп. Сондықтан қала маңындағы тұрғындар жасырын сауда жасауға мәжбүр. Күнбе-күн қалаға сүт, қаймақ, май, үй жұмыртқасын әкелiп сататын жекелеген шаруа қожалықтары бар. Әсiресе, жаз айларында ертеңгiлiк келiп, көлiк үстiнен сауда жасайды. Тiптi, ауылдардан ыдыстарын арқалап келiп, облыс орталығындағы белгiлi мекемелер мен кәсiпорындарда қызмет iстейтiн адамдарға өткiзiп кететiндердi де көрiп жүрмiз. Халық ауыл тағамдарын қуана алады. Өйткенi, дүкендегi шетел тауарларына қарағанда сапалы екенiн бiледi. Бiрақ көңiлде күдiк қалдыратыны рас. Себебi, бұл тағамдар арнаулы базарлар мен дүкендегi тауар секiлдi тиiстi орындардың тексеруiнен, сарабынан өтпеген. 2008-2009 жылы отандық кәсiпорындардағы сүт өндiрiсi тоқтап, экспорт үш есеге қысқарған. "Неге?" деген сұрақтың жауабын А.Шәменов шетелдiк ауылшаруашылығы өнiмдерiнiң сапасы жоғары, әлемдiк бәсекелестiкке сай екендiгiн айтып отыр. Елiмiздегi сүт өнiмдерiн шығаратын "Адал", "Фудмастер" компанияларына мәселенiң мән-жайын анықтау мақсатында арнайы хабарласқанымызда, жергiлiктi сүт фермаларынан сатып алатындығын алға тартты. Тiптен компанияға тиесiлi жеке сүт фермаларының жұмыс iстеп тұрғандығын, шетелден сүт әкелу тым қымбатқа түсетiндiгiн жасырмады. Ал сүт өнiмдерi нарығындағы өзге бәсекелестер сүттi қайдан алатынын құпия қалдыруды жөн көрдi. Сүт өнiмдерiн даярлайтын азық-түлiк нарығындағы алпауыт компаниялардың өзi сүттi жергiлiктi фермалардан емес, Украина мен Белоруссиядан алдырады. Осындай үрдiспен жылына сырттан келетiн сүт 53 пайызды құрап отыр. Ал арнайы сүт қораптары мен таза сүттiң басым бөлiгi тағы да шетелден алынатыны туралы сан рет айтылып та, жазылып та жүр. Кеңестер одағында ет пен сүттiң отаны болған елiмiздiң шетелден сүт алғаны қай сасқанымыз?

Азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы Ресей үкiметi Қазақстан мен Белоруссиядан келетiн ет пен сүттiң талапқа сай еместiгiн алға тартып, уақытша болса да экспорттауға тыйым салған. Ал бiз шетелдiк импорттан ет пен сүттi ғана емес, өзiмiз тұтынып отырған заттардың барлығын аламыз. Кедендiк одақтағы Ресей, Белорусь мемлекеттерiнiң өзiн-өзi қамтамасыз ету мәселесi жоғары. Ал бiзде олай емес. Әртүрлi тағам әртүрлi көрсеткiште. Мысалы, қант, өсiмдiк майымен қамтамасыз ету 20-30 пайыз төңiрегiнде ғана. Бiз нан өнiмдерiмен ғана өзiмiздi қамтамасыз етiп отырмыз. Статистикалық мәлiметтерде 11 тағамның түрлерi аталады. Қалған оны бойынша қамтамасыз ету деңгейi төмен. Ал энергетика және мұнай қауiпсiздiгi қамтамасыз етiлген. Бұл салада ешқандай мемлекетпен байланыс жоқ деп айтуға болмайды. Екiбастұз, Ақтөбе, Батыс Қазақстандағы энергетика тапшылығы шешiлдi. Көршiлес елдер Қырғызстан, Өзбекстанға тәуелдiлiк әлде де бар. "Кедендiк одақтың мағынасы – тауардың еркiн алмасуы. Мемлекет төңiрегiндегi фискалдық саясат алынбайды, саяси жүйе қалпында қалады. Үш мемлекет арасында өндiрiлген тауардың жеңiл жүруi үшiн жасалған" – дейдi А.Шәменов. Белорусь пен Ресей аумағында өндiрiлген тауарға елiмiздiң есiгi ашылады деген пiкiр бар. Осы одақты пайдалана отырып, бiздiң тауар экспорттық деңгейге жету керек. Ресей де, Белоруссия да тауар өндiрушi мемлекеттер. Еуропалық рынокта, кеңестiк рынокта белгiлi тауарлары бар елдер. Белорустың сүт өнiмi Ресейден жоғары. Жиһазы, тракторы – қанша жылдан берi алда. Ал Ресейдiң тауары Қытай тауарымен салыстырғанда жақсы. Тауар өндiрушiлер үшiн ұтысымыздан ұтыларымыз көп. Екi тауар бәсекесiнде оның тауары арзан және сапалы болады. Зияны тиюi мүмкiн. Теориялық тұрғыдан қарағанда тұтынушылар ұтылады деген пайымдамыз. Тұтынушыға пайдасы тиюi мүмкiн деген де ой бар. Бiрақ әзiрге тауар арзан болмай тұр. Себебi жабайы саудагерлердiң саясатының ықпалы тиiп отыр.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары