АЗЫҚ-ТҮЛIК САПАСЫ АЛАҢДАТАДЫ

АЗЫҚ-ТҮЛIК САПАСЫ АЛАҢДАТАДЫ

АЗЫҚ-ТҮЛIК САПАСЫ АЛАҢДАТАДЫ
ашық дереккөзі
354

Азық-түлiк тапшылығы жер бетiнiң әрбiр нүктелерiнде өршiп келедi. Елiмiзде әзiрге азық-түлiк тапшылығы байқала қойған жоқ. Керiсiнше, сұраныс күн тәртiбiнен қалыс қалған емес. Дегенмен отандық өнiмдер тауар нарығының 40 пайызын ғана құрағандықтан, тұтынушылардың шетелдiк аграрлық өнiмдерге ұмтылып отырғаны қабырғаны қайыстырады-ақ.

Адам денсаулығының 70 пайызы тұтынып отырған тағамның сапасына тiкелей байланысты. Бiрақ сапалы деп отырған азық-түлiгiмiз шетелден тасымалданады. Әсiресе, ТМД елдерi Қазақстанды жемiс-жидек, ет, сүт, қант-кәмпит және тағы басқаларымен қамтамасыз етiп отыр. Алайда, шетелдерде жасалатын өнiмдердiң сапасын кiм тексерiп жатыр, қандай талаптарға сәйкес шекарадан өткiзiледi деген сауал әркiмнiң-ақ көкейiнде сайрап тұр. Қазақстан ауылшаруашылығы саласы бойынша 1 миллиард адамды табиғи таза өнiммен қамтамасыз етуге мүмкiндiгi бар. Бiрақ осы мүмкiндiктi пайдалануда қолымызды кеңге сала алмай отырған түрiмiз бар. Ендеше, қазақ қауымы қолданып отырған шетелдiк азық-түлiктiң сапасы қандай?

Салауатты өмiр салтын қалыптастыру орталығының бас директоры, медицина ғылымдарының докторы Диқанбаева Сәуле:

– Жер бетiнде қазiр 920 миллион адам азық-түлiк тапшылығын көруде, яғни жер бетiндегi әрбiр жетiншi адам аш деген сөз. Оған қарағанда бiздiң елiмiздiң азық-түлiк нарқының күйi жаман емес. Өзiмiзде өндiрiлетiн табиғи таза өнiмдер бар. Бiрақ Ресей өнiмдерiн көбiрек тұтынып отырмыз. Қазақстанда бiрнеше жыл бұрын "Азық-түлiк өнiмдерiнiң қауiпсiздiгi мен сапасы туралы" Заң қабылданған болатын. Алайда осы заңнаманың орындалуын қадағалайтын дұрыс жүйе қойылмады. Тiптi, сырттан келiп жатқан азық-түлiктiң сапасы мен санын ажыратып, ашып беретiн зертхана да жоқ. Сол себептi әзiрге Қазақстан тағамтану академиясынан өзге бақылау жүргiзетiн орган жоқ. Ұлтымыздың денсаулығы–ең маңызды фактор. Сондықтан мұндай нәрсеге бей-жай қарауға болмайды. Азық-түлiк сапасын жақсарту стратегиялық жоспар болып енгiзiлгенi абзал.

Қазақстан тауар нарығына сырт мемлекеттердiң тауарын араластырып, тiптi оларды сапалы тауар ретiнде насихаттаймыз. Ал Ресей Федерациясы ел аумағына кiргiзiлетiн азық- түлiктi қатаң бақылаудан өткiзедi. Арнайы зерттеу институттары арқылы Литвадан келетiн сүт, кiлегей өнiмдерiнiң Ресейге экспортталуына қатаң тыйым салды. Табиғи сапасы төмен азық-түлiктi елге кiргiзбеуден Ресейдiң тәжiрибесi мол. Алдыңғы жылдары Польшадан келетiн сиыр етi мен АҚШ- тан келетiн антибиотиктердiң сапасына қатты шүйлiгiп, нәтижесiнде экспортты тоқтатып тастады. Сонымен қатар норвегиялық балық, голландиялық гүлдер, үндi арахисi мен күнжiттiң Ресей шекарасында сатылуын тоқтатты. Ал Қазақстан "Шадринский" сүтiне байланысты дау туындаса да, Ресейден келетiн сүттiң жалпы сатылымға жiберiлуiн тоқтатпай отыр. Жаңа жыл қарсаңында, елiмiзге Ресейден тасымалданатын қалбырдағы "Шадринский" сүтiнiң сыртында "Ресей территориясында таратылуға тыйым салынады" деген жазумен кез келген жерде сатылып тұрды. Сүттiң құрамында ешбiр зиянды зат болмаса, сапасы жақсы болса, Ресей территориясында сатуға неге рұқсат етiлмейдi?! Мiне, осы тұрғыдағы кiлтипандар азық-түлiк сапасын реттеуде залалын тигiзiп келедi.

Елiмiзде импорттық құс етi тауар нарығының 64 пайызын, алкогольсiз сусындар – 60 пайыз, күнбағыс майы – 50 пайыз, кондитерлiк өнiмдер – 43, сүт өнiмдерi – 60 пайызды құрайды. Отандық азық-түлiктiң дамуына кедергi келтiрiп отырған фактор ретiнде өндiрiлетiн шикiзаттың төмен сапасы, дайындалу жүйесiнiң дамымағандығы, шикiзатты сақтау мен көлiктендiру, қайта өндеу қуаттылығының толық жүктелмеуiн атап көрсетуге болады. ҚР Статистика жөнiндегi агенттiгiнiң мәлiметiнше, 2009 жылы Қазақстанның қант өндiрiсi – 67,4, жарма – 36,3, маргарин – 13,3, ұн – 9,6, күрiш – 5,5, макарон – 5,3, шұжық бұйымдары – 7,4 пайызға ұлғайса керек. Ал керiсiнше шырын, сүт пен қойытылған кiлегей, сары май, сүрленген ет, iрiмшiк пен сүзбе өнiмдерi өндiрiсi екi есеге қысқарып қалған. Әйтсе де өткен жылы елiмiз отандық компаниялар есебiнен маргарин экспортын – 116, шырын – 110,3, тәттi нандар – 66,4, кондитерлiк бұйымдар – 25,5, ұн – 13,7 , жарма – 7,2, макарон – 3,5 пайызға ұлғайтуға мүмкiндiк алған.

Мәселен, 2001 жылы жеңiл және тамақ өнiмдерi саласында импорт алмастырудың 2001– 2003 жылдарға арналған бағдарламасы бекiтiлген. Оны iске асыру арқылы тамақ өнеркәсiбiнде отандық өнiмнiң үлесiн iшкi тұтынымда 85 пайызға, ал жеңiл өнеркәсiптi 55 пайызға дейiн жеткiзу жоспарланған едi. Сондай-ақ, 2007 жылы белсендi экспорттық саясатты жүргiзудi кезең-кезеңiмен тұрақты дамытуды, ғылымға негiзделген экономиканы нысанаға алған 2008–2015 жылдарға арналған тұжырымдама жасалған болатын. Бұның мақсаты ел экономикасының бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттырып, сапалы жаңа деңгейге, экспорттық мүмкiндiктерге жету болатын. Өкiнiшке қарай, айтылған сөз, ойға алған жоба жеткiлiктi болғанмен атқарылған iс мардымсыз.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары