ҚАЗАҚТЫҢ КӨЗI – ҚЫРДА...

ҚАЗАҚТЫҢ КӨЗI – ҚЫРДА...

ҚАЗАҚТЫҢ КӨЗI – ҚЫРДА...
ашық дереккөзі
286

10 тонна Жүгерi өнiмiнен түскен пайда небәрi 4350 теңге ғана

Соңғы жылдары Жаркент өңiрiнде жүгерi жинау науқаны қызу қарқынмен жүруде. Жыл санап жүгерi егiстiгiнiң де көлемi ұлғайып келедi. Аудандық жүгерiшiлер 2008 жылы 21 мың гектар жерге "дала аруы" дақылын өсiрсе, өткен жылы 22 мың гектар алқаптың өнiмiн жинаған. Мал мен құс азығына пайдаланылатын жүгерi өнiмiнiң құны да жылдан жылға қымбаттай түсуде. Жанар-жағармай, тыңайтқыштарға Үкiмет тарапынан жасалған субсидия түрiндегi көмек өте мардымсыз. Алайда, бой үйренген кәсiпке қайта келушiлер қатары азаяр емес. Нелiктен? Әлде жүгерi түсiмiнiң пайдасы зор ма?

ТӨГIЛГЕН ТЕРДIҢ ҚҰНЫ ЗАЯ

Қыстың қылауы мен шымыр аяздары аяқталып, жер бетiнде қылтиған көк көрiне бастаса ұзынсарының келгенi. Күн мен түн ұзақтығы алмасатын наурызда Жаңа жыл мерекесi тойланады. Мiне, осы кезде алғашқы наурыз көже iшуге халық тегiс шақырылады. Осынау халықтың басы бүтiндей жиналатын алғашқы дәм тату жиындарында түйткiлдi түйiндер лек-легiмен ортаға салынады. Ал, биылғы жиында тауға жiберiлетiн малдың жай-жапсары анықталысымен, алдағы егiстiк науқаны дәстүрлi қалпын жоғалтпады. Осынау қызу талқының бiрiн мен де тыңдадым.

Алматы облысы, Панфилов ауданына қарасты Әулиеағаш аулында жұмыссыз отырған халық 1999 жылдары кооперативке жаппай жер берiлгенде, таласып-тармасып қолы жеткен азын-аулақ жерлердi иемденiп қалған. Әрине, алғашқыда халық пайдаға шаш-етектен батамыз деп ойласа керек, жеке меншiктегi жер әркiмнiң-ақ арманына айналғаны рас. Қоражайдағы азын-аулақ малға азық және табыс көзi болады деп сенген ауыл адамдары бұл кезде жыл сайын төленетiн салықты да ерен қылмады…

Ауыл халқының негiзгi айналысатын кәсiбi: мал және егiн шаруашылығы. Ауылдық округтiң жалпы территориясы 370 шаршы шақырым. Ауыл шаруашылығына жарамды жер көлемi 23992 гектар, оның iшiнде: егiстiк жер 1272 гектар, жайылым 21381 гектар, шабындық 412 гектар. Көл-көсiр пайда таба қойғандар саусақпен санарлық. Iстiң соңы "айдаладағы батпанқұйрықпен" астарлас болып шықты. Себебi, егiн салған халықтың пайдасына қарағанда шығыны екi есе көп. Жер салығы, су салығы, жер өңдеу мен өнiмдi жинаудағы жағармай тапшылығы… тағысын тағы. Осы жиында "қарапайым шаруаның" шығыны мен пайдасын өз аузынан естiп, есептеп те көрдiк. Әкпаржан Қарағұлов осындағы бұрынғы совхоздың жұмысшысы. Кеңес үкiметi құлағалы берi ауылды жерде iстейтiн тiрлiк қалмаған, жұмыс көзi – тек мектеп, әкiмшiлiк және ауылдық емхана. Ал қалған халық өз бетiнше күн көруге тырбанып, өлместiң күйiн кешiп отыр. "Қара қазан, сары бала қамы үшiн". Әкпаржан ағамыз бiзге жүгерi өсiрудегi пайда мен құр әурешiлiктi түгелдей санамалап шыққан. "Менiң 5 гектар жерiм бар. Оның 3 гектарына жүгерi саламыз. Ал қалған жер – шабындық. Малдың қысқы жем-шөбiн даярлаймыз ғой. Ал жүгерiнi аудандық базарда жеке тұтынушылар малына, болмаса тұқымға сатып алады. Бiрақ жұмысы оңай деген жүгерiнiң өзi талай қара тердi қажет етедi. Мәселен, 3 гектар жердi жырту үшiн тракторды 7000 теңгеге жалдауға тура келедi. Ал жағармайы өз алдына – 105 литр солярка алып бересiң". Мiне, осылайша көктемгi науқан басталады. Бүгiнгi күнi ауданның көптеген ауылдарында негiзiнен 90 күнде ерте пiсiп жетiлетiн жүгерiнiң "Молдавский-257" буданды сорттары салынады.

Жалдамалы жер жыртатын трактор кезекпен келедi. Ауылда ол да тапшы. Жағар-жанармай бағасы бұл кезде аспандап кетедi. 1литр жағармай қыстың күнi – 67 теңге тұрса, көктемде – 80 теңгеден асып жығылады. Ал аудан басшылығы бұл мәселенi әлi бiржақты шеше алмай келедi. Жер жыртумен iс тынбайды, әрине. Жүгерi тұқымын себу үшiн трактор-тұқым сепкiш 45 литр жағармаймен қоса, 6000 теңге алады. "Өскiн пайда болғанда, тегiс суғару үшiн үлкен тақталарға бөлу керек. Оны да арнайы техниканың көмегiмен жүргiзесiң. Бұған да жалдағаның үшiн 3000 теңге және 3 гектар жерге есептеп, 30 литр жағармай алады", – дейдi Әкпаржан ағамыз жүгерi салудың қияс тұстарын тiзе келiп. "Неге жүгерi салдыңыз?" деген сұрағымызға, "жұмысы жеңiлдеу" деген жауап алдық. Бидай салған күнде дер кезiнде қажеттi техника табу өте қиынға соғады. Сондықтан жаздай төккен терiң зая кетiп, дақыл күйiп немесе төгiлiп кетуi әбден мүмкiн. "Iс мұнымен тынса игi. Ендi арық тарту үшiн тағы да 2500 теңге мен керектi жағармайын құйып бересiң. Қиыншылықтың барлығы алда", – дедi жүгерi өсiрушi. Бұдан әрi суғару кезеңi талай жаға жыртыстың басталар кезi.

Иә, жердiң несiбесiн көрiп отырған жалғыз бiр адам емес. Бүкiл ауыл десек артық айтпаған болар едiк. Су тапшылығы талас-тартыссыз өтпейдi. Жергiлiктi ауыл әкiмшiлiгiнiң "су мұрабы" деп аталатын қызметшiсiнiң тiзiмiне алдын-ала жазылу керек. Суды пайдалану ережесi де қарастырылған – 1 га. – 600 теңге. Жаз бойында суаратын судың есебi 5 га. жерге – 3000 теңгеден жыл сайын төленедi. "Судың кезегi кейде бұзылып кетедi. Қомақты жер болғандықтан, жаздың аптап ыстығында күн-түн демей қатарынан бiрнеше күн суарып алу керек. Ең жаманы суды жолдан бұрып алу. Құлақты қанша бекiтсең де, заңды алып жатқан суыңды бiреу байлап ала қояды", – дейдi. Ал су үшiн тартыс жаз бойы жүредi. Иә, жаз бойғы тынымсыз еңбек жүгерiнiң тiкенiн теруге, сирету жұмыстарына да кетедi.

Жаз аяғы тақап, күз салқыны түсе бастағанда жүгерi де жинауға келiп қалады. Бiрақ, шығын процесi әлi аяқтала қоймайды. Жүгерi салушы шаруаның айтуынша, жүгерiнi қолмен жинау өте қиынға түседi. Ауылда ересек адамдардан құралған арнайы жасақ та бар екен. Олар 1 га үшiн небәрi 1000 теңге алады. Алайда, "өзгенiң iсiн қайбiр тыңғылықты жасайды дейсiң" деп қалды ағамыз, – "тынышы комбайнмен жинап алу. Әрбiр гектар бойынша есептегенде – 10500 теңге мен оған қоса 105 литр жағармай". Ал ала жаздай тер төккен өнiмдi жабық жерге жеткiзу үшiн тағы да техникасыз iс бiтпейдi.

Түскен өнiм – 10 тонна шамасында. Ал жерiгiлiктi мал базарларда жүгерiнiң 1 келiсi – 10 теңге тұрады. Әгәрәки, ағамыз алған өнiмiн түгел сата алса – 100 мың теңге пайда түскен болар едi. Ал шығынын есептер болсақ… Жыл сайын аудандық салық бөлiмiне 5000 теңге көлемiндегi салық және зейнетақы қорына 20 000 теңге мiндеттi төленедi. Олай болса, жаз бойы төгiлген қара тер мен кеткен шығынды қоса есептегенде – 95 650 теңге шығыпты. Сонда 10 тонна өнiмнен түскен пайда 4350 теңге. Әлбетте, табысынан тауқыметi көп жер игерудi халықтың тастағысы да келедi. Алайда бұл жердi қайта қолға түсiре алмай қалу қаупi басым. Себебi, ауыл маңайындағы жерлердiң барлығы дерлiк игерiлiп отыр.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары