ҚАЗАҚСТАНДА ҚАНТ ТАПШЫ

ҚАЗАҚСТАНДА ҚАНТ ТАПШЫ

ҚАЗАҚСТАНДА ҚАНТ ТАПШЫ
ашық дереккөзі
308

Қант бағасы соңғы 30 жылда болмаған деңгейге дейiн қымбаттап, халықаралық нарықта қант тапшылығы орын алды. Ауа райының қолайсыздығы мен қант шикiзатының күрт қымбаттауы салдарынан туындаған бұл қиындықпен Қазақстан қалай күреспек? Отандық қант өндiрушiлердiң Үкiметке деген өкпесi қандай? Билiк алыпсатарлыққа жол берiлмес үшiн қандай шараларды қабылдады?

Бүгiнде әлемдiк нарықтағы қант бағасының соңғы отыз жылда болмаған деңгейге дейiн шарықтауына ауа райының қолайсыздығы себеп. Осының кесiрiнен бүкiл әлем бойынша қант тапшылығы орын алды. «Bloomberg» агенттiгiне пiкiр бiлдiрген сарапшылар үстiмiздегi жылдың үшiншi тоқсанында АҚШ, Үндiстан, Мексика, Пәкстан тарапынан келiп түсетiн тұтынушылық сұраныстың күрт артуы қант бағасын одан сайын ушықтыра түсуi мүмкiн екенiн Қытай мен Таиландтағы ауа райының жайсыз болуы да қант тапшылығын 43 пайызға дейiн өсiретiнiн көлденең тартады. Ал ED&F Man Holdings Ltd. компаниясының маманы Шон Дифли; 2010 жылдың II тоқсанында әлемдегi ең iрi қант өндiрушi мемлекет саналатын Бразилияның әлемдiк нарыққа импорттайтын қант көлемi өте аз болады" дейдi. "Kingsman SA" зерттеу орталығының бас маманы Том МакНеилдiң пiкiрiнше, 2011 жылы әлемдiк қант қоры жұтаң тартып, тапшылық мәселесi ушыға түспек. Былтыр жыл соңында қант тапшылығы 8,32 млн. тонна болады деп болжанған едi. Алайда, бүгiнде сарапшылардың басым бөлiгi биыл сәуiр айының соңына қарай халықаралық нарықтағы қант тапшылығы 11,92 млн. тоннаға жететiнiн айтуда. 2010 жылы қантқа деген дүниежүзiлiк тұтынушылық сұраныс көлемi кем дегенде 162, 85 млн. тоннаға жуық болса, өндiру қарқыны керiсiнше, бәсең – 150,93 млн. тонна.

Қазiрдiң өзiнде қант өндiрушi мемлекеттердiң өзi iшкi нарықта қант қатшылығын сезiнуде. Мысалы, қантты өндiруден және тұтынудан Жер шары бойынша алғашқы орында тұрған Үндiстан биыл 2,5-3 млн. тонна шекердi сырттан тасуға мәжбүр. Қант өндiрiсi мен өңдеу саласында әрi тұтынуда Азия бойынша үшiншi орындағы Пәкстан үстiмiздегi жылы 1,25 млн. тонна қантты сатып алуды ендiгi жоспарлап қойған. Пәкстан Үкiметi осы мақсатта шет мемлекеттен әкелiнетiн қантқа салынатын кедендiк баж салығын алып тастады. Пәкстан мен Үндiстанның қатарына Египет, Индонезия мен Филлипиндер қосылды. Әлемдiк нарықты қантпен қарық қылуға қауқарлы Қытайда қуаңшылық пен ауа райының қолайсыздығы, яғни, күннiң жиi суытуы iшкi нарықтағы тапшылықты 3,3 млн. тоннаға дейiн жеткiзген. Егер нарықтағы аласапыранды Солтүстiк Еуропадағы қант өндiрушiлер ұтымды пайдалана бiлсе, қантқа деген сұраныс үстiмiздегi жылдың соңына қарай бәсеңдеуi тиiс. Былтыр ауа райының жайсыздығынан басқаларға есе жiберiп алған ең iрi қант өндiрушi ел – Бразилия жыл соңында қызылша алқаптарын кеңейтудiң арқасында, өндiрiстi 4 млн. тоннаға дейiн көтерудi көздеп отыр. Бұл әлемдiк нарықтағы баға өсiмiн реттеуге сеп болмақ. Бiрақ сарапшылардың басым бөлiгi 2010 жылдың ортасына қарай тұрақтануы тиiс қант бағасына күмәнмен қарауда. Оған себеп: тағы да қант тапшылығы мәселесiнiң жүйелi түрде жолға қойылмауы. Есесiне, Еуропалық Одаққа мүше елдерде қант өндiрiсiнiң жоспары артығымен орындалған. Ендi баға саясатында алыпсатарлыққа жол берiлмес үшiн әрi сатуға шығарылатын қант көлемiн арттыру мақсатында, Еуропалық қант қызылшасын өндiрушiлердiң ассоциациясы Еуропалық Комиссиядан Дүниежүзiлiк сауда ұйымымен бiрiге отырып, жыл сайын бөлiнетiн квота көлемiн арттыруды талап етуде. Қазiргi таңда қант тапшылығы мәселесiмен ТМД елдерi де бас қатыруда. Мәселен, үстiмiздегi жылдың 4-наурызында Мәскеуде өткiзiлген "ТМД мен Орталық Азиядағы қант нарығы – 2010" халықаралық конференциясында Достастық құрамындағы мемлекеттермен бiрге Бельгия, Бразилия, Ұлыбритания, Нидерландтар, Бiрiккен Араб Әмiрлiктерi, Франция, Швейцария, Сингапур мен Германия өкiлдерi нарықтағы қант өндiрiсi, өңдеу мен импорт және экспорт мәселесiн талқыға салды.

Негiзi қант бағасы Қазақстанда да бiраз жерге дейiн шарықтады. Мысалы, "Қазагромаркетинг" АҚ-ның хабарлауынша, елiмiздегi қант бағасы 2010 жылдың ақпанында орташа есеппен алғанда, 5 пайызға өсiп, шамамен, 175 теңгеге жеткен. Былтыр ұлттық валюта – теңгенiң девальвациялануы мен халықаралық нарықтағы шикiзат – қант құрағының 83 пайызға дейiн қымбаттауынан елiмiздегi шекер құны 40 пайызға дейiн жоғарылаған болатын. Өйткенi, Қазақстандағы қантты өндiруге кететiн шикiзаттың 97 пайызы сырттан тасымалданады. Жыл басында арнайы баспасөз мәслихатын өткiзген Қазақстандық қызылша мен қант өндiрушiлер ассоциациясының өкiлдерi қантты имопрттау көлемiнiң тым көптiгiн және мемлекет тарапынан отандық тауар өндiрушiлерге қаржылай көмек көрсетiлмейтiнiн көлденең тартқан едi. Iшкi нарықтағы қант бағасының Нью-Йорктегi биржа бағасына қарай икемделетiнiн көлденең тартқан ассоциация жетекшiсi Николай Скугорев Бразилия, Куба мен Гватемаладан әкелiнетiн қант шикiзатының көлемiн азайту үшiн отандық өндiрушiлерге жағдай жасалуы тиiстiгiн айтты.

Наурыз мекересi қарсаңында ҚР Бәсекелестiктi қорғау агенттiгi iшкi нарықтағы сұранысты қанағаттандыру әрi қант бағасын қолдан өсiруге жол бермеу мақсатында отырыс өткiзiп, "Орталықазиялық қант корпорациясы" "Қант" "Алматылық қант" "Алматы қанты" "Азия Қант" "Көксу-Шекер" компаниялары арнайы тiзiмге енгiзуге шешiм қабылдады. Бұл құжат қант өндiрушi кәсiпорындардың бағаны жөнсiз өсiруiне жол бермеуi тиiс. Ал Үкiмет биыл өндiрiлуi тиiс қант көлемiн 464 мың тоннаға, тұтыну көлемiн 514,236 мың тоннаға жоспарлап отыр. Өндiрiске қажеттi қант құрағы 463,160 мың тонна болса, импортталатын қант – 60 мың тонна, экспортталатыны 9мың 782 тонна деп бекiтiлдi. Қазiргi таңда отандық қант өндiрiсiне сырттан қаражат тарту мәселесi де күн тәртiбiнде тұр. Осы орайда, түрiк кәсiпкерлерi Қазақстандағы қант қызылшасын өңдеу өндiрiсiне инвестиция құюға мүдделiлiк танытты. Жуырда Алматы облысына үшкүндiк iссапармен келген түрiк қалталылары Талдықорған өңiрiндегi "Көксу шекер" АҚ, "Алматы қант" кәсiпорындарында болып, отандық қант өндiрiсiн дамытуға үлес қосуға ынталы екендiктерiн бiлдiрдi. "ТұранӘлем банкiне" қарызға батқан Ақсу қант зауыты да түрiк кәсiпкерлерiнiң арқасында өндiрiстiк қуатқа қайта ие болмақ. Ол үшiн түрiктер зауытты не сатып алуы тиiс немесе заманауи технологиялармен жабдықталған жаңа зауыт салуы керек.

КСРО кезiнде Қазақстандағы қант қызылшасын өсiруге қолайлы жердiң көлемi 213 мың гектарға жуық болыпты. Мамандар қауымы: "Егер осы көрсеткiштiң тым болмаса ширек бөлiгi сақталып қалса, отандық тұтынушыларды қантпен қамтамасыз етуде қиындықтар туындамас едi" дейдi. Бүгiнде Жамбыл мен Алматы облыстарына қарасты осы қолайлы аймақты жекеменшiк кәсiпкерлер өзара пышақ үстiнен үлестiрiп алған көрiнедi. Қант тапшылығын жоюға кедергi келтiрiп отырған да – осы.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары