"ШҰҒЫЛАДАҒЫ" ЖҰРТТЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ

"ШҰҒЫЛАДАҒЫ" ЖҰРТТЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ

"ШҰҒЫЛАДАҒЫ" ЖҰРТТЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ
ашық дереккөзі
212

АШЫНҒАН ХАЛЫҚ ҚАЙДА БАРАДЫ?

Жерсiз жүрген де, баспанасыз жүрген де – қазақ. Қазақ ұлан-ғайыр даладан ұлтарақтай жерге ие болғысы келедi. Әрине, бұған олардың заңдық тұрғыдан да, адамгершiлiк тұрғыдан да құқы бар.

Әсiресе, қаржылық дағдарыс қыспаққа алғанда, сенделiп қалған ауыл жұрты қалаға үдере көштi. Отбасын асыраудың қамымен құрылысқа да қол салды, саудаға да бас тiктi. Күнделiктi нәпақа тауып қалғандар бұйырған дәм-тұздан айрылмауды көздеп, Алматының iргесiнен пәтер жалдап күн кештi. Алайда, тапқан табысы тамақтан аспай жүргенде, жер сатып алып, баспана алуға қолы қалай жетсiн? Бала-шағаның киiм-кешегi, оқу құралдары, жолақысы ше? Жоқшылық қол байлаған кезде аңқау халықтың көбi "Шаңырақ", "Бақай", "Көк қайнар" секiлдi ықшам аудандар мен елдiмекендерден жалған құжатқа жер сатып алып, алданып қалса, тығырыққа тiрелген кейбiр жұрт жердi заңсыз басып алуға ұмтылды. Тым құрығанда, құрқылтайдың ұясындай баспана салып алуға асыққан жандар кез келген құрбандыққа дайын болатын. Нәтижесiнде кейбiр қазақ бала-шағасының алдында абыройлы боп, өз қараша үйiнiң қожайыны атанды.

Баспаналы болу оңай емес. Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты "Шұғыла" елдiмекенiне шамамен 350-дей үй түскен. Оның көбi жердi ақшаға сатып алса да соттан сотқа сандалып жүр. Бiр қызығы, Алматы-Бiшкек тас жолының үстiнен қоныс тепкен шағын ауыл тұрғындарының қам-қарекетiне кезiнде ешбiр басшы, не ешбiр қосшы көңiл аудармаған сияқты. Жергiлiктi атқамiнерлердiң "Мұнда кiмдер үй салып жатыр?" деп мойын бұрып қарамағаны "шұғылалықтарды" екiұдай жағдайда қалдырғаны сөзсiз. Бұл жерге кiм иелiк ететiнi де шым-шытырық. Бiрiнiң қолынан екiншiсiне сатылған жер жемсауытқа айналған.

Сонымен, "Шұғыла" елдiмекенiне қатысты қолда бар құжаттарды сөйлетiп көрсек. Алматы қаласы Әуезов ауданының №2 аудандық соты 1971 жылы Қарақалпақстанда туған, Қазақстан Республикасының азаматтығын алған Ли Олег Робертовичтiң 2005 жылы мамыр айында "ФРИЗКО" ЖШС құрылтайшысы әрi директоры Ли Татьянамен бiрлесiп жер учаскелерiн сатып алып, оны қайта сату iсiмен айналысқанын әшкереледi. Ал 2005 жылдың шiлдесiнде Қазақстан-Ресей бiрiккен кәсiпорны "Морис и К" ЖШС-ның (негiзгi құрылтайшысы С.А Терещенко мен директоры А.А.Ақынбеков) Алматы облысы, Қарасай ауданында 20 гектар көлемiндегi қолданылмаған жер учаскесi бар екенi белгiлi болған. Ли Татьяна мен Ли Олег қалай да осы жер телiмiн алу мақсатында 2005 жылдың шiлдесiнде "Морис К" ЖШС-нiң директоры Ақынбековке сөз салады. Бұл ұсынысты алпауыт қожайын С.А.Терещенко қолдайды да, 2005 жылдың қазан айында жердi, "Морис К" ЖШС-ның жарғылық капиталындағы 100 пайыз үлестi активiмен қоса сатып жiбередi. Тексеру нәтижелерi бойынша, қазiргi уақытта жоғарыдағы жер телiмдерiне иелiк ететiн "ФРИЗКО" ЖШС 20 гектар көлемiндегi жерге көпқабатты тұрғын үй салуға кiрiссе, "Интерфуд" ЖШС-i де 20 гектар жерде құрылыс жұмыстарын бастап жiберген. Яғни, жердiң әу бастағы қожайыны – "Морис и К" телiмдi тауарлық-ауылшаруашылық мақсатқа пайдалану керектiгiн бiлсе де, тиiстi мекемелердiң бекiтуiнсiз 40 гектар жердi 20 гектардан екiге бөледi. Бiр бөлiгiн, яғни, 20 гектарын 2004 жылы сату-сатып алу келiсiмi бойынша "Мекен Сервис" ЖШС-iне сатады. Ал бұл мекеме жоғарыдағы құжатқа сүйенiп, жекеменшiк құқығы бойынша мемлекеттiк акт дайындап, 20 гектарды жеке тұрғын үй құрылысына пайдалануға "Достық Интеграция" ЖШС-iне аударып жiбередi. "Морис и К" қалған 20 гектар жердi Қарасай ауданы әкiмiнiң қаулысымен сату-сатып алу типтiк келiсiмi бойынша жеке тұрғын үй құрылысын салуға сатады. Бiр айта кетерлiгi, "Морис и К" Қазақстан-Ресей бiрiккен кәсiпорны 2004 жылдан бастап құрылтайшының шешiмi негiзiнде әдiлет мекемелерiнде қайта тiркеу жасап, "Морис и К" ЖШС-i болып өзгередi. Алайда, 2004-2006 жылдар аралығында 20 га жерге берiлген барлық мемлекеттiк актi күшiн жойған "Морис и К" бiрiккен кәсiпорнының өмiрде жоқ заңды тұлғасының атымен ақшаға үлестiрiлген. Әлгi жұртты әлекке салған Олег Ли осы уақытта алаяқтығы үшiн сотқа тартылып, бiр жарым жылға шартты жазаға кесiледi. Бiр шидiң шығатынын сезген пысықайлар құжатты "ФРИЗКО" ЖШС-ға аударып алады. Турасын айтқанда, ақша жасаудың қитұрқы амалдарын меңгергендер жалған құжат арқылы талай жердi сатып, iзiн суытқан. Бүгiнде бар жиған-тергенiне жер телiмiн сатып алған тұрғындар 5 жыл бойы соттың табалдырығын тоздырып жүр. Осыдан екi жыл бұрын сот шешiмдi халық жағына шығарып берсе де, жердiң кезектi иелерi мекеменiң атын ауыстырып, қайта сотқа шағымдануға машықтанып алыпты. Ал, ешбiр құжатсыз үй салған қаймана жұрт ертеңгi таңның қалай ататынына алаңдаулы.

"Шұғыла" елдiмекенiнiң халқы соттан әбден зәрезап болған. Ауылдың жоғары жағында қолында құжаты барлары қоныс тепсе, төменгi бөлiгiнде өз бетiмен баспана салып алғандар тұрады. Жарық та, су да жоқ. Жол ми батпақ. Бiрақ "Қайран менiң өз үйiм, кең сарайдай боз үйiм" деген халық үшiн баспаналы болудан асқан бақыт жоқ. Жамбыл облысы, Мерке ауданының тумасы Мейрамгүл апай "Алматыға жетiскендiктен келгенiм жоқ" деп бастады әңгiмесiн.

– Қалаға келгенiмiзге 6-7 жыл болған. Кезiнде таныстардың көбi "Осылай жүре бересiңдер ме?" деп, "Шаңырақтан", "Көкқайнардан" жер басып алып жатқандарға қосылуға үгiттедi. Қорықтық. Бiрақ пәтерге төлеуге ақша таппай қалдық. Балаларым, немерелерiм қиналып кеттi. Екi егiз немерем өмiрге келгенде тiптi жүдеп кеттiк. Балаларымның кiсi босағасында қалып қоятынына күйiндiм. Бұл жерге 2009 жылдың наурыз айында келдiк. Бiзге бiреулер "жұрт жер басып алып жатыр" деген хабар айтты. Не iстерiмiздi бiлмей сенделiп жүргенде бәрiне де көндiгiп, осында келдiк. Бiреулер 8 сотықтан, кейбiрi 6-дан, соңынан келгендерi 4, 2 сотықтан да бөлiп алды. Үй салып жатырмыз, кiрiп жатырмыз. Бiр пенде келген жоқ. Тек тас жолға жақын жердiң қожайыны ғана қоршап алған. "Бұл кiмнiң жерi?" деп бұрынғы тұрғындардан сұрастыра бастадық. Сөйтiп жүргенде, банктен 4 адам келiп, қағаздарын толтырып кеттi. Сұрастырып едiк, "Бұл жердiң құжаты банкте қаралып жатыр. Бұл жердi кезiнде кәрiс Ли Терещенкодан 1,5 миллион теңгеге сатып алған да, "1,5 миллиардқа сатып алдым" деп банктен несие алған. 2007 жылы банк мұның жалған құжат екенiн бiлген соң қайтадан iс қозғады. Қысқасы, бiзден несие алған да төлемей қашып кеткен" – дедi. Екi банктiң екi түрлi пiкiрi бар. Бiреуi 300 үйдi бұзып, жердi қожайынына берейiк десе, екiншiсi "Мұндағылардың бәрi қиналған халық. Ертең көтерiлiп кетсе қиын болады. Одан да әкiмшiлiк жердi халыққа қалдырып, кәрiске басқа жерден жер берсiн" деп ұсыныс жасаймыз деп кеткен. Содан қыс бойы жаттық. Ешкiм келген жоқ.

…Кiшкентай ғана үйде 8 жан тұрамыз. Қазiр бала-шағамыз қуанады. "Бiздiң үйiмiз бар, ендi квартирант емеспiз" дейдi. Балалардың осы сөзi үшiн бәрiне де дайынмын. Керек десең, әр баламызда бiр-бiр баспана болуы керек қой. Құрылыс болса тоқтап қалды. Зауыт, фабрика жоқ. Жастар немен айналысады? Әрине, ұрлық-қарлық, нашақорлыққа салынады. "Қазақтың санын көбейту керек" дейдi. Қалай көбейедi? Екi, бiр бөлмелi баспана салып, отбасылы боп жатқандар бар.

Бiз бекерден-бекер жата бермейiк деп, "Тау самалы" елдiмекенi әкiмiне барып, көмек сұрадық. "Алға" партиясына, "Шаңырақ" бiрлестiгiне де жағдайымызды айттық. Аудан орталығы Қаскелеңдегi әкiм-қаралардан тұрғындарды жинап, жиналыс өткiзуiн сұрадық. Олар: "Ли Татьянаны шақырамыз" деп едi. Бiрақ жалған құжат қожайыны кiм екенiн таптырмай отыр.

Мадамгүл Жұмабаева, "Шұғыла" елдiмекенiнiң тұрғыны:

– Осы жерде 2004 жылы "Жер сатылады" деген хабарландырулар көп iлiнiп тұратын. 10 сотықтан 3 жердiң әрқайсысын 11 мың доллардан сатып алдым. Тiптi, бiзден кейiн 10 сотық жердi 50-60 мың доллардан сатып алған халық бар. Солардың бәрi қазiр жылап жүр. "Достық-интеграция" директоры Ақынбеков: "Бұл жерге коттедждер түседi, сiздердi 100 метр төменгi жаққа көшiремiз" дедi де, 38 үйдi жоғары жаққа, 38 үйдi төменгi жаққа көшiрдi. Оның бәрi ақшаға сатылған жер. Содан кейiн-ақ "Морис и К" жердi әлгi кәрiстерге сатады. Негiзi бұл жердiң құрылтайшысы Терещенко екен. Мiне, қазiр соттасып жатқанымызға 5 жыл болды. Сот процесi екi жыл бұрын бiтiп, шешiм шығарған. Ендi екi жылдан кейiн "Достық интеграция" басқа атпен қайта сотқа берiп отыр. Бiр шешiмi шыққан жерге қайтадан сот бола бере ме? Банк әр сотығына 10 мың доллардан сұрап отыр. Бұл жерде 60 мың доллар беретiн адам жоқ. Ондай ақшасы болса, басқа кез келген жерден сатып алмаймыз ба? Үкiмет жер, баспана салып бермесе де, халық өзi салып жатыр. Елбасының өзi: "50 шақты үй салынған жерге қызмет көрсетiңдер. Су, жарық берiңдер, жолын салып берiңдер" деп айтты. Бiзге тек жерiн берсiн. Суымызды да, жолымызды да өзiмiз жасаймыз.

"Қазақтың жерi қазаққа бұйырсын" десек те, өз жерiнде өгейдiң күйiн кешiп жүрген халықтың көңiлi күптi. Олар "Шаңырақтағы" секiлдi қайғылы оқиғаның орын алмауы үшiн жергiлiктi билiк өкiлдерiне алдын ала құлаққағыс етуде. Былтырғы жылдың наурызынан берi шама-шарқынша баспана салып алған халықтың бар тiлегi – шаңырағының шайқалып, отбасының ойран болмауы. Айтпақшы, "Шұғыла" елдiмекенiнiң Алматы-Бiшкек тасжолы үстiне салынған 30 шақты үйi қазiр үйiндiге айналған. Сол кезде арлы-берлi лақтырған басбұзарлардың әрекетiнен баспанасын қызғыштай қорғаған Гүлмира есiмдi келiншек түсiк тастаған. Бiлетiн жұрт бұл жердiң қожайыны – Шалбай Құлмаханов деседi. Ал, 40 гектар жердi былыққа батырып кеткендерден жауап алып жатқан кiм бар?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары