БАЛАЛАРЫН АМАНАТҚА ҚАЛДЫРЫП...

БАЛАЛАРЫН АМАНАТҚА ҚАЛДЫРЫП...

БАЛАЛАРЫН АМАНАТҚА ҚАЛДЫРЫП...
ашық дереккөзі
211

Қытайдағы қазақтардың көшi неге саябыр?

Соңғы бiрнеше жыл iшiнде жырақтан көшiп келетiн ағайынның көшi саябырлап қалды. Әсiресе, Қытайдан келетiн көштiң тоқтап қалғанына не себеп?!

Қытайдағы қандастарымыз жиi қоныстанған Алтай, Тарбағатай, Iле аймақтары аты да, заты да айтып тұрғандай байырғы бабаларымыздың күл төккен мекенi. Ондағы ағайынның қонысы жайлы болған соң, жылы орнын суытқысы келмей отыр ма десек, кез келгенi есi барында елiн тапқысы келетiнiн айтады. Соңғы жылдардағы Қытайдың оқу-ағарту саласына енгiзген өзгерiсi, анығырақ айтсақ, қазақ мектептерiн қытай тiлдi мектептерге қосу саясаты келешек ұрпақтың ана тiлiнен айырылу қаупiн төндiрiп келедi. Басқасын қайдам, алыстағы ағайынның арқасына аяздай батып отырғаны да осы мәселе көрiнедi. Ондағы қазақтардың көбi ауылды жерлерге қоныстанған дихан шаруалар болып келедi. Арманы болғанымен, дәрменi жоқ қандастарымыз атажұртқа жетейiн десе де, жете алмай отыр. Олардың қазiргi қал-ахуалы қанаты сынып жәутеңдеген қарлығашты көзге елестетедi.

Елiмiзге шетелден келетiн қандастар көшiнiң саябырлауына Қытай үкiметi кiнәлi ме? Бiр айта кетерлiгi, Қытай жағы бұрыннан Қазақстанмен арада келiсiлген көшi-қон заңының жоқ екендiгiн сылтауратып, қандастарымыздың атамекенге оралуының алғашқы дайындығы болып саналатын төлқұжат алу мәселесiне келгенде қат-қабат кедергiлердi көлденең тартады. Мәселен, көптеген мемлекеттерде кәмелетке толғаннан кейiн жеке бас куәлiгiмен қоса шетелге шығу төлқұжатын бiрге алу мүмкiндiгi қарастырылған. Ал Қытай елiнде бұл мәселе басқаша. Соның кесiрiнен қандастарымыздың төлқұжат (паспорт) алуының өзi тым қиынға түседi. Қытайда ауылды жерде қоныстанған қандастарымыз тұрғысынан алып қарасақ, Қазақстан шақыртуын алғаннан кейiн оны қытай тiлiне аудартудан бастап, ауылдық, аудандық, аймақтық сақшы мекемелерiнiң сыртқы iстер бөлiмiнiң алдынан өтiп, төлқұжатын қолына алғанға дейiн ұзақ уақыт жол жүрiп, көптеген есiктердi тоздыруға тура келедi. Ондағы ауылды жерлердiң аймақтан неше жүз шақырым шалғайда қоныстанғанын ескерсек, жол шығынының өзiн жай адамның жағдайы көтере бермейтiнi анық. Бұнымен шетелге шығу жұмысы бiте қалса бiрсәрi. Бұдан кейiн оның алдында виза аштырудың қырық қабат қиыншылығы тағы тұрады. Ендiгi жердегi жұмыс мың шақырым шалғайдағы Үрiмжi қаласында жалғасын табады. Бұрындары жүрген-тұрған таныс-бiлiстерi арқылы төлқұжатын берiп жiберiп виза жапсыртып алуға болатын едi. Қазiргi кезде төлқұжаттың иесi үй кiтапшасы мен Қытайдағы жеке бас куәлiгiн қолына алып өзi келмесе виза жапсырып бермейдi. Апталап, айлап кезек күтiп жүрiп әзер кiргiзген төлқұжатына виза мөрi қойылғаннан кейiн тағы да, сөзсiз, өзi барып алуы керек екен.

Өмiрi ауылдан алыс аттап көрмеген, бiр ауыз қытайша бiлмейтiн қыр қазағы үшiн бұдан артық азап жоқ шығар сiрә. Соншама жерден сабылып барғанына, қиналып жүрiп кезек алғанына жарай, олар осы ащы еңбегiнiң тәттi жемiсiн татып, Үрiмжi қаласында орналасқан Қазақстан Республикасының консулдық бөлiмiнiң визалық тәртiп бөлiмi қандастарымыздың жұмысын бiрден бiтiрiп берсе игi едi. Амал қанша!.. Олай болмай тұр ғой.

Үрiмжi қаласындағы Қазақстан Республикасының консулдық бөлiмiнiң визалық тәртiп бөлiмiндегi ұзын-сонар кезек тағы да бармақ басты, көз қыстыға жол беретiнiн виза аштырудың машақатын басынан өткiзген қандастарымыз баян қылады.

Қытай өкiметi көшi-қон шақыртуымен бiржолата қоныс аударушыларды тежеу мақсатында әрбiр аймақ, аудандарға 10-20 отбасылық шектi сан белгiлеп отыр. Көп жерлерде көшi-қон шақыртуын мойындамай қоятыны тағы бар. Ал бұл кедергiнi айналып өту мақсатында туысшылау немесе жұмысқа орналасу шақыртуын алдырып төлқұжат жасатқан қандастарымыз, мектеп жасындағы балаларын Қытай елiне аманатқа қалдыра тұруға мәжбүр. Бауыр етi баласы Қытайда қалып, өзi осында ботасы жұртта қалған бозiнгендей болып боздап жүргендер қаншама. Өйткенi, виза аштыру барысында, шақыртуда есiмi бола тұра, алты жастан асқан баланы әке-шешесiнiң төлқұжатына тiркемейдi. Ал Қытай өкiметi балаға арнайы төлқұжат жасап бермейдi…

"Ух!" деп төлқұжатына виза бастырып алған мезетте медициналық тексеруден өтудiң кезеңi де келiп жетедi. Ол үшiн ауыл, аудан тұрғындары аймаққа тағы бiр шұбырады. 300-500 шақырым жол жүрiп шаршап-шалдығып барған оларды онда да кезек алудың қылкөпiрi күтiп тұрады… Ендi осыған кедендегi түрлi кедергiлердi қосыңыз. Шекарада не ары, не берi жоқ қаңтарылып қаншама жатады? Оны бiр Алла өзi бiледi.

Атамекенге оралу арманын жүзеге асыру барысында көрген қиыншылықтарын айтқанда қандастарымыз қанжылайды. Елге келгеннен кейiнгi көретiнi тағы бар…

Бiр төлқұжат жасату үшiн Қытайдың қырық тесiгiнен өтiп қажыған қандастарымыз "шiркiн, Қазақстан Қытай мен көшi-қон келiсiм-шартын жасап, қазақ азаматтарына жеке бас куәлiгiмен төлқұжатты қоса бергiздiрсе, әр аймақтан виза ашу бөлiмдерiн орналастырса, кедендегi түрлi рәсiмдеулердi жеңiлдетсе көп кедергiлер азаяр едi" дейдi. Алыстағы ағайынның жанайқайын құзырлы органдарға жеткiзе барсаңыз "бұның бәрi өткен күннiң әңгiмесi, қазiргi қабылданған "Нұрлы көш" бағдарламасында отандастарды көшiрiп алудың жолы жан-жақтылы қарастырылған; бәрiне сол жобаны оқып, түсiнбеген қандастарымыз өзi кiнәлi" деп сөзiнiң соңын жылы жауып шығарып салады…

Қытайдағы қазақтар қоныстанған аймақтарда төлқұжатын бiтiре алмай сабылған, Үрiмжiде орналасқан Қазақстанның визалық тәртiп бөлiмiнде ұзын-сонар кезекте тұрған, екi елдiң ортасында ақтер-көктер болып жүк сүйреп жүрген, немесе шекарада шашылып жатқан жүгiнiң қасында жанарының оты өшкiндеп, ернi жарылып жүдеген қандастарымызды менiң де сан мәрте көзiм шалған. Қабырғам қайысып, iштей мүсiркегем… Халық айтса қалп айтпайды ғой. Қытай бiздiң достық, сауда-саттық барысындағы ең сенiмдi көршiмiз. Бiрақ, Қытайдағы қандастарды Отанға оралту мәселесiне келгенде бұл елмен болған келiсiмде бiр шикiлiктiң бары жиi белең алады.

Тәуелсiз мемлекеттер үшiн басқа елдiң iшкi саясатына қол сұғу, әрине, барып тұрған бассыздық болып саналады. Оның үстiне, өзiн айдаһарға балайтын алып ел Қытайға "бұның дұрыс емес, құйтырқылығыңды қой!" деп қожалық жасай алмасымыз айдан анық. Дейтұрғанмен де, Қытай өкiметiнiң "көршiмiз" деп көлгiрсiп, көп келiсiмдерге қол қойысуға келген бiр сәтiн бiздiң билiк ұтымды пайдаланып, Қытайдағы қандастарымызды көшiрiп алудың жолдарын бұдан да жеңiлдетудi өтiнiп қалса қалай болар едi?..

Жат жұрттағы отандастарды атамекенге оралту мәселесiнде, ең әуелi шетелдерге қатысты түйткiлдердi шешiп алсақ, қандастарымыздың Отанға қарай басқан қадамы анағұрлым тездетiлер едi.

Тұрсынбек КЕШУБАЙҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары