ЖАЗИРАЛЫ ЖАРКЕНТ – ЖЕРДIҢ ҚҰТЫ

ЖАЗИРАЛЫ ЖАРКЕНТ – ЖЕРДIҢ ҚҰТЫ

ЖАЗИРАЛЫ ЖАРКЕНТ – ЖЕРДIҢ ҚҰТЫ
ашық дереккөзі
2497

Батысында Басшидiң бұйрат құмды бөктерлерiнен Басқыншының көкорай белдерiне дейiн, солтүстiгiнде Жоңғар Алатауының ақбас шыңдарынан Iленiң iнжу суына дейiн созылып жатқан бұл байтақ ата-бабаларымыздың ежелден-ақ ен жайлап, мекен еткен қасиеттi қонысы. Бұл аймақтың да асқар биiк таулары мен айдын шалқар көлдерi, көкорай шалғын белдерi мен өлкенi өрнектеген өзендерi, қиыршық құмды төбелерi мен мәуелi жасыл желегi, әуес сан мың аңдары мен әуезi әсем құстары талайларды тамсандырып, таңдай қақтырған. Көрген пенде көркiнен көз айыра алмай қалатын талай табиғат сұлулығы мен ерекшелiгiн бауырына жиып, жер жаннаты Жетiсудiң қақ төрiнде орналасқан жазиралы мекен атанған бұл өлке.

ТАСҚА БАСЫЛҒАН ТАРИХ
 

Қарға тамырлы қаймана қазақтың күллi кең-байтақ жерi тәрiздi бұл өңiр де – тұнған тарих. Елдiң шетiнде, желдiң өтiнде, жаудың бетiнде тiршiлiк еткендiктен мұнда да талай жусанның түбiне халқымыздың көз жасы тамған. Тұлымдысын – құл, бұрымдысын – күң етудi көксеген қас жауына қирата соққы берген жүрегi түктi батырларымыз жарқын жеңiс тойын тойлаған. Сол бiр қилы кезеңдердiң тiрi куәсiндей "Орбұлақ", "Жалаулы", "Қашама", "Кiсi қырылған" iспеттi толып жатқан жер-су аттары елдiң өз туған жерiне басқан мөр таңбасы, шежiре тарихы десек, "Көкбастау" маңындағы жарқабақтарға таңбаланған "тас жазулар" мен суреттер бағзы замандағы бабалардың болашаққа жазып қалдырған аманат хаттары тәрiздi. Қойбын шатқалынан батысқа шыға берiстегi Шолақ су маңынан табылған тас мүсiн де талай сырды аңғартып тұр. Бiр қолымен ыдыс ұстап, екiншi қолымен наркескеннiң нақышы сабын сығымдай ұстаған тас тұлға бабаларымыздың "қонағым болсаң – асым әзiр, көңiлiм кең, қасым болсаң – алысуға әзiрмiн, алмас қылыштай қиып түсем" деген айбары мен айбынын әйгiлеп тұрған тәрiздi.

Жалпы Жаркент қаласының қай ғасырда iргесi қаланғанын ешкiм дөп басып айта алмайды. Бiзге белгiлiсi тек бергi тарихы ғана. Осы орайда Жаркент қаласының батысында орналасқан (Көктал ауылының маңы), бiр кездерi өркениетi дамып, iрi сауда орталығына айналған Iлебалық қаласын зерттеу жұмыстарын жүргiзу арқылы Жаркенттiң жас мөлшерiн анықтауға негiз барлығын айта кеткенiмiз жөн болар. Осыдан 366 жыл бұрын Жаркент қаласының оңтүстiк-батысындағы Орбұлақ жерiнде 50 мың қолға 600 сарбазбен ойсырата соққы берген Салқам Бұрылысы мен құбылысы көп адамзат тарихында айтса нанғысыз жағдаяттар да кездесiп жатады. Қазақ тарихындағы осындай ақиқаты аңыздан асып түскен оқиғалардың бiрi – Орбұлақ шайқасы. Орбұлақ шайқасы жайлы бұрындары көп айтылмады. Ел аузындағы үзiк-үзiк әңгiмелер ғана сол алапат майданның Ордың бұлағында өткенiн дәлелдейтiн. Бабалар жеңiсiнен бiр деректiң болса да тасқа басылып қалуы бек мүмкiн едi, бiрақ та сыңар саясат ұстанған қызыл империя қазақ ғалымдарына төл тарихын толық зерттеуге мұрша бере қоймады. Аңызға айналған шайқастың ақиқатын ашу тек 1991 жылы белгiлi майдангер жазушы Қалмұқан Исабайдың Ресей архивтерiнен тапқан Г.Ильин мен К.Кучеевтiң қоңтайшы ұлысынан жеткiзген хабарынан мүмкiн болды. Онда: "Бiз барғанда қоңтайшы ұлысында болмай шықты. Өзiнiң күйеу баласы Көшiртайды, Абылайды (Ертiс бойындағы Абылайкенттi салдырған ойрат қоңтайшысы – Қ.И), кенже iнiсi Шоқыр тайшыны, Қой сұлтанды, Алтынханның балаларын және басқа ұсақ тайшыларды ертiп, барлығы 50 мың әскермен Жәңгiр ханның қазақ ордасы, Жалаңтөс және Алатау қырғыздарымен соғысуға кеткен екен…", – деп анық жазылған. Жәңгiр қолының басты қаһармандарының бiрi, туған жерiнiң ой-шұңқырын ұрыста ұтымды пайдалануда кеңес берiп, көзсiз ерлiгiмен танылған Елтiндi батыр мен ата жауымыз Мұқырының басын алып, кеткен кектiң есесiн қайтарған Бағай батырдың, тыныш жатқан момын елдiң ұрыста – ұраны, дауда қорғаны болған Сатай, Бөлек, Аралбай, Ұзақ, Шойнақ, Қожбанбет сынды батыр-билердiң, ұлт намысына бола басын бәйгеге тiккен Нұржекедей асылдардың, күнi кешегi "Желтоқсан" көтерiлiсiнiң шәһидтерi – Ләззат пен Ерболдай боздақтарымыздың есiмдерi бұл ел үшiн ардақты әрi зор мақтаныш-мәртебе. Жапырағының жайқалып тұрғанына жетi ғасырдан асқан әйгiлi "Әулиеағаш" осы мекенде ғұмыр кешiп жатқан сандаған буын ұрпаққа ақжол тiлеп, ақ бата берiп тұрған ақсақалымыз болса, өлкемiздi өрнектеген жетi арасан, жетi өзенiмiз шөлiркегенде шөл басатын, шалдыққанда шаршағанды ширататын, демiккенде дауа болатын қасиеттi мекендерiмiзге айналып отыр. Ұлы Жiбек жолының бойында орналасқан бұл киелi жердiң топырағында Азия мен Тибеттi, Қашқарды зерттеген атақты саяхатшылар Прежевальскийдiң, ағайынды Грумм Гржимайлолардың, халқымыздың құйрықты жұлдыздай жарқ еткен аяулы перзентi Шоқан Уәлихановтың iздерi қалған.
ЖАРКЕНТ УЕЗI
 

Көне Жаркент шаһарының тарихы жөнiнде қолымызда нақты мәлiметтер жоқтығын жоғарыда атап өттiк. Ал аудан тарихы туралы жазғанда ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы саяси-әлеуметтiк және экономикалық ахуалын айналып өтуге болмайды. Өйткенi, осы кезде жерiмiзге шығыстан ұйғырлар мен дүнгендер көшiрiлiп келе бастауына байланысты тиiстi аумақтық өзгерiс жасалып, Жетiсу облысының құрамында Жаркент учаскесi құрылды. 1886 жылы аталмыш учаске Жаркент уезi болып қайта жасақталды. Оның құрамына қазiргi Панфилов ауданына қоса кезiндегi Кеген, Гвардия, Кербұлақ, Ұйғыр аудандарының, сондай-ақ Қырғызстанның кейбiр бөлiктерi енiп, аумағы 15 мың шаршы шақырымнан асқан. Осы уезге қараған 9 болыстықта жүз мыңнан аса халық тұрған. Оның iшiнде 56 пайызы – қазақтар, 16,6 пайызы – тараншылар, 7 пайызы – орыстар мен татарлар, 1 пайызы дүнгендер және өзге ұлттар болған екен. Қазақстанда алғашқылардың бiрi болып осы жерде кедендiк мекеме, шекаралық қызмет, милиция отряды, пошта ұйымы құрылған.

ҚЫЗЫЛ ИМПЕРИЯНЫҢ ҚИЯНАТЫ
 

"Атаманның ақыры" фильмiнде көрсетiлгендей ақ патшадан қалған билiктi аңсап, халықты өзiнiң езгiсiнде ұстауды мақсат еткен казактардың соңғы қимыл-қозғалысы осы Жаркент жерiнде сәтсiздiкке ұшыраған. Жергiлiктi жұртшылықты қан қақсатқан атаман Дутовтың көзiн жойған М.Қожамияров, М.Байсымақов, М.Қадыров, Н.Ушурбакиев сынды халық батырлары 1918 жылы 10 наурызда Жаркенттi казактардан азат етiп, Кеңес өкiметiн орнатқан. Бiрақ Кеңес өкiметi де осындағы момын қазақтардың мүдделерiн қорғай қойған жоқ.

Негiзiнен аудан экономикасының флагманына айналған ауылшаруашылығы мен өнеркәсiп саласы осы кезеңдерде зор қарқынмен дами бастады. Шаруашылықтар, кеңшарлар құрылып, Жаркент жерiндегi береке мен байлықтың бастауына айналған "дала аруын" – жүгерiнi жерсiндiруге бет бұрды. 1922 жылы қала аумағында сабын қайнататын, ұн өнiмдерiн дайындайтын, бал, крахмал әзiрлейтiн, терi илейтiн тағы басқа да цехтар жұмыс iстесе, 1925 жылы мұндай жұмыс орындар саны 135-ке жеткен. Сол кездiң өзiнде 283 сауда нүктесi жұмыс iстеген бұл кiшкентай шаһарда мемлекеттiк банктiң агенттiгi, үлкен аурухана және уезд кiтапханасы халыққа қызмет көрсеткен. 1929 жылы уезде етiкшiлер артелi құрылып, мақта тазартатын зауыт iске қосылған. Өңiрде 230 су диiрменi қызмет еткен. 1917 жылы Жаркент қаласында тұңғыш гимназия құрылса, 1920 жылы уезд бойынша бiрiншi басқыштағы 11 мектеп, 1 гимназия, 1 орыс шiркеуi приход мектебi, 1 мұсылман мектебi болды. Көп ұзамай коллективтендiру кезеңi басталғанда талайдың малы тәркiленiп, өздерi өлiм жазасына кесiлдi, тiптi жер аударылып кеттi. 1932-1933 жылдардағы аштық бұл өңiрдiң халқын тегiс жалмады десе артық айтпағандық болар едi. Аштық жылдарында жүз мыңдаған қазақтың Қытай асып кетуiне тура келдi. Жаппай қырылу мұнымен тоқтаған жоқ, 1937 жылғы репрессияда елдiң бек тұлғалары қанды қырғын құрбандарына айналды. Бұл өңiрде тонның iшкi бауындай боп отырған халықтың жан-жаққа босып кетуiне тарихтың осы бiр қолдан жасалған қиян-кескi қырғындары айғақ.
ЖАРКЕНТ – ЖЫР МЕКЕНI
 

Жаркент жерi – бағзы заманнан-ақ халықтық қадiр-қасиеттi айрықша қастерлеп, айрандай ұйып отырған, ата-баба дәстүрiмен ерлiктi, елдiктi ту еткен өңiр. Халқымыздың талай аяулы перзенттерi осы топырақта дүниеге келген. Өнер, ғылым, әдебиет, мәдениет саласында жұлдыздай жарқырап, талант тегеурiнiн танытып жүрген марқасқаларымыз да бар. Қазақ бейнелеу өнерiнiң дарабозы Әбiлхан Қастеев пен жезтаңдай әншi, көзi тiрiсiнде "Жетiсудың бұлбұлы" атанған Дәнеш Рақышев есiмдерiн бұл күнде күллi республика жұртшылығы мақтанышпен атайды. Қазақтың айтыс өнерiнiң көгiнде жасындай жарқылдап, пешенесiне қысқа ғұмыр кешу жазылған Жандарбек Бегiмбетов пен бүгiнгi таңда исi қазақты суырып салма ақындық өнерiмен тәнтi етiп жүрген әкелi-балалы Айтақын және Жандарбек Бұлғақовтар да осы жазиралы мекеннiң топырағынан жаралған, талантынан нәр алған. Кешегi өткен Бейжiң олимпидасының алғашқы күндерi қоржынымызға алтынға бергiсiз қола медальдi салып берген палуан ұлымыз Нұрбақыт Теңiзбаевтың есiмi де бұл күндерi мақтанышқа айналған.

ЖАҢАРҒАН ЖАРКЕНТ
 

Бұл кездерi Жаркент өңiрi өркендеген, халқының әл-ауқаты жоғары, тәуелсiз Қазақстанның экономикалық, мәдени-рухани дамуына өзiндiк үлесiн қосып келе жатқан iргелi аудан. Қазiр ауданда 23 ауылшаруашылығы кәсiпорны, 4895 шаруа қожалығы бар. Олардың сегiзi асыл тұқымды мал өсiретiн статусқа ие. Олар негiзiнен iрi қара, биязы жүндi қой және жылқы өсiруге мамандандырылған. Сондай-ақ, қант қызылшасының тұқымын, жүгерiнiң элиталық тұқымын өсiрiп отырған шаруашылықтар да жемiстi еңбек етуде.

Тәуелсiздiк алған жылдардан берi өндiрiс, ауылшаруашылы саласындағы iстер осы заманғы озық үлгiге ойысып, жаңа биiктерге көтерiлдi. Атап айтар болсақ, 2008 жылы тек өнеркәсiп саласы бойынша ауданда 2,3 миллиард теңгенiң өнiмi өндiрiлдi. Түрлi саладағы цехтар мен кiшiгiрiм зауыттар өңiр өндiрiсiнiң тамырына қан жүгiртiп, ел еңсесiн тiктеуде үлкен үлеске ие болды. Аудан аумағында 8 мектепке дейiнгi мекеме, 50 жалпы бiлiм беретiн мектеп, 1 лицей, педагогикалық, экономикалық, құрылыс, медициналық және заң колледждерi, 1 кәсiптiк техникалық мектеп жұмыс iстеп тұр. Оларда 30 мыңға тарта оқушылар мен студенттер оқиды. Халыққа 50 денсаулық мекемесi қызмет көрсетедi. Сондай-ақ 29 Мәдениет үйi және клуб, 25 кiтапхана, 2 мұражай, Ә.Қастеев атындағы галерея мен этнопарк үздiксiз жұмыс жасауда.
Солтанғұл НАҒАРАШЫ,
Жаркент ауданы

Серіктес жаңалықтары