АҢҚАУ АНАЛАРДЫ ЖЫЛАТҚАН АЛАЯҚ

АҢҚАУ АНАЛАРДЫ ЖЫЛАТҚАН АЛАЯҚ

АҢҚАУ АНАЛАРДЫ ЖЫЛАТҚАН АЛАЯҚ
ашық дереккөзі
349

Сот аяқталды. Жер жайы шешiлген жоқ

Бүгiнгi уақыт "Заманың түлкi болса, тазы боп шалатындарға" мол мүмкiндiк жасағандай. "Арзан бағаға жер алып берем" деп, талай жанды тақыр жерге отырғызған "Ғибрат" республикалық көпбалалы аналар қоғамының төрайымы Мәрпия Бұтабаева мен оның сыбайластарына қатысты сот процесi ұзаққа созылып, ақыры соңғы нүкте қойылды.

Сот үкiмi бойынша, түйенi түгiмен жұтқан М.Бұтабаева ҚР Қылмыстық кодексiнiң 177-бабы, 3– бөлiмiне сәйкес, жалпы колонияда 8 жылға бас бостандығынан айырылса, оның заңгерi Г.Мамытова да 8 жылға, ал есепшiсi Жаңылхан Балқыбекова 7 жылға сотталды.

Әйел затының қолын лас iспен былғағаны түрпiлеу көрiнсе де, қоғамның бұған етi үйренiп кеткен сияқты. Тiптi, қылмыскерлер қатарында нәзiк жандылар санының артуы да жаңалық емес. Отбасында аяулы ана, асыл жар мiндетiн атқаратын жандарды алаяқтық iске итермелеген не нәрсе?

Әңгiменi әрiден бастайық. "Ғибрат" республикалық көпбалалы аналар қоғамының төрайымы Мәрпия Бұтабаева "баспана салатын жер телiмдерiн алып беремiн" деп, 1500-ге жуық жағдайы төмен көпбалалы аналар мен олардың туыстарынан 10 миллион теңге жинап алған. 2005 жылдан берi жұртты жалған уәдеге қарық қылған ол "31-телеарна" арқылы "арзан бағамен жер телiмiн алуға көмектесемiн" деген жарнама берiп, клиентке көмiлiп қалады. Дәл сол жылдары ауылдан қалаға ағылған аңқау халық тапқан-таянғанын жинап, ең ақырғысы үстеме пайызбен банктен несиеге ақша алып, М.Бұтабаеваға жетуге асығады. Ол бастапқыда 10 сотық жер телiмiн 1500 АҚШ долларына бағалайды да, iле-шала 10 мың долларға өсiрiп жiбередi. "Не де болса, өз құнынан төмен бағаға жер алатын болдық" деп қуанғандар ақшаны берiп қойып, үй салатын күндi күтiп жүре бередi. Олардың сенiмдi болатын жөнi бар. Себебi, М.Бұтабаева әрбiр ақша тапсырған адамның қолына аналар қоғамының мөрi басылып, "осыншама соманы алдым" деген жазуы бар тiлдей қолхат ұстатып қоя бередi. Ал, осы iсте бiр кiлтипанның барын айтып, жер сатуға қатысты арнайы құжаттарын талап еткен көзi ашық азаматтарға "Әне-мiне болып қалады… Сенбесеңдер неге келдiңдер?" деген сыңайда жауап айтып, "сүттен ақ, судан таза боп" шыға келген.

"Ғибраттың" жұртқа саудалаған 162 гектар жерi – Алматы-Қапшағай тас жолының бойындағы Қосөзен ауылында екен. Бұл жердi 2001 жылы Iле аудандық әкiмдiгi "Iле" өндiрiстiк кооперативiнен алып, уақытша пайдалану үшiн жекеменшiкке өткiзiптi. Содан берi қолдан-қолға өткен жердi 3 жыл бұрын Мәрпия Бұтабаева 31 миллион теңгеге сатып алған. Бiрақ, бұл жер үй салуға емес, шаруа қожалығын жүргiзуге арналса да, жұртқа тұрғын үй салуға сатпақ болады. Және бiр қызығы, М.Бұтабаева 162 гектар жердi қоғамдық ұйымның балансына алмай, "Ғибраттың" заңгерi Г.Мамытованың атына жазады. Құрғақ уәдесi көпшiлiктiң көңiлiне күдiк ұялата бастаған соң, шыдамы таусылған жұрт "Ғибрат" қоғамдық ұйымының төрайымын сотқа бередi. Мiне, 2 жылдан берi соттың табалдырығын тоздырып жүрген аналар дегенiне жеттi. 15 мың ананы тақырға отырғызып, 10 миллион долларды қалтасына басқан алаяқ пен оның сыбайластары соңғы уақытқа дейiн кiнәсiн мойындамай келсе де, сот әдiл шешiм шығарды. Алайда, қылмыскерлер құрықталып, "құтты орынға" жайғасса да, несиеге белшесiнен батқан көпбалалы аналар не ақшасыз, не жерсiз қалғанына өкiнедi. "Соттың соңы болды. Бiрақ жер берiледi деп ешкiм айтпады. Бiз аламыз деген жерiмiздi алуымыз керек" деп тығырыққа тiрелген жәбiрленушiлер әрi қарай сот орындаушыларымен бiрге жұмыс iстеуге бел буып отыр.

Несиенi баласы Абзалдың атына алған 10 баланың анасы Күлiмхан Мырзаханова бүгiнде қарызды немен жабатынын бiлмейдi. Әрбiр сот отырысын жiбермей, бiр нәтиженiң шығатынына сенген ананың бар үмiтi – жер телiмiне ие болу немесе "Ғибрат" қоғамдық ұйымына өткiзген ақшаны қайтарып алу. Алаяқтың арбауына алданған "Алтын алқа" иегерi Күлiмхан ана 3 жыл бұрын ұйым төрайымы Мәрпия Бұтабаеваның қолына 650 мың теңге санап берiптi. "Балаларыма тым құрығанда жер алып қояйыншы деп банктен несие алып едiм, ендiгi жағдай мынау. 10 баламның 4-еуi ақылы бөлiмде оқиды. Қазiр не iстерiмдi бiлмеймiн, басым әбден қатты" дейдi ашынған ана.

Күлiмхан ана сияқты қаншама жан жапа шектi! Олар ендi билiктен көмек күтедi. Тым болмаса, құйған ақшасына ұлтарақтай жер алуға бар күшiн салмақ. Көпбалалы аналардың қоғамдық қорғаушысы Улниза Уәлиева: "Бiз М.Бұтабаеваның алдынан жүз рет өттiк. Әуелгiде Құдайдай сенiп, жағымды жаңалықтың болатынына күмән келтiрмедiк. Ақшаны қайтара ма деп едiк, қайтармады. Не iстеу керек? Қаншама отбасы бiр Мәрпияның кесiрiнен бiреудiң босағасын сығалап жүр. Бұдан әрiге төзбеген көпбалалы аналар заңмен жұмыс iстеуге көштi. Алаяқтық iстедi екен, заңға тартылуы керек" – дейдi.

"– 2 жыл жүгiрген уақытымыз зая кетпедi. Ақырында Үкiметтен көмек сұрауға мәжбүр болдық. БАҚ көмек бермегенде, бiз жеңе алмайтын едiк. Сотта жеңдiк. "Көпбалалы аналардың талабы қанағаттандырылсын" деген қаулы шығарды. М.Бұтабаеваның дүние-мүлкi тәркiлендi. Ендi соны бiзге қайтарып бередi деген уәде бар. Егер әкiмшiлiк бұл талапты орындамай жатса, Елбасыға жаяу барсақ та, шағымымызды жеткiземiз. Өйткенi, әр адам бiр сотық жер телiмiне түрлi бағамен ақша құйды. Олар не iстейдi? Неге бiз өз елiмiздiң тұрғындарының мәселесiн шеше алмаймыз? … Адамдардың басын бiрiктiрген арман – жапырақтай жерге ие болу. Осы тұрғыда бiз алдымызда тұрған мақсатты бiлдiк".

Аузы күйген аналардың белсендi мүшесi Улниза Уәлиева алаяқтар мен оның сыбайластары сотталды екен деп, жағаны кеңге салуға болмайтынын айтады. Рас, 1500 азаматтан сiмiрiп алған 10 млн.доллар аз ақша емес. Елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен келiп, арзан баспанаға қол жеткiземiн деген көпбалалы аналардың мұң-мұқтажы ескерусiз қалмауы керек. Қысқасы, сот шешiмi бойынша қойылған талаптар заң жүзiнде қанағаттандырылып, үйсiз-күйсiз қалған жандардың көңiлiн демдеу қажет.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары