НАУРЫЗШАНЫҢ НАР САЛМАҒЫ

НАУРЫЗШАНЫҢ НАР САЛМАҒЫ

НАУРЫЗШАНЫҢ НАР САЛМАҒЫ
ашық дереккөзі
219

Биыл елден ерекше қар көп жауды. Үздiксiз жауған қар мен дүлей боран қарапайым халықты әбден титықтатып тастады. Бұрын-соңды мұндай қысты кiм көрген, көктемнiң алғашқы айы аяқталуға тақаса да, қыстың қоштасар түрi көрiнбейдi. Күнделiктi болмаса, дүрсiн-дүрсiн ескерту жасағандай, айналаны ақ ұлпа қармен көмкерiп тастайды. Наурызда жауған қарды халқымыз «наурызша» деп атайды екен. Бiрақ, бұл наурызшаның елiмiз пайдасынан гөрi зиянын көбiрек көрiп жатқан сияқты. Салмақтың көбi қарапайым адамдардың иiнiне түсуде.

ШЫҒЫСТЫҢ ШЫРАЙЫ КЕТIП ТҰР

Әсiресе, биылғы қыс шығыстықтар үшiн өте ерекше. Шығыс Қазақстан облысында биыл мөлшерден тыс қар өте көп жауды. Шығыстықтарды қиналтқан қатты қыстың ақыры бұл ғана емес екен. Ендi, шығыстықтар үшiн жаңа қауiптi жағдайдың бiр шетi қылаң бердi. Толассыз жауған қар күн көзi шыққан соң, ерiмей тұрмаушы ма едi. Шектен тыс көп жауған қар ерiген соң, айналаның бәрiн су басып қалды. Әсiресе, Тарбағатай, Абай, Ұлан, Зайсан ауданындағы ондаған ауыл қазiр судың астында қалды. Бүгiнгi күнге дейiн жеткен мәлiметтерге сүйенсек, аталған аудандардағы 2 мыңнан астам халық қауiпсiз жерлерге көшiрiлiптi. Әзiрше апаттан зардап шеккен ешкiм жоқ. Халық дiн аман, бiрақ, еткен еңбек, төккен тердiң бәрi суға кеттi. Көптеген тұрғындар баспанасынан айрылып, далада қалды. Бейресми деректерге сүйенсек, Шығыс Қазақстан облысы бойынша, 35 мың қой, 4 мың iрi қара, 2 мың жылқы жұтқа ұрынды. Жалпы шығынды есептесек, барлық құны 2 миллиардтай теңгеге жетiп отыр.

Облыстағы ең үлкен шығынға ұшырап отырған өңiрдiң бiрi – Тарбағатай ауданы. Бұл ауданда бес елдi мекен бiрдей судың астында қалып отыр. Аудандағы тасқыннан болған зардаптың салдарынан болған шығынды әзiрге мамандар толық бағалап үлгермептi. Бұл ауданға қатысты Көкжыра, Жәнтiкей, Көктүбек, Қызылкесiк, Қызылжұлдыз ауылының тұрғындары тасқыннан көп зардап шегiптi. Үйлерiн тасқын су алған бұл елдi мекендердiң тұрғындары аудан орталығы Ақсуат ауылындағы «Балдырған» балалар бақшасына, Ақсуат орта мектебiнiң жанындағы интернат пен бiрқатар мемлекеттiк мекемелерге орналастырылған.

БIРЕУГЕ – МАЛ, БIРЕУГЕ – ЖАН ҚАЙҒЫ

Жаңбыр жауса да, су кешсе де, суға киюге болатын резеңке етiктiң бағасы күйiп тұрғанға ұқсайды. Осыдан бiрнеше күн бұрын телеарналардың бiрiнен көрiп қалдық. Алпысты алқымдаған қарт ана төрт мың теңгеге ұлына резеңке етiк сатып ала алмағанын айтып, зар қақты. Дүние түгел суға малынып, қора-қора мал тасқынның астында қалып жатқанда, нарықтың дәмiн татқан кәнiгi саудагерлер бұл жерде де өз нәпақасын молынан асап қалғысы келген сияқты. Әшейiнде арзан резеңке етiктердiң бағасы тасқын басталғалы берi аспандап тұр. Тiптi, кейбiр деректерге сүйенсек, резеңке аяқкиiмдердiң бағасының алды он мыңға дейiн жетiп жығылыпты. Су астында жүрiп, жан үшiн арпалысып жатқан қарапайым халықтан пайда табуды көздеген ашкөздердiң бұл әрекетiне не дерсiң?!

Күнi кеше Мәскеудегi метрода болған терактiлiк әрекеттен кейiн, Мәскеу таксилерiнiң құны шарықтап кетiптi. Метро уақытша тоқтатылған соң, жаяу жүргiншiлер таксиге отырмағанда қайтсiн?! Бiр күннiң iшiнде бағасы он есеге дейiн шарықтап кеткен таксилердiң бұл әрекетiне Мәскеу патриархы Кирилл: «Қайғыдан табылған ақшаның қайыры болмайтынын» айтқан екен.

Қызылағаштағы қасiрет кезiнде де такси бағасы шарықтап кеткенiн айтып жүр көпшiлiк. Қайғыдан қан жұтып, аза тұтып жатқан шақта да ақша табуды көздеудi ойлайтын болып алдық. Қайғымен келген ақшаның опа бермейтiнiн күнi кеше ғана Мәскеу патриархы айтқан екен. Исламда да қолыңнан келсе, кiсiге жақсылық жасау қажеттiгiн айтпаушы ма едi. Ал, бiз, нарықтың қағидасы осылай деп, ар-ұяттан да, адамдық парыздан да оп-оңай аттап кетiп жүрген жоқпыз ба?

«ЖҰТ КЕЗIНДЕ ЖҰРТ БОЛЫП ЖҰМЫЛАЙЫҚ»

Өткен аптада, Алматыда бiр топ зиялылар бас қосып, баспасөз мәслихатын өткiздi. Бастамашыл топ «Нұр Отан» партиясының қолдауымен, Тарбағатай ауданындағы су тасқынанан зардап шеккендерге көмек қолын созу мақсатында «Шығыс Қазақстанға көмек» қайырымдылық шарасын бастау жөнiндегi пiкiрлерiн ортаға салған едi. Мәдени саясат және өнертану институтының директоры, жанашыр азаматтардың басын құрап «Шығысқа көмек» қорын құрған белгiлi саясаттанушы Ерлан Саиров бүгiнде Шығыс Қазақстан облысында жүр. Бiз Ерлан Бияхметұлымен шығысқа сапары барысында шұғыл сұхбаттасып үлгердiк. Ол республикалық басылымдарға толық жетпей жатқан елдегi ахуал туралы кеңiнен баяндап бердi.

– Ерлан аға, Тарбағатайдағы елдiң жайы қалай болып жатыр? Елмен хабарласа алдыңыздар ма?

– Облыс әкiмшiлiгiмен тiкелей хабарда отырмыз. Қазiр облыс әкiмшiлiгiнiң кешендi жұмыстарының нәтижесiнде бiрқатар iстер iс-жүзiне асып жатыр. «Ең бiрiншi мiндет – тасқын судың бетiн қайтарып, халыққа қалыпты жағдай туғызу. Қазiр облысқа 1,2 млрд. теңге бөлiндi. Бұл алғашқы кездегi көмек. Қалпына келтiру жұмыстарына, өтемақыға қосымша қаржы бөлiнедi», – деп отыр облыс басшысы Бердiбек Сапарбаев. Сонымен бiрге, облыс басшысы: «Шынайы ақпаратты шұғыл жеткiзiп, билiк тарапынан атқарылып жатқан iстерден жұртшылықты хабардар етiп отыру аса қажет» дейдi. Сонымен қатар, әкiм табиғат апатына ұшыраған жандардың ешқайсысы қараусыз, қолдаусыз қалмайтынын да қадап айтты.

Облыс басшысының айтуынша, жақын арада бiрiншi вице-премьер Өмiрзақ Шүкеев бастаған комиссия келiп, сол жерде шығын сомасы есептелiп, нақты шешiм қабылданатын болады.

Бiздiң негiзгi мақсат – бiрiншiден, жалпы ұлтты осындай қиын-қыстау кезде бiр мақсатқа жұмылдыра отырып, қоғамды ұлттық жауапкершiлiкке баулу. Сондықтан «Нұр Отан» паритясының қолдауымен «Шығыс Қазақстанға көмек» акциясын ұйымдастырып отырмыз. Жетекшi топқа Қабдеш Жұмәдiлов, Мұрат Әуезов, Бекболат Тiлеухан, Дидахмет Әшiмхан қосылды. Осы акцияны «Самрұқ-Қазына» әл-ауқат қорының серiктестiктерi түгел қолдап отыр. Елiмiздiң әр аймағынан жанашыр азаматтар қолдап, қолұшын беруге ұмтылуда. Мысалы, Қарағандыдан ақын Серiк Ақсұңқарұлы өзiнiң жергiлiктi баспасөз беттерiнен мақалалар ұйымдастырып, «Шығысқа көмек» қорына кәсiпкерлерден қаражат түсiрудi қолға алыпты. Ақын ағамызға алғысымыз шексiз.

– Тарбағатайдағы ағайынға көмек қолын созамын деушiлер үшiн арнайы қор құрылады деген едiңiздер. Қор ашылды ма? Жұртшылықтан жиналған қаржы-қаражат, медициналық жәрдем, азық-түлiк елге қалай жеткiзiлетiн болады?

– Қор ашылды, қор – «Шығысқа көмек» деп аталады. Осы күндерде елiмiздегi ақпарат құралдары арқылы қордың мақсаты жөнiнде ақпарат жiберiп жатырмыз. Бүгiн, жоғарыда айтқандай, «Самрұқ-Қазына» әл-ауқат қорының басшылығы алғашқылардың бiрi болып жәрдем жасайтындарын мәлiмдедi. Жақын арада қанша қаражат түстi, оны қай жерге жiберетiнiмiз жөнiнде ресми түрде айтамыз.

– Мал шығыны туралы естiп жатырмыз. Ауыл тұрғындарын көшiру жұмыстары қалай жүргiзiлуде?

– Ең негiзгi ауырлық Тарбағатай ауданына түсiп отыр. Ол жерде ресми ақпаратқа сүйенетiн болсақ, 6 елдi мекендi су алып кеттi. Тасқын салдарынан 650 үй, 748 қора-жай, 50 мал қыстағы су астында қалды. 423 тұрғын үй, 465 қора-жай, 24 мал қыстағы бүлiнiп, құлады. Су тасқыны салдарынан 1800 iрi қара, 9200 қой мен ешкi, 513 жылқы өлдi. Әсiресе, Көкжыра, Жәнтiкей, Көктүбек, Қызылкесiк, Қызылжұлдыз ауылдарының тұрғындары су тасқынынан көп зардап шектi.

Үйлерiн тасқын су алған елдi мекендердiң 3927 тұрғыны аудан орталығы Ақсуат ауылындағы және Сәтбаев, Тана мырза, Қарғыба, Қарасу ауылдарындағы мектептерге, аудан орталығындағы «Балдырған» балалар бақшасына, №2 Ақсуат орта мектебi жанындағы интернат пен бiрқатар мемлекеттiк мекемелерге орналастырылды.

Қызылкесiк ауылдық округiне қарасты Аягөз қаласымен жалғастыратын Боғас өзенiндегi көпiрдi су алып кетсе, Құмкөл ауылдық округiндегi Қарғыба өзенi үстiндегi көпiр бүлiндi. Осы көпiр арқылы автокөлiк қозғалысына тыйым салынды.

Облыс әкiмiнiң орынбасары Түсiпхан Түсiпбеков басқаратын штаб кешендi шараларды жүзеге асыруда. Шұғыл әрекет жасау үшiн тәулiк бойы аудандағы барлық елдi мекендерде тиiстi жедел топтар жұмыс iстейдi.

Бүгiнгi күнi аудан бойынша құтқару жұмыстарына 1258 адам тартылып, 295 әр түрлi техникалар жұмылдырылды.

Тарбағатайлықтардың басына iс түскен осы ауыр кезеңде алыстағы ағайындардан да көмектер келiп жеттi.

Бүгiнгi күнi Қостанай, Көкшетау, Екiбастұз, Қарағанды қалаларынан келген жиыны 155 құтқарушы мен 37 техника аудан тұрғындарын құтқару жұмыстарына кiрiсiп те кеттi.

– «Шығысқа көмек» акциясының үйлестiрушiсi ретiнде азаматтық қоғамның белсендiлiгiн қалай бағалар едiңiз?

– Өте жоғары бағалаймын. Азаматтар өздерiнiң азаматтық позициясын айқын көрсетiп отыр. Мысалы, Алматыда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданындағы су апатынан зардап шеккен халыққа көмек беру мақсатында «Бөртастаған-Ақсуат» қоғамдық қоры құрылды. Қор төрағалығына елден шыққан азамат Ердәулет Нұрсапин сайланды. Негiзгi қорды құруға атсалысып жатқан жанашырлардың арасында Сайраш Әбiшқызы, Болат Нұғманов, Қалтай Батхолдин, Талап Рахманов, Дархан Бiтiмшинов және Тұрсын Тастекеев бар. Қорға жиналған алғашқы қаражатпен 28-наурыз күнi Талап Рахманов және Қайрат Бокишев атты азаматтар алғашқы көмектi жөнелтуге аттанды. Бұл азаматтар аудандық әкiмшiлiкпен тығыз байланыста, халыққа ең қажеттi деген күнделiктi қажеттi тауарлар тiзiмi алынды. Қайрат Омарбаев деген азаматтың бастауымен алғашқы 2 КамАЗ 26-наурыз күнi Тарбағатай ауданының Көкжыра аулына жөнелтiлдi. Семейде «Нұр Отан» партиясы филиалының жанынан штаб құрылып, оның төрағалығына Нәдiрбек Әбсәләмов сайланды. Белсендiлердiң қатарында белгiлi қоғам қайраткерi Ерлан Сыдықов, Бақытбек Мәзiбаев, Нәсен Сембаев, Мұрат Керiмбаев сияқты азаматтар белсендiлiк танытып 10 КАМАЗ жүк жiберiп үлгердi. Астанада «Самрұқ-Қазына» әл-ауқат қорының басқарушы директоры Дархан Қалетаев, «Ақсуатты қолдау» қорының төрағасы Мұхтарбек Әмiрханов, Ерсiн Жүнiсов, Тiлеген Әбiш, Берiк Уәли тәрiздi азаматтар iске бел шеше кiрiсiп кеттi. Олар да Астанадан 20 тонна ұн, 8 тонна макарон, 1 миллион 76 мыңның дәрi-дәрмегi тиелген бiрнеше КамАЗ жiбердi. Жұт кезiнде жұмылып, осындай апаттың ауыртпалығын ел болып көтерiп алу үшiн, бiр жеңннен қол, бiр жағадан бас шығарып, бiртұтас ұлт екенiмiздi көрсетуiмiз керек деп бiлемiн.

P.S. Қауiп әлi сейiлген жоқ. Тау боп үйiлген қар еритiн болса, тасқын бұдан да қатты болуы мүмкiн. Оған дайындық қалай? Қазiрдiң өзiнде тасқыннан қалжыраған халық бұдан да ауыр қиындыққа төтеп бере ала ма? Табиғат-ана әйтеуiр биыл қаһарына мiнiп-ақ тұр. Қазақ дейтiн халыққа бiр жеңнен қол, бiр жағадан бас шығаратын сын сағаты жеткен сияқты. Тарихқа көз жүгiртсек, ата-бабаларымыздың басынан талай-талай жұт өткен. Бiрақ, өркениеттiң табалдырығында тұрып, сиырдың жұтына шалынған халық бiрiншi рет шығар. Техникаға жарымай, ай мен күннiң аманында көпiрi құлаған, тасқынға шыдас беретiн өткелi болмаған заманды алғаш көруiмiз. Бұған кiм кiнәлi?!

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары