«АЛЬЯНС БАНК» ҚАРЫЗДАН ҚҰТЫЛДЫ

«АЛЬЯНС БАНК» ҚАРЫЗДАН ҚҰТЫЛДЫ

«АЛЬЯНС БАНК» ҚАРЫЗДАН ҚҰТЫЛДЫ
ашық дереккөзі
342

Өткен сейсенбiде «Альянс банкi» қайта құрылымдау жоспары бойынша қарыздан толық құтылғандығы туралы хабар таратты. Қарыздан толығымен құтылу мәселесiне арналған баспасөз мәлiмдемесiнде «Альянс банкi» басшылары бұдан әрi банк жұмысының жанданатынын нық сенiммен айтты.

Қаржылай қиын жағдайға түскен «Альянс банкiне» Самұрық-Қазына әл-ауқат қоры қол ұшын созып отыр. Дағдарыстан бел жаза алмаған банкке аталмыш қор 129 млрд. теңге көлемiнде қосымша капиталдау ұйымдастырды. Бұл соманың 24 млрд. теңгесiне банктiң жаңадан шығарылған жай акциялары сатып алынса, қалған 105 млрд. теңгеге банктiң облигациялары бойынша талап ету құқығы артықшылықтарының акциялары аударылады. Сондай-ақ, банктiң қайта құрылымдау жоспарына сәйкес барлық қаржылық мiндеттемелерi ақшаға, жаңа облигациялар мен акцияларына сәйкес қайта құрылымдалды. «Өткен жылы қарызымыз — 500 млрд.теңге болған. Бұған дейiн тек мемлекет есебiнен жұмыс iстеп келдiк. Ендi қарыз толықтай өтелдi деп айта аламын», — дедi «Альянс банк» АҚ басқарма төрағасы Мақсат Қабашев.

Банктiң қарызын қайта құрылымдау мен банктi қосымша капиталдау барысында 547,9 млрд. теңге қаржы бөлiндi.

Бұл аралықта «Альянс банктiң» жалпы қарыз мөлшерi 4,5 млрд. АҚШ долларынан 1 млрд. 80 млн. АҚШ долларына азайған. «Оның iшiнде негiзгi қарыз болып саналатын 850 млн. долларды құрайтын еуробондтар, нақты саудалық қаржыландыру бойынша – 85 млн. доллар, ал субординатталған 20 жылдық облигациялар бойынша 145 млн. доллар қарыз бар», — дедi «Альянс банкi» АҚ басқарма директоры Ғазиз Шаханов.

Ал банктiң акциялары екi топқа бөлiп қарастырылған. Атап айтар болсақ, «Самұрық-Қазына» қорының акциясы – 67 пайыз, ал кредиторлар үлесi – 33 пайыз акцияны құрап отыр. Айтқандай, 33 пайыздық акциялар 2 мыңнан астам миноритарлы акционерлер арасында өзара бөлiнiп, әрқайсысының үлесi – 3 пайыздан келедi.

Ең басты қарыз беру мәселесi де қалтарыста қалмады. Ағымдағы жылдың сәуiр айынан бастап жеке тұлғаларға несие беру басталып, несие мерзiмi 7-20 жылға дейiн ұзартылмақ. Сонымен қатар аталмыш банк биылғы жылды жаңа бағдарламалардан бастамақшы.

Елiмiздегi шағын және орта бизнестi қолдауда да «Альянс банк» шеттеп қалған жоқ. Шағын бизнестi дамыту мақсатында арнайы 1,5 млрд. теңге бөлiнген. Алдағы жылдары жүзеге асуы тиiс нақты стратегияны да бекiтiп отыр. Жаңа директорлар кеңесi 2013 жылға дейiн нарықтағы үлестi бiрнеше есеге арттыруды көздеп отырған көрiнедi. Мәселен, жеке тұлғалардың депозиттерi бойынша портфельдi 9,3 пайызға, несиелiк портфельдi 11,3 пайызға дейiн көтеру – банктiң алдағы жоспарларының ең маңыздысы. «Альянс банк» банк секторындағы мейлiнше ашықтықты ұстанатын болады. Өз кезегiнде тәуекелдердi басқару менеджментiнiң заманауи жүйесiн қалыптастырамыз», — дейдi М.Қабашев.

А.ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары