АЛМАТЫ – ҚЫМБАТ ҚАЛА

АЛМАТЫ – ҚЫМБАТ ҚАЛА

АЛМАТЫ – ҚЫМБАТ ҚАЛА
ашық дереккөзі
349

Жер шарындағы ең қымбат қалалар қатарындағы Алматыда орташа жалақы көлемi дамыған елдерге қарағанда, әлдеқайда төмен. Есесiне, бiздегi қымбатшылық кәрi құрлықтағы бiраз қаланы бiрнеше орап алуға қауқарлы.

Ағылшындардың EIU экономикалық қызметi 132 мегаполиске жүргiзген арнайы зерттеу жұмыстарының нәтижесiнде әлемдегi ең қымбат қалалардың тiзiмi жасалынды. Сонымен, Франция астанасы Париждегi қымбатшылық Жер шарындағы барлық iрi қалалардан асып түседi екен. Тауарлар мен қызмет түрлерi, тұрғын үй мен коммуналдық төлемдер, киiм-кешек, тамақ, жекеменшiк және қоғамдық көлiк, тұрмыстық техника, дәрi-дәрмек, арақ-шарап және темекi т.б. бағасын қамтыған зерттеуде Парижбен бiрге үштiкте Жапония астанасы Токио мен Норвегия астанасы Осло бар. Одан кейiнгi кезекте – Франкфурт (Германия), Милан (Италия), Сидней (Австралия), Лондон (Ұлыбритания), Дублин (Ирландия), Чикаго (АҚШ), Шанхай (Қытай). Алматы қаласы 118-орында. 2009 жылы 142 қаланың iшiнен 44-орынды иемденген Алматы Франкфурт, Сеул, Сидней, Мельбурн, Ванкувер, Стокгольм, Гамбург, Варшава, АҚШ-тың Майами, Вашингтон Д.С., Хьюстон, Атланта, Портленд, Бостон штаттарындағы қымбатшылықтан бiрнеше есеге асып түскен. Алматыда өмiр сүру не уақыт өткiзу бүгiнде шетелдiк бизнесмендер үшiн де қымбатқа түседi. Әсiресе, жатжұрттықтар түсетiн қонақүйлер көптеген елдерге қарағанда, құны қымбат. ECA International консалдингтiк компаниясының бас экономисi Барри Родин Алматыдағы қонақүйлердiң бағасы Лондонға қарағанда қымбат болу себебi, 4 жұлдызды қонақүйлердiң аздығымен және қызмет көрсету құнының жоғарылығымен байланыстырады. Ағылшын экономисiнiң айтуынша, кейбiр тауарлар мен азық-түлiк түрлерiнiң құны Лондондағыдан 15-18 пайызға артық көрiнедi.

Дүниежүзiндегi қымбат мегаполистердiң тiзiмiн жасағанда EIU тарапынан қойылған 200-ге жуық талаптардың бiрi – тұрғын үй. Қаладағы 1 бөлмелi пәтердi 1 тәулiкке жалдағыңыз келсе, 5-10 мың теңге, 2 бөлмеге – 10-15 мың, 3 бөлмеге – 10-18 мың, 4 бөлмеге 20 мың теңге төлеуiңiз керек. Орталықтағы пәтерлердi 1 айға жалға алу $500-4500 көлемiнде (баға бөлмелердiң саны мен сапасына байланысты қойылады). Мұндайда басыбайлы сатып алатын баспана туралы сөз қозғау артық. Өйткенi, үй сатып алуға кез келгеннiң жағдайы келе бермесi анық.

EIU экономистерi әлемнiң қай түкпiрiнде ең жоғары жалақы алатын қаланы да зерттеп көрген. Нәтижесiнде, алғашқы үштiкке Копенгаген, Цюрих, Женева кiрдi. Сондай-ақ, Осло, Токио, Нью-Йорктегi жалақы көлемi де өте жоғары. Қазақстандағы айлық көлемiне келсек, жуырда Статистикалық агенттiк таратқан мәлiметтерде 2010 жылдың қаңтарында бiр қызметкердiң орташа жалақысы 66674 теңге болғанын, бұл былтырғымен салыстырғанда, 8,6 пайызға артық екендiгi айтылды. Елiмiздегi ең жоғары айлық қаржы және сақтандыру саласының қызметкерлерiнiң еншiсiнде – 145,7 мың теңге. Аталған көрсеткiш республикамыздағы орташа деңгейден 2,2 есеге көп. Негiзi шетелдiктердiң өз елдерiне қарағанда, Алматыда өте жоғары деңгейде жалақы алуға мүмкiндiгi бар. Алайда, мұндағы нарық бағасының жанында қомақты жалақының өзi жұтаң тартады. Көпшiлiктiң қабағына кiрбiң салатын да – осы жайт.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары