ЗАҒИП ЖАНДАРҒА СӘУЛЕ ШАШҚАН АҚЫН

ЗАҒИП ЖАНДАРҒА СӘУЛЕ ШАШҚАН АҚЫН

ЗАҒИП ЖАНДАРҒА СӘУЛЕ ШАШҚАН АҚЫН
ашық дереккөзі
315

"Незабудка" клубының өкiлi, ақын, сазгер, "Қазақ зағиптар қоғамының" құрметтi азаматы, екi баланың — Александр мен Лилияның анасы Лидия Федорқызы Пенинаның шығармашылық кешi болып өттi. Лидия Федорқызының бойтұмары ретiнде алған тұлғасы — Бетховен болғандықтан, көбiне көп Бетховеннiң "Сонатасын" жырлап, әнге қосқан.

Лидия Федорқызы 1952 жылы ақпан айының алтыншы жұлдызында қазiргi Алматы облысы, Бақанас елдi мекенiнде туған. Осы жерде төрт жыл тұрып, одан кейiн отбасымен сол кездегi Қарақалпақ КСР-iндегi Ургуға көшiп барады. Мұнда да тұрақтамай, уақыт өте келе Қызылордаға көшiп, ол жақтан кiндiк қаны тамған Жетiсу өңiрiндегi Iлеге келедi.

1962 жылы Қаскелең қаласындағы зағип және нашар көретiн балаларды оқытатын мектеп-интернатқа оқуға қабылданады. Осы мектеп-интернатқа келгеннен кейiн жер-жердi аралайды. Ондағы себеп, көз жанарынан жарық түсiретiн саңылау бола ма дегенi едi. Бiрақ та бұл үкiлеген үмiтiнен еш қайыр болмады. Соған қарамастан мойымай, өмiрге деген құштарлығы арта түседi.

1974 жылы "Жұмысшы жастар мектебiне" оқуға алынып, 1976 жылы аяқтайды. Осы бiлiм мекемесiн бiтiргеннен соң бұрынғы ҚазМУ-дың филология факультетiне оқуға түскенмен отбасылық жағдайларға байланысты оқуын аяқтауға мүмкiндiгi болмайды.

Қазiргi күнi Лидия апамыздың жасы алпысты алқымдап қалды. Осы жылдар iшiнде жарық сәулесiн көрмеген ақын анамыз өмiрдегi болған оқиғаларды көз жанары жайнап тұрған ақындардан артық бейнелеп, сол табиғат-анамызға жан бiтiре тiлдескен. Өмiрдi өз көзiмен көрмей-ақ, оның табиғатын бейнелеп, жан бiтiру деген нағыз ерлiкпен пара-пар емес пе?!

Бiз де ақын ана — Лидия Федорқызы Пенинамен аз-кем тiлдесiп едiк.

— Лидия Федорқызы, сiз өлеңдi қашаннан бастап жаза бастадыңыз? Және қандай тақырыптарда жазасыз?

— Мен өлеңдi сонау балдәурен балалық шағымнан бастап жазып келемiн. Көбiне өлеңдерiмдi махаббат, өмiр, ұстаз, табиғат тақырыптарына арнап жазғанды ұнатамын.

— Балаларға арнап өлең жазасыз ба?

— Иә, рас. Балаларға арнап көптеген өлең жолдарын жаздым.

— Мемлекеттiк тiл — қазақ тiлiн бiлесiз бе?

— Қазақ тiлiн үйренiп, бiлуге құмартып жүрмiн. Арманым — қазақ тiлiнде мүдiрмей, таза сөйлесем деймiн.

— Өмiрлiк ұраныңыз қандай?

— Кiмде-кiм тiл бiлетiн болса, сол адамның мәдениеттiлiгi де арта түспек. Екiншi ұраным — ешқашан да өмiрден түңiлiп, өмiрдiң ауыртпалығына мойымау. Тек алға! Алға! Алға!

— Әңгiмеңiзге рахмет! Осы қалпыңыздан танбай, зағип жандардың өмiрiне нұр шашып жүре берiңiз!

Осы әңгiменi қорытындылай келе, мынаны түйдiм. Алла Тағала адамдарды бiрдей жаратпады. Бiреуге бiр жерiн кем, бiреуге артық бердi. Ал кем берген құлына өнер мен талапты артығымен үйiп-төгiп бередi деген рас екен. Шығармашылық кештiң иесi Лидия Федорқызы Пенинаның өзi жарық сәуле көрмесе де, өзiнiң өлеңiмен, әнiмен зағип жандардың жүрегiне жылу сыйлап жүргенiне куә болдық.

Думан СМАҚОВ, Алматы қаласы Н.Островский атындағы зағип және нашар көретiн балаларға арналған арнайы №4 мектеп-интернаты

Серіктес жаңалықтары