ҚАЗАҚ ХОККЕЙIНIҢ ҚИЫН КЕЗЕҢI

ҚАЗАҚ ХОККЕЙIНIҢ ҚИЫН КЕЗЕҢI

ҚАЗАҚ ХОККЕЙIНIҢ ҚИЫН КЕЗЕҢI
ашық дереккөзі
251

Осы жылдың басынан берi Қазақстанда шайбалы хоккейден ашық бiрiншiлiк ұйымдастырылып, ел аумағына бұл спорт дендеп насихатталуда. Астаналық «Барыстың» ҚХЛ-дағы сәтсiз ойынынан кейiн хоккейсүйер жанкүйер қауым өз чемпионатымызға да қызығушылық танытуда.

Федерация президентi Асқар Маминнiң жеке қолдауымен iске асқан бұл жобаның алғашқы қадамдары сәттi болды. Ұйымдастырылуы жағынан да бұрын соңды өткен бәсекелердiң барлығынан озғаны сөзсiз. Елiмiздiң 8 қаласынан жарысқа додаға түскен командасына жанкүйер де, спортшылар да дән риза. Ең бастысы, бұл турнир ел хоккейiнiң дамуына үлкен серпiлiс бергендей.

Қазақ хоккейiнiң ұстаханасына айналған «Казцинк-Торпедо-2» мен мемлекет қаржысының арқасында әзiрге бабы келiсiп түрған «Барыс-2-нiң» қатысуынсыз өтiп жатқан жарыстың iшкi бәсекелестiгi өте жоғарғы деңгейде. Өткiзiлген 56 кездесуде Қарағандының «Сарыарқасы» қорытынды кестеде 124 ұпаймен топ бастады. Павлодарлық «Ертiс» өзiнiң сүбелi ойын өрнегiнiң арқасында екiншi келдi. Атыраулық «Бейбарыстың» үшiншi орынға жайғасқаны елiмiздiң батыс өңiрiнде де бұл спорттың қарқынды дамып келе жатқанын байқатады. Жарыстың екiншi кезеңiне жолдама беретiн төртiншi орынға талас соңғы сәттерге дейiн жалғасты. Хромтаудың «Горняк» ұжымы «Арланнан» ұпай саны арқылы алға шығып, плэй-офф сындарына өттi.

Мiне, осы күндерi өтiп жатқан жартылайфиналдық кездесулер де тартысты жалғасуда. Алғашқы үш жеңiске шейiн жалғасатын сериялық ойындарда «Сарыарқа»-«Горнякпен», «Ертiс»-«Бейбарыспен» күш сынасуда.

Соңғы кездерi хоккейден ұлттық құрамамыздың көрсетiп жүрген нәтижелерi күрт нашарлап кеттi. Жалғыз Өскемен мектебiнiң аузына қарап отырған күнiмiз бар. Жас таланттар мен болашақта халық абыройын қорғайтын дарынды спортшыларды өзге де қалаларда тәрбиелеудi қолға алу қажет. Соның бiр парасына биылғы бiрiншiлiктi де келтiруге болады. Сондықтан өз чемпионатымызға немқұрайды қарауымыз дұрыс болмас. Осы жақсы бастаманы одан әрi дамытып, ұлттық арналардың бiрiнен репортаждар ұйымдастырып, кеңiнен насихаттаса нұр үстiне нұр болар едi.

Ермұхамед МӘУЛЕН

Серіктес жаңалықтары