ҚАЛТАФОН – ЕСIК КIЛТI МЕН ӘМИЯННЫҢ ОРНЫНА

ҚАЛТАФОН – ЕСIК КIЛТI МЕН ӘМИЯННЫҢ ОРНЫНА

ҚАЛТАФОН – ЕСIК КIЛТI МЕН ӘМИЯННЫҢ ОРНЫНА
ашық дереккөзі
401

Бiрнеше елдiң тұтынушылары арасында жүргiзiлген сауалнама нәтижесi келешекте ұялы телефон есiк кiлтiнiң, несие картасының, дабыл қағу қондырғысының т.б. қызметiн атқаруы тиiстiгiн анықтады. Заманауи технологияға қойылар талапты күшейткен тұтынушылар қауымы осылайша даму қарқынын да күшейткелi отыр.

Бүгiнгi таңда адамдардың көпшiлiгi ұялы телефонын ұшақ билетiне тапсырыс беру, метро немесе автотұрақтарда төлемдердi жүзеге асыру үшiн пайдаланады. Сонымен қатар Жер шарының түкпiр-түкпiрiмен жедел байланыс орнатуда да ұялы телефонның таптырмас құралға айналғаны белгiлi. Мысалы, Наурыз мерекесi қарсаңында, яғни, 21-23 наурызда Kcell мен Activ абоненттерi соққан қоңыраудың саны 43 миллионнан асып түссе, жiберiлген смс-хаттар 22,5 миллионға жеткен. Адамзат үшiн ендiгi таңсық саналмайтын бұл жаңалық уақыт өткен сайын жетiле түспек. Ал алдағы 5 жыл iшiнде ұялы телефон әмиянның да қызметiн атқаруға қауқарлы болмақ. Жуырда GSM Қазақстан/Kcell компаниясы Алматы қаласында телекоммуникация саласының алдағы даму бағыттарына арналған зерттеулерiнiң нәтижелерiн ұсынды. «Kcell: телекоммуникация саласындағы тенденциялар туралы есеп» атты зерттеулер қорытындысы келешекте ұялы телефон несие картасының, есiк кiлтiнiң, тұрмыстық құрал-жабдықтарды басқару тетiгiнiң, дабыл қағу қондырғысының қызметтерiн атқаратынын көлденең тартты.

Сауалнама тұтынушылардың тәжiрибесi мен олардың талап-тiлегiн, отандық нарықтағы телекоммуникациялық қызметтердiң даму бағытын қамтыған. Негiзi TeliaSonera компаниялар тобы (GSM Қазақстан/Kcell кәсiпорнының 51 пайыздық акциясы осы компанияға тиесiлi) тарапынан жүргiзiлiп келе жатқан зерттеулер жұмысы 2006 жылдан бастау алады. Еңбек нәтижесi (Trend Report) жыл сайын жарияланып отырады. Ендi осы жобаға Қазақстан да қосылып, зерттеу United Minds ұйымымен бiрiге отырып, 2009 жылдың қыркүйек-желтоқсан айларында жеке және заңды тұлғалар арасында Қазақстан, Швеция, Норвегия, Финляндия, Дания мен Литвада жүргiзiлген. Қазақстан бойынша интернет-сауалнамаға 1050 жеке тұлға мен 502 ұйымның қызметкерi қатысқан.

Сауалнама барысында 5 қатысушының 4-еуi ұялы телефон арқылы күнде сөйлесетiнiн айтқан. Осылайша, респонденттердiң 98 пайызы «заманауи байланыс тәсiлдерi қазақстандықтардың өмiрiн жеңiлдетедi» деген ұйғарымға келген. Ал 91,2 пайызы телекоммуникация құралдары жалғыздық сезiмiнен арылуға мүмкiндiк бередi деген сенiмде. Шараға қатысушылардың 78 пайызы күн сайын ұялы телефон, ал 66,2 пайызы орнатылған телефон арқылы байланысқа шығады. Сонымен қатар елiмiздегi Интернет тұтынушыларының 64,3 пайызы ғаламторға енуде ұялы телефонның көмегiн пайдаланады екен. Оның iшiнде, 31,3 пайызы – аптасына бiрнеше рет, 11 пайызы күн сайын интернет желiсiне ұялы телефон арқылы қосылады. Тұсаукесер шарасында GSM Қазақстан/Kcell компаниясының Бас атқарушы директоры Вейсел Арал мырза: «Технологиялардың дамуы – шексiз үдерiс. Болашақта телекоммуникация қызметтерi дами түседi. Қазақстанда алдымен 3G, кейiнiрек LTE технологияларын енгiзу осыған себеп болмақ» деп мәлiмдедi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары