ЖАСТАРДЫҢ БАҒЫ СЫНАЛДЫ

ЖАСТАРДЫҢ БАҒЫ СЫНАЛДЫ

ЖАСТАРДЫҢ БАҒЫ СЫНАЛДЫ
ашық дереккөзі
421

Шымкент қаласында 22-28 наурыз аралығында бапкер Алла Реснянскаяны еске алу турнирi өттi. Тұңғыш рет тұсауын кескен бұл бәсекеге өкiнiшке орай көршiлес мемлекеттерден қатысушылар келмедi. Бiрақ бапкерлер мен төрешiлердiң пiкiрiнше жарыс деңгейi мен ұйымдастырылуы жақсы деген баға алған.

Турнир халықаралық стандарттарға сай салынған грунт төсенiштi ашық кортта өткiзiлдi. Мамандардың айтуынша бұл спорттық ғимаратты Франция ашық бiрiншiлiгi "Роллан Гарос" өтетiн төсенiштермен ұқсатуға болады. Додаға елiмiздiң Ақтөбе, Алматы, Қызылорда, Тараз, Павлодар, Астана, Қарағанды секiлдi қалаларынан 100-ден астам теннисшiлер келген. Олардың iшiнде республикалық, халықаралық жарыстарда жүлде алып жүрген бiршама талантты жастар да бар. Атап өтер болсақ, Қазақстанның қысқы бiрiншiлiгiнде жекелей сында 6-орын алған Қайрат Көшеров (Қазақстан ерлер рейтингiнде 6-орын), Омаров Шейхмансұр, Нагиметов Сүндет және Қазақстан ерлер рейтингiнде алғашқы жиырмалықта жүрген жас талант Еркебұлан Жақсылықов.

Жарыс тәртiбi бойынша қатысушылар үш дәрежеге бөлiндi. 13, 15, 17 жасқа дейiн болып бөлiнген ұл-қыздар тобы, барлығы 6 медаль жиынтығын сарапқа салды.

Негiзi бұл турнирдi өткiзудегi ең басты мақсат – жастар мен жасөспiрiмдердiң бағын бiр сынап алу тұғын. Бапкерлер көзiне жылы ұшыраған 15 жасар Рахман Акбар мен 12 жасар Айнетдинова Гузель болды. Рахман Акбар мен Еркебұлан Жақсылықов арасында болған ақтық кездесу өте тартысты өттi. Асқан жылдамдық пен кәнiгi шеберлiктi паш еткен қос мықты жиылған жанкүйер қауымды ерiксiз қол соқтыртты.

Болашағынан зор үмiт күттiретiн Рахман мен Гузельдiң бапкерi Серiкғани Көшеров тәлiмгерлерiнiң талантына шәк келтiрмейдi де. Тек осындай жарыстар жиi ұйымдастырылып, спортшылардың барлық жағдайы жасалса дейдi. Аталған байрақты бәсеке келер жылдары да өз жалғасын тауып, дәстүрлi болмақ.

Ермұхамед МӘУЛЕН

Серіктес жаңалықтары