429
ҰЛАН-БАЙТАҚ УЛАНҒАН ЖЕРЛЕР
ҰЛАН-БАЙТАҚ УЛАНҒАН ЖЕРЛЕР
Бүгiнде Қазақстандағы мұнай қалдығынан ластанған жердiң көлемi 200 мың шақырымнан асып түседi. Көмiрсутегiнi сiңiрiп алған жер қыртысының тереңдiгi ондаған метрге дейiн жетедi екен. Ал Қоршаған ортаны қорғау министрлiгiндегiлер әзiрге топырақты емес, ауаны тазалаудың жолдарын қарастырумен әлек.
ҚР Қоршаған ортаны қорғау вице-министрi Эльдана Садуақасова мұнай-газ өңдеу, мұнай химиясы мен мұнай өнiмдерiне арналған Халықаралық «KazRefinEx 2010» симпозиумында жуық арада Қазақстанда «Еуро-3» халықаралық экологиялық стандарты енгiзiлетiнiн мәлiмдедi: «Отандық мұнай өңдеу зауыттары жаңа технологияларды енгiзудi мүмкiндiк алғанда заманауи халықаралық стандарттар бiрге қабылданатын болады». Алайда, Еуропалық комиссияның «Қазақстан Республикасында экологиялық саясат құрылымдарын енгiзу» жобасының бас сарапшысы Болат Есекин «Еуро-2» стандарты елiмiздегi ауаның тазалығын қамтамасыз ете алмайтынын айтады. Өйткенi, бақылау мен қадағалау жүйесi қамтылмаған бұл стандарт осыдан 15 жыл бұрын қолданылған еуропалық мамандардың алғашқы қадамы болып табылады. Қазiргi ауаны экологиялық тұрғыда тазалау үшiн тым болмаса, «Еуро-5», «Еуро-6» стандарттары қажет. Қоршаған ортаны қорғау министрлiгiндегiлер осылайша ауаны тазалаудың жолдарын қарастырып әлек боп жатқанда, республикалық биологиялық зерттеулер орталығының қызметкерлерi Қазақстан аумағындағы мұнайдың кесiрiнен ластанған жердiң жалпы көлемi 200 мың гектардан асып түсетiнiн хабарлады. «Экологиялық биотехнология» орталығының Атыраудың филиалын басқаратын Ерiк Шорабаевтың мәлiмдеуiнше, мұнай сiңiп қалған жер қыртысының тереңдiгi ондаған сантиметрден ондаған метрге дейiн жетедi. Бүгiнде отандық мамандар Атыраудағы ластанған жерлердi Алматыдағы микробиологиялар мен вирустар институтының ғалымдары ойлап тапқан «Бакойл» құрылғысының көмегiмен тазалауды қолға алған көрiнедi. Былтыр Жаңаталап пен Қосшағыл кен орындарына жақын маңдағы екi сынақ алаңын «Бакойлдың» көмегiмен тазалауға кiрiскен мамандар мұнайдан ластанған жерлердi табиғи түрде тазалау үшiн 25 жыл қажет болса, биологиялық құралды қолдану 1-2 жылға дейiн қысқартатынын көлденең тартады. «Бактерия» мен «ойл» (яғни, ағылшын тiлiнде «мұнай») ұғымының қысқартылған атауы – «Бакойл» 4 айдың iшiнде жерге сiңген мұнай құрамын 83,3-95 пайызға дейiн төмендеткен. Отандық экологтардың хабарлауынша, аталған құрал ендi Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында да қолданысқа енгiзiлмек. «2008-2010 жылдарға арналған ҚР қоршаған ортаны қорғау» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында, республикалық бюджеттен – 35223,9 млн. теңге, халықаралық гранттардан 592,1 млн. теңге қарастырылған болатын. Оның iшiнде, мемлекеттiк қазынадан бөлiнетiн қаражаттың 6184,0 млн. теңгесi – 2008 жылға, 13950,6 млн. теңгесi – 2009 жылға, 15089,3 млн. теңгесi 2010 жылға қарастырылған. Қазiр Қазақстанда 160-қа жуық компания мұнай өндiруде. Соңғы 12 жылда отандық минералдық-шикiзаттық кешен 86 млрд. доллардан астам инвестиция тартып, салық ретiнде түскен табыс 33,6 млрд. долларға жеткен. Үкiмет бұл көрсеткiштi жоғарылатуды және қоршаған ортаға келетiн зардаптың алдын алуды көздеп отыр. Әзiрге ауыз толтырып айтатын жетiстiктер жоқтың қасы. Мысалы, Батыс Қазақстан облысының аумағындағы елiмiздегi ең iрi кен орындары – Өзен, Қарашығанақ, Теңiзден қазақ топырағына тиесiлi көмiрсутегiнiң 73 пайызы өндiрiледi. Яғни, пайда шаш етектен. Есептiк көрсеткiштерге шағатын болсақ, Маңғыстау мен Атырау облысының әр тұрғынына жыл сайын 35 мың доллардан келуi тиiс. Бiрақ, «аспаннан киiз жауса да, ұлтарақ бұйырмайтын құлдың» кебiн киген отандастарымыз керiсiнше, мұнай өндiрушi компаниялардың кесiрiнен туындайтын экологиялық, әлеуметтiк қиындықтардан, мысалы, аурудың көптiгi, бiлiм деңгейiнiң төмендiгi т.б. зиян шегуде. Жуырда, Сорос-Қазақстан қоры мұнайлы өлке саналатын Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарының тұрғындары кедейшiлiктен алдыңғы орында тұрғанын мәлiмдедi. Сарапшылар пiкiрiнше, барлық кiнә мұнайдан түскен кiрiстiң дұрыс бөлiнбеуiнде. Басқаша айтқанда, мұнайдан түскен ақшаның қайда жұмсалып жатқаны белгiсiз. Қоршаған ортаны ластаған компанияларға салынатын айыппұлдың көлемi мардымсыз. Сондықтан айыппұлын өтеп тастаған кәсiпорындар ойына келгенiн жалғастыра беруден еш тайынбайды. «Каспий табиғаты» үкiметтiк емес ұйымының жетекшiсi Махамбет Хакiмов тез арада мұнай өндiрiп жатқан кейбiр кәсiпорынның заңсыз әрекеттерiне тыйым салынбаса, экологиялық апатқа әкеп соғатынын ескертедi. Үкiметтiң мұнай компанияларымен бiрге отырып түзетiн жылдық жоспарында көбiнесе қоршаған ортаны тазартудың төте жолы ретiнде көбiнесе қарапайым адамдардың аяғы жетпейтiн, қалтасы көтермейтiн зәулiм сарайлар салу қарастырылатын көрiнедi. Мысалы, Атыраудан 14,5 млн. долларға жүзу бассейнi, Жаңаөзеннен 14 млн. долларға емдеу-сауықтыру кешенi, Оралдан 10,5 млн. долларға қазақ драма театры т.б. Оның үстiне, бүгiнде мұнай компанияларының көпшiлiгi ауа мен суды, топырақты таза ұстауға тырысудан гөрi айыппұлды төлеп құтылуға асығады. 2010 жылдың басынан берi Атыраудағы 10 мұнай-газ өндiрушi компанияға 3 млн. теңге көлемiнде айыппұл салынған. Өкiнiшке қарай, мұнайлы өлкелердiң өзгелерiндегi жағдай да осының ар жақ, бер жағында…Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ