БИЛIКТIҢ «ЖАСЫРЫНБАҒЫ»

БИЛIКТIҢ «ЖАСЫРЫНБАҒЫ»

БИЛIКТIҢ «ЖАСЫРЫНБАҒЫ»
ашық дереккөзі
256

Билiк отандық веб-сайттарға қойылатын заңдық талаптарды ашық жариялаудан бас тартып отыр. Осы орайда, Қазақстанның бiрқатар журналистiк ұйымдары ҚР Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмовке, ҚР Әдiлет министрi Р.Түсiпбековке, ҚР Байланыс және ақпарат министрi А.Жұмағалиевтiң атына деструктивтi интернет-ресурстарды анықтайтын әдiстеменi азаматтарға ашық көрсетудi талап етiп, ашық хат жолдады.

Аталған ашық хатта «2009 жылдың тамыз айында өз күшiне енген «Қазақстан Республикасындағы Ақпараттық-коммуникациялық жүйелер мәселелерi жөнiндегi кейбiр заңнамалық құжаттарға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заңы бүкiл интернет-ресурстарды бұқаралық ақпарат құралдарына жатқызып, олардың иелерi мен пайдаланушыларына тиесiлi қылмыстық, азаматтық және әкiмшiлiк жауапкершiлiктер артты делiнген.

Осы заңға сәйкес, деструктивтi мазмұндағы интернет-ресурстарды анықтау жұмысын компьютерлiк жағымсыз жағдайларды бақылайтын Қызмет (CERT) бастап кеткенi туралы ресми ақпарат көздерiнен белгiлi болды. Алайда, осы ұйыммен және құқық қорғау, бақылау, сот органдарымен деструктивтi контенттi анықтау үшiн пайдаланылатын қағидалар мен әдiстемелер Интернет-ресурстардың иелерiне де, веб-сайттар редакторларына да, модераторларға да беймәлiм.

«Юринфо» компаниясының сауалына әдiлет вице-министрi Д.Құсдаулетов бұл әдiстемелер Әдiлет министрлiгiнiң соттық сараптама Орталығымен нақты соттық iстерге байланысты қолданылатынын, «қызметтiк пайдалану үшiн» категориясына жатқызылатынын, сол себептi де, жария болмайтынын алға тартты. «Егер де мұндай қисынды басшылыққа алатын болсақ, жолда жүру ережесi құпия сақталуы керек те, ал жүргiзушi ереженi бұзғаны үшiн жазалануы тиiс. Орын алған жағдай сөз бостандығына қауiп төндiредi, ал БАҚ мақалалары мен мәлiметтерiн елiмiздiң Конституциясына қайшы келедi деп қорытындылайтын әдiстемелердi құпияда сақтауды келесi негiздерде құқықтық емес деп есептеймiз» делiнген. Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейiтқазы Матаев, Қазақстандық заңгерлiк форумның әкiмгерi Игорь Лоскутов, «Әдiл сөз» сөз бостандығын қорғау қорының президентi Тамара Қалеева, Ақпараттық даулар жөнiндегi Қоғамдық сараптама орталығының жетекшiсi Ғалия Әженова, «Еркiн интернет үшiн» кампаниясының белсендi мүшесi Евгения Плахина бастаған наразы топтың билiкке айтар назы: бiрiншiден, Қазақстан заңнамасында мемлекеттiк құпияларға немесе өзге де қорғалатын құпияға жататын материалдар тiзiмiнде «қызметтiк пайдалану үшiн» категориясы жоқ. Екiншiден, сараптаманың әдiстемесiн жариялау қандай да болсын нақ қылмыстық (азаматтық) iске байланысты соттық және тергеу құпиясын ашуға әкелуi мүмкiн емес. Үшiншiден, егер веб-сайттың жабылуы туралы мәселесi соттың шешiмiне қалдырылатын болса, сотқа берiлетiн сараптамалық қорытындылар дәлел болып табылады. Ал әдiстемелер мен сарапшы зерттеулерiнiң құпияда сақталуы ақырында қылмыстық пен азаматтық соттық процестерге қатысушылардың конституциялық және процессуалдық құқықтарының бұзылуына, соттардың сараптамаларды өзiм бiлемдiкпен түсiнуiне және осыған сәйкес құқықты қолдану тәжiрибесiнiң өзiмбiлерлiгiне әкеп соғады. Азаматтық қоғамға сараптамалық әдiстемелердi қолдану интернет пайдаланушыларға құқықты түсiндiру және алдын алу үшiн қажет. Бұл БАҚ қызметкерлерiне, иелерiне, модераторларға, веб-сайт авторларына мақалалардың мәдениетiн көтеруге және деструктивтi мазмұндағы материалдарды интернетке жiбермеуге мүмкiндiк бередi. «Жоғарыда баяндалғанның негiзiнде, халықаралық нормаларға, Қазақстан Республикасының заңнамасы мен кәдiмгi қисынға сәйкес бiз контенттi зерттейтiн арнайы әдiстемелер мен сайттарды блогтауға жатқызатын қағидаларды жариялауды; сотқа дейiнгi реттеу шараларын мiндетке айналдыруды, жекелеп айтқанда, интернет-ресурстарының иелерiнiң тыйым салынған контенттiң пайда болғанын құлағдар етудi және оны алып тастау туралы талап қоюды; бұл шаралардың жариялылығын және құқық негiзiнде жүзеге асқанын хабардар етудi; компьютерлiк жағымсыз жағдайларды бақылау Қызметiнiң (СERT) жұмысын реттейтiн нормативтi құқықтық құжаттарды дайындайтын қызметтiк топқа азаматтық сектордың өкiлдерiн қосуды талап етемiз» деген Ашық хат иелерi жаңа Байланыс және ақпарат министрлiгiне бүкiл журналистiк қауымдастықпен тығыз байланыс орната отырып, елiмiздiң ақпараттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге назар аударуға шақырады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары