БАТЫРБЕК ДАТҚА ЕСIМI ЕСКЕРIЛСЕ

БАТЫРБЕК ДАТҚА ЕСIМI ЕСКЕРIЛСЕ

БАТЫРБЕК ДАТҚА ЕСIМI ЕСКЕРIЛСЕ
ашық дереккөзі
445

Патша генералы Черняевтың Оңтүстiк өңiрде жүргiзген құпия саясаты туралы

Қоқан хандығы тұсында Оңтүстiк өңiрде билiк жүргiзген датқалар туралы тың деректер табылып отыр. Шымкенттiк тарихшы-ғалым Д.Даниярбековтiң Ташкенттегi архивтен алған деректерiнiң маңызы ерекше

Оңтүстiк өңiр мен Ташкенттi бағындырған, жергiлiктi халықты аяусыз қырғыншылыққа ұшыратқан, әсiресе Әулиеата мен Шымкент бекiнiстерiн алуда қатыгездiк көрсеткен, әскери жорықты басқарған генерал Черняев әр атқарған iстерiне Петербургтегi соғыс министрi Борисовке есеп берiп отырған. Генералдың жiберген құпия хабарламасын оқып танысқанда, Байзақ датқаның қайғылы өлiмiне тiкелей өзi себепшi екенiн, бәрiн өте құпия ұйымдастырғанын ашық жазған.

Құпия хабарламада төмендегiдей ақпар жiберген:

"Аса мәртебелi соғыс министрi.

Патша ағзамның тапсырмасын орындауда аянып жатқанымыз жоқ, өздерiңiздiң берген нұсқауларыңыз бойынша өзiмiздiң солдаттардың өмiрiн сақтау мақсатында, елдi мекендер мен бекiнiстердi алу кезiнде зеңбiректер мен жергiлiктi адамдарды (туземцы) көбiрек пайдаланудамыз.

Өзiңiзге, алдындағы хабарламаларда жазғанымдай, бұрын Қоқан хандығы тұсында, Оңтүстiк өңiрдi билегендер Байзақ, Сапақ, Шоқай датқалар (датқа – генерал шенiндегi әскери билеушi) бiзге азық-түлiкпен, аттармен, сарбаздармен көмектестi.

Байзақ датқаның өзi 1000 сарбаз бөлдi, басшысы — өзiнiң ұлы. Бұл кiсiлерге патша ағзамның келiсiмiне орай, сiздiң бұйрығыңызбен берiлген офицерлiк шен, майор атағын киiмдермен, сый-сыяпатпен қоса бердiм. Осы офицерлiк атаққа, сыйларға бұл кiсiлер риза болды. Иелiгiндегi жерлерiн бала-шағаларымен мәңгiлiк пайдалану жөнiндегi куәлiк құжаттарды да бердiм. Бұл кiсiлердiң арасындағы Батырбек датқа, мен үшiн өте құпия тұлға. Ислам дiнiне, салт-дәстүрiне өте берiк. Орыстарды жатдiндiлер дейдi. Басқа датқаларға қарағанда Оңтүстiк өңiрде, халық арасында атақ-абыройы өте зор, бұларды өзге датқалар да ашық мойындайды. Оңтүстiк өңiр Батырбек датқаның ықпалында болған. Өз қаражатына жергiлiктi халық үшiн, өңiрдiң бiрнеше елдi мекендерiнде, Самарқандтан құрылысшылар, күйдiрiлген кiрпiштер алдыртып, зәулiм, сәулеттi мешiттер (бiздiңше храм) мен медреселер (школа) салдыртқан. Бұлар қазiр халыққа қызмет жасауда. Школда жас туземецтер ислам дiнiнде бiлiм алуда. Бiрнеше шақырым каналдар, көптеген су қоймаларын (тоған) салдыртқан, талдар еккiзiп, жергiлiктi халықты ауыл — ауыл (село) етiп орнықтырып, тамдар салдыртқызып, халықтың тұрақты отыруына жағдай жасаған. Жергiлiктi халық каналдарды пайдаланып, бидай, тары, жүгерi т.б. азық-түлiктерiн егiп, дайындап алуда. Бұрынғыдай Иран, Қоқан, Самарқанд саудагерлерiнен қымбат бағаға азық-түлiктерiн сатып алмайды. Осы еңбегi үшiн Оңтүстiк өңiр халқы Батырбек датқаны қатты қадiрлейдi.

Батырбек датқа жөнiнде барлық ақпаратты замандастары Байзақ, Шоқай, Сапақтардан бiлiп алған соң, екiншi рет ол кiсiнi өзiме тағы да шақырып сөйлестiм. Бiрiншi кездесуiмiзде әңгiмеге ротмистр Ш.Уәлиханов қатысқан болатын. Екiншi кездесуiмiзге ротмистер қатысқан жоқ, ол маған ренжiп экспедециядан кетiп қалған. Ротмистрдiң маған ренжiп кетуiне, естуiмше Батырбек датқаның тiкелей қатысы бар, себебi, екеуi оңаша кездескен, ротмистрдi жатдiндiлерге көмектесiп жүрсiң деп кiнәлаған, өз халқына қарсы соғысып жүрсiң деп айыптаған көрiнедi. Осыларға шыдамаған ротмистр Ш.Уәлиханов экспедициядан кеттi.

Батырбек датқа, кездесуге баласы, тағы да 4-5 кiсiмен келдi. Ешнәрсе сездiрмейдi. Бағынған пiшiн көрсетедi. Бiрақ сенбеймiн. Өте айлакер, ұстамды, шебер саясаткер, бәрiн бейбiт жолмен шешудi қалайды. Сарбаздарға азық-түлiк беремiн деп алдында уәде бергенiмен, дәлелдi себептер айтып, ешқайсысын орындаған жоқ. Ашық жазалайын десем халықтың толқуынан қауiптенемiн. Өз билiгiндегi халықты, алдын-ала бiздiң экспедиция әскерлерi жүретiн жол бойынан, ұрыс болатын жерлерден алысқа көшiрiп жiберген.

Әулиеата бекiнiсiн алу кезiнде, бiздiң экспедиция құрамы бiраз шығынға ұшырадық. Шымкент бекiнiсiн алуда, шығынға жол бермес үшiн, бекiнiс басшысынан (гарнизон) бекiнiстi бейбiт жолмен берудi талап ету үшiн келiссөзге датқаларды жiберу үшiн Байзақ, Шоқай, Сапақ, Батырбек датқаларды шақырттым. Бұл шақыруыма тек Байзақ датқа баласымен келдi, ол Әулиеата бекiнiсiне жақын тұратын. Қалған үш датқалар кездесуге келмедi. Хабаршыларын жiберiп дәлелдi себептер айтыпты. Бұл датқалардың мекендерi бiзден алыста болатын. Уақыт тығыз болғандықтан, Шымкент бекiнiсiнiң басшысына ультиматумды жеткiзудi Байзақ датқаға тапсырдым. Шымкент бекiнiсiн ұрыссыз берсiн, әйтпесе қырғын болады деп ескерттiм. Байзақ барудан бас тартты, мен бара салысымен Қоқан әскербасылары менi кәпiрлерге сатылдың деп өлтiредi деп ашық айтты. Мен, Байзаққа қорықпаңыз сiздi өлтiрмейдi, сiз патша ағзамның әскери экспедициялық корпусының өкiлi ретiнде, дипломат болып бара жатырсыз деп түсiндiрдiм. Қасыңызда тiлмаш, екi кiшi офицерлер болады дедiм. Байзақ баруға көндi, амалы жоқ едi, қатын-балалары, ауылдары Әулиеата бекiнiсiне жақын орналасқандықтан, менiң бақылауымда болатын.

Байзақ датқаның келiссөзден тiрi қайтпайтынын бiлдiм, сол үшiн де орыс офицерлерiн қасына қоспадым, татар тiлмаш пен екi татар унтер-офицерлерiн қостым, барлығы мұсылмандар ғой (магометиандар).

Қоқан әскербасылардың датқаларға деген ашу-ызасын алдын-ала бiлiп отырдым, орыстарға көмектескендерi үшiн олар аямайтын едi.

Менiң мақсатым келiссөзге барлық датқаларды жiбертiп, көздерiн Қоқан әскери басшылықтың қолымен жойып, жергiлiктi халықты көсемсiз қалдыру едi. Бiрақ Байзақтан басқалары дәлелдi себептер айтып келмей қалды. Бiрақ көздеген мақсатыма аз да болса қол жеткiздiм.

Байзақ датқаны қасындағы нөкерлерiмен қоса өлтiрген, тек Байзақтың баласы аман қашып шыққан. Байзақтың өлiмiн өз мақсатыма пайдаландым, оның өлiмiне Сапақ, Шоқай, Батырбек датқалар кiнәлi, өздерi бiрге келiссөзге бармады. Байзақты жалғыз жiбердi деп жергiлiктi сенiмдi адамдар арқылы сыбыс тараттым. Бұл құпия әрекетiм өз жемiсiн берiп жатыр. Қазiр маған келiп жатқан астыртын мәлiметтер бойынша, Байзақтың кейбiр туыстары басқа датқалардың туыстарымен араз болуда. Бiрақ бұл сыбысқа ру, тайпа ақсақалдары, халық сенбейтiн көрiнедi. Менiң әрекетiмнiң iсi дейтiн көрiнедi. Датқалардың кезiнде ұсақ-түйек араздасуы болғанымен бiр-бiрлерiн сатпайтындығына, өлiмге қимайтынына ақсақалдар, халық сенiмдi.

Байзақты қасындағы нөкерлерiмен бiрге тұтқындап, өлтiрдi деген хабарды аман келген баласынан естiп, Шымкент бекiнiсiн алуға тез аттандық. Жергiлiктi сарбаздарды, халықты Байзақтың өлiмi үшiн қоқандықтардан кек алуға үгiттедiм. Бекiнiске жақындап, әскери бекiнiс басшысынан бейбiт берулерiн талап еттiм, олар жауап ретiнде бiздерге оқ атты. Мен бекiнiстi зеңбiрекпен атқылауға бұйрық бердiм. 2000 қырғыз-қайсақ сарбаздарын ұрысқа қостым, өзiмiздiң орыс солдаттарын ұрысқа жiбергенiм жоқ. Бекiнiстi 7 күннен соң алдық, қырғыз-қайсақ сарбаздарынан 300-дей сарбаз аман қалды. Бекiнiс iшiндегi халық көп қырылған, санау мүмкiн емес. Жинап, көмдiрдiм.

Бейбiт халықтың көп қырылғанына бiздер емес, Қоқандық әскери басшылық пен датқалар кiнәлi, бейбiт келiсiмге келмеген деп тағы да сыбыс тараттым. Қанша әдiс-айла жасағанымызбен, жергiлiктi халық, осы зорлық-зомбылықты, қырғынды кәпiрлер, жатдiндiлер жасауда, бұлар мұсылмандардың қас жауы деп түсiнедi. Бiзге сенбейдi. Сондықтан, Оңтүстiк өңiрдiң көсемдерi Шоқай, Сапақ, Батырбек датқалар арқылы әрекет етуiмiз керек. Алдында Шоқай, Сапақ, тiрi кезiнде Байзақ датқаларға офицерлiк атақтар, (майор) басқа да сый-сыяпат жасадық, олар риза. Батырбек датқа ол кезде — бұл сыйлықтардан бiрден бас тартты. Батырбек ақылды, көреген тұлға, бәрiн ой таразысынан өткiзiп, елiнiң Ресейдiң қарамағына өткендiгiн уақыт өте өзi де түсiнедi. Бiрден болмасада, бiртiндеп мойындайды. Батырбек қазiр 70-тен асқан, ары кетсе 10-15 жыл өмiр сүрер, дiндерi, салт дәстүрлерi, мешiт-медреселерi бұрынғыдай қалулары қажет, араласпауымыз керек. Иелiгiндегi бар жерлердi мәңгiлiк өзiңiздiң, ұрпақтарыңыздың иелiгiнде деп куәләндiрiп беруiмiз керек. Барлық мұсылман мемлекеттерiне барып келуiне еркiндiк беруiмiз керек, Мекке мен Мединеге де.

Батырбек датқаға, басқа датқаларға қарағанда өзгеше сыйлық тартуымыз керек. Бәсекелес датқаларды араздастыру үшiн. Мәртебелi соғыс министрi, сiз патша ағзамға менiң өтiнiшiмдi жеткiзiп, Батырбектiң өзiне полковник шенiн бергiздiрiп арнайы мундир тiккiзiп, қылыш (есiмi жазылған) жасаттырып жiберсеңiздер екен. Батырбек бұл атақтарды, сыйлықты бәрiбiр қабылдамайды. Бiрақ халық арасына патша ағзам мен соғыс министрi Батырбектi ерекше еңбегi үшiн осындай атақ, сыйлықтармен марапаттады деп сөз таратамын. Бәрiбiр ол атақ пен сыйлықтар Батырбектiң өзi қайтыс болған соң балаларының еншiсiнде болады ғой. Жергiлiктi халықтың көсемдерiне түрлi дәрежедегi атақтар мен сыйлықтар жасау арқылы, араздастырып, бiртiндеп өзiмiзге тәуелдi етемiз.

Патша ағзамымыздың, министрлердiң бiлгiрлiкпен жасаған жоспарлары, айла тәсiлдерi,саясаты кезiнде Солтүстiк өңiрдi мекендеген қырғыз-қайсақтардың көсемдерiнiң алауыздығын өршiтiп, Ресей қарамағына өтулерiн қамтамасыз еткен жоқ па? Осы саясатты, әдiс-айланы Оңтүстiк өңiр халқының көсемдерiн араздастыру мақсатында сiздердiң қамқорлықтарыңызбен тездетiп iске асыруым керек."

Мiне, зымияндық саясат ұстанған, патшалық Ресейдiң экспедециялық әскери корпусының басшысы генерал Черняевтың Оңтүстiк өңiрдi жаулап алу кезiнде, қандай айла-тәсiл қолданғаны архив деректерiнен белгiлi болып отыр.

Билiк басында болған датқалардың туған-туыстарын, ұрпақтарын, бiр-бiрлерiмен қалай жауластырғанын архивтегi дерек айғақтап отыр. Бiр жарым ғасыр бойы айлалы генерал Черняевтiң қасақана ұйымдыстарған өсегiне, жаласына, қазақ халқы сенiп келдiк. Байзақ датқаның қайғылы өлiмiн өзiнiң замандастарынан, бiр-бiрлерiмен сыйласып жүрген датқалардан көрiп келдiк. Айлалы жала, өсек санамызды бiр жарым ғасыр бойы улады, сендiрдi. Черняевтiң таратқан өсек-жаласының уыты әлi де санамыздан өшкен жоқ, өкiнiштi-ақ. Кеңес өкiметi, Черняевтiң Оңтүстiк өңiрде уақытында жүргiзген, iске асырған айлалы саясатын, одан әрi дамытып өз мақсаттарына шебер пайдаланды. Кеңес өкiметiнiң саясаты, үгiт-насихаты бiр мақсатты көздедi, ол – Қазақ халқы Ресейге өз ерiктерiмен қосылды, отарлау, зорлық-зомбылық болған жоқ.

Черняевтiң Оңтүстiк өңiрдi басып алу кезiнде, әскери экспедициясына азық-түлiкпен, сарбаздарымен көмектескен датқалар, билер т.б. Ресейдiң достары деп есептелдi де, Исламды, мұсылман бауырларын жақтаған, халқы мен елiн жатдiндiлердiң отарлауына ашықтан-ашық қарсы болған Батырбек датқа мен оның туған-туыстары, ұрпақтары патшалық Ресейдiң кейiн Кеңес өкiметiнiң жаулары деп есепке алынып, жасырын қудалауға ұшырады. Кеңес өкiметi Батырбек датқаның Оңтүстiк өңiрде, билiк басында болған уақытында өз қаражатына тұрғызылған Жуалы ауданындағы Батырбек датқа сазындағы (Күреңбел ауылы), Қошқарата өзенi бойындағы Қошқар ата ауылы, Талас ауданындағы Көктал, Қызыләуiт, Сайрам ауданындағы Қайнарбұлақ, Қарабұлақ елдi мекендерiнде күйдiрiлген кiрпiштен тұрғызылған зәулiм, сәулеттi мешiт-медреселерi аяусыз талқандалды. Өзiнiң күмбезi де қиратылды. Түлкiбас, Сайрам, Жуалы аудандарындағы қаздыртқан су каналдары, Талас ауданындағы Көктал, (қазiр шипажай) Қызыләуiт су қоймаларын салдыртқан, (тоған) қаздыртқан су каналдары, халықты ауыл-ауыл етiп, орнықтырған, тамдар салдыртқан, тал-ағаштар еккiзген т.б.еңбектерiн Кеңес өкiметi халықтың жадынан өшiруге тырысты.

Батырбек датқаның бұл еңбектерi жазушы М.Қалдыбаевтың "Бәйдiбек баба арманы" атты кiтабында нақты деректермен көрсетiлген.

Батырбек датқаның ұрпақтарын қудалауға ұшыратып, күн көрсетпедi. Лауазымды қызметтерге алмады. Т.Рысқұловтың қамқорлық көрсетуiнiң нәтижесiнде, үрiм-бұтақтары аман қалды.

Мемлекетiмiздiң тәуелсiздiгiне бiр жылдан соң 20 жыл толады. Осы мерзiм арасында Шоқай, Байзақ, Сапақ датқалардың есiмдерi елдi мекендерге, аудан, мектептерге, Тараз қаласындағы көшелерге берiлдi. Еңбектерi ескерусiз қалған жоқ. Халқына, елiне өлшеусiз еңбек сiңiрген, Батырбек датқаның еңбегi ескерусiз қалуда. Тарихи деректерге жүгiнсек, Қазақ халқының, патшалық Ресейдiң, Кеңестiк дәуiрдiң тұсында дiнсiзденуден, өздерiнiң салт-дәстүрiнен, тұтастай ажырап қалмауынан, мәңгүрттенуден сақтап қалған, бiрiншiден, Алланың рақымы болса, екiншiден, Оңтүстiк өңiрде Батырбек датқаның, Солтүстiк өңiрде Құнанбай қажының салдыртқан мешiт-медреселерiнiң жергiлiктi халықтың, әсiресе жас жеткiншектердiң дiни сауаттылықтарын ашудағы, салт-дәстүр ұстанымдарын берiк ұстаудағы үгiт-насихат, оқыту жұмыстарының орны ерекше болды.

Батырбек датқа мен Құнанбай қажы 1874 жылы қажылыққа барғанда, Меккеде өзге де қазақтың игiжақсыларымен бiрiгiп, қаражат шығарысып үш қонақ үй (тәқия) тұрғызған.

Батырбек датқа қазақтың ХIХ ғасырда өмiр сүрген беделдi игi жақсыларымен араласып, сыйлас болған. Датқаның үйiнде (Датқа сазындағы қыстауы) Кенесары хан, Құнанбай қажы, Мұса Шорманов, Тезек Төре, Сыпатай батыр, датқалар, атақты билер, ақын-жыраулар, қырғыз манаптары т.б.бiрнеше рет қонақта болған.

Батырбек датқа ұлтымыздың тарихи тұлғасы. Осы уақытқа дейiн "Егемен Қазақстан" – (25 шiлде 2007 жыл), Жамбыл облыстық "Ақ жол" газеттерiнде, тарихи тұлғаның еңбегiнiң ескерусiз қалып келе жатқандығы туралы филолог-ғалымдар, тарихшылар, жазушылар, облыстық, аудандық мәслихат депуттары, ақсақалдар т.б. атынан бiрнеше көлемдi мақалалар жазылды.

Батырбек датқаның есiмiн өзi туып өскен Күреңбел елдi мекенiне (Жуалы ауданы), мектепке, Тараз қаласының бiр көшесiне берiлсе, тарихи орын негiзiнде қыстауы мен мешiтi орналасқан орынды "Мәдени-мұра" бағдарламасы негiзiнде мемлекеттiк тiзiмге енгiзiп, тарихи орын деп жарияланса деген зиялы қауымның, халықтың, мәслихат депутаттарының т.б. (баспасөз беттерiнде жариялаған) өтiнiштерi Жамбыл облысының Жуалы ауданының жаңадан тағайындалған басшылары тарапынан қолдау табады, Батырбек датқаның тарихи еңбегi лайықты бағаланады деп сенемiз:

М.Мырзахметов,

Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi, филология

ғылымдарының докторы, профессор

С.Жошыбаев,

ҚР Ұлттық ғылым Академиясының корреспондент-мүшесi

кардиохирург, профессор

Қ. Бөлеев,

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор

А.Өтеулин,

Жамбыл облысының құрметтi азаматы

Серіктес жаңалықтары