Нүркен МАЗБАЕВ: БIР ТИЫН АЛМАЙ ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАДА ОЙНАҒАН КЕЗIМIЗ ДЕ БОЛДЫ

Нүркен МАЗБАЕВ: БIР ТИЫН АЛМАЙ ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАДА ОЙНАҒАН КЕЗIМIЗ ДЕ БОЛДЫ

Нүркен МАЗБАЕВ: БIР ТИЫН АЛМАЙ ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАДА ОЙНАҒАН КЕЗIМIЗ ДЕ БОЛДЫ
ашық дереккөзі
399

Қазiргi кезде қазақ футболы туралы оңды-солды пiкiр айтушылар көп. Оның iшiнде жай жанкүйер де, кәсiби журналистер де жетерлiк. Олардың да бiрi дұрыс болса, бiрi бұрыс. Тек, шындыққа бiр табан жақындатар, ақиқатты айнытпай айтатын тұлғалар жол көрсетсе, деймiз. Осы орайда өзiндiк ойы бар, қазақ футболы үшiн өлшеусiз еңбегi сiңген шабуылшы Нүркен Мазбаевпен тiлдескен едiк.

– Айтылар әңгiме аз емес. Сөз басында өзiңiздiң дәл қазiр немен шұғылданып жүргенiңiз туралы бiр сөзбен айта кетсеңiз?

– Үлкен футболмен қоштасқаннан кейiн бапкерлiк қызметтi бастағанмын. Таразда құрылған, бiрiншi лигада өнер көрсетiп жүрген ОСШИОСД командасының бапкерiмiн. Жаңадан жасақталған команда болса да, бүгiндерi тәп-тәуiр нәтиже көрсетудемiз. Айта кетерлiгi, мұндай команда Қазақстан тарихында бұрын-соңды болған емес. Өйткенi, бiздiң команданың денi әлi мектеп оқитын жастардан құралған. Мiне, солар қазiргi таңда кәсiпқой ағаларымен терезесi тең футбол ойнауда.

– Бiраз кiсiлер Қазақстан футболының УЕФА-ға мүше болғанын керi кетушiлiкке санап, қату қабақ болып жүр. «Ұлттық құрамамыз әркiмнен оңбай iрi есеппен ұтылып, мазақ боп бiттi. Азияда жүргенiмiзде кiм бiледi… Ендiгi Әлем кубогына шығып қалар ма едiк», – дегендей болжамдар айтылып қалуда.

– Әркiмнiң өз пiкiрi бар, сондықтан ойындағысын айтқандары дұрыс. Бiрақ, менiң ойымша, Қазақстанның УЕФА-ға мүше болып қабылданғаны бiздiң ел үшiн өте маңызды қадам. Өйткенi, бiздiң Еуропадан үйренер, аларымыз көп. Ал Ресейден iрi есеппен, 6:0 болып ұтылғанымызды сонша жау шаптырудың қажетi жоқ. Ең алдымен Ресей мен бiздiң елдiң футболдағы айырмашылығын ажыратып алыңыз. Соңғы бес-алты жыл көлемiнде көршiлерiмiздiң тындырған iстерi ұшан-теңiз. Қаншама заманауи жасанды алаң, футбол академиялары ашылып, шет елден бiлiктi бапкерлер шақыртып, қолдан келгеннiң барлығын iстеп бағуда. Ал Қазақстанда ондай iс-шаралар әзiрге саусақпен санарлық. Сонымен бiрге Ресей Федерациясында жеке спорт заңы бар. Ол заңның iшiнде спортшының да, команданың да мүддесiн қорғайтын тұстар жетерлiк. Осындай ең қарапайым заңның өзi әлi күнге дейiн бiздiң елде жоқ екенi көңiл жабырқатады.

Ал ұлттық құрамаға келсек, қазiргi жағдай жалпы жаман емес. Бапкерлерге де көп салмақ артудың керегi жоқ. Мен сiзге айтайын, бұрындары бiр тиын алмай ойнаған кезiмiз де болған. Елдiң намысы үшiн, халықтың абыройы үшiн тер төккенбiз. Ол кездегi жағдаймен қазiргi сәттi салыстырыңыз. Мұндай жағдайда қандай атақты бапкер шақыртқанмен бәрiбiр бiздiң жiгiттерге допты түзу тебер күнге жетер уақыт қажет. Менiң ойымша, бiз сол сапарға түзу жол тартқандаймыз.

– Қазақ футболына қатысты тағы қандай жайттар өзегiңiздi өртеп жүргенiн айтасыз?

– Қазақстан футболында ақаулы мәселелер жеткiлiктi. Соның бiрi – футбол басқармасы. Қазақстанның бiраз клубтарында футболдың иiсi мұрындарына бармайтын адамдардың басшылық етiп отырғаны қынжылтады. Сол үшiн кәсiпқой деңгейде футболмен айналысатын тұлғаларды футбол басқармасына көптеп тарту қажет. Бұл — бiр.

Екiншi. Жасөспiрiмдер футболы да қатты алаңдатады. Қазiр әр облыстан премьер-лига клубтарына көп болса 3-4 футболшы алынады. Оларды көбейту үшiн қазiрден бастап әрекет қылу қажет. Мысалы, әр облыс өздерiнiң iшiнде iрiктелген әр жастағы бес жасөспiрiмнен футболға икемi бар жиырма баланы өз қаражаттарына Еуропаның белдi футбол мектептерiне оқуға жiберсе. Араға бiрер жыл салып солардың жемiсiн көрер едi. Қазiргi қазақ клубтарының шеттен келген келiмсек футболшыларға кеткен қаражатын өзiмiздiң жiгiттерге аямай жұмсасақ дұрыс болар. Мұндай тәжiрибе бүгiн пайда бола салған нәрсе емес, бұрыннан келе жатқан ескi әдiс. Тек осыған сенiммен қарап, батыл шешiм қабылдау қажет.

Үшiншi. Қазiргi аяқ доп шеберлерiн мәдени, рухани тұрғыдағы бiлiммен қамтамасыз ету. Оларға алаңда өзiн қалай ұстауды, журналисттермен қалай сұхбаттасуды үйрету, бiр сөзбен айтқанда, Еуропа үлгiсiнде тәрбиелеу керек. Сонымен қатар кейбiр футболшылар бастауыш бiлiмнен аса алмаған. Олар ертең бiз сияқты футболмен қош айтысқаннан кейiн қайда бармақ? Ал шет елден адам алдыртып, бiлiктi маманға зәру болып отырған ҚФФ неге соларды өз қанатының астына алып, қамқорлық көрсетпейдi? Сол шүрегей тiлдi бапкерлер оқыған мектепке неге оқуға, тәжiрибе жинауға жiбермейдi?!.

– Қазақстанда футболшылардың құқығын қорғайтын ұйым жоқ деседi…

– Иә, дұрыс айтасыз, әлi күнге дейiн футболшылар құқығын қорғап, солардың сөзiн сөйлейтiн ұйым жоқ. Бiраз спортшыларымыздың көмек сұрар жер таппай, ақыры тәртiп бұзушылардың құрбаны болғаны рас. Соның кесiрiнен сүйiктi iстерiнен жылдап қол үзген жағдайлары да бар. Солтүстiктегi көршiмiз Ресейде, жалпы УЕФА-ға мүше елдердiң бәрiнде мұндай ұйым, одақтар бар.

– Өзiңiз айтқандай, келеңсiз жағдайға ұрының, соттасып жатқандарды да естiп құлағымыз үйрендi. Сондай жағдай сiздiң басыңыздан өтпедi ме?

– Менiң басымда ондай жағдайлар болды. Бiрақ ешкiммен соттасқаным жоқ. Елiмiздегi бiраз клубтардың басшылары айтқан сөздерiнде тұрмай, екiжүздiлiк танытқан. Атын атап жатпай-ақ қояйын, тек артымда өсiп келе жатқан iнiлерiмдi ондай адамдардан сақтасын деп тiлеймiн.

– Сатылып жатқан ойындар, ұрыссыз берiлiп тұрған командалар, футболға саяси жағдайлардың әсер етуi дегендей жағдаяттарды шешудiң бiр көзi ретiнде ненi атар едiңiз?

– УЕФА-ның талаптары бойынша әрбiр клуб акционерлiк қоғам болуы тиiс. Ал бiзде барлығы мемлекетке қарап, облыс әкiмдiгiнiң тiкелей қоластында болады. Содан кейiн облыс әкiмi футболға қызығушылық танытса, ол клуб жақсы өнер көрсетедi. Қазақстанда бүгiнгi таңда жалғыз «Алма-Ата» клубы ғана жеке акционерлiк қоғам. Ал егер барлық клубтарымыз жеке меншiк болса, ешкiмге бағынбай таза футбол ойнайтын едi.

– Алдағы жұмыстарыңызға сәттiлiк тiлей отырып, қазақ футболының өркендеуiне өз үлесiңiздi қоса берiңiз демекпiз. Әңгiмеңiзге рахмет.

Сұхбаттасқан Ермұхамед МӘУЛЕН

Серіктес жаңалықтары