«КҮЛКI КҮНI» ҚАЗАҚҚА ЖАТ ЕМЕС

«КҮЛКI КҮНI» ҚАЗАҚҚА ЖАТ ЕМЕС

«КҮЛКI КҮНI» ҚАЗАҚҚА ЖАТ ЕМЕС
ашық дереккөзі
360

(Алдар-әжеден қалған жаңғырық)

1-сәуiр – халықаралық күлкi күнi болған соң, осы күнi елдi елең еткiзер ерекше қалжың, құлаққа түрпiдей тиетiн өсек-аяң естiп әдеттенген едiк. Биыл оншалықты ештеңе естiлмедi, өкiнiшке қарай. Тiптi, бұндайда қамшы салдырмайтын БАҚ-тар да салғырттық танытты. Ел спортында да селт еткiзер ештеңе болмағандай тым-тырыс. Әйтпесе…

Қазақтың қалжыңын айтпағанда, өсек-аяңына дейiнгiнiң бәрi де өзiндiк ерекшелiкке толы этнография. Екi әйел ұрсысып қалса, үшiншiсi әлгi екеуiн татуластыру қамымен орталарында самаурын көтерiп, зыр жүгiретiнi де рас. Баяғыда бiр әжемiз көршi кемпiрге: «Екеуiмiз шәй iшiп отырып, бiр өсек айтайықшы» деушi едi. Байқап тұрсақ, онда да үлкен мән бар екен. Шәй жарықтық тәнмен қоса жанды да жiбiтетiн тәрiздi. Әлгi әжелерiмiздiң әңгiмесi көршiнiң күнi кеше бұзаулаған сыңар мүйiз сиырынан бастап, Гагариннiң ғарышқа самғауынан соң Вьетнамды бомбалап жатқан «Әмрикаға» дейiнгi аралықты тұтас шарлап келiп, сары самаурынның түбiне қайта оралатын кереметi да бар болатын. Сол кемпiрлердiң бiлмейтiнi жердiң астында сияқты болып та көрiнетiн…

«Ұзынсары» аяқталып, күн ендi жылынар тұста қара радиосын басына жастап ұйықтайтын сол әжемiз ерекше «новаторлық» жасағаны. Өсек-шәйдiң үстiнде көршi кемпiрге: «Бүгiн ауыл дүкенiне жарты мәшине үндi шәйi түсiптi. Ертең таң азаннан сатылады екен» деуi мұң екен, екi кештiң арасында қараша ауылдың асты-үстiне шыққан. Түн ортасынан тұрып кезек алған жұрт ертеңiнде дүкеншi түгiл ауылсоветтiң де есiн шығарған. Ол заманда үндi шайы дегенiң қасқалдақтын қанынан қат, екiнiң қолына түспейтiн қазына. Кезекке таласып, жаға жыртысқандар да бар. Ақыры мәселе ушығып, тыныш күнде милиция шақырумен аяқталған. Кемпiрiмiз сотталып кете жаздап… әупiрiмдеп аман қалды. Милициябастық: «Апа-ау, мұныңыз не, ұят болды ғой…» десе, әжемiз: «Первый әпрел, никому не верь…» дейтiн көрiнедi.

* * *

Сары самаурын түбiнен басталған осы бiр қазақы инсануацияның көпшiлiктi селт еткiзуi өз алдына, малын қоралаған соң тамағын iшiп, тыныш ұйқыға кететiн қауымға ұнап қалған да сияқты едi… Жаны жәннатта болғыр сол әжемiз, дәл сол көктемгi күлкi күнiнен бастап, «Алдаркөсе-әже» атанды. Жыл сайын 1-сәуiр күнi әлдебiр қиял-ғажайып өтiрiк ойлап табатыны да қызық едi. Үш-төрт «бiрiншi көкектен» соң әлгi кемпiрдiң шын сөзiне ел сенбейтiн болған. «Алдаркөсе-әже айтыпты-мыс» деген сөз шыға қалса ауыл халқы «бүгiн өзi қандай күн?» деп қабырғадағы жыртпалы күнтiзбеге қарайтын…

Сәйкестiк пе, кiм бiлсiн, әжемiздiң қазасы да, ғажап қылғанда, 1-сәуiрге дөп келгенi. Кешкiсiн тып-тыныш төсегiнде жатқан енесiн таңғы шайға оята барса… жүрiп кеткенiн көрiп, есi шыққан келiнi жанұшырып көршiсiне барады. «Қой-ей, шын айтасың ба?» дейтiн көрiнедi олар да. Дегенмен, суыт хабардың жөнi бөлек, үй иесi ұйқылы-ояу қабырғадағы жыртпалы күнтiзбеге қарайды ғой, баяғы. Бiрiншi көкек екен, ойпыр-ай!.. «Е, е…» деп көршiсi көрпесiн қайта бүркенiп ұйқыға кетiптi…

Мiне, бүгiнде әжемiз кеткеннен берi сол ауылдағы күлкi күнiнен де қадыр қашқандай. Дәл ол сияқты қисын құрастыру да екiнiң-бiрiнiң қолынан келер емес. Тек, Қазақстан бойынша жүзеге асқан мына бiр оқиғаларды айтпағанда, әрине…

* * *

Қазақстандық ақпарат құралдары 1-сәуiр – күлкi күнiн ешқашан ұмыт қалдырған емес. Мәселен, 1983 жылғы 1-көкектегi бiр қалжың Қазақстан ауқымынан шығып, бүкiл Одақты дүбiрлеткен. Әлдебiр қазақстандық газет ҚазМУ студентiнiң «Орбита» мөлтекауданында әдеттен тыс 3 килолық апорт өсiрiп шығарғаны туралы ақпарат жариялаған. Әрi оның ВДНХ көрмесiнде тұрғаны да айтылады.

Күлкi күнiне ыңғайластырып әзiрленген ақпараттың наурыздың соңындағы газет нөмiрлерiнiң бiрiнде жарияланып кетуi оқиғаның ақиқаттығына деген күмәндi сейiлтiп жiбередi. Сол сол-ақ екен, ғажайып хабарды басқа ақпарат құралдары да iлiп әкетсiн. Ақыр соңы мәлiмет одақтық «Правда» газетiне дейiн жетiп, коммунистердiң бас газетi «Гулливер алмасы» деген тақырыппен мақала да жариялайды! Мәскеу Қазақстаннан ғажайып алманы Бүкiлодақтық көрмеге тапсыруды талап етедi. Мәселенiң ушыққаны соншалықты, әңгiмеге сол кездегi Орталық Комитет хатшыларының өзi араласып, жалған ақпараттың жаңғырығын әзер тоқтатқан.

Қарапайым кемпiрiнiң өзi күлкi күнiне орай ғажайып қисындар құрастырып елiн дүрлiктiрiп жатқанда ақпарат құралдарына қандай өкпе болсын?! Бiрiншi көкек – күлкi күнiне орай қазақстандық БАҚ қисындаған мәтiндердiң арасында небiр ғажайып оқиғалар кездеседi. 60-шы жылдардың соңында Алматы газеттерiнiң бiрiнде қаладағы Горький саябағында Лохнесс құбыжығы сияқты әлдебiр жәндiктiң бар екендiгi туралы ақпарат таралады. Сол сол-ақ екен, оны басқа газеттер iлiп әкеттi, тiптi, архивтерде Коморский деген фототiлшiнiң сол құбыжықты түсiрген суретi де сақталып қалыпты.

Бұл – күлкi күнiне байланысты отандық деректер ғана. Қарапайым қазақ кемпiрi қиырдағы ауылын ойдан шығарған қисындармен таңғалдырып жатқанда, қуатты ақпарат құралдарының онан асып түсуi де заңды.

Дегенмен, ақпарат деректерiне көз салсақ, осы орайдағы ең ғажайып оқиға 1860 жылы Лондонда болған сияқты. Сол күнi ағылшын қоғамының мәртебелi бикештерi зообақтағы «Ақ арыстандарды шомылдыру рәсiмiне» шақырылады. Әлбетте, оның әркiмдi де бей-жай қалдырмайтыны белгiлi. Сөйтiп, сол жылғы бiрiншi көкекте ағылшын қоғамының да асты-үстiне шыққан көрiнедi.

Көзiқарақты оқырманның «Осы бiр ғажайып оқиға қайдан шықты?» деп ойлануы да заңды. Бұл туралы да түрлi болжамдар айтылады. Мәселен, ежелгi Римде «ақмақтар күнi» деген рәсiм өткiзiлген. Алайда ол ақпанның ортасына дөп келiптi. Ал екiншi бiр болжам бойынша, бәрi де Үндiстандағы күлкi күнiнен басталған-мыс. Алайда ескi күнтiзбе бойынша ол күн 31-наурызға тура келедi.

Ал тағы бiр болжамдар күлкi күнiнiң XVI ғасырда Франциядан басталғанын алға тартады. Ол кезде Франция жаңа жылды дәл осы бiрiншi көкекте атап өтетiн. Алайда, 1564 жылы Франция королi Карл жаңа жылды 1-қаңтарда атап өту туралы жарлыққа қол қойып, бiрiншi көкек «күлкi күнi» есебiнде белгiленедi.

Ал мәскеулiк деректер бойынша Ресейдiң күлкi күнiн атап өтуi бiрiншi Петр билiгi дәуiрлеп тұрған 1700 жылға дөп келедi.

* * *

Бүгiн жалпы әлемдiк рәсiмге айналған осынау күндi қазақ қоғамы да өзiнше атап өтуден кетәрi емес. Алдаркөсенi өмiрге әкелген қазақты өтiрiк айта алмайды деп кiм айтыпты?! Өтiрiктi қисындағанда қазақ қисындасын! Оған жоғарыдағы өзiмiз баяндаған оқиғалар куә. Қайран «Алдаркөсе-әжемiз» бастап кеткен ғажайып үрдiс бүгiнде байтақ Қазақстан бойынша өз жалғасын тауып та жатыр.

Алдыңғы жылғы бiр отырыста «немiстiң Мюнхаузенi мықты ма, жоқ әлде, қазақтың Алдаркөсесi мықты ма?» деген дауға куә болғанбыз. Әлбетте, мұндайда Алдаркөсенiң де, Мюнхаузеннiң де мықтылығы айтқан өтiрiктерiнiң қисынына сай бағалануға тиiс. Әрi «сайтанның өзiн алдаған» делiнетiн бiздiң Алдаркөсе де ешкiмнен кем емес-ау, өзi… Алдар атамыздың iзiн жалғастырушы әжемiз – анау, оған имандай сенiп отырған елiң – мынау. Өтiрiктi айтудан да, оған сенуден де алдымызға ешкiмдi түсiрмей тұрған жайымыз бар, ағайын!..

Өмiрзақ МҰҚАЙ

Серіктес жаңалықтары