Орынбасар ҚУАНДЫҚОВ: БАЛАМНЫҢ ҚАЗАҚ ЕКЕНI ТҮРIНДЕ ТҰР

Орынбасар ҚУАНДЫҚОВ: БАЛАМНЫҢ ҚАЗАҚ ЕКЕНI ТҮРIНДЕ ТҰР

Орынбасар ҚУАНДЫҚОВ: БАЛАМНЫҢ ҚАЗАҚ ЕКЕНI ТҮРIНДЕ ТҰР
ашық дереккөзі
224

Мәскеуде ассимилияцияға ұрыну қаупi басым

Әлемнiң түкпiр-түкпiрiнде түтiнiн түтетiп жүрген қандастарымыз көп. Олар жырақта жүрсе де, қазақ тiлiнiң жойылып кетпеуiне бар күш-жiгерiн жұмсап келедi. Соның бiрi – Мәскеудегi "Қазақ тiлi" қоғамын басқарып, "Қазақ тiлi" газетiн шығарып жүрген Орынбасар Қуандықов. Ол – бүгiнде мәскеулiк қазақтардың туған ана тiлiн, салт-дәстүрi мен әдет-ғұрпын ұмыт қалдырмауы үшiн тер төгiп жүрген ұлтжанды азамат. "Жаһан" қосымшасының бүгiнгi қонағы – "Қазақ тiлi" газетiнiң редакторы, педагогика ғылымдарының кандидаты Орынбасар Қуандықов Ресейдегi қазақ қандастарының бетпе-бет келiп отырған мәселелерi туралы әңгiмелеп бердi.

– Орынбасар аға, Мәскеуде қашаннан берi тұрып келесiз? Сонда бiржола қалып, еңбекке араласуыңызға не себеп болды?

– 1991 жылы бiлiм қуып келiп едiм, содан қалып қойдым. Аспирантураға түсiп, бiтiретiн кезде, Кеңес одағы да ыдырап кеттi. Елге әнi қайтамыз, мiне қайтамыз деп жүргенде, уақыт шiркiн зымырап, 20 жылға жуық уақытымыз өтiп кетiптi. Құдайға шүкiр, осында тұрып-ақ отбасы құрып, үйлi-баранды болдым. Үлкен қызым – МГУ-дiң журналистика факультетiнде оқиды. Екiншiм– 10-сыныпта, ал кiшкентайым 3 жастан ендi асты.

– Бала-шағаңыз ана тiлiн ұмытпаған шығар…

– Тәубе, қаным, жүрегiм қазақ деп соққаннан кейiн балаларыма да осы қасиеттi сiңiрiп отырамын. Сыртта қай тiлде сөйлейтiнi белгiлi ғой, ал үйде, дастарқан басында қазақша сөйлесiп, қазақша ойлауға баулимын. Әрқашан "Сен – қазақсың" деп намыстарын қайрап қоюға тырысамын. 20-30 адамды жинап, бәрiне бiрдей бiр уақытта дәрiс беретiндей мүмкiндiк бiзде жоқ. Оған аудитория қажет. Ал Қазақстан тарапынан осы бiр мұқтаждыққа қол ұшын берiп, көмекке келген ешкiм жоқ. Балаларымды бұрнағы жылы әке-шешемнiң қолына жiберiп, Қазақстанда бiр жыл оқытып алдым. Содан берi қазақшаны жақсы меңгерiп алған. Мақтанғаным емес, балаларым секiлдi қазақша сөйлей алатын жастар көп емес.

– Олардың туған-жерi Мәскеу болғандықтан, бәрiбiр тұрған мекенiне жерсiнiп кетпей ме?..

– Неге? Олардың есiмдерiн қазаққа жақын етiп қойдым. Егер аттары орыс пен еуропалыққа жақын бола қалғанның өзiнде, қазақ екендiгi түрiнде-ақ жазылып тұрған жоқ па? Осы жерде мына бiр оқиға есiмi түсiп отыр. 2006 жылы АХАЖ (ЗАГС) бөлiмiне барып, кенже ұлымның туу туралы куәлiгiн аларда оның аты-жөнiн қазақша жаздырмақ болып мынадай сорақылыққа тап болдым. Баламның куәлiгiне "Әмiр Орынбасарулы" деп жазып берудi өтiнсем, Заң бойынша сiз тек "Орынбасарович" немесе "Орынбасароглы" деп қана жаздыра аласыз деп бедiрейiп тұр. Амал жоқ, "Орынбасарович" деп қалдыруға мәжбүр болдым. Сол кезде Қазақстанға, қазақ билiгiне қатты ренжiдiм. Неге Қазақстан мемлекетi де елiмiздегi өзге ұлттардың төлқұжатына "Юсуп Назымулы", "Иван Петрұлы" деп жазуды Заңмен бекiтпейдi? Бiз Ресей азаматы болсақ, олар Қазақстан азаматы ғой! Менiңше, бұл үрдiс қазақтандыру саясатына бiр тамшы болса да септiгiн тигiзетiн дүние болар едi. Бұған өзге ұлттар дау көтерiп, "бiздiң құқымызды аяққа таптап жатыр" деп те айта алмайды.

– Сонда Ресейде өмiрге келiп жатқан қазақ балаларының аты-жөнi орыстанып кеттi демекшiсiз ғой…

– Әрине. Маған дейiн Талғат деген жiгiт те қанша сабылса да, ұлының аты-жөнiн "Мақсат Талғатұлы" деп жаздыра алмады. Ал, сiздер өзге ұлт өкiлдерiн, жұмсартып айтқанда тайраңдатып, "Иван Петрович", "Жүсiп Назымоглы" дегiзiп, бас иiп отырсыздар. Мұны қалай түсiнуге болады?

– Осы мәселемен Қазақстанның Ресейдегi елшiлiгiне хабарласып көрдiңiздер ме?

– Елшiлiкке не деп айтамыз. Олар мұндай дүниеге араласпайтын болса керек.

– Қазақ қандастарының талабы қанағаттандырылмай жатса, неге араша түспейдi?

– Елшiлiк тек Қазақстан азаматтарының ғана құқығын қорғайды, ал бiз Ресей Федерациясының азаматымыз ғой. Шын мәнiнде, елшiлiктiң мiндетi – екi елдi елдестiру, жақындастыру ғана. Қазақстан жағы Пушкиннiң ескерткiшiн орнатса, Мәскеу Абайдың ескерткiшiн ашты дегендей. Бұл өзара саяси әрiптестiктi нығайтудағы жолға қойылған шаруалар. Елшiлiк бiз үшiн тек мәдени-гуманитарлық шаралар, тiлдi оқып үйренем деушiлерге жағдай туғызуға септiгiн тигiзiп (ақылы болса да), консультация тұрғысында жәрдем көрсетуi мүмкiн. Бiрақ басқа ұлттың елшiлiктерiнде кәрiс, жапон тiлiн тегiн үйрететiн курстар бар. Қазақстан Ресеймен қоян-қолтық қатынаста болса да, бiзде ондай мүмкiндiк жоқтың қасы. Сондықтан бұл мәселе Қазақстан Үкiметiнiң Ресей Үкiметiмен бiрiгiп үкiметаралық келiсiм шарттар тұрғысында шешiлуi керек. Бiзге Ресей мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы биыл бәленбай миллиард доллар болды, келесi жылы түгенбай миллиард болады деп айтылып жатқан ақпарат ағындарынан келiп-кетер ешбiр пайда жоқ. Тек айтарға ғана. «Е-е, дұрыс болыпты, жақсара берсiн» деймiз де қоямыз. Ал бiздiң ассимилияцияға ұшырап жатқанымызбен ешкiмнiң де шаруасы болмай бара жатыр. Мәдени-гуманитарлық сала бойынша арнайы үкiметаралық келiсiм шарт жасалу қажет сияқты. Мүмкiн бар да шығар, бiрақ бiз оны бiлмеймiз де, сезiп те жатқанымыз жоқ. Бұл жағынан келгенде, Қазақстан Ресейден қалып отыр. Не бiр қазақша мектеп, болмаса жексенбiлiк мектеп, не бiр Қазақ мәдени орталығы, не бiр қазақша болсын, орысша болсын телеарна көрсетпейдi. Әлгi 20 миллиардтық тауар айналымынан бiздерге не пайда! Мұндай екi үкiмет арасындағы толыққанды есептескен келiсiм-шарт Қазақстан Тiл комитетiнiң, Президенттiк Тiлдi дамыту қорының жұмыстарына, "Тiл туралы" Заңға көп әсерiн тигiзер едi. Әрине, бiз үшiн Қазақстанның беделi жоғары болғаны әркез қуантады. Мұнда бiзге ешкiм тиiспейдi, еш нәрсе дей алмайды. Тарихи елiмiздiң сыртқы саясаты мұнда тұрып жатқан бiздерге өте оңды. Ал iшкi экономикалық жағдайы туралы бiз ешнәрсе айта алмаймыз.

МӘСКЕУДЕ ҚАЗАҚ МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫ САЛЫНҒАН ЖОҚ, АЛ АСТАНАДА "РУССКИЙ ЦЕНТР" АШЫЛДЫ

– "Қазақ тiлi" қоғамына Әбуислам Тұрсынбаев мырза екеуiңiз бiрге жетекшiлiк етедi деген әңгiме естiдiк, сол рас па?

– Мұндай ақпаратты қайдан тауып алғансыздар /күлiп қояды/. Жоқ, сырт көзге солай шығар. Қоғам жетекшiсiнiң өзiнiң орынбасарлары бар. Басқарма құрамында 25 адам мүшелiк етедi. Оның iшiнде мәдениет жағынан, Ресей өңiрлерiмен байланыс жасап тұратын секция жетекшiлерi бар. Ал мен өзiм тек қоғамдық вебсайт пен басылым редакторымын.

– Жергiлiктi қазақтармен байланыстарыңыз жақсы ма? Олардың тарапынан тiлдi үйренуде белсендiлiк бар ма?

– 2002 жылы Мәскеуде тұрақты түрде 7997 қазақ тұрады деген дерек бар. Ал, жалпы Ресей аумағында 1 млн.-нан астам қазақ бар дейдi. Бiздiң олармен байланысымыз жақсы. Бiздiң қоғам – Мәскеудегi бiрден-бiр жетекшi ұйым. Мәдени жобалардың көпшiлiгiн құрылғанына 20 жылдай болған "Мұрагер" қоғамымен, Елшiлiкпен бiрiгiп өткiземiз.

– Ал, Мәскеуде бiлiм алатын қазақ жастары "Қазақ тiлi" деген қоғамның бар екенiн бiле ме?

– Мәскеуде Қазақстанның 2 мыңнан астам студент-магистрант жастары оқиды. Көпшiлiгi "Болашақ" бағдарламасы бойынша келiп бiлiм алуда. Олар "Қазақ тiлi" қоғамының бар екендiгiне қанық, газетiмiздi, сайтымызды бiледi. 2008 жылға дейiн Ресейде оқып жатқан Қазақстан жастары өз қауымдастығын құрып жұмыс iстеген. Оған әр жоғары оқу орнындағы қандастардың жетекшiлерi бас қосатын. "Мәскеу көктемi" деген атпен қыздар арасында, ал "Қазақша күрес" бойынша ұлдар арасында сайыстар өткiзiп тұратын едi. Қазiр қаржы дағдарысының салдарынан бәрi де тоқтап тұр.

– Жалпы, Ресей аумағында үлкен Қазақ мәдени орталығын ашуға не кедергi? Осындай орталықтың бой көтеруiне қазақтар тарапынан қызығушылық бар ма?

– Ешқандай ұмтылыс жоқ. Қаржы керек, демеушi iздеу қажет. Мұнда ауқатты тұратын қазақтар аз ғой. "Наурыз өткiзейiн деп жатыр едiм" немесе "Газет шығарайын деп едiм" деп кiмге жалынасың?! Бiз қанша дегенмен бөгде елде отырмыз ғой.

Нелiктен Ресей астанасынан Қазақстанның үлкен мәдени орталығын аша алмадық? Экономикалық даму жағынан кейiнгi жылдары қарыштап жатқан Қазақстан ТМД елдерi iшiнде Ресеймен достық ымырада бола тұра Мәскеуде, болмаса Ресей өңiрiнiң қазақтар көп шоғырланған бiр өңiрiнде қазақ диаспорасының басын бiрiктiретiн орталықты салуға неге қаржы бөле алмайды? Егер Мәскеудiң Ескi арбатына ат басын бұрсаңыз, Украина мәдени орталығының зәулiм ғимаратын көзiңiз шалады. Ал, "Қытай-қала" метро ауданына барсаңыз, Арменияның мәдени орталығы мен Мәскеу армян театрына ұшырасасыз. Құдды зәулiм сарай дерсiз. Бұл аз десеңiз, Мәскеу мэрi Юрий Лужковтың қол қоюымен қазiр Мәскеудiң оңтүстiк-батысында 1 гектар жерге Ресей-корей мәдени орталығы бой көтерiп жатыр.

– Бiр кездерi осы мәселенi экс-елшi Көшербаев "қолға алып жатырмыз" деп едi…

– Кеңес одағы құлағаннан кейiн Ресей мен Қазақстан ара-қатынасы посткеңестiк кеңiстiкте ғана емес, сондай-ақ геосаяси салада да дами бастағаны белгiлi. Яғни, 1992 жылдың қазанынан берi екi ел арасындағы дипломатиялық қатынас ынтымақтастық ретiнде оң жолға қойылса да, неге Ресей астанасында Қазақ мәдени орталығы ашылмайды? Иә, 2004 жылы Қазақстанның Ресейдегi Төтенше және өкiлеттi елшiсi болған Қырымбек Көшербаев мырза "Газета СНГ" интернет баспасөз-конференциясында берген жауабында: "Негiзi Мәскеуде Қазақстанның мәдени орталығын ашу жоспарланып отыр. Бұл нәтижеге қол жеткiзу Ресейдiң сол кездегi Президентi В.Путиннiң Астанаға келу iссапарында анықталған едi. Есесiне, "сыйға сый, сыраға бал" саясаты бойынша, Алматы қаласында "Ресей" мәдени орталығы құрылмақшы. "Қазақ мәдени орталығында 600-дей адам сиятын көпфункциялы залдан бөлек, адам жанына қажеттiнiң бәрi шоғырланған кешендi бөлмелер (банк, қонақүй, сауда орталығы, спорт-сауықтыру, т.б.) болады. Ресейде ауқымы жағынан көлемдi мұндай нысан басқа елдер елшiлiгiнiң бiрiнде жоқ. Ал жер телiмi "Москва-сити" ауданынан берiледi" дегенiне 6 жылдың жүзi болса да, қам-қарекет жоқ. Соған қарамастан, 2004 жылы Ресей сыртқы iстер министрлiгi жанындағы Ресей халықаралық, ғылыми-мәдени орталығы Қазақстаннан өз өкiлдiгiн ашса, жақында Астана қаласында "Русский центр" тұсауын кестi. Және осы iспеттес орталық Өскемен, Ақтөбе қаласында да бар. Ресейдегi 1 миллионға жуық қандас (Мәскеуде 10 мың) әлi күнге жаңа жылы – Наурыз мейрамын, мұсылманның Құрбан, Ораза айт мерекесiн, т.б. мәдени-ағарту шараларды атап өтетiн мәдени орталыққа жарымай келедi. Мәскеудегi жыл сайын тойланып жатқан "Тәуелсiздiк күнi", "Наурыз мейрамдары" жалға алынбай, тегiннен тегiн өткiзiлiп жатқан жоқ шығар, әрмен қарай өзiңiз есептей берiңiз. Ал өзбектердiң мәдени орталығын көрсеңiз, кәдiмгi жұмаққа кiргендей боласың. Iшiнде өзбек музыкасы ойнап, тандыр нанының иiсi бұрқырайды. Қызметкерлерi де тек өзбекше сөйлейдi. 1000 адам сиятын акт залы бар. Әзiрге Ресей астанасында 1990 жылдан берi жұмыс iстеп келген "Қазақ тiлi" қоғамы қазiр Мәскеудегi Қазақ мәдени орталығы сияқты.

"ҚАЗАҚ ТIЛI" ГАЗЕТI – РЕСЕЙ АУМАҒЫНДАҒЫ ҚАЗАҚТАРДЫҢ КӨЗI, ҚҰЛАҒЫ ҺӘМ ТIЛIНЕ АЙНАЛДЫ

– Өзiңiз Басқарма мүшесi болып отырған "Қазақ тiлi" қоғамы қазақ мүддесiне қатысты не атқарып жатыр?

– Қоғам қазақ тiлi сабақтарын жүргiзедi. Қазақстанда жер-жердегi диаспора оқушылары үшiн ұйымдастырылған Қазақ тiлi мен әдебиетi бойынша өтетiн Олимпиадаға оқушылар дайындайды, шығармашылық кештер ұйымдастырады. Бiрақ ҚАЗАҚ тiлiн арнайы топқа өткiзу үшiн жабдықталған лингофондық кабинет жоқ. Басқа елшiлiктерде ұйымдастырылып жатқандай, қазақ тiлi курсы ашылмай-ақ қойды. Әйтпесе, тiл үйренем деушi қазақстандық өзге ұлт өкiлдерi де бар. Сабақтар көбiнде жеке-жеке өтедi. Оны "Қазақ тiлi" қоғамының Басқарма мүшесi Гүлмай Хамеденова жүргiзедi. Орыстарға қазақ тiлiнен беретiн мамандарды Қазақстанда дайындау жағына назар аудару керек.

– Бiз қоғам жанынан шығатын "Қазақ тiлi" газетiнiң сайтын қарап, оқып жүрмiз. Жалпы, газеттi шығарудағы мақсат не?

– Қоғам 2006 жылдан бастап "Қазақ тiлi" деген А-3 форматымен 8 беттiк газеттi айына бiр рет шығарып келедi. www.kazakh-tili.ru атты екi тiлде хабар тарататын интернет парақшасы бар. "Қазақ тiлi" газетi кiм үшiн, қандай мақсатпен жарық көредi? Басқа басылымдардан қандай айырмашылығы бар? Мәскеулiк ақпараттық кеңiстiктен орын алуға ұмтылысы қандай? Мiне, бiз оқырмандарымыздың алдында осы сұрақтарға нақты жауап iздеумен келемiз. Негiзгi мақсат – ана тiлiмiздi дамытып, үгiттеп қана қоймай, бүтiндей сақтап қалу және қазақ халқының ұлттық мұрасы мен мәдениетiн газетiмiздiң негiзгi ұраны ретiнде қолдану. Әуелгiде, газетке "Ана тiлi", "Мәскеуден хабар", "Ресей қазақтары", "Қазақ газетi" нұсқаларының бiреуiн қою туралы ұсыныс болса да, бiз өз қоғамымыздың атын бергендi жөн санадық. Қазiр газетке деген сұраныс артып, мәскеулiк ақпараттық кеңiстiкте өз орнын айқындады. Мұны оқырмандар мен басқа диаспора жетекшiлерiнiң пiкiрiнен аңғаруға болады. Демек, "Қазақ тiлi" газетi "Қазақ тiлi" қоғамының газетi ғана емес, Ресей аумағындағы қазақтардың көзi, құлағы һәм тiлiне айналды.

Газеттiң алғашқы нөмiрлерiн шығару iсiне өз қоғамымыздағы қайраткерлерден басқа, бiзге зор сенiм артып, көмек көрсеткен "Мұрагер" қоғамының Президентi Жаныбек Елекбаев болғанын айрықша атап өткiм келедi. Сондай-ақ, газеттiң алғашқы нөмiрлерiнiң жарық көруiне шын мәнiнде нақты көмек көрсеткен Сәуле Әшiрбекова, әсiресе, 80 жастағы ақсақалымыз Қайдар Құмарбеков едi деп мақтанышпен айта аламыз. Бүгiнде Ресейдiң 28 аймағына 999 данамен тарайтын газет материалдарының 60%-ы орысша, 40%-ы қазақ тiлiнде. Одан бөлек Ресейдiң 33 аймағына тегiн таратылады.

Өзiм әрi Мәскеу ұлттар үйi жанынан құрылған баспасөз клубының мүшесiмiн. 10 жылдан берi жарық көретiн азербайжандардың "Азеррос", кәрiстердiң "Российские корейцы", тәжiктердiң "Трибуна таджикистанцев" т.б газеттердiң бас редакторлары бас қосып тұрамыз. Олар көп және газеттi қаржыландыру жағы мықты. Тiптi, ұлттық мәселенi шешiп қойып, ресейлiктердiң кәдуiлгi күнделiктi газетiне айналуды көксейдi. Ал бiзге көп жұмыс iстеу қажет, ұлттық сезiмдi ояту керек. Әйтеуiр, тыраштанып, газеттi болмаса да, вебсайтымызды күшейтуге көп күш салғымыз келедi. Өзiмiзде кiшiгiрiм видеостудия ашып алдық. Видеороликтер жасауға әзiрге қоғам белсендiлерi жәрдем беруде. Онша-мұнша шараларды өзiмiз видеоға түсiрiп, монтаж жасап, сайтымызға шығаратын болдық. Бiрақ бәрiне уақыт тапшы, тек сол ұлтжандылық пен энтузиазмның арқасында жүзеге асырылуда. Жайлап видеоөнiм жасауға көшпесек, айына бiр рет шығатын газеттi ешкiм күтiп отырмайды.

– Қазақстанда болып жатқан саяси-әлеуметтiк жағдайларды қаншалықты қадағалап отырасыздар? Бiр сұхбатыңызда "Қазақстанның iргесiнде отырсақ та, ешқандай байланысымыз жоқ" депсiз. Осыны тарқатып айтып берiңiзшi.

– Қайдағы? Бiзде қазақ теледидарын көрмек тұрмақ, газеттер жетпейдi. Тек қана интернет арқылы хабар алып, бiлiп тұрамыз. Бiз қазақ тiлi түгiлi, орыс тiлiнде Қазақстан туралы ақпараттарды сараң естимiз. Қазақстандағы оппозиция шындықты қаншалықты айтып жүр, билiк ше? Бiз мұны жете бiле бермеймiз. Не "Қазақстан", не "Хабар" телеарналарын көре алмаймыз. Ал "Хабарды" көргiң келсе, арнайы блок сатып алып, ай сайын абоненттiк төлемақы құю керек. Мысалы, арнайы қондырғысыз көрсететiн Беларусь телеарнасы бар. Неге қазақ телеарналарын осылай көруге болмайды? "Caspionet" деген спутниктiк арна барын бiлемiз. Ал ұшырған спутник ауада жарылып кеттi дей ме, әйтеуiр, бiзге ештеңе жеткен жоқ. Спутниктiк табақшаларды орнату үшiн бiзге кемiнде 20-25 мың рубль қажет болады. Ол шамамен 1000 доллардың көлемiнде. Әрi оның абоненттiк төлемақысының өзiне айына 10-15 мың рубль керек. Оған қай қазақтың шамасы жетедi? Бiздiң жанайқайымызды естiп, оған құлақ түрiп жатқан да ешкiм көрiнбейдi. Бұл жақтағы билiкке қажетiмiз шамалы, елiмiзге де керек емес сияқтымыз. Бiз орта буын өкiлдерi, жастар интернеттен жаңалықтарды оқи беремiз. Ал басқалар ше? Бiр айта кетерлiгi, бiз өз сайтымызда қазақтiлдi газеттерге сiлтеме жасап, ашуға мүмкiндiк туғыздық. Әйтеуiр, жастар отандық баспасөздi көру арқылы тiлiн ұмытпаса екен деген ой ғой. Тым болмаса, Ресейде Қазақстан жаңалықтарын айтатын бiрде-бiр телеарна жоқ. Бұл жанайқайымызды кiмге және қашан айтамыз?

"ҚАЗАҚ ӘЛЕМI" КЕЗЕК КҮТТIРМЕЙТIН МӘСЕЛЕ

– Бәрiмiзге белгiлi, Ресейдiң "Русский мир" қорының бүгiнде әлемнiң түкпiр-түкпiрiнде бөлiмшелерi бар. Олар орыс тiлiнiң қолдану аймағының тарылмауына күш салып жатыр. Бiзге де үйренетiн мәселелер бар емес пе?

– Мен өз ойымды баяғыдан айтып жүрмiн. 2009 жылдың соңында Ресей қазақтары федералдық ұлттық мәдени автономиясының кеңейтiлген жиналысында осы ойымды тағы да айттым. Дүниежүзi қазақтары Қауымдастығынан да өкiлдер келiп қатысты. Неге бiз "Казахский мир" (бәлкiм аты басқа болар) қорын ашып, жер-жердегi қандастардың қазақ тiлiн ұмытпауына көңiл бөлмеймiз. Қазiргi кезде "Русский мир" қоры ауқымды электрондық кiтапханаға, орыс тiлiн үйренуге арналған оқулықтарға бай. http://www.russkiymir.ru сайтына кiрсең, көздiң жауын алады! Ал бiз болсақ, ұсақ-түйек мәселелердi айтып жүрмiз. Осы жазда өтетiн Дүниежүзi қазақтарының Құрылтайында осы мәселенi бiржола шешу керектiгiн, Құрылтайға дейiн осындай қорды құрудың жобасы бекiтiлiп, сол жөнiнде орындаушылардың баяндамасы тыңдалу керектiгiн айттым. Көремiз ендi, қазақшылыққа салынбаса, бiздiң Қауымдастықтың өкiлдерi де бiр шешiмге келетiн шығар деп отырмын. Әйтпесе, қаржы тапшылығы әлем қазақтарының бәрiн алақандарын жайдырып, әбден шаршатып бiтiрдi.

– Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы қабылданған едi. Осы бағдарламаның шапағатын көрген жоқсыздар ма?

– Бұл бағдарламаның қабылданғанынан хабарым бар. Бұған бөлiнген қаржы қайда кеттi екен деп кейде ойланып қоямын. Бiзде қоғамдық бiрлестiктердi Ресейдiң "Ұлттық-мәдени автономиялар туралы" және "Қоғамдық бiрлестiктер туралы" Заңның негiзiнде ғана жұмыс iстетедi. Не оңға, не солға қадам баса алмаймыз. Сондықтан бiзге көлденең қаржы ешқайдан келмейдi. Қазақстаннан, өзiңiз айтқан бағдарламалар бойынша жәрдем тиiп қала ма деп алаңдап отыратынымыз да сол. Ал шетелдегi қандастарды қолдайтын бағдарламаға 1789773 мың теңге, оның iшiнде 2005 жылы – 591589 мың теңге; 2006 жылы – 594418 мың теңге; 2007 жылы – 603766 мың теңге бөлiнiптi. Бiлуiмiзше, әшкереленген заң бұрмалаушылықтардың жалпы сомасы 17 млн. теңгеге жетiп, 14,9 млн. теңгеге оқу әдебиетiн дер кезiнде жеткiзу бойынша шарттық мiндеттемелердi мойнына алып, оны мезгiлiнде орындамағаны үшiн айыппұл санкциялары өндiрiп алынбаған. Ал, мемлекеттiк сатып алу бойынша 2,5 млн. теңгеге лайықталған заң талаптары бұзылыпты. Дәл осы iспеттес бағдарлама жақында Мәдениет министрлiгiнде қаралды. Неге осындай бағдарламаларды талқылағанда Федералдық ұлттық мәдени автономиясының Төрағасын шақырып қатыстыруға болмайды? Шетелдегi қандастарға не керек екенiн бiз бiлемiз ғой.

– Қысқасы, Ресейдегi қазақтардың жағдайы мәз емес дейсiз ғой…

– Қазақтардың көбi қазақ тiлiн бiлмейдi. Кейiнгi ұрпақ ұлттық тiл мен мәдениеттен мүлдем қол үзiп барады. Этно-компоненттi мектептер ашып, тiл курстарын күшейтпесе, жағдай осылай жалғаса берсе, ендi аз жылда қазақ тiлiн ұмытып кететiн түрiмiз бар. Аса iрi мегаполис Мәскеуде этно-компоненттi мектеп ашып, жан-жақтан қазақтарды жинап, оқытам деу қиын. Өйткенi, Мәскеудiң бiр шетiнен екiншi шетiне балаңды көлiкпен тасымалдап, болмаса мектепке қарай автобусқа мiнгiзiп, метроға бiр өзiн салып жiберiп қойып үйде жайбарақат отыру мүмкiн емес. Дегенмен, шекаралас, қазақтар көбiрек шоғырланған Ресей өңiрлерiнде ашуға әбден болар едi.

– Жақында батыр Бауыржан Момышұлының есiмi мектепке берiлгенiн бiлемiз. Осындай бiлiм ұяларымен байланысып тұрасыздар ма?

– Әрине, бұл Қазақстанның Мәскеудегi елшiлiгiнiң Наурыз мейрамына және Батыр Бауыржанның 100 жылдық мерейтойына арнаған керемет сыйы болды. Бұдан былай №229 жалпы бiлiм беретiн мектептiң оқушылары батырдың аты жазылған аттестат алады. Б. Момышұлының туғанына 100 жыл толуына орай "Легендарный батыр" деген кiтап шығарылды. Ұлы жеңiстiң 65 жылдығына орай Айман Мұсаходжаеваның жетекшiлiгiмен Еуразия симфониялық оркестрiнiң концертi өтпек.

– Мәскеудегi қазақ жiгiтi Ерланның қазасы қоғамды дүр сiлкiндiрген едi. Қазiр тыныш па?

– Бұл мәселе сол күйi белгiсiз күйiнде қалды. Ұлтаралық қатынас бiршама жақсарып келедi. Бiр жағынан Ресей Iшкi iстер министрлiгiнде реформа жүрiп жатыр. Баяғыдай метроның жанында тұрып, не кетiп бара жатып құжат тексеру деген тыйылып қалды. Қазақтарға деген көзқарас жақсы. Оған бәлкiм, Кедендiк одақтың, сондай-ақ қазiр айтылып жүрген бiрыңғай экономикалық кеңiстiк құру жоспары әсер еткен шығар.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгiмелескен Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары