«РАУШАН» ТӨҢКЕРIСIНIҢ ЖАҢА БОЯУЫ

«РАУШАН» ТӨҢКЕРIСIНIҢ ЖАҢА БОЯУЫ

«РАУШАН» ТӨҢКЕРIСIНIҢ ЖАҢА БОЯУЫ
ашық дереккөзі
216

Қырғызстанда келесi президент кiм болады?

Бүгiнде Қырғызстанда қос үкiмет орнады. Баяғы ХХ ғасырдың басындағы ақпан төңкерiсiнен кейiнгi ахуалды қырғыз халқы тағы да бастан өткерiп отыр. Бүкiлхалықтық сайлауда президент тағына отырған Бакиев пен оны орнынан аластату арқылы билiкке келген бұрынғы оппозиционер құрған Уақытша үкiмет тайталасының соңы неге апаратыны беймәлiм. Бiрақ, Уақытша үкiмет Ресейдiң қолдауымен Бакиевтi орнынан тайдырмай қоймайтын сыңайлы. Әзiрге Бакиев тек өзi туып өскен Ош қаласында ғана халық алдына шығып, мәлiмдеме жасады.

ҚЫРҒЫЗША…

Құрманбек Бакиевтiң жақтастары Жалалабад облысының Тейiт ауылында митинг өткiзiп, Уақытша үкiметтiң билiктi заңсыз басып алғандығын мәлiмдедi. Ауылдастарының алдында сөз сөйлеген Бакиев Уақытша билiк өкiлдерiн кiнәлап, оларды «қантөгiспен билiктi басып алды» деп айыптады. Сөйте тұра, Бакиев Уақытша үкiмет басшыларымен келiссөз жүргiзуге дайын екендiгiн айтқан. Бiрақ, Уақытша үкiмет басшылары Құрманбек Бакиевпен ешқандай келiссөз жүргiзер емес.

Бүгiнде әлемдiк саясаткерлер Қырғыздағы «раушан» төңкерiсiн «қырғызша» деп атай бастады. Өйткенi, бұндай толқулар қырғыз қоғамы үшiн дәстүрге айналып бара жатқандай. Билiк басына кiм келсе де, халықтың әлеуметтiк тұрмысын жақсартуға әрекет етпейтiндiгi, керiсiнше, билiк пен шетелдiк инвесторлардан түсетiн қаржыны президенттiң айналасындағылар мен туған-туысқандары бөлiсетiндiгi, Ақаевтың артынан қылмыстық iс қозғап, туған-туысқандарын қудалап, iзiне түскен Бакиевтiң өзi бүгiн сондай жағдайға түскендiгi жайында жазып жатыр.

«EurasiaNet» сайтының жазуы бойынша, Қырғызстан егер елдегi қазба байлықтарды дұрыс пайдаланатын болса, Орта Азиядағы ең бай елдердiң қатарына енуiне толық мүмкiндiгi бар екен. Құмтөр алтын кенi әлемдегi ең iрi кендердiң бiрiнен саналады, ал ТМД-да ең iрi үш кенiштiң бiрiне жатады. Бұл кен орнын Қырғызстан Канаданың Cameco компаниясымен бiрлесе игередi. 2009 жылы Құмтөр кенiшiнде 16,3 тонна алтын өндiрiлген. Сөйтiп, былтыр Қырғызстанның Iшкi жалпы өнiмiнде (IЖӨ) Құмтөрдiң үлесi – 7,2%-ға жетсе, өндiрiстегi үлес салмағы – 24%-ға, экспорттағы үлесi – 30%-ына жеткен. Бiрақ, бұдан қырғыз халқына түсiп жатқан пайда шамалы. Керiсiнше, Қырғызстанның әлеуметтiк жағдайы Ақаев билiгi кезiндегiден де құлдырап кеткен. Бакиев билiк басына өзiнiң туған-туысқандарын шоғырландырған. Оның туған iнiсi Жаныш Бакиев Мемлекеттiк күзет қызметiнiң бастығы болса, баласы Максим Бакиев – Қырғызстанның даму, инвестиция және инновация агенттiгiнiң жетекшiсi ретiнде тағайындалған. Сондай-ақ, Германиядағы Қырғыз елшiсi Марат Бакиев те Құрманбек Бакиевтiң туған iнiсi.

6-сәуiрдегi Талас облысындағы шерудiң бұрқ етуiне елдегi коммуналдық қызмет бағасының бiрден 30%-ға көтерiлуi себеп болған. Оның өзiндiк себебi де бар. Ал, қырғыз оппозициясы елдегi әлеуметтiк жағдайдың шиеленiсiн жақсы пайдалана бiлдi. Кейбiр деректерге сенсек, алаңға шыққан шерушiлер бейбiт ереуiлдегеннiң орнына, қолына қару ала шыққан. Құрманбек Бакиев ресейлiк «КоммерсантЪ» газетiне берген «Я президент и не могу говорить неверно» (№64, 13.04.2010) атты сұхбатында «Бiз митинг ғана өтедi деп ойладық. Ол жаққа көлiк қозғалысына бөгет жасатпас үшiн курсанттарды жiбердiк, астана қалыпты жағдайда жұмыс iстесiн деп ойладық. Олар не iстедi дейсiз? Курсанттарды бiрден қуып жiбердi, миллициялар мен арнайы қызмет адамдарының қаруын тартын алып, соққыға жықты. Қару-жарақтарын алып Ақ үйге қарай жол тартты. Жол бойында қару-жарақ дүкенiн тонаған» деп мұңын шағады. Соған қарағанда, ереуiлдеушiлердiң мақсаты о баста-ақ айқын болғанға ұқсайды.

ГЕОСАЯСИ ОЙЫНДАР

Қырғыз баспасөзi мен саясаткерлерi де, әлемдiк сарапшылардың бiразында бұл көтерiлiстiң соңында үшiншi бiр күштiң тұрғандығы жайында жиi айтылады. Пiкiрлерге қарағанда, Қырғыз елi бұл жолы да геосаяси ойындардың құрбанына айналып отырған секiлдi. Американдық «EurasiaNet» сайтының жазуына қарағанда, («Путин наказывает Бакиева?», 08.04.2010, Авторлары: Дэвид Триллинг, Чингиз Уметов), бұл iске Ресейдiң қатысы бар дегендi ашық айтады. «1-сәуiрде Ресей премьер-министрi Путин Ресейден Қырғызстанға тасымалданатын жанар-жағармайға салынатын жеңiлдетiлген баж салығын алып тастады. Бұл жеңiлдiк – Қырғызстанға ЕурАзЭҚ-қа мүше болғандығы үшiн жасалынатын. Бұндай қадам жасауға себеп болған мәселе ЕурАзЭҚ-тың орнына Кеден одағының жасақталуы. Құрамына Ресей, Қазақстан және Беларусь мемлекеттерi енетiн Кеден одағы осы шiлдеде толығымен жасақталып бiтуi тиiс» делiнген.

Сарапшылар Путиннiң бұл қадамын Қырғыз елiнiң Кеден одағына енуден бас тартқаны үшiн тартқызған сазайы деп қорытындылайды. Келесi сөйлемде «Бұл жағдайда түсiнiксiз бiр мәселе бар. Ресей ЕурАзЭҚ мүшесi болып отырған, алайда Кедендiк одаққа ене қоймаған Тәжiкстанға да жеңiлдетiлген баж салығымен мұнай өнiмдерiн тасымалдайды. Тәжiкстан үшiн де осындай шара қолданыла ма, жоқ па? Ол жағы белгiсiз».

Сондай-ақ, Бiшкек «Манас» әуежайынан американдық әскери базаны шығармағаны үшiн де сазайын тартқан секiлдi. 2009 жылдың ақпан айында Мәскеу Бiшкекке 2,15 млрд. доллар көлемiнде көмек көрсетуге уәде берген едi. Ал, Бакиев бұл көмектiң ақысына «Манас» әуебазасынан АҚШ жауынгерлерiн шығаруды мойнына алған. Бiрақ, АҚШ әскерилерi «Манастан» кетпедi. Биыл жыл басынан Қырғыз билiгiн бөлiнген көмектiң алғашқы бөлiгiн дұрыс пайдаланбады деп айыптаған Ресей «Қамбарата-1» ГЭС-iнiң құрылысын салуға бағышталған 1,7 млрд. долларды бөлудi тоқтатты. Осы жағдайдың барлығы өзi тұралап тұрған Қырғыз экономикасының одан әрi құлдырауына жол бердi.

Таластағы ереуiлдiң бұрқ етуiне себеп болған коммуналдық қызмет төлемдерiнiң қымбаттауына әсер еткен сыртқы фактор осы болатын.

Кейбiр ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, Мәскеуде төңкерiс болардан бiр күн бұрын Путин мен қырғыз оппозиционерi Т. Сариев кездесiп, Путин қырғыз оппозиционерлерiн қолдауға уәде берген екен. Қырғызстандық «24kg» сайтындағы «Киргизский бунт» (08.04.2010. Авторы – Борис Рудь) атты мақалада «7-сәуiрде тұтқындалған оппозиция өкiлдерiне Ресеймен байланысы бар деген айып тағылған. Қырғызстанның экс-премьерi Данияр Үсеновтiң айтуына қарағанда, оппозиция жетекшiсi Темiр Сариев Ресей премьерi Путинмен кездескенiн мойындағандығын айтады. Путин оған қырғыз оппозиционерлерiн қолдаймын деп мәлiмдеген екен» делiнген. Алайда, Путин бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр. Қалай дегенмен де, Қырғызстандағы жағдайға бiрiншi болып реакция танытқан Ресей премьерi В. Путин болатын. Ол Бакиевтi айыптай отырып, оған Ақаевты паналатқандай пана бола алмайтындығын жеткiзген. Сонымен қатар, Мәскеу Қырғыз уақытша билiгiн мойындаған бiрден бiр және алғашқы мемлекет, өзге мемлекеттер арасынан Қырғыз уақытша билiгiн мойындау жайында мәлiмдеме жасалған жоқ. Алайда, жағдай қалпына келгенше, осы уақытша билiкпен жұмыс iстей беретiндiктерiн бiлдiрдi. 10-сәуiрде қазақ билiгi де Уақытша билiктi мойындамаса да, қолдау көрсететiндiгiн айтты. Ал, Американың Мемлекеттiк хатшысы Киллари Клинтон Уақытша үкiмет төрағасы Роза Отунбаевамен телефон арқылы тiлдескен әрi әзiрге уақытша үкiмет өкiлдерiмен жұмыс iстейтiндiктерiн мәлiмдеген.

Яғни, мәселенi байыптай келсек, Путиннiң елден бұрын елпiлдеуi, Роза Отунбаеваның Ресей баспасөзiне берген сұхбаттарында Ресей үкiметiне және Владимир Путинге алғыс айтуы, Путин мен Отунбаеваның телефон арқылы тiлдесуi, А. Атамбаевтың Мәскеуде Путинмен кездесуi – бұл iске Ресейдiң тiкелей қатысы болмаса да, Ресейдiң қалағаны осы болғандығын айқындап тұр. Оның үстiне «қорыққан бұрын жұдырықтайды» дегендей Путиннiң бiрден «Мәскеудiң бұған ешқандай қатысы жоқ» деп мәлiмдеуi де көп сұрақтың ұшығын тарқатқандай. Дегенмен, «КоммерсантЪ» газетiне берген сұхбатында Бакиев «Ресейдiң бұған еш қатысы жоқ» деген ой айтады.

ТЕМIР САРИЕВТIҢ ҰПАЙЫ ТҮГЕЛ СИЯҚТЫ

Бакиев бүгiнгi Уақытша үкiметтi мойындамайтындығын, өзiнiң бүкiлхалықтық сайлауда 77% дауысқа ие болғандығын айта отырып, Қырғызстандағы жағдайды саралауға халықаралық тәуелсiз комиссия құрылуын талап етедi. «Егер, олардың қорытындылары бойынша мен кiнәлi болсам, қылша мойным талша, мойныммен көтеруге әзiрмiн» деген «Mail.ru» сайтына берген сұхбатында. Ал, Уақытша Үкiмет Бакиевтi президенттiк тағынан тайдырып, оны Қырғызстанның президентi емес деп жариялады. Бакиев егер уақытша үкiмет оның өзiнiң жеке басына және туыс-туғандарының амандығына кепiлдiк беретiн болса, президенттiктен бас тартатындығын мәлiмдедi. Демек Бакиев жеке басының қамы үшiн ғана жүргендiгiн танытты.

«Айқын» газетiне сұхбат берген қырғыз саясаттанушысы Марс Сариев Қырғызстанның екiге жарылу қаупi барлығын айтады. Қалай дегенмен де, бұл оңтүстiк пен солтүстiктiң бiтiспес соғысы. Осыдан бес жыл бұрынғы төңкерiсте «солтүстiктiң» лидерi Асқар Ақаевты орнынан құлатып, оңтүстiктiктер билiктi қолына алған едi. Бұл жолғы ереуiл керiсiнше, солтүстiктен басталып, оңтүстiкке қарай ойысты. Бүгiнде оңтүстiктегiлер Бакиевтi жақтап митинг өткiзiп жатыр. Егер, Бакиев билiктен кетсе, ендiгi президент Путинмен жасырын кездесiп жүрген Т. Сариев болады деген де ойлар бар. Түбi осы болжамның расқа шығуы әбден ықтимал.

6-7 сәуiр күнi Қырғызстанның Талас облыстық әкiмшiлiгiн басып алумен басталған төңкерiс, Бiшкекте Қырғыз Ақ үйiн күшпен басып кiрумен аяқталған. Ереуiл кезiнде – 85 адам қаза болып, 1500 адам түрлi жарақат алған. Ел президентi Құрманбек Бакиев – Жалалабад облысының Ош қаласында бас сауғалаған. Қазiр өзi туған Тейiт ауылында. Ұлы – Максим Американы паналап үлгерген. Бүгiнгi таңда «көпшiлiкке кiм оқ атты?» деген сауалға жауап табыла қойған жоқ. Уақытша билiк басшылары Қ. Бакиевтiң iнiсi Жаныш Бакиев оқ атуға бұйрық бердi деген айыппен, оған iздеу жариялады. Қ. Бакиев ереуiлшiлердiң өзiн кiнәлi деп отыр. Ереуiл кезiнде қырғыз экономикасы қатты шығынға ұшырады. Ереуiлшiлер дүкендердi, супермаркеттердi тонап, банктерге шабуыл жасаған. Мұндай толқулардың бәрi қарапайым халықтың иығына ауыр жүк болып түседi. Жоқшылық ұлғая бередi. Қырғыз елiндегi төңкерiс, әсiресе тонаушылық елдiң үрейiн алып мәдениетке, ғылымға, өнерге, барша рухани салаларды тоқырауға алып келгенi күмәнсiз. Экономика да ұзақ жылдарға керi шегерiлдi, мұның бәрi баршаға сабақ болғаны жөн.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары