ҚЫЗЫЛАҒАШТАҒЫ АҚ ҚАЙЫҢДАР

ҚЫЗЫЛАҒАШТАҒЫ АҚ ҚАЙЫҢДАР

ҚЫЗЫЛАҒАШТАҒЫ АҚ ҚАЙЫҢДАР
ашық дереккөзі
234

Қызылағаш ауылында он бiрiншi наурыз күнi болған қайғылы оқиғаны ел-жұрт жұма күнi естiген болатын. Келесi күнгi сенбiден бастап, Алматы қаласындағы жастарымыз iзгiлiк шараларын өткiзе бастады.

Алғашқысы болып, «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» Жастар қанатының жанындағы «Заңғар» шығармашылық бiрлестiгi «Жақыныңа жәрдемдес!» атты үндеу жариялап, оны қаладағы ЖОО-на, жергiлiктi аудан әкiмшiлiктерiне «өте шұғыл!» деген ұранмен аталған бастаманы қолдауға шақырды. Бастамаға бiрiншi болып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нiң басшылығы әрiптестiк iс-шаралық мәселелердi қолға алса, Абылай хан атындағы Әлемдiк тiлдер және халықаралық қатынастар университетi, Д.Қонаев атындағы университетi, Туризм және спорт академиясы, Республикалық медициналық колледжi, Республикалық спорт мектебi мен Алмалы аудандық әкiмдiгi бiр адамдай болып үн қосуға атсалысты. Мiне, қала жұрты сенбi-жексенбi, яғни 13 мен 14-күндерi демалып жатқан кезде, аталған қайырымдылық iс-шаралар басталып та кеткен болатын. Қоғамдық бастамашыл топқа кiрген мекемелер 18-iне дейiн қала тұрғындарынан, студенттер мен ұстаздардан, кәсiпорын қызметкерлерiнен — киiм-кешек, азық-түлiк, ыдыс-аяқ, медициналық дәрi-дәрмектердi жинап, сол күннен кешiктiрмей Ақсу ауданы Қызылағаш ауылына көлiктермен аттандыруды жоспарлады. Сонымен қатар, осы шараға ақпарат көздерiнен «Қазақ радиосы», «Алматы ақшамы» сияқты БАҚ өкiлдерi де белсендiлiгiн көрсеттi. Әсiресе, өз заттарын ала келген зейнеткерлер мен қала тұрғындары — Қазақ радиосының әр жаңалықтарында берiлiп тұрған хабарламаны естiп, үн қосуға келгендерiн жасырмады. Төрт тонна киiм-кешек пен екi тонна азық-түлiк тиелген төрт автокөлiктi Алматы облысының Жол полициясы басқармасының патрульдiк сүйемелдеуiмен еш кедергiсiз дiттеген жерiне дейiн жеткiздi. Осылайша ұйымдастырылған алғашқы қоғамдық iс-шараға студент жастар мен зейнеткерлер қауымы ерекше белсендiлiк танытты. Бiрде жетi жасар немересiмен бiрге қолдарына киiм-кешегiн көтерiп келген Ұлы Отан соғысының ардагерi былай деген едi. Қарт атаны радиодағы хабарламаны естiген кiшкентай немересiнiң қылығы тәнтi қылған көрiнедi. Жетi жасар Санжар дереу үстiндегi киiмдерiн сөмкесiне сала бастап, ақ самайлы атасын Оқушылар сарайындағы тұрмыстық заттарды қабылдау пунктiне апаруын өтiнгендiгi сүйсiндiрiптi.

Жастар атынан алғаш көмек қолын созуға тағы да сiлкiнiп қалудан тайынбай, ендiгi кезекте болған iстiң бүге-шүгесiн талдамай, қажеттi әрекет қылудың амалы ретiнде Қызылағаштағы жермен-жексен болған аумақта «Алматы жастарының аллеясын» отырғызуын қарастырдық. Осы мақсатта Алматы қаласы әкiмдiгiнiң елу ақ қайыңды қамтамасыз етуiнiң арқасында, елiмiздiң барлық БАҚ өкiлдерiмен бiрге 11-сәуiр күнi Қызылағашқа аттандық. Кезектi сауапты бастаманың маңыздылығы — қалам ұстаған жандардың жергiлiктi халықтың әл-ауқатын тiкелей өз көздерiмен көрiп, тiлдесiп, қандай жағдайда өмiр сүрiп отырғандығымен танысу болса, екiншi жағынан, зардап шеккен аймақты қалпына келтiрудегi жұмыстардың нәтижелерiмен хабардар болуы едi. Iс-сапар барысында Қызылағаш көшелерiнде бұрын-соңды болмаған ауыз-су құбыры жүргiзiлгендiгiн, соның арқасында алғашқы су құбырының да жұмыс iстеп тұрғандығын көрдiк. Сонымен бiрге, тұрғындардың баспана мәселесi де ойдағыдай шешiлiп жатқаны көңiлiмiзге жылу ұялатты. Алматыдан барған «Алматықалақұрылыс» компаниясы салып бiтiрген орта деңгейлi жанұяға арналған тұрғын үйдiң шатыры жабылып, iшiне алғашқы қоныстанушылардың кiруi — «адал ниетпен кiрiссек, алынбайтын қамалдың жоқтығын» тағы да дәлелдегендей…

Сондықтан, осындай игi iстердiң басы-қасында жүрiп, ауылдағы ағайын-туысқандардың қайғысына ортақтасуда, солардың басына түскен ауыртпалығын бiрiгiп көтерiсуге бел буып, қолындағы барымен қолдау көрсетуге ниет бiлдiрген отандастарымызға жергiлiктi бiр қарт шешейдiң тiлегiмен айтсақ, «қазағым деп соққан шырақтарыма мың да бiр алғысымызды айтам, Алланың нұрына бөленсiн!» демекпiз. Мұндай қиын-қыстау кезеңде кең жүректi мiнездi көрсетiп, жоқтан бар жасап, тек БАҚ арқылы таратылған жаңалықтарды сөз жүзiнде айтып қана қоймай, шынайы iспен ұштастыра бiлген азаматтарымыздың азаматтығына шексiз ризамыз.

Елдiң басына күн туған кезде, мен мұндалап, асарлатуға асығып, жылу жинауға құлшынып тұратын ұлттық қасиетiмiздi көрсетiп тұрсақ, алынбайтын қамал жоқ екенi хақ. Ендеше, «әр қазақ – менiң жалғызым!» деген ұранды жадымыздан шығармайық, ағайын.

Мақсат ЖАҚАУ, «ЗАҢҒАР» шығармашылық бiрлестiгiнiң төраға орынбасары

Серіктес жаңалықтары