«ҚАРАШЫҒАНАҚ» ҚАЗАҚ ТIЛIНЕ ҚЫРЫН ҚАРАЙ МА?

«ҚАРАШЫҒАНАҚ» ҚАЗАҚ ТIЛIНЕ ҚЫРЫН ҚАРАЙ МА?

«ҚАРАШЫҒАНАҚ» ҚАЗАҚ ТIЛIНЕ ҚЫРЫН ҚАРАЙ МА?
ашық дереккөзі
261

Жоғары оқу орындарында бiлiм алатын студенттер жазғы өндiрiстiк тәжiрибеден өтуге асық. Әсiресе, техникалық оқу орындарында оқитын жастар шетелдiң елiмiздегi өкiлдiктерi мен филиалдары ұсынған мүмкiндiктi қалт жiбермеуге тырысады. Бiрақ сол шетелдiк компаниялардың бiразы елiмiзде iс-қағаздары қазақ тiлiнде жүргiзiлуге тиiс екенiн естен шығарып алған ба, қалай?

Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың мұнай және газ факультетiнiң студенттерi iс-тәжiрибеден өтетiн бiр жапырақ қағаз талай жайтты аңғартқандай. «Karachaganak» компаниясының логотипi басылған бұл қағаздың жазуы екi тiлде, яғни, орыс және ағылшын тiлiнде ғана толтырылыпты. Ал, сонда «үш тұғырлы тiлдiң» ең негiзгiсi — қазақ тiлi қайда қалған? Әлде, әлемдiк аренада жүрген алпауыт компанияға қазақ тiлiнiң қажетi шамалы ма? Бәлкiм, қазақ тiлiн ағылшын мен орыс тiлiнiң тасасындағы «өлi» тiл санайтын болар?! Ең бастысы, неге жоғары оқу орнының басшылары қазақ тiлiн шетке ысырып тастаған компанияларға қазақ тiлiнде де жазу керектiгiн ескертiп, жақ ашпайды? Студенттерiн осы компанияға жiберiп отырған оқу орындағылардың ана тiлiне шын жаны ашитын болса, өндiрiстiк iс-тәжiрибеден өту қағазында қазақ әрiптерi көзге жылы ұшырап тұрар едi да.

Сонау 1993 жылы «Ана тiлi» газетiнде жарияланған «Жалтақтаудың жөнi жоқ» деген мақала ойға оралады. Ақмола облысының бiлiм мекемелерiндегi тiл мәселесiн жайып салған автор: «…Бiр мектептiң қазақ тiлi мұғалiмдерi қазақ тiлiнiң сағатын көбейту керектiгiн айтқанда, мектеп меңгерушiсi ашықтан-ашық «только через мой труп» деп өз айтқанын iстеп, қарсы тұрған» – деушi едi. Жалтақтаудан, сылбырлық танытудан арылуға шақырған. Бұл сонау тәуелсiздiк алған жылдары жазылған дүние. Әлi ештеңе өзгерген жоқ. Содан берi 20 жылға қадам бассақ та, «баяғы жартас, сол жартас». Әлi күнге қазақ тiлiн өзге ұлт өкiлдерi мен шетелдiк компанияларға, тiптi жергiлiктi бiлiм ұялары мен банк саласының қызметкерлерiне мойындата алмай жүрмiз. Әйтпесе, «Karachaganak» компаниясы қазақ тiлiне қырын қарамас едi-ау…

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары