Серiкғани КӨШЕРОВ: БIЗДIҢ ТЕННИСКЕ ТАРПИЩЕВТЕЙ ТҰЛҒА КЕРЕК

Серiкғани КӨШЕРОВ: БIЗДIҢ ТЕННИСКЕ ТАРПИЩЕВТЕЙ ТҰЛҒА КЕРЕК

Серiкғани КӨШЕРОВ:  БIЗДIҢ ТЕННИСКЕ ТАРПИЩЕВТЕЙ ТҰЛҒА КЕРЕК
ашық дереккөзі
343

Қазақ теннисiнiң дамуына атсалысып, болашақ мықты спортшылар даярлауға үлес қосып жүрген қазақ жаттықтырушылары некен-саяқ. Тiптi бiр қолдың саусағымен санарлық. Соның бiрi – ОҚО теннис мектебiнiң аға бапкерi Серiкғани Көшеров. Шымкент қаласы мен Республикалық турнирлердiң дүркiн-дүркiн жеңiмпазы, қазiргi таңда оңтүстiк өңiрдiң белдi жаттықтырушысы Серiкғанидiң тәлiмiн алған бiршама талантты спортшылар ел намысын абыроймен қорғап жүр.

Жақында ғана Алматыда өткен «Наурыз» турнирiне өз тәлiмгерлерiн бастап келген бiлiктi маманмен сұқбаттасудың ретi түстi. Қазақ теннисiнiң бүгiнгi жай-күйi мен хал-ахуалын боямасыз жеткiзген сырлы әңгiме жанкүйерлердi бей-жай қалдыра қоймас…

– Теннисте ұлт мамандары жоқтың қасы сiздiң бұл спорт түрiн таңдауыңызға таңдануға болатын сияқты…

– Мен 1966-жылы Созақ ауданының, Құмкент ауылында дүниеге келгем. Қарағанды мен Шымкент қаласындағы педогогикалық институтты жақсы тәмәмдап, тенниспен шұғылдана бастадым. 1989 жылдан бастап осы спортпен дендеп айналысып, шеберлiгiмдi шыңдап келем. Қазiр Шымкенттегi теннис мектебiнiң аға бапкерiмiн. Бiраз шәкiрттерiм республикада алдыңғы қатардағы спортшылар. Соның бiрi Есенбеков Сержан дәл қазiр АҚШ-тың теннис академиясында бiлiмiн жетiлдiруде.

– Соңғы жылдары қазақ теннисi қарқынды дамуға бет бұрды. Елбасының жеке тапсырмасымен елiмiздiң аймақтарында осы спортты насихаттауға көп көңiл бөлiнуде. Мiне, содан бергi жасаған жұмыстарыңызға жалпы сипаттама берсеңiз.

– Кейiнгi үш-төрт жыл iшiнде қазақ теннисi қайта тiрiлгендей болды. Қазақстанның бiрнеше қалаларында керемет корттар салынды. Әлi де салынып жатыр. Жаттығуға арналған түрлi-түрлi ғимараттар, тенниске керектi залдар салу iске асуда.

Бiз де шәкiрт даярлау iсiн жаңа бағытта қолға алдық. Ресейден тәжiрибе алмасуға келген жаттықтырушылармен бiрге тенниске баулудың оңтайлы жағдайларын қарастырып шықтық. Заманауи техника мен әдiстеменi қолға ала отырып, спорттық жағынан сауатты әмбебеп теннисшi тәрбиелеудi бiр арнаға салдық.

– Осы қиын спорттың қазанында қайнап жүргендiктен бiз бiле бемейтiн қырларына қанықсыз. Қол жетпей жатқан мәселелер мен кемшiлiктердiң бетiн аша айтсаңыз. Дәл қазiргi таңда қолбайлау болып жатқан мәселелердiң бәрi жолға қойыла кеткен жоқ шығар…

– Әрине, кез келген саланың өз кемшiлiктерi жетерлiк. Бiздiң қазақ теннисiне Шамиль Тарпищев секiлдi ұйымдастыру қабiлетi жоғары адам керек. Ол кiсiнi дәл қазiр бүкiл әлем таниды. Сонымен қатар ол кiсiнiң өсiрiп, баптап шығарған теннисшiлерi арқылы барша Ресейдi таниды. Жаттықтырушылар мен бапкерлердiң көңiлiн тауып, барлығының жағдайын жасайтын тұлға бiздiң тенниске де ауадай қажет болып тұр.

Ең сорақысы, мемлекеттiк бағдарламамен шетелге оқуға кетiп жатқан жастарымыз жөндi сұрыптаудан өтiп жатқан жоқ. Iшкi бiрiншiлiктерде жарытып өнер көрсетпесе де, таныс-тамырлықтың арқасында кеткендер жетерлiк. Ал ондай мүмкiндiктен айырылған қаншама талантты жастар спортқа деген құлшыныстарын жоғалытып, әдiлетке сенуден қалады.

– Қазақстанның азаматтығын алып, ел намысын қорғап жүрген ресейлiк Голубев, Кукушкин, Королев, Шведова, Воскобоева және болгариялық Каратанчеваның өнерiне көңiлiңiз тола ма? Жалпы бұл үрдiс дұрыс деп ойлайсыз ба?

– Бұл федерация тарапынан жасалынып жатқан қадамдар. Бiз оның саясатына араласа алмаймыз. Бiрақ өз ойымызды айту парызымыз. Көршiлес елдiң мықты спортшылары елiмiзге келiп, туралап жатқан теннисiмiзге серпiн беретiнi рас. Ол әлемдiк тәжiрибеде бар нәрсе. Оны бiздiң федерация ойлап тапқан жоқ. Ондай спортшылар ең алдымен осы спорт түрiнiң халық арасында кеңiнен насихатталуына зор ықпал етедi. Және сол спортшыларда бар техникалық, шеберлiк өнердi өзiмiздiң жас спортшылар үйренуi қажет. Ертең олардың спорттық ғұмыры бiткен кезде iзiн суытпай сол деңгейде қазақ спортшылары да шығуы тиiс. Және сол бағытта жұмыс жасау керек. Ал дәл қазiр, бiздiң байқауымызша, ондай шаралар жасалып жатқан жоқ. Басқармадағыларға легионерлердiң аз уақыт iшiнде әлемдiк реитингте Қазақстанның атын уақытша ғана жоғары орындардан көрсетуi ғана керек секiлдi. Болашаққа жұмыс жасау, ертеңдi ойлау мүлдем жоқ секiлдi. Мен бапкер ретiнде болжап айтатын болсам дәл сол ресейлiктердiң спорттық ғұмыры екi жыл аясында ғана. Одан әрiге олар шыдай қоймас. Теннисте жарақат, психология деген қырлар бар. Ертең ресейлiктердiң әлемдiк теннис алаңындағы өркендеу дәуренi саябырсиды. Ол – заңдылық.

– Өзiңiздiң бапкер ретiнде қолыңыз жетпей жүрген мақсаттарыңызды да жария етсеңiз.

– Кез келген бапкер секiлдi өзiндiк жаттықтыру әдiстемем бар. Спортшының техникалық шеберлiгi, оның тамақтануы, физикалық әлеуетi, психологиялық жағдайымен жұмыс жасау үшiн ойлап шығарған әдiсiм бар. Қаншама шет мемлекеттерге шығып жүргенде жинаған тәжiрибемнiң арқасында, көрген-бiлгендерiмдi түйiндедiм. Егер мемлекет тарапынан қолдау бiлдiрiлсе, талай талантты спортшыларды тәрбиелеуге мүмкiндiк бар. Теннистiң заңдылығы мынандай. Егер жаттықтырушы қырық спортшыны бiрден баптайтын болса, барлығына жете көңiл бөлуi қиын болады. Барлығына бiрдей бар жиған-терген тәлiмiңдi беру мүмкiн емес. Ал егер сол қырық баланың iшiнен таңдап төртеуiн ғана алсақ және ары қарай тек солармен жұмыс жасасақ бiр нәтиже шығар едi. Кез келген спортта үш төрт айда жақсы нәтиже шығуы тиiс.

Сонымен бiрге қазiргi саусақпен санарлықтай бапкерлердi шетелге семинар, лекцияларға жиi шығарып тұрса. Бiзге одан артық ештеңенiң де керегi шамалы. Аспандағы айды әпер деп тұрғанымыз жоқ. Федерацияға жыл сайын бөлiнетiн 50 миллион доллар бiзге жұмсалмаса қайда кетiп жатыр?!

– Сiздiң тәрбиелеуiңiздегi балалардан қазақтың ертеңгi теннис көгiне жарқырап шығады-ау дегенi бар шығар? Үмiтiңiздi кiмге артып отырсыз?

– Өткен Қазақстанның қысқы бiрiншiлiгiнде алтыншы орыннан көрiнген Қайрат Көшеровтың болашағына сенiммен қараймын. Одан бөлек Рахман Омар мен Гузель Айнетдиноваға да ерекше назар аудару керек. Сондай-ақ Омаров Шейх-Мансұр, Пантелиди Виолетта, Дмитрий Браун, К.Керiмбаев, С.Қайранбаева, З. Хайрутдинова секiлдi жас жеткiншектерден де үлкен жетiстiктер күтем. Ертеңгi күнi Қазақстан атын барша әлемге паш ететiн теннисшiлер де осы буыннан шығады деп үмiттенем. Кем дегенде бiр шәкiртiм «Үлкен Шлем» санатына кiретiн турнирдi жеңiп, елiнiң абыройын асқақтатып, көк байрағымызды әуеде қалқытса екен деймiн. Менде одан артық арман жоқ.

– Әңгiмеңiзге рақмет!

Әңгiмелескен Ермұхамед МӘУЛЕН

Серіктес жаңалықтары