БӘЛДIК МЕШIТI ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗ ЕДI

БӘЛДIК МЕШIТI ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗ ЕДI

БӘЛДIК МЕШIТI ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗ ЕДI
ашық дереккөзі
357

Рухани дүниеге жол ашатын Алла үйi әрдайым жамағатты өзiне тартып тұрады. Сан ғасырлардан берi солай болып келедi және осылай қала бермек. Сондай Алла үйiнiң бiрi –Сырдария өзенiнiң солжақ бетiнде 1906 жылы салынған Бәлдiк мешiтi.

Бұрындары және кейiнгi жылдардағы газет-журналдар мен жекелеген жинақтарда Бәлдiк мешiтiнiң құрылысы, құрылымы жайлы жазылғанмен, оны салдыртқан мешiт иесi Бәлдiк Жаңабергенов хақында толық айтылмай жүр.

Сәулетшi, ғалым Байтенов Ескендiрдiң "Бiлiм және еңбек" журналының 1985 жылдың №8 санындағы "Ескерткiштер естен шықпаса" деген мақала жариялаған болатын. Маманның зерттеуiнде: "…Бәлдiк мешiтi төрт бұрышты етiп салынып, төбесi итарқалып етiп жабылған. Iшкi намаз оқитын бөлмесi кең, оның төрiндегi құбыла ғибадатханасы айрықша көз тартады. Үй төбесiн тiреп тұрған ұстын әшекей оюлармен безендiрiлген. Қабырғадан шығарылған құбыла ғибадатхана жарты шеңбер жасап, көркiмен көз тартады. Оның төбесi ұшқыр күмбездi болып кiрпiшпен өрiлiп жабылған. Ал карниз үстiндегi биiк маңдайша құрылысты асқақтата көрсетедi" деп сипатталған.

Көне-көз қариялардың, мамандардың айтуынша, мешiт құрылысы күйдiрiлген қызыл кiрпiштен қаланған. Кiрпiш пiшiнi 1906 жылы салына бастаған Қалжан ахун мешiтiнiң кiрпiштерiнен аумайды. Бәлдiк мешiтiне кiрпiш 6-7 шақырымдағы Алақашардан алынып, күйдiрiлген. Мешiтке пайдаланған кiрпiш пiшiмi 6х14х28 см, мешiт көлемi 11,45х13,9 м, биiктiгi 7 метр.

Жай жұртшылықты тамсандырған Бәлдiк мешiтiнiң құрылысы Е.Байтенов сияқты кәнгi маманды да таңқалдырыпты. "…Бiрақ құрылыстың архитектуралық құндылығына қарамастан күнi бүгiнге дейiн ешкiмнiң назарына iлiнбеуi қынжыларлық жәйт. Өйткенi құрылыстың қорғауға алынбауы былай тұрсын, есепке де алынбауына қалай қарауға болады?" – деп 1985 жылы ашына жазған-ды. Сол мақала қозғау салды ма, 1986 жылы мемлекеттiк есепке енiп, қорғауға алынады. Сонда 1972 жылғы Қазақ ССР Министрлер Советiнiң "Мәдени, тарихи ескерткiштердi қорғауға алу" туралы қаулы не себептi 1986 жылға дейiн назарда ұсталмаған. Есепке алып, қорғалғаны жайлы тақта қойғаннан басқа, оны сақтап қалу сияқты тиянақты шаралар жасалмады десе болғандай. Кейбiр кiсiлердiң айтуынша 1980-81 жылдары iрге тасын жөндеген сияқты. Бұл күнде оның анық-қанығын бiлетiндер де жоқтың қасы. Сонымен қатар Қызылорда облыстық ескерткiштердi қорғау мекемесi тарапынан 1990 жылы күрделi жөндеу жүрген деген сөздер бар бiрақ, оны нақтылайтын құжаттар да жоқ.

1920-21, 1952-53, 1960-1961 жылдардағы, одан кейiнгi уақыттарда мешiттiң айналасын су алуынан, мешiтке үлкен зиян келтiрiлгенiн, мешiттiң суретiнен анық байқауға болады.

Бiр сөзбен айтсақ талай жылдан берi Бәлдiк мешiтiн қайта жөндеу сияқты маңызды мәселе аяқсыз қалып, ақыр соңында 2008 жылдың наурыз айында мешiттiң құлауына әкелiп соқтырды.

Бәлдiк Тыныштықбайұлын бiзден бұрынғылар көп бiлген секiлдi. "Туркестанская ведомость" (1870-1917 ж.ж.) газетiнде Перовскiдегi училищеге (1905 ж.) ақшалай көмек бергендерiн арасында Б.Жаңабергеновтың есiмi кездессе, "Тургайская газета" (1896-1917 ж.ж.) бiр санында Қостанайдағы орыс-қазақ әйелдер гимназиясына қамқорлық жасағандардың бiрi Б.Тыныштықбайұлы делiнедi. Демек, Бәлдiк Қоғалыкөлдегi осы мешiттен бұрында оқу-ағарту саласына көмектесушiлердiң бiрi болған.

Сонымен Бәлдiк кiм, мешiттi қалай салған. Бәлдiк Тыныштықбайұлы Жаңабергенов Перовскi уезiндегi "Кеңтүп" болысының тұрғыны. Әкесi Тыныштықбай кедей болса да, өзiндiк ойы, ел алдында айтары бар, етi тiрi азаматтардың бiрi болғанға ұқсайды.

Жаппастардың көбi қыста Сырда қыстап, жазда Арқа өңiрiн жайлап, Тобыл, Троицк, Қостанайға дейiн жайлауға көшетiн болған. Осынау жағдаяттарды көрiп өскен Б.Тыныштықбайұлы бiрде "Жиекте" мал төлдейтiн, көшуге даярланып отырған Қараша жаппас Қалыбай байдың ауылына келедi. Қарбалас шақ – мал төлдету кезiнде келген жас жiгiт, бiрден саулықтарға қозыларын апарып емiзедi. Оның мұндай зеректiгiн танып бiлген бай, оның бiр аптадай көмектесуiн сұрапты. Ауылына қайтайын деп тұрған Бәлдiкке Қалыбай бай "…Сенiң еңбегiңе риза болдым, қандай өтiнiшiң бар" дегенде балаң жiгiт сәл ойланып: "Ата, мен ұсақ саудамен айналысып жүр едiм, соны ұлғайтқым келедi. Қарызға пұл берсеңiз", – деп өтiнiшiн айтыпты. Мол қаржыны ұсынып тұрып Қалыбай бай: "Балам, қарызыңды жағдайың келгенде қайтарарсың", – деп батасын берiптi деген ел аузында әңгiме бар.

…Күзембай Қожақов қария: "…Менiң әкем Қожақ 14-15 жасында-ақ Бәлдiктiң арқасында екi-үш жылдай Ресейдiң Троицк, Миасс қалаларындағы ет комбинаттарына қой апарып өткiзiп жүрген. Ол дегенiң қып-қызыл ақша", – деп отыратын.

Бұрынғы Тереңөзек ауданы, №7 ауылының тұрғыны 1928 жылдың 28-қарашада тәркiленген Жүргенбаев Нұрманның комиссияға жазғанындай "…Астық, балық аулаумен айналыстым. Өзiм балық аулап, өз еңбегiммен байыдым" дегендей, Бәлдiк Жаңабергенов те адал еңбегiмен байып, дәулеттi болғанын жоққа шығаруға болмайды.

Патшалық кезеңде Алмат Сардар – 100 жiгiт, Қара (Темiрбек Жүргеновтың әкесi) Жүргенов 30 жiгiт, кеңестiк кезеңнiң алғашқы жылдарында Зарқұм Қуанышұлы 60-70 адам ұстап, жұмсады деген деректер де кездестi. Байдың қорасында мал, сандығында қымбат тауарлар мен ақша болуы заңды да. Өз меншiгiн қорғап, сақтау мақсатында өз ағайындарынан қарауыл ұстаған да болар.

Белгiлi Ораз жырау:

«… Мүкең мыңжарым үй қарамағы,

Ер Бәкең арыстандай аралады,» – деген өлеңiндегi Мүңкенi Мұңайтбас, Бәкеңi-Бәлдiктiң жай ғана бай емес, елдiң iсiне белсене араласқан кiсi болғанын аңғара түсемiз. Бәлдiктiң Царскi, Кеңтүп, Көткеншек, Шаған болыстығының болыстары А.Мешiтбаев, М.Мырқыайдаров, М.Лапин, Ү.Пiрәлиев, А.Басанов, әсiресе Кеңтүп болысының басқарушысы Мұңайтпас Лапинмен қоян-қолтық араласқан. Мұңайтпас ақсақал өз ауылында (өз үйiн мектепке берген) мектеп ашып, Б.Тыныштықбайұлына мешiт салуға ықпал етiптi. Iнiлi-ағалы азаматтар ақылдаса келiп, жоғарыдағыдай сәулеттi де сәндi мешiт салынған.

Жүз жылдан астам Бәлдiк мешiтi елге қызмет еттi. 1929-30 жылдары онда Қожабай, Нұртаза, Мұқан, Омар, Әбдiбек сияқты дiни бiлiмi бар ұстаздар ауыл балаларын оқытқан. Осы мешiттен алғаш бiлiм алғандар қатарында КСРО-ның Сыртқы сауда министрiнiң орынбасары, Қазақстанда бiрнеше министрлiктердi басқарған Арбап Нұрымұлы Сарынов, алғашқы комсомол, партия қызметкерi (1924 ж.) болған Баймағамбет Асатов пен КСРО Халық артисi Сабира Майқанова осы мешiттегi мектептен дәрiс алған, талант иесi.

Сыр өңiрiндегi бiрегей сәулет өнерiнiң жәдiгерi Бәлдiк мешiтi 2008 жылы наурыз айында құлап қалды. Қызылорда облысының, бiр топ тұрғындары Бәлдiк мешiтiнiң құлау алдында және құлағаннан кейiнде оны қалпына келтiру мақсатын алға мемлекеттiк ұйымдарға бiрнеше ұсыныс хаттарын жазған. Алайда, сол ұсыныс хаттарға келген жауаптар көгенделiп тұрған қозыдай бiр-бiрiне ұқсас, тiптi бiрiнен-бiрi айнымайтын жауаптар: "…Осы орайда, комитет аталған ғимаратты қалпына келтiруге қажеттi қаржыны жергiлiктi бюджеттiң есебiнен қарастыру туралы Қызылорда облыстық мәдениет басқармасына ұсыныс жолданды" – деп жазады ҚР Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң мамандары. Ал, Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының бастығы Б.Жүсiпов "Қызылорда облысының мәдениет басқармасы 2008-2010 жылдарға арналған "Мәдени мұра" бағдарламасына Бәлдiк мешiтiн қосымша енгiзуге мүмкiндiк болмайтынын хабарлай отырып, аталған нысанды қайта қалпына келтiру үшiн жобалық-сметалық дайындау туралы 2011-2012 жылдарға арналған бюджеттiк жобасына ұсыныс жасалатындығын назарыңызға саламын" деп бiр қайырса, тiкелей осы мәселелермен айналысатын облыстық тарихи және мәдени ескерткiштердi қорғау мекемесiнiң директоры Е.Алданазаровтың жауабы жоғарыдағы тәрiздес. Аудан жерiндегi осынау ескерткiшке Сырдария ауданының әкiмi С.Тәуiпбаев "…Қазiргi уақытта "Бәлдiк мешiтi" жергiлiктi маңызы бар тарихи, мәдени ескерткiштердiң қатарында. Мешiттi қайта қалпына келтiру үшiн ескерткiштердi қайта қалпына келтiретiн арнайы лицензиясы бар мекеме жоба-сметалық құжаттарын дайындау қажет. Смета бойынша мешiттi қалпына келтiруге жұмсалатын қаржының көлемi есептелгеннен кейiн "Мәдени мұра" бағдарламасына енгiзуге ұсыныс берiледi".

1986 жылдан мемлекеттiк есепте тұрған құнды ескерткiш қамқорлыққа алынбағандықтан, қар, жаңбыр суынан мүжiлiп, сәндi де сәулеттi ескерткiш көрер-көзге жойылды. Қызылорда облысында бұл таңқаларлық жайт емес. Көненiң көзiндей болған қоғам және мемлекет қайраткерлерi С.Сейфуллин, А.Оразбаева, Б.Майлин тұрған үйлер мен Үкiмет үйi, "Алтын Мақан", Мырқы салдырған үйлердiң орны да жоқ. Бәлдiк мешiтi де мемлекеттiк қорғауға алына тұра құлап қалуы салғырттық пен самарқаулықтың нәтижесi деп топшылауға болар.

1985 жылы сәулетшi, ғалым Е.Байтенов "…Соның салдарынан да күтiмсiз көненiң көзi қазiр мүжiлiп, қабырғасы жарылып құлаудың сәл-ақ алдында тұр. Егер жанашыр табылып, құрылысты толық жөндеуден өткiзсе, архитектуралық құрылысты сақтап қалу өз алдына кiтапхана, өлкетану музейi, тағы басқа қырынан халық қажетiне өтеуге пайдалануға әбден болар едi", – деп жазған-ды.

Бүгiнде мешiт бiр пайдаға жарар деген ғалымның үмiтi үзiлiп, тiптi Бәлдiк мешiтi жер бетiнен жойылды десек артық айтқандық болмас.

Жалпылама, жалтарма жауаптар рухани байлығымыз – Бәлдiк мешiтiнiң орнын баса алмайды ғой.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ, зерттеушi, этнограф.

Серіктес жаңалықтары