АСТАНА ТЕАТРЫ – АЛМАТЫДА

АСТАНА ТЕАТРЫ – АЛМАТЫДА

АСТАНА ТЕАТРЫ – АЛМАТЫДА
ашық дереккөзі
951

Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрдың сахнасында бiр апта бойы Астана театрының күндерi жүредi. Астаналықтар оңтүстiк астанаға құр қол келмеген сияқты. Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ-музыкалық драма театрының да алматылықтарға әзiрлеген өзiндiк сый-сияпаты бар. Мәдени шаһар астаналықтардың өнерiне қалай баға бередi, ол келер күннiң еншiсiндегi дүние. Ең бастысы, мәдени шаһардың жұртшылығы астаналықтардың өнерiн жiтi бағалап, әдiл таразысын айтса болғаны… Жас театрдың ұжымының да көрерменнен күтерi осы болмақ. Осы орайда, аталмыш театрдың директоры Еркiн Жуасбек мырзаға бiрер сауал тастаған едiк.

– Өзiңiз қызмет атқарған театрға бүгiн гастрольдiк сапармен қайта келiп жатыр екенсiз. Мұндағы театр ұжымы сiзге жақсы таныс. Ал, Астана театры ше? Жас театр, жаңа ұжым… "Ә" дегеннен сiздi қалай қабылдады?

– Бұл театрды мен бұрыннан бiлетiнмiн. Өзiммен бiрге iстеген әрiптестерiм бұл театрда жұмыс iстейдi. Өзiмнiң ұстаздарым мұнда еңбек еттi. Өзiм сабақ берген шәкiрттерiм де бар мұнда. Қазiргi кезде кейбiреулер аздап түсiнбегендей: "Ол театр бұрын қандай едi, сiз қалай жасадыңыз?" деген сияқты сұрақтарды жиi қояды. Қолымды жүрегiме қойып тұрып, айтатын бiрнәрсе, театр маған дейiн де өмiр сүрген. Оның ешқандай сүрiнiп жатқан жерi жоқ. Ол бұрыннан қалыпты жұмыс iстеп келедi. Менiң де онда барып, оп-оңай жұмыс iстеп кетуiме жағдай болды. Бұл театрдың бұрыннан қалыптасқан актерлiк, режиссерлiк мектебi бар. Қазiргi таңда бұл театрда екi бiрдей Халық әртiсi, сегiз бiрдей еңбек сiңiрген әртiстерi жұмыс iстейдi. Мұнда музыкалық драма жанрына бейiм, ән салып, би билейтiндей қабiлеттерi бар көзiқарақты әртiстер де бар. Бұл – Әзiрбайжан Мәмбетов ағамыз үлкен режиссерлiк мектебiн қалдырған театр. Қазiргi таңда Қазақстандағы үш бiрдей кәсiпқой режиссер жұмыс iстейтiн бiрден-бiр театр да осында. Сондықтан, мен осындай үлкен шеберлердiң басын қосып, жұмыс iстеп жатырмын. Бiздiң бiр ғана мақсатымыз бар. Ол – "бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарып" жұмыс iстеу. Әйтпесе, сондай бiр керемет жаңалық енгiзiп, төңкерiс жасап кеткен ештеңем жоқ.

– Жалпы, аға, өзге қалалардағы театрлардың жөнi бiр бөлек те, Елордадағы театрдың жөнi бiр бөлек қой. Ел астанасына келiп-кететiн қонақтар да көп. Театр бұған қандай үлес қосып жатыр?

– Елорда болмай тұрған кезде, бұл өңiрде қазақ театрының болмауы да көрерменнiң театрдан алшақтап кетуiне көп әсерiн тигiзген деп айту керек. Себебi, Алматыдағыдай театр деп құштарланып тұратын атмосфераның жоқтығын байқауға болады Астанадан. Жалпы, мынадай ұлағатты сөз бар ғой: "Көпшiлiк театрға тобыр болып кiредi де, одан халық болып шығады" деген. Шын мәнiнде, сол өңiрде кезiнде қазақ театрының болмауы, көпшiлiктiң орыстанып кету кезеңi, қазақтың түп тамырынан ажырап қалуы да, театрдан алшақтатып жiберген. Олардың театр сияқты мәдениетке үйренбегенiн байқайсың. Шын мәнiнде, театрдың жиырма жылдық тарихын ақтарып отырсаңыз, алғаш ашқан Жақып Омаровтың да, одан кейiн ол кiсiнiң iзiн жалғастырған Қадыр Жетпiсбаевтың да қиналғаны байқалады. Себебi, театрды аша салып, спектакльдер ғана ойнамай, онымен бiрге концерттер беруi, үгiттiк жұмыстармен айналысуы осының салдары деп айтуға болады. Кейiнiрек те, тоқсаныншы жылдардың ортасына қарай, бұл театрға Әзiрбайжан Мәмбетовтың келуi арқылы, театрдың кәсiптiк қалыптасу кезеңi басталды. Әзiрбайжан аға ол театрдың репертуарына Алматы театрларында қойылған бiрнеше спектакльдердi апарды. Ол кiсiнiң өзiмен бiрге сол жерге Гүлжан Әспетова, Тiлектес Мейрамов, Ләйла Ханинга-Бекназар сияқты шеберлердi шақырып, үлкен тәжiрибелi актерлердi алып барып, театрдың ашылған кезiнен бастап жұмыс iстеп келе жатқан шеберлердiң басын бiрiктiрiп, күшпен театрды үлкен деңгейге көтерiп кеткендiгiн мойындауымыз керек. Осы кезеңнен бастап, театрда кәсiптiк өсу, өрлеу жолы басталды. Жергiлiктi көрерменге театрдың бар екендiгiн дәлелдей бастады. Бiз де Әзiрбайжан Мәмбетов қалдырған iзгi жолды ары қарай жалғастыру үшiн күш салып жатырмыз. Қазiр, аптаның алты күнiнде де спектакль көрсетемiз. Кейде спектакльдерiмiзге көрермен келмей де қалып жатады. Күнделiктi театрымыз аншлагпен өтiп жатыр деп айта да алмаймыз. Бiз әлi М.Әуезов атындағы академиялық театрға жеттiк деген де әңгiме жоқ. Астана – әкiмшiлiк орталық. Бұл жердегi жұмыс уақытысы, спектакль басталатын алты жарыммен сәйкес келе бермейдi. Сондықтан, мемлекеттiк қызметкерлердiң көбiнiң театрға келетiн уақытысы да жоқ. Тағы бiр жағдай, жастарымыз кейде естiмей қалады, кейде бiздiң жарнамамыз дұрыс болмай қалуы мүмкiн. Спектакльдерiмiзде кейде адам да болмай қалады. Бiрақ, бiз оған қарап, спектакльдердi кейiнге қалдыра алмаймыз. Бес адам келсе де, он адам келсе де, спектакль жүре бередi. Өйткенi, бiздiң халқымыз, яғни Астана жұртшылығы театрдың күнделiктi жұмыс iстейтiнiн сезiну керек. Астана көрерменi бiздiң театрымыз, бiздiң режиссерлерiмiз, бiздiң актерлерiмiз деген ұғымды ендi-ендi қалыптастырып келедi.

– Астана театрына басшылыққа барғаннан кейiн өзiңiз тәрбиелеген, өзiңiз ұнататын актерлерiңiздi театрға шақырып алдыңыз ба?

– Жоқ. Оның да әртүрлi себебi бар. Бiрiншiден, Әуезов театрынан менi ешкiм қуған жоқ. Бұл жерде әрiптестерiммен қоян-қолтық жұмыс iстедiк. Бұл жерде белгiленген жүйе бар. Екiншiден, оларды алып барғаннан кейiн, тұрмыстық жағынан жағдай жасау керек. Үшiншiден, ол жердiң актерлерiнiң шеберлiгi төмен деген менде ой болған жоқ. Басқа бiреулердi әкеп, соларға ойын үйретейiн дегенiм де жоқ. Керiсiнше, Астана театрында жұмыс iстеп жатқан актерлiк топты да, режиссерлiк топты да бұрын қалай бағаласам, әлi күнге дейiн солай бағалаймын. Төртiншiден, Астанаға барғалы берi менде мынадай ой қалыптасты. Тiптi, өзiмнiң iшкi арманым десем те болады. Астанада ұлттық музыка университетi бар. Бұрын академия болған. Соның қасында актерлердi дайындайтын арнайы мектеп бар. Жоғары оқу орны. Бiздiң театрымыздағы ұлағатты ұстаздар сол жерде сабақ бередi. Мiне, қазiр үшiншi-төртiншi топ бiтiрiп шықты. Солардың iшiнен таңдап жүрiп, таланты ерекше дарындарды театрыма алып қалсам деп ойлаймын. Сөйтiп, Ресейде петербургтер, мәскеулiктер деген сияқты ұғым бар ғой, сондай сахна кеңiстiгiнде астаналықтар, алматылықтар деген ұғым пайда болса деп армандаймын. Бұдан жақсы бiр бәсекелестiктiң қалыптасатынына сенемiн. Бұл Алматыдан алмаймын, тек Астанадан актерлердi аламын деген сөз емес. Және өзiммен бiрге ерте жүру деген әңгiмеге де құштар емеспiн. Менiң шақырған бiр ғана адамым бар. Бiр жарым жыл болды, Астана театрында жұмыс iстеп жатыр. Ол Қарағанды театрын басқарған, қазақтың мықты режиссерлерiнiң бiрi – Әлiмбек Оразбеков деген жiгiт. Құдай қаласа, Алматыда өтетiн гастрольдiк сапар барысында, Әлiмбектiң режиссерлiгiмен қойылған Мұхтар Әуезовтың "Абай" спектаклi көрсетiлетiн болады. Әлiмбектiң өзiнiң қалыптасқан мектебi бар, өзiндiк әдiс-тәсiлi бар.

– Драматургтер мен режиссерлердiң арасында бiтпейтiн дау бар. Драматургтер "режиссура жоқ" дейдi, режиссерлерiмiз "драматургия жоқ" дейдi. Сiз репертуарыңызды қалай толықтырып жатырсыз?

– Ол дауды шешiп тастайтындай керемет емеспiн. Бiрақ, ол даудың бар екенi рас. Мәселен, менiң түсiнiгiмде, драматургия деген – шикiзат. Сондықтан оны сахнаға шығару үшiн, қазiргi таңдағы талап бойынша, ол мiндеттi түрде режиссермен жұмыс iстеу керек. Ең алдымен, драматург театрда жұмыс iстеу керек. Күндiз-түнi театрдың қойылымында отырса деймiн. Менiң де пьесам Астана театрында қойылды. Пьесам тұп-тура сол күйiнше қойылды десем, өтiрiк айтқан болам. Режиссер деген соның екiншi авторы. Өз дүниеңдi өзiң кейде сахнаға шыққанда танымай да қаласың. Сондықтан да, драматургия қанша алғышарт болса да, ол режиссермен жұмыс iстеуге мүдделi болуы керек. Драматург режиссермен бiрге бастапқы идеядан бастап, соңғы қойылар нүктесiне дейiн бiрiгiп жұмыс iстесе деп ойлаймын. Драматург пен режиссердiң арасында ең алдымен жақындасу жетпей жатыр. Даудың өзi сол "Дайрабайдың көк сиыры" демекшi, арақатынастың жоқтығынан туындайтын сияқты. Сосын келiп, әркiм өзiнiң идеясын қорғаштайды.

– Жалпы, Астана театры кiмдi қойдыңыздар және келешекте кiмдi қойғыларыңыз келедi? Қай шығарманы қою ойларыңызда бар?

– Бiз қай драматург болса да қоюға әзiрмiз. Мәселен, "осындай бiр шығарма жазылыпты" десе, бүкiл коллективiмiзбен соны оқимыз, талқылаймыз. "Шiркiн-ай, мынадай тақырып бар екен, бiзде осы қойылса ғой" деп ойлаймыз бiрге. Репертуар саясаты қазiр жазылып жатқан дүниенiң бәрiн қойып жiберуге мүмкiндiк бере де қоймайды кейде. "Сендер аударма шығарманы қоясыңдар. Сендер классикадан шықпай қойдыңдар" деген ренiштердi де естимiз. Шын мәнiнде сапасы сондай болып тұрса, жаңа жазылған дүниенi неге қоймасқа?! Бiз жақында Қанат Жүнiсов деген жiгiттiң "Махаббат мелодрамасын" сахналадық, Бұл спектакль туралы көрерменнiң пiкiрi әрұдай. Бiреуге ұнайды, бiреуге ұнамайды. Шын мәнiнде, бүгiнгi жастардың арасындағы адал махаббат туралы шығарма бар ма, соны iздедiк… Жасыратыны жоқ, көбелек қуып кеткен қыздарды да көрсеттiк, баланы тастайтын көкек аналарды да көрсеттiк. Бiрақ, осындай аласапыранның арасында да таза махаббат бар ғой. Соны iздедiк. Iздедiк деген жай сөз, Қанат Жүнiсовке тапсырма бердiк. Дүниенiң бәрi тек қап-қара нәрседен тұрмайды ғой. Арасынан ақ нәрсенi де табуға болады емес пе? Қанат жазып шықты. Режиссер Болат Ұзақов оны сахнаға алып шықты. Керемет дүние шықты деп өзiм мақтағаным жарамас, бiрақ, Астанадағы жас көрерменнiң көп келетiн спектаклi осы. Бiз сахнада тазалықты көрсеткiмiз келдi. Сондықтан, осы пьесаны алдық. Қазiргi көкейтестi мәселе – базар, қазiргi көкейтестi мәселе – нашақорлық деп айтуы мүмкiн. Театрдың айтар ойы, позициясы деген болады. Бiзге осы пьеса ұнады, сосын қойдық. Гастрольдiк сапар кезiнде, алматылық көрермен бұл спектакльдi де тамашалайтын болады. Бiздiң мақсатымыз – Алматының зиялы қауымына, Алматының көрерменiне өз репертуарымызды ұсына отырып, бiз осындай жұмыстар жасап жатырмыз дегендi айтқымыз келiп отыр. Алматыға алты бiрдей спектакль алып келiп отырмыз. Оның iшiнде Әуезовтың "Абай" мен "Қарагөз" спектаклi бар. "Қарагөз" спектаклi Әзiрбайжан Мәмбетовтың соңғы қойылымы. Содан кейiн, репертуарымызда екi әлемдiк классика бар. Классика дегенiмiз – ескi дүние емес, ол үлгiлi дегендi бiлдiредi. Американың ХХ ғасырдағы озық драматургтерiнiң бiрi Дж. Патрихтың "Қымбатты Памела" деген спектаклiн көрсеткелi жатырмыз. Жалпы, осы арқылы актерлiк мектепке озық үлгiдегi драматургияның қалай әсер ететiндiгiн көрсеткiмiз келедi. Бүгiнгi актерлiк шеберлiктi көргiсi келген көрерменге қызықты дүниенiң бiрi болады деп ойлаймын.

– Қалибек Қуанышбаев театрында Әлiмбек Оразбектен бөлек, қандай режиссерлерiмiз жұмыс iстеп жатыр?

– Атағы болмаса, режиссерлердiң көбiнiң аты онша таныла бермейдi. Астана театрында жұмыс iстеп жатқан Нұрлан Жұманиязовтың бағасын Әшiрбек Сығай ағамыз жоғары бағалаған екен. Шын мәнiнде, Нұрлан жақсы жұмыс iстейтiн режиссер. Ол атақ, абырой iздеп жүрген жiгiт емес. Өзiнiң белгiлi бiр позициясы бар. Сол позициясынан айнымайтын, ауытқымайтын шебер адам. Шекспирдiң "Ромео-Джульеттасын", Айтматовтың "Ақ кемесiн" қойды. Сол сияқты қазақ драматургтерiнен Мұхтар Әуезов, Дулат Исабеков шығармаларын қойған жiгiт. Болат Ұзақов деген тағы бiр режиссерiмiз бар. Бұл жiгiттiң де өз қолтаңбасы бар. Мәмбетовтен сабақ алған дарынды режиссер.

– Бұл театр – Елордадағы мәдениеттiң айнасы iспеттес. Жақсы дүниелерiңiз туралы бiраз сыр шерттiңiз. Театрдың өзiндiк қиындықтары да бар шығар.

– Эмоциямен жақсылықтарды айтып жатсам, Астана театрында бәрi керемет екен деген пiкiр қалыптастырудың жөнi жоқ. Жылап екi етегiм жасқа толғанда да ешкiм бiзге ешнәрсесiн бөлiп бере қоймас. Дегенмен, Астана деген дардай атымыз болғанмен, бiздiң театрдың шебер актерлерiнiң алатын айлық жалақысы айтуға ыңғайсыздау. Республикамызда театр нысандары республикалық, облыстық және қалалық болып үшке бөлiнедi. Бiздер сол үшiншi топта, яғни қалалық театрдың дәрежесiндегi театрмыз. Бiздiң театрымыз Қазақстандағы ең айлығы төмен театр. Мысалға, мен бiреулердi жамандап, бiреулердi мақтайын деп отырған жоқпын. Кейбiр кiшкентай қалада орналасқан театрлардағы актерлердiң алатын айлығы бiздiкiмен бiрдей. Ал ендi, Астананың бүгiнгi бағасымен, Астанадағы тiршiлiктiң ахуалымен салыстырсақ, ондай айлыққа қалай күн көрiп жүр деген нәрсенi өзiңiз қиялдап жеткiзiп аларсыз. Бiрақ, театрдағы жұмыс – мiндеттi жұмыс. Көпшiлiгi университетте, телеарналарда қосымша нәпақасын тауып жүр. Әйтеуiр ешкiмнен нан сұрап, "Астана театры аш екен" деген әңгiменi шығарған емес. Театрға жан-тәнiмен берiлген, театр деп өмiрге келген адамдар жұмыс iстеп жатқаннан кейiн осылай болып жатқан шығар деп ойлаймын.

Әңгiмелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары