АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫНАН

АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫНАН

АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫНАН
ашық дереккөзі
216

БАЛЖАН десе Бал-жан! Ақсары өңдi әдемi қыз. Тал бойында бiр мiн жоқ. Сыныптағы ер балалардың бәрi ғашық едi. Бiзден бiр сынып жоғары оқитын Әбiлқастың Лесбегi де оны ұнатады екен. Анау айтты бойы-сойы келiспегенмен де тiлiнен де, қолынан да iс келетiн қағiлездiң өзi. Бәрiмiзге сөзiн жүргiзе алады. Кейде шарт кететiн жайсыздау мiнезi де бар. "Балжан менiкi" деп ен таққан соң бiз iштен тындық.

Совхоз орталығындағы интернатта жатып оқимыз. Ұзын үйдiң бiр жақ жартысында ер балалар да, екiншi жартысында қыздар тұрады. Асханамыз бiр. Алдымызда сырты дуалмен қоршалған бақ бар. Жексенбi күндерi сонда бiраз серуендеушi едiк. Сондай сәттерде Лесбек ебiн тауып Балжанға көңiлiн бiлдiрген. Ол ыңғай бермесе керек. Алғашқы махаббат аңсары тағат тапқызған ба. Баққа шақырады. Қыз шықпайды. Киноға шақырады. Қыз бармайды. Солай уақыт өтiп жатты.

Лесбек оныншыны бiтiрiп ауылға кеттi. Жастайынан техникаға құмар болатын. "Белорусь" тракторының рульiне отырады. Күрең күз келдi. Қар жауып қыс түстi. Жер көгерiп көктем шықты. Iле жадырап жаз да жеттi. Бiз де орта мектептi бiтiрiп, кәмелеттiк аттестат алдық. Ауылға барып, еңбекке араластық. Неге екенiн кiм бiлсiн, сол жылы Балжан да жоғары оқуға талап етпедi. Толған айдай толықсып, кемелiне келген. Қанша қарасаң да көзiң бiр тойсайшы.

Күзде тосын жай болды. Октябрь мерекесi қарсаңында қырдағы егiншiлер ауылға келдi. Әдеттегiдей жастар дүкендi төңiректеп, қалталарынан барын шығарып, ащы судан татып алған. Содан бәрiмiз қызара бөртiп, бөлiмше кеңсесiнiң алдына жиналдық. Түс әлтiнде сүргiшi бар шынжыр табан алып "С-100" тракторы келiп тоқтады. Кабинасынан бейтаныс адам түстi де кеңсеге кiрiп кеттi. Сол кезде Лесбек тракторға мiнiп, құбырынан қара түтiнiн будақтата бар дауысымен жер әлемдi көшiрiп, жүрiп кетсiн. Жұрт аң-таң: "Ау, мынау қайда барады?" – деп даурығысып жатыр. Ауылдың ортасын қақ бөлген оман арықтан өттi де солға бұрылды. Шатыры шифермен жабылған үйге екпiндеп барып кiлт тоқтады. Трактордың үстiн-үстiн шыққан ащы дауысы ауылды жаңғыртсын-ай кеп. Үйден Балжанның әкесi Ескермес атып шықты Бөлiмшенiң бас бухгалтерi. "Не болып қалды?" – деп қатты сасқаны ма үстi желең.

– Әй, шырағым, саған не керек?

– Қызың қайда?

– Оны қайтесiң?

– Сенiң Балжаның менен артық кiмге тимекшi?

– Не дейсiң ей, сен? – Ескермес ашу қысып, өңi сұрланып жанына жетiп келдi. Жағасынан ұстап кабинадан жұлып алмақшы. Бiрақ Лесбектiң күреңiткен жүзiн, күлдiреген көзiн көрiп, тiксiнiп қалды.

Лесбек кабинадан еңкейiп:

– Не қызыңды бергiң келмей тұр ма? Бергiң келмесе ойыңды ашып айт. Қазiр мына үйiңдi қызыңмен қосып сүрiп тастаймын – деп газды басып жiберiп, тракторды баж еткiздi.

Ескермес райынан қайтып, жорта жымиды.

– Балам-ау, қызымды сенен артық кiмге беремiн?

– Ендеше қызың қайда? Шығар үйден! Менiң қасыма келiп отырсын. Бүгiн бiздiң үйде той болады.

Ескермес табан астында аузына сөз түспей тосылып қалды. Лесбек екiлене дауыстап:

– Қызың қайда деймiн? Неге үндемейсiң?

– Ә,ә таңертең Шаянға кетiп едi. Ертең келiп қалар. Айттым ғой саған беремiн деп.

– Сөзiңде тұрасың ба?

Ескермес шарасыздан басын изедi.

– Ендi сен менiң қайын атам болдың. Мендей жiгiттiң сұлтанына қызың күйеуге шықса, басына бақ қонды дей бер. Ал ертеңге дейiн. – Ол тракторды барынша шырқыратып, бiр орнында үш рет шыр айналдырды. Табанасты қара жер топырағы шаршыланып опырыла ойылып қалды. Содан соң соңынан жанши басылған iз қалдырып, жүре бердi. Арықтағы өткелге дейiн барған кезде, трактордың иесi де жүгiрiп келдi.

Ескермес сол бойда кеңсеге қарай алып ұшты. Ашу-ыза кернеген көкiрегi қарс айрылардай. Бөлiмше меңгерушiсi Әбiлдабек Шардарбековтың совхоз орталығынан оралған бетi сол едi. Ентiге сөйлеп, болған жайдан хабардар еттi.

– Ауданнан милиция шақыртып, қаматайын оны. – Телефон тұтқасын көтере бергенде, Әбекең сабырға шақырды.

– Еске, ол мас екен, сiз саусыз. Мас адам не демейдi. Милицияны шақыру ешқайда қашпас. Әуелi онымен өзiмiз сөйлесiп, тәртiпке салып көрейiк, – деп бiр қойды.

Ескермес сөзге тоқтады. Ашуы басылып, жайдары қалыпқа түскен кезде Әбекең үзiлген сөзiн қайта жалғады.

– Лесбек осы ауылдағы тәуiр жiгiттiң бiрi едi. Мейрам болған соң қатарымен iшкен шығар. Қу арақ кiмдi сүрiндiрмеген, кiмдi жолдан тайдырмаған? Iшпесе оның сөзi түзу. Еңбекқорлығын айтсайшы. Анау қырда күндiз-түнi трактормен жер жыртып, шаң қауып дән себу оңай ма. Ондай жұмысқа жiгiттiң сұлтаны ғана шыдайды. Қысқасы осы ауылдың бар шаруасын сол iстеп жүр ғой. Ондай азаматты көзiң қиып қалай қаматасың!?

Ертеңiне құрдастар жиналып Лесбектi ортаға алдық. Әзiл-қалжыңмен бiраз қағыттық.

– Әкелшi қолыңды! Нағыз жiгiт екенсiң! – дедi Қозыке.

– Әкесi көнген соң, қыз қайда барады. – дедi Арыстан.

Сол күздiң соңында бiр тосын хабар ауылдың бас-аяғына лезде тарап кеттi. Балжанды көршi ауылдың жiгiтi алып қашыпты. Қап, әттеген-ай!

Көп кешiкпей Лесбек те үйлендi. Жылдар жылжып, балалы-шағалы болды. Совхоздағы маңдайалды механизатор атанып, еңбегiне ел сүйсiндi.

* * *

БЫЛТЫР күзде ауылға бардым. Ауыл iшi гу-гу. Естiген құлақта жазық жоқ. Салған жерден бiр-бiрiмен жарыса сөйлеп: "Мына Өмiрзақ көкең қартайғанда қатын аламын деп шала бүлiндi емес пе. Ағайын мен тума жиналып, аптығын әзер бастық", – деп жатты.

Олардың Өмiрзақ деп отырғандары Орал жеңешемнiң шалы. Жеңеше осы ауылға келiн болып түскенде қандай едi шiркiн! Қолаң шашы, қиылған қасы, қарақат көзi… Несiн айта берейiн, ақ қағазға қолдан салған суреттей едi-ау. Содан берi қаншама жылдар өттi. "Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпес" деген. Қара шашын қылаңытып ақ шалғаны, жазық маңдайына аздап әжiм түскенi болмаса, кәрiлiкке бой алдырғаны шамалы. Өмекеңнiң жеңешемнен жиренiп, жалығатындай орны жоқ. "Қазақ байыса қатын алады" деушi едi. Шамасы көкеме мал бiткен болар.

Өмекеңнiң болмысы қызық. Өз пайдасын бiледi. Аздап қулығы, кертартпа жалқаулығы да бар. Кейде бала мiнезiн көрiп таң қаласың. Есiме ана бiр жылғы жайлар түстi. Онда социализмнiң кезi едi. Қоғамдық меншiк, қазан ортақ. Көкемнiң қырыққа ендi ғана толып, қылшылдаған шағы. Қызыл шырайлы өңiн айтсайшы! Ауылдың алты ауызынан да құр алақан емес. Той-томалақтарда "әу" деп ән салғаннан-ақ, қыз-келiншектердiң назарын өзiне аударатын. Бұл жағы жақсы-ау, бiрақ…

Мен ауылда есепшiмiн. Шаруашылықта қол күшi жетпейдi. Науқандық жұмыстар бастан асып жатыр. Бiрiнен соң бiрi келiп, ес жиғызсайшы. Сондай қарбалас күндердiң бiрiнде бөлiмше меңгерушiсi Әбiлдабек Шардарбеков көкем: "Өмiрзақты шақырып кел", – деп жұмсады. Атқа мiнiп, ауылдың сыртқы жағындағы үйiне бардым. Есiктiң алдында ұзын етектi көк көйлек киген әйелi аула сыпырып жүр екен.

– Орал жеңеше, көкем қайда?

– Оны неге iздедiң?

– Бастық шақырып жатыр.

– Түнде кеш жатып едi. Ұйқысы қансын. Бастығыңа жоқ қарап кетiптi деп айта салшы. – Жеңешем өтiнiп тұрған соң қалай көңiлiн қияйын.

…Әбiлдабек көкем қабағын шытты.

– Ол қу ешқайда кеткен жоқ. Үйiнде! – Жорғасына мiнiп, солай қарай ағыза жөнелдi. Кеңсе алдында тұрғандар ат әбзелiне, жорғаның сынаптай сырғыған жүрiсiне қызыға қарады.

Әбекең мен Өмекеңнiң жас шамасы қарайлас. Бiздiң жақта "Бiр жас бит жас. Екi жас ит жас. Үш жас құрдас" деп әзiлдесе бередi.

Әбекең тықыршып ойнақтаған ат үстiнде тұрып:

– Орал, байың қайда? – деп дауыстады.

Жеңешем бастықтың өзi келiп қалады деп ойламаса керек. Қоңырқай өңi нарттай қызарып, кiбiртiктей сөйлеген.

– Таңертең жоқ қарап кетiп едi… – Тiке қарауға дәтi бармай, жүзiн төмен салды.

– Орал, бос сөздi қайтесiң. Осы ауылды таңертең бiр айналып шықтым. Байың сайтан болып кетпесе, жоқ iздеген жанды көргенiм жоқ. – Ол аттан түсiп үйге кiрдi. Ауызғы бөлмеде тұрып, тағы дауыстады. – Өмiрзақ, шық берi.

Жауап жоқ. Үй iшi жым-жырт. Бастық төргi бөлмеге өткен.

– Өмiрзақ, шық берi.

Құлаққа ұрған танадай тыныштық. Бөлменiң бiр жақ қабырғасында көнелеу шифонер тұр екен. Қос есiгiн айқара ашып жiбердi. Iшiнде бүкшиiп Өмiрзақ отыр. "Сасқан үйрек артымен жүзедi" демекшi, сойған түлкiдей ыржиып:

– Басеке, тығылып-ақ отыр едiм, тауып алдыңыз-ау, – дедi қызара бөртiп.

– Шық былай! Сомадай болып бала сияқты тығылғаның қай сасқаның? Ұялмайсың ба? – Үнi қату шықты.

– Әбеке, қайда жұмсайсыз, сонда барайын.

– Қазiр ана мотоциклiңе мiнiп, Құрсайдағы қораға бар. Сол жерде бiр бригада қораны қысқа дайындап жатыр. Соларға көмектес.

Жеңешемнiң көкем дегенде шығарда жаны бөлек екен. Құрақ ұшып, түстiк асын қалтаға салып аттандырды.

Келер жылдың күзiнде де тап осы тақылеттес жағдай қайталанды. Керiм жеңешем аулада керiлген жiпке кiр жайып жүр. Өмекеңдi бастық iздеп жатқанын айттым.

– Көкеңдi Шаянға кетiп қалыпты дей салшы.

Жеңешемнiң көңiлiн тағы қимадым. Әбекең сыралғы ғой. Басын шайқады. Жорғасына мiнiп, Өмiрзақ көкемнiң үйiне қарай тартып кеттi.

– Орал, байың қайда?

– Таңертең Шаянға ке-е-етiп…

– Өтiрiк айтқанды қойсайшы. Бригаданың жалғыз мәшинесi әлi осында. Мотоциклi мынау тұр. Сонда ол немен кеткен?

Әбекең аттан түсiп, үйдiң iшiн қарап шықты. Өмекең жоқ. Үйдiң күн батыс жағына барса, шатырға шығатын саты тұр. Сонымен жоғары көтерiлiп, шатыр есiгiнен қаракөлеңкелеу iшiне үңiле қарады. Арғы жағындағы құбырдың тасасында тығылып тұрған Өмекеңдi көзi шалып:

– Әй, Өмiрзақ, жерге түс – дедi ашулы үнмен бұйыра сөйлеп.

– Апырай, неткен көргiш едiңiз, Әбеке! – Ол шатырдан түсiп, жасқанып басын сипай бердi. – Әбеке, қайда жұмсайсыз? Мен дайынмын.

– "Ауру қалса да, әдет қалмайды" деген осы екен-ау. Бала емессiң ғой. Осындай жаман әдетiңдi қойсаң қайтедi. – Тыжырына қарады. Өмекеңде үн жоқ. Әбекең шырт түкiрiп, сөзiн жалғады. – Анау Ахметов Палымбек ұстаның құрылысшыларына қосыл. Қырдағы шопан үйiнiң шатыры әлi жабылмай жатыр. Соны күздiң жауыны басталғанша бiтiруiмiз керек.

Бастық қол күшi жетпей жатқан соң, сол бригадаға менi де жiбердi. Шопанның көмекшiсi жас жiгiт едi. Осыдан бiрер ай бұрын үйленiптi. Жас келiннiң көрiктi келбетi кiмдi болса да өзiне ерiксiз тартады екен. Өмекең сымбатты бойына үздiге қарап тұрып:

– Ақ маралдай әдемiсiн-ай! – деп жұтынды.

Сол күннен бастап, Өмiрзақ көкем шөлдегiш болып алды. Көмекшi шопан өрiске кеткен бойда, қалыңдықтан қайта-қайта су сұрап киiз үйге кiргiштей бердi. Бригадирдi ашу қысып: "Әй, Өмiрзақ, сен жұмыс iстеуге келдiң бе, жоқ әлде ұзын етектiге көз салуға келдiң бе? Қутыңдамай жұмысыңды iсте" – дегенде барып iске араласатын.

Екi аптада үйдiң төбесiн жауып бiттiк. Шопан бiр қойын сойып, құрлысшыларға ризашылығын бiлдiрiп жатқан. Кең жайылған дастарқанды жағалай отырмыз. Жас келiншек шара толы жаңа пiсiрген ып-ыстық бауырсағын көтерiп әкелiп, дастарқанға төктi. Тiзерлеп, тоқ бiлегiн жең iшiнен жарқ еткiзiп, бауырсақты жаймалады. Өмекең:

– Сары алтындай бауырсағын-ай! – деп таңданды. Бiрiн аузына салды. Мақтау сөз құлағына жақты ма, келiншек оған көз қиығын тастап, езу тартты.

Үлкен легенмен буы бұрқырап ет келдi. Өмекеңе асықты жiлiктiң бiрi бұйырды. Етiн құмарта шайнады.

– Бал татыған дәмiн-ай! – деп тағыда тамсанды. Келiншектiң өңi алаулап жымиғанда маржандай аппақ тiстерi бiлте шамның сәулесiне шағылысты. Шопан пиялайларға ащы судан құйды. Әне-мiне дегенше үш бөтелке босап қалды.

Үлкен дәмнен соң келiншек бұрала басып, екi иiнiнен ызыңдай дем алған самаурынды көтерiп әкелдi. Кеседегi сүт қатқан қою шайды шайқап iшiп отырған Өмекең:

– Мұндай тәттi шәйдi iшкен де арманда, iшпеген де арманда, – деп тершiген маңдайын бет орамалымен сүрттi

Шәй құйып отырған келiншектiң ақша бетiнде қан ойнап, тiптен ажарланып кетсiн. Кесенi кiсiлерге ұсынған сайын қол жалғап отырған Өмекең оның сүйрiктей саусақтарын сипай ұстап барып, алып жатыр. Әлгi iшкен ащы суы көңiлiн ашты ма, iргеде сүйеулi тұрған домбыраны қолына алып, ауылдың алты аузын шырқады-ай бiр.

…Қайтып келмес жастық шақ сiрәда бiр.

Аяй жаным, айт жаным, асыл жаным

Керек емес өзiңнен басқа жанның!

Жұрт: "Ой бәрекелдi!" деп қошемет көрсеттi. Жас келiн де әнге елiтiп, үн-түнсiз отыр. Жүзiн төмен салса да Өмекеңнiң өзiне ауық-ауық көзiн сүзе қарап, ән салып отырғанын iшi сезетiн секiлдi. Өңi бiр бозарып, бiр ағарды.

Шәй iшiп болған соң қайтуға жиналдық. Күздiң салқын ауасы өн бойымызды сергiттi. Отызбай тракторын от алдырды. Бiз қорабына шөп салған телешкасына жайғастық. Өмекең трактор жылжи бергенде тағы әнге басты.

Қош бол қалқа келгенше,

Қайта айналып көргенше.

Уәдеңе берiк бол,

Мен сендiкпiн өлгенше.

Жас келiн сыртта оны-мұны заттарды жинастырып жүр. Өмекеңнiң салған әнiне жiпсiз байланып қалғандай, сипақтап үйге қайтып кiре қоймады. Түнгi күзеттен көмекшi шопан келiп, аттан түсiп жатты. Қалыңдығы оны байқар емес. Есiл-дертi әнде секiлдi. Бiз шопан үйiнен алыстай бердiк. Бiраз жер ұзап шыққан соң Қауынбай:

– Өмеке, осы сiздiң не сиқырыңыз бар? Көзiңiзге түскен қыз-келiншектер арбалып қала беретiнi несi, – дедi таңырқап.

Өмекең жымиып күлдi.

– Сиқыр емес, нәзiк сезiм ғой. Соны жанға жайлы жiбек желдей етiп жеткiзе бiлу керек.

Содан берi қаншама жылдар өттi. Кеше ауылдағы бiр құрдастың немересiн сүндеттеу тойында болдым. Төрде күн қақты өңдi, көсе иектi бiр шал отыр. Палауды қызыл иегiмен ұзақ кәузап, талмап жеуде.Қасында отырған Нұрсапа ақсақал: "Өмiрзақ, биыл қатын аламын деп құтырдың-ау, аузыңда бiр тiсiң жоқ", – деп қағытты. Сонда ғана таныдым. Өмiрзақ көкем екен. "Адам қартайса да, көңiл шiркiн қартаймайды" деген осы екен-ау.

* * *

БҰЛ ӘҢГIМЕНI Ұласқан Тобажановтан естiдiм.

– Нәкең марқұм ерекше жан едi ғой, – деп бастады ол. – Қараша айының соңы. Үйге Нәрiкбай көкем келдi. "Ұласхан, ертең күн жексенбi. Мал базарына шығаратын бiраз қойым бар едi. Соларды Төрткүлге жеткiзiп берсейшi. Еңбек ақыңа бiр қой берейiн", – деп өтiндi. Қолым бос. Көлiгiм жүрiп тұр. Нәкең қой берсе, мынау тұрған Төрткүлге неге алып барып келмеске. Қол алысып келiстiк.

Ертеңiне елең-алаңда көлiгiмнiң қорабын қойға толтырып, Төрткүлге тартып кеттiк. Күн шыға мал базарына кiрдiк. Нәкеңнiң қойларын айтсайшы. Теңкиген құйрықтарын зорға көтередi. Таза еттiнiң өзi отыз бес килограмнан асып жығылады-ау. Семiз малды жұрт қойсын ба. Ә дегеннен-ақ таласып-тармасып сатып ала бастады. Ұлы сәскеге жетпей-ақ қораптағы отыз қой сатылып бiттi. Нәкеңнiң қалтасы теңге мен долларға толды.

Ол "Жүр, ендi ас iшiп, жан шақырып алайық" – деп жақын жердегi асханаға қарай жол бастады. Кiрген бойда аспазшылардан қандай тамақ барын сұрап едi аналар түстiк асқа ертелеу келгенiмiздi, тұшпарадан басқасы әзiрге дайын еместiгiн айтты. Нәкең: "Ендеше сол тұшпараны ыдыстарыңызға екi еселеп салып, бiздi тамақтандырыңыздар", – дедi. Бiз бұрыштағы оңаша столға жайғастық. Залда бiзден басқа жан жоқ.

Аспазшы екi үлкен тарелкаға тұшпараны мол салып, алдымызға әкелдi. Нәкең жалпақ қайыс қара белдiгiн босатты. Қолына қасықты алып, тамаққа бас қойды. Мен тұшпараның төрт талын жеп болғанша ол тарелкасын босатты. Маған: "Ұласхан, тұшпарасы дәмдi екен. Тағы салдырып әкел", – деп тарелкасын маған қарай ысырды. "Мақұл, көке" деп орнымнан тұрдым. Мен өзiмдiкiн жеп бiткенше көкем екiншi тарелканы да босатып, менi тағы жұмсады. Оны да әп-сәтте таусып тастады. Жұғымына жұқ болмады. Мен бос тарелкасын аспазшыларға берiп, тұшпараны екi еселеп салдырып әкеле бердiм. Солай Нәкең мен аспазшылардың арасына жүгiрiп жүрумен болдым. Нәкең тояр емес. Жеген сайын араны ашылып барады. Менiң жүгiруден қам терiм шықты. Ал Нәкеңнiң маңдайы ғана жiпсiдi. Аспазшылардың көздерi шараларынан шығып: "Көкеңнiң iшi құдық па?", – дейдi шошына таңырқап.

Нәкең кезектi рет бос ыдысты қолыма ұстатып "Тағы" – дедi. Мен аспазшыларға жетiп барып: "Салыңыздар", – дедiм. Солай тағы да екi араға бiраз жүгiрдiм. Кезектi рет аспазшыға: "Салыңыз", деп едiм, ол бос күбiнi қисайтып маған түбiн көрсеттi. "Күнде қырық кiсiге дайындаушы едiк. Бәрiн сенiң көкең жеп бiттi. Ендi түстiк асқа келетiндерге тұшпара жоқ", – дедi ренiшiн бiлдiрiп.

Бұл жолы көкеме құр қол бардым. Көкем: "Жарайды бұйырғаны осы шығар. Ендi осы астың күшiмен ауылға жетiп алайық," – дедi көңiлсiздеу үнмен. Байқаймын әлi де тойыңқырамаған секiлдi. Жегенi бiр тоқтының құны болыпты. Ақшасын шытырлатып санап бердi.

Бiр сағат жол жүрiп ауылға да жеттiк. Жеңешем үлкен шараға ернеулете құйған қою көженi зорға көтерiп келiп, дастарқанның шетiне қойды. Көкемнiң көзi шырадай жанды. "Айттым ғой бiздiң қатын бәрiн де дайындап қояды деп. Кел iнiм, түстiк ас iшейiк", – дедi көңiлденiп.

Аздан соң сол бiр шара көжеден де түк қалмады. Мен Нәкең берген қойды алып, үйге қайттым.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары