ЗIЛЗАЛАДАН АСҚАН ЗҰЛМАТ ЖОҚ

ЗIЛЗАЛАДАН АСҚАН ЗҰЛМАТ ЖОҚ

ЗIЛЗАЛАДАН АСҚАН ЗҰЛМАТ ЖОҚ
ашық дереккөзі
276

Сейсенбi күнi Алматыда жер сiлкiндi. Жақында ғана Қытайда болған зiлзаладан мыңдаған адам қайтыс болып, тұтас қала қирап қалғанына хабардар жұртың тағы да зәре-құты қашқан.

Бәле қайдан деуге болмайды екен. Оған Қазақстан жағдайында орын алған Қызылағаш оқиғасы да куә. Онда, әлбетте, "адам факторы" бар. Табиғи, техногендi себептер екiншi планға ығысады. Ал "адам факторы" екiншi қатарға шығатын, нағыз табиғи катаклизмдерде кiмдi кiнәламақпыз? Табиғатты ма, жаратушыны ма?

Әрине, ол – қисынсыз. Әрi ешқандай нормаға да сәйкеспейдi. Пендауи ниеттiң ондай жағдайда да айналып келiп, апат күнәхарын адами фактордан iздейтiнi бар. Мәселен, биыл 2004 жылғы жер қыртысындағы сейсмикалық белсендiлiктiң артуына орай жиiлеп кеткен жерсiлкiнiстерiн алайық. Жұмыр жердiң адами әсерлерден сiлкiнетiнi туралы аргумент әзiрге жоқ. Ол – табиғи құбылыс, қолтума әсерлерге бағынбайтын катаклизм. Алайда оған да "адам факторы" таңылатын кездер көп. Атап айтқанда, әңгiме ықтимал жерсiлкiнiсiнiң гипотезалы болжамына байланысты.

Дегенмен, ықтимал жерсiлкiнiсiнiң дұрыс та нақты, әрi расталған болжамы өткен ғасырдың 70-жылдары жалғыз мәрте әрi соңғы рет жүзеге асыпты. Оның кездейсоқ сәйкестiк болуы да мүмкiн. Өйткенi содан берi болжамдарға келгенде, жапон сейсмологтарының да жолы болып, айтқандары ақталған емес. 2004 жылдан берi жердiң статикалық қабатындағы сейсмикалық белсендiлiктiң артқанын айттық. Адамзат содан берi үрей мен қорқыныш құшағында. Алысқа барудың қажетi жоқ, ондай болжамдардың жыл сайын Алматыны да бiр дүрбелеңге салып қоятыны бар.

Қазiр тұтастай планетаны сейсмикалық қатер ауқымында деуге болады. Биыл ғана Гаитиде алапат жерсiлкiнiсi болып, жүздеген мың адам қырылды, үй-күйiнен айырылды. Iле-шала ондай апат Чилиде, Ауғанстанда, Пәкiстанда, Испанияда, Индонезияда қайталанды. Жерсiлкiнiсiнiң Еуразия құрлығында да көрiнiс табуы көңiлге бiршама алаң енгiзiп отыр. Грузиядағы 5 баллдық, ал көршi Қытайдағы 7 баллдық сiлкiнiстiң қазақстандықтар көңiлiн күптi етуi де заңды.

Ақиқатында қазақ елi ықтимал табиғи құбылысқа қаншалықты әзiр? Елдегi сейсмикалық ахуал қандай дәрежеде?

Алдымен сейсмикалық қауiп-қатерi басым Алматының таулы аймағындағы соңғы кезеңнiң, заңғар құбылыстарын айтуымыз керек. Осы мәселеге байланысты ел президентi Н.Назарбаевтың Алатау баурайында алты қабаттан биiк үй тұрғызбау туралы нұсқауы да бар. Алайда алматылық байлар оны да қаперiне алар емес. Алатау баурайы толған алып ғимарат, хан сарайы. Техникалық қауiпсiздiктi сақтап жатқан да ешкiм жоқ сияқты. Ықтимал жерсiлкiнiсi жағдайында негiзiнен шыны мен тастан салынған сол ғимараттардың не болары да белгiсiз.

Жалпы Алматы аймағына жерсiлкiнiсi екiбастан таңсық емес. Атап айтқанда, 1887 жылы Шелекте, ал 1911 жылы Каменка елдi мекенiнде жойқын жерсiлкiнiсi болып, қала тұтас дерлiк қирап қалды. Әсiресе, 1911 жылғы жерсiлкiнiсi орасан қатты болып, оның жаңғырығы iргелес Омбы, Томск қалаларына дейiн жеткен.

Алматы түбiнде 1911 жылға дейiн ортақ бiр тау болып, жерсiлкiнiсiнiң салдарынан екiге айырылған жасанды қос төбенi мамандар жиi ауызға алады. Яғни бүгiнгi шыны мен темiр каркастан салынған қауiпсiздiгi күмәндi биiк ғимараттарды айтпағанда, табиғи катаклизм тау екеш таудың өзiн де қақ айырады екен!

"Медеу" сейсмостансасын екiнiң бiрi бiледi. Әрi ол кеңестiк кезде құпия болды, күзетiлдi. Сол замандағы ең жаңа қондырғылармен жарақтандырылды. Қазiр станса ешкiмге қажет емес болып қалды, – деп ренжидi сейсмологтар. Оның қазiргi технологиясы 60-70 жылдардың деңгейiнде. Сейсмолог Нұрлан Омаров: "Бiзде ескi сейсмологиялық карталар мен көне компьютерден басқа ештеме жоқ" дейдi. Сондай-ақ сезiмтал құралдар қасқалдақтың қанынан қат. Осының бәрi аймақтың аса белсендi сеисмикалық жағдайына тап келiп отыр.

Алматы сеисмологтары талай уақыттан берi қолда барға қанағат етуге мәжбүр болып келедi. Қолда бар техникалық база әбден ескiрген. Бүгiнгi қаржы дағдарысы отандық сеисмологияға да тiкелей әсер етуде. Мемлекеттiк қаржыландыру миллиондаған теңгеге қысқарды.

Экологиялық ғылыми зерттеу институтының қызметкерi Мұхтар Хайдаров: "2004 жылдан бастап жердiң статикалық қысымының күшейгенi рас. Ал сол жеке дара қысымдардың қосылуының аса қатерлi болуы мүмкiн" деген болжам айтады.

Алайда, мамандардың екiншi бiр тобы ықтимал зардапты жерсiлкiнуiн жоққа да шығарады. "Алматыда қатты жерсiлкiнiсi бола ма, жоқ па?" деген даулы сауал төңiрегiнде сейсмолог ғалымдар арасындағы пiкiр де екi жарылып отыр. Оған да еш таңқалуға болмайды. Себебi қазiргi Алматы сейсмология ұйымы бұрынғыдай бiртұтас мекеме емес, бiрнеше жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке бөлiнiп кеткен. Бiртектi көзқарас, ортақ пiкiр жоқ. Сондай-ақ бiр-бiрiн мақсатты түрде сынау тенденциясы да байқалады. Бүгiнде бұрынғы сейсмология институтының бiр бөлiгi – Бiлiм министрiне, екiншiсi – Төтенше жағдайлар министрлiгiне қарайды. Ал сейсмология – тұтас ғылым есебiнде физиканы, геофизиканы, астрономияны, тағы да басқа нақты ғылымдарды бiрiктiруге тиiс. Дәл қазiр "осы бiр ортақ механизмге iркiлiс түскен", – дейдi мамандар.

Аспанннан бақыласаңыз Алатау аңғарынан темiр мен шыныдан, жасалған биiк ғимараттарды жиi байқайсыз.

Өз заманында астанадағы ең биiк ғимарат болған 25 қабатты "Қазақстан" қонақ үйiнiң сейсмикалық тұрақтылығының қандай тәсiлмен сыналғанын ел тегiс бiледi. Түрлi иректi бiлiктердi монтаждау арқылы жасалған қондырғының сондағы дiрiлi қала тұрғындарының әлi есiнде. Ал қазiргi шыны ғимараттар табиғи катаклизмды қойып, сондай сынақтарға шыдай алар ма екен?

Сонда әлсiз, жерсiлкiнiсiне қатерлi ғимараттарды кiмдер салады? Әлбетте, қалталы азаматтар. Мамандар олардың ешқандай технологиялық талаптарды орындамайтынын, ғимараттарын тиiстi талапқа сай арматураламайтынын айтады. Ал сенiмсiз ғимараттардың мердiгер құрылысшылары негiзiнен аса дамымаған елдердiң инженерлерi мен құрылысшылары. Оларда құрылысты тез аяқтап, ақшасын алып кеткеннен басқа мүдде де жоқ. Алда-жалда апатты оқиғалар болса, оның өтеуiн кiмнен сұрамақпыз? Тәжiкстан мен Қырғызстаннан келген арзан жұмысшылардан ба?

"Арматуралар мен темiр бетон құрылымдардың сапасын тексерiп алып, қабылдау керек. Әрине ондай жағдайда соңғы кезеңнiң көптеген құрылыстарының қабылдау комиссиясынан өтпейтiнi де белгiлi. Қазақстан Жапония емес, күмәндi биiк ғимараттарды самсатып сала берудiң орнына, елдегi жердiң үлкендiгiн пайдалану керек" дейдi сейсмолог Әнуар Таубаев.

Қазiр Алматыда үйлердi жардың қабағына, өзен-көлдерге ұмсындыра салу сәнге айналған. Экологтар қанша тыйым салса да, болар емес. Алдыңғы жылы Көктөбеде топырақ көшiп, апатты жағдайдың қалыптасқаны да белгiлi. "Қазiргi Алматыда бiр-бiрiне тiркестiре салынған үйлер көп. Жерсiлкiнiсi, өрт қауiпсiздiгi сақталмаған. Сондықтан тұтас кварталдардың құрылысына дейiн бақылауда болуға тиiс", дейдi мамандар.

Қазақстандағы сейсмикалық тұрғыдағы қауiптi ауданның бiрi – Шығыс Қазақстан. 400 мыңнан астам адам тұратын Өскемен қаласы да сол қауiптi аймақта тұр. Сейсмолог Әнуар Таубаев: "Аймақтағы ГЭС-тер мен ГРЭС-тер, су қоймалары сейсмикалық тұрғыда қатерлi деп есептелiнедi. Олардағы қауiпсiздiк шаралары қатаң қадағалануға тиiс. Алайда соңғы жағдайларға орай Шульба, Бұқтырма, Өскемен ГЭС-терi қазiр жеке қолда, бiрнеше серiктестiкке бөлiнiп кеткен. Осының өзi-ақ ондағы сейсмикалық талаптардың сақталуына кедергi келтiредi" дейдi.

Әсiресе Өскеменнен жүз шақырым жерде тұрған Жоғарғы Шульба қатерлi көрiнедi. Үлбi өзенiнiң жағасындағы бұл су қоймасында су көп. Жерсiлкiнiсi болған жағдайда оның қалаға лап қоюы да ықтимал.

Жалпы, Қазақстанның көптеген аймағын сейсмикалық қатерлi өңiр деп санауға болады. Сондай-ақ 1998 жылы өмiрi топырағы қозғалып көрмеген Бурабайда да 4,4 баллдық жерсiлкiнiсi болды. Рас, оны Бурабайдағы Кеңес үкiметi аса құпия жағдайда ұстаған геофизикалық обсерваторияның техногендi әсерлерiмен байланыстыратындар да бар. Алайда жердiң сiлкiнгенi – ақиқат.

Қазақстандық сейсмология қызметiн жетiлдiрiп, күшейтудiң қажеттiлiгi белгiлi болып қалды. Қашанда әрекет – пендеден болуға тиiс. Аман сақтау – жаратушының дәргейiнде. Отандық сейсмологиядағы кемшiлiктерге ендi жол беруге болмайды.

Өмiрзақ МҰҚАЙ

Серіктес жаңалықтары