АҚШ-қа ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘУЕ ЖОЛДАРЫ АШЫҚ

АҚШ-қа ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘУЕ ЖОЛДАРЫ АШЫҚ

АҚШ-қа ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘУЕ ЖОЛДАРЫ АШЫҚ
ашық дереккөзі
208

Қос алыптың кеңiрдегiне жармасып күн көру – бүгiнгi заманда ұтымды шешiм. Алайда, алыптың көмейiнен ары өтiп кету де лезде. Әсiлi осы позицияға Қазақстанның сыртқы саясаты да бiртабан жақындаған секiлдi. Вашингтонда өткен жаһандық ядролық қауiпсiздiк жөнiндегi саммиттен соң Қазақстанның әуе жолдары арқылы американдық әскер мен әскери материалдарды Ауғанстанға жеткiзуге рұқсат берiлiптi.

Әуелде бұл жаңалықты АҚШ-тың қауiпсiздiк жөнiндегi кеңесшiсi Майкл Макфол жария еттi. Оның айтуынша, бұл тасымалдың АҚШ-тың уақытын және қаржыны үнемдеуге елеулi септiгiн тигiзсе керек. Оған дейiн Еуропа арқылы әуе тасымалы тым ұзақ, әрi қиынға соққан көрiнедi.

Солтүстiк полюс пен Қазақстан территориясы арқылы транзиттiк ұшырылымдардың жүзеге асуы үшiн жергiлiктi аумақтың жағдайы алдын-ала ескерiлiп те қойылған. Болашақ Солтүстiк тарату жүйесi арқылы (Northern Distribution Network) АҚШ-тың 30-35 пайыз жүгi тасымалданатыны белгiлi болды.

Транзиттiк ұшырылымдарды жүзеге асыру үшiн әуебазаның салынуы ықтимал. Расында, транзиттiк пункт пен жерге қонбайтын әуе әскери жүгiнiң транзитi мүлде ұқсамайтын екi түрлi ұғым. Бұл жоба iске асып жатқан күнде елiмiздiң Ресеймен арадағы қарым-қатынасына нұқсан келуi мүмкiн дегенге саяды сарапшылар пiкiрi. Мұнымен қоса, Қырғызстандағы бүлiк пен Құрманбек Бакиевтiң отставкаға кетуi "Манас" әуебазасының болашақ тағдырын бұлыңғыр етiп отыр. "The New York Times" газетiнiң мәлiметiнше, Қырғызстан тiзгiнiн қолға алған жаңа үкiмет Ресеймен тығыз қарым-қатынасқа бел буған секiлдi. Сондықтан да аталмыш базаның Қазақстан жерiнде орын тебуi мүмкiн деген бiрен-саран пiкiрлер де жоқ емес. Алайда, елiмiздiң бiрқатар саясаттанушылары мен сарапшылары бұл тасымал тек әуе жолдары арқылы ғана жүзеге асырылады, ешбiр әскери база салынбайды деген ұстанымда.

Қырғызстандағы Уақытша үкiметтiң төрайымы Роза Отынбаева АҚШ-тың мемлекеттiк хатшысы Хилари Клинтонмен кездесуiнде қырғыз әкiмшiлiгi бұрынғы келiсiмдердiң күшiн жоймайтындығына сендiрiп бақты. Бiрақ көңiлiне қаяу түскен АҚШ-тың қимылсыз қалмасы анық. Ал Қазақстан әзiрге әскери жүк тасымалынан қомақты қаржы табуға кетәрi емес.

Сонымен қатар елiмiзде МАГАТЭ-нiң ядролық жағармайдың халықаралық банкiн ашу идеясы да қаралды. Вашингтондағы саммитте Обама МАГАТЭ-нiң басқару кеңесiнiң құрамына кiру туралы ұсыныстары үшiн Қазақстанға алғысын бiлдiрген едi. Тiптi, Елбасының шақыртуымен жуық арада Қазақстанға да келiп-қайтудан бас тартпады. Сонымен АҚШ-тың әскери қызметкерлерi және әскери жүктерi Қазақстан арқылы қашан тасымалданады? Ол бiздiң елiмiзге тиiмдi ме, жоқ па? Бұл таяу уақытта белгiлi болмақ.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары