БАЙҚОҢЫР ЕШКIМГЕ ДЕ БҰЙЫРМАУЫ МҮМКIН

БАЙҚОҢЫР ЕШКIМГЕ ДЕ БҰЙЫРМАУЫ МҮМКIН

БАЙҚОҢЫР ЕШКIМГЕ ДЕ БҰЙЫРМАУЫ МҮМКIН
ашық дереккөзі
403

Алдағы онжылдықта ғарыш айлағының ресурстары таусылады…

Жақын онжылдықта «Байқоңыр» ғарыш айлағынан айрылып қалуымыз мүмкiн. Айлаққа төнген қауiптi әлi ешкiм сезе қойған жоқ. Ұлттық ғарыш агенттiгiнiң мәлiметiнше, алдағы 10-12 жылдың iшiнде ұшыру айлағының ресурстары толығымен таусылып, аңызға айналған Байқоңыр аты тарих бетiнде ғана қалуы ықтимал. Таяуда Парламент отырысында қаралған «Байқоңыр кешенiн тиiмдi пайдалану жөнiндегi ынтымақтастықты дамыту туралы келiсiмдi ратификациялау туралы» Заң жобасында ұшыру айлағына қатысты бiрқатар мәселелер шешiмiн тапқандай болды.

«Қазақстанның ұшыру айлағынсыз Ресейдiң күнi жоқ. Бiрақ, Ресей кетсе, ендi қайтпекпiз деп қарап отырғанша, елiмiздiң өзiндiк ғарыштық инфрақұрылымын осы бастан сақтап қалуымыз керек» дедi Т.Мұсабаев. Соңғы кездерi «Қазғарыш» басшысының белсендi жанайқайлары мен алаң көңiлiн жиi байқап келемiз. Осы орайда Байқоңыр ғарыш айлағына қатысты Ресей мен Қазақстан арасындағы келiспеушiлiктердiң бұл заң жобасына елеулi әсер еткенiн айта кеткен жөн. Әсiлi, бұл келiсiмнiң елiмiз үшiн ғарыш қызметiмен айналысуына толық мүмкiндiк беретiнi рас. Осы уақытқа дейiн елiмiз бұл салаға тiкелей араласпай, Ресеймен хат алысып, ұсақ-түйек мәселелердi шешуден аса алмай келген-дi. Ендi ғарыштық мемлекеттер қатарына қосылуға жол ашылып, «Байқоңыр» кешенiн қолдан ұшырып алмауға тиiспiз» деп атап өттi Т.Мұсабаев. Сондай-ақ, аталмыш заң жобасы «Союз» және «Зенит» ұшыру кешендерiн сақтай отырып, «Бәйтерек» зымыран-ғарыш кешенiн әзiрлеудi көздеп отырса керек.

Қазғарыш басшысының ашуын қоздырған тағы бiр түйткiл – қазақ ғарышкерлерiн ғарышқа ұшыру мәселесiнiң қаперге алынбауы. Ұлты қазақ ғарышкерлердiң соңғы кездерi ғарышқа аттанбауына алаңдаушылық түсiнiктi де. «Роскосмоспен» өзара келiсiмге сәйкес отанымыздан ашық кеңiстiкке ғарышкер аттандыру үшiн 26 миллион АҚШ долларын төлеуге тура келедi. Бiрақ, ақшасы төленген ұшырылымдар тек 3 жылдан кейiн ғана жүзеге асырылады. Сондықтан бiрде-бiр бос орын қалмапты-мыс. Ресейдiң сылтауы жетерлiк. Бұрындары ғарышкерлердi Ресей федерациясы өзi белгiлесе, қазiр бұл мәселенi 16 мемлекет бiрлесiп шешетiн көрiнедi. «Қазғарыштың» әрбiр аттандырған ғарыш кемесiнiң командирi мiндеттi түрде ресейлiк, борт-инженер АҚШ-тан, ал үшiншiсi Еуроодақ елдерiнен қойылады. Олардың ғарышқа ұшу қаржысы алдын-ала төленiп қойылады. Олай болса, жақын арада қазақ ғарышкерлерiнiң ғарышты көре қоюы неғайбыл. Мiне, бұл мәселелер де ынтымақтастық келiсiмiне кiрiстiрiлсе керек.

Қазақстан ғарыш айлағын басы бүтiн Ресейге жалға бергелi Байқоңыр қаласының бағы тайды. Экологиялық қауiпсiздiкке зиян келтiрген Ресейге сенiм арта бермей, елiмiз ғарышты игерудi өз қолына алмақ ниетте. «Қазақстан бұрын-соңды ғарыш державасы болған емес. Бiздiң бұл бағыттағы жұмысымыз ендi басталды» деп түйдi «Қазғарыш» басшысы. Маңызды жобаларды iске асыру да жоспардан тыс қалмапты. Ресей мен Украинаның ғарыштық жобалар жөнiндегi теңдәрежелi серiктесi болуға бiр қадам жақындадық. «Байқоңырда» РС-20 баллистикалық зымыранын ұшыратын украин- ресейлiк екi кәсiпорынның 10 пайыздық акциясын «Қазкосмос» иеленiп отыр.

Әуелде ғарыш кеңiстiгiнде ғайып болған «ҚазСат-1» аппаратының техникалық қателiктерiн қайталамас үшiн «ҚазСат-2» аппараты франциялық және израилдық компаниялардың араласуымен жасалуда. Биыл желтоқсан айында жерсерiгi ашық ғарышқа жiберiледi. Ал «ҚазСат-3» аппаратын құрастыру үшiн әлемдiк компанияларға арнайы тендер жарияланатын болады. Талғат Мұсабаевтың қаперiне iлiккен жоспардың бiрi осы.

2004 жылы Қазақстан мен Ресей президенттерi қол қойған ынтымақтастық келiсiмiнiң ратификациялануы алты жылға созылып отыр. Алайда байқоңырлық қазақтардың тұрмыс-тiршiлiгi мен бiлiм алу жүйесiне алаңдаушылық бiлдiргенмен, бұл заң жобасы ұлт мүддесiнiң маңызды тұстарын қарастырмаған. Мәселен, бiлiм саласы туралы баяғы жартас кердеңi сол жартас. Бүгiнде Байқоңыр қаласында бiлiм беретiн 14 мектеп бар болса, соның 6-уы ғана қазақ тiлiнде бала оқытады. Тiптi, бұл мектептердiң өзiнде Ресей Федерациясының бiлiм беру стандарты кезең-кезеңiмен енгiзiлген. ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi мен РФ Бiлiм және ғылым министрлiгi арасындағы 2006 жылғы 21-қарашада қол қойылған келiсiм аясында Ресей тарапынан қаржыландырылатыны қарастырылған. Бұл Байқоңыр оқушыларының санасында «Ресей – менiң Отаным» ұранының қалыптасуына әсер ететiн фактор болып қалуда.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары