ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫШЫНА ЕСКЕРТКIШ ҚОЙЫЛДЫ

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫШЫНА ЕСКЕРТКIШ ҚОЙЫЛДЫ

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫШЫНА ЕСКЕРТКIШ ҚОЙЫЛДЫ
ашық дереккөзі
268

Сарыарқаның төсiнде орналасқан Баянауылдай киелi жердiң ұлы жырауы – Бұқар жырау "Жақсының аты өлмейдi, ғалымның хаты өлмейдi" деген терең ой айтып кеткен болатын. Осы сөзге лайықты тау-тұлға, кең даланың төсiнде керiлiп өскен дархан пейiлдi дана, аты әлемге мәшһүр Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың соңына қалдырған еңбегi – сарқылмас қазына, өлмес мол мұра. Ғылым мен бiлiмнiң тереңiне бойлап, өнегелi өмiрiн өшпес дүние етуге арнаған асыл азаматтың ашқан жаңалықтары, елi үшiн жасаған өлшеусiз iстерi мен ерен еңбектерi егемен елiмiздiң рухани керуенiнiң көш басында келедi.

Лениндiк сыйлықтың төрт мәрте иегерi, қазақтан шыққан тұңғыш академик, ҚазКСР Ғылым академиясының тұңғыш Президентi, қайраткер тұлға, ғұлама ойшыл Қаныштай ағамыздың ерекше таланттылығының арқасында қазақ елi талай елдiң арасында еңсесiн биiк көтерiп, терезесiн тең ұстай алды. Егемен елiмiздiң тұңғыш президентi Н.Ә.Назарбаев: "Қаныш Сәтбаев менiң ойымша, Кеңес үкiметiнiң ғана емес, қазақ халқының ұлы тұлғаларының бiрi. Ол өз даралығымен, еңбегiмен Қазақстан геологтарының мектебiн жасап, басқарды, сонымен қатар геология ғылымының дамуына зор үлесiн тигiздi. Осындай биiк шыңға Қазақстаннан, қазақ халқынан ешкiм де бүгiнгi күнге дейiн көтерiлген емес" – деген болатын. Шынымен де, Қаныш Сәтбаев туған халқын көкте күлiмдеген күндей жадыратып, өмiрлерiн гүлдендiру жолында күресiп өттi. "Мен жетелеп өлемiн өрге қарай қазақты", – деп Шәкәрiм Құдайбердиев айтқандай, Қаныш Сәтбаев та жұлдыздай ағып өткен аз ғұмырында ұрпағына мол мұра қалдырып кеттi.

Табиғи байлықтарымызға тiреу, сарқылмас сыбағамызға сүйеу, қазағына қорған бола бiлген бiртуар перзент мақтанышын ұлықтап, еңбегiн жалпақ жұртқа үлгi-өнеге етiп көрсету мақсатында игi бастамалар мен табанды iстерге мұрындық боп жүрген Павлодар облысының әкiмi Бақытжан Сағынтаев Сәтбаев көшесiнiң қақ ортасында ғалымға еңселi ескерткiш орнатылғанда толқығаны рас.

– Бүгiн Кереку елi үшiн үлкен қуаныштың тұсауы кесiлдi. "Өлi разы болмай, тiрi байымас", – дегендей, ұлы ғалымның аруағына тағзым етiлiп, Керекудiң төрiнен еңселi ескерткiш бой көтердi. Қаныш Сәтбаев киелi Баянауыл топырағынан түлеп ұшып, бүкiл қазақ жерiн әлемге танытты. Оның еңбек жолы ұрпақтар сабақтастығының нығаюына, ғылым-бiлiмге бет бұруына, болашақ жастардың туған топырағына еңбегiн сiңiруге шақырады. Елi үшiн ерен еңбек еткен, ұлты үшiн ұрандап өткен ұлы тұлғаларымызды ұмыт қалдырмай, насихаттау – ұрпақтар алдындағы парызымыз, – дедi есткерткiштiң ашылу салтанатында облыс әкiмi Бақытжан Сағынтаев.

Бiртуар ғалымның туған күнiнде туған жерi – Кереку төрiнен орын тепкен ескерткiштiң тұсауы кесiлдi. Естай атындағы қалалық Мәдениет сарайында үлкен конференцияға алыстан ат терлетiп келген Кәкiмбек Салықов, Мырзатай Жолдасбеков, Қуаныш Сұлтан, Кенжеғали Сағадиев, Мұрат Жұрынов, Медеу Сәрсеке, Жабайхан Әбдiлдин сынды зиялы қауым өкiлдерi қатысты. Алқалы жиында ғалымның өмiрi мен еңбек жолы хақында тәрбиелiк маңызы зор әңгiмелер айтылды. Академик Әлкей Марғұланның талай жыл бұрын:

"Осы бiр тамаша адамның ғылым мен ақыл кенiшiнiң, баршаның досы мен қадiрлi жолдастың өмiрi ерте үзiлдi. Ол өз халқының мақтанышы едi, өйткенi соның бақыты мен өркендеуi үшiн өмiр сүрiп, еңбек еткен-дi. Халқына қызмет етудi ол өз өмiрiнiң жоғары идеалы санады.

Халық Қаныш Имантайұлын шын сүйедi. Ол туралы аңыздар айтылып, оны ақындар жырға қосады. Оның қазасы бүкiл қазақ жерiне қайғы болып келдi", – деп айтқаны әлi күнге ел жадында.

"Ақ түйенiң қарны жарылған" айтулы күнде аты аңызға айналған арқалы азаматымыздың асыл сөздерi қайта айтылып, ескерткiштiң ашылуына келген көрнектi тұлғалардың талант жайында толғана тiл қатуы – аруаққа көрсетiлген зор құрмет. Ертiстiң жағасынан бой көтерген еңселi ескерткiшке қарап керекулiктердiң еңсесi де бiр көтерiлiп қалды. "Сәтбаев феноменi" халқына рухани тәлiм болып, өз елiнде мәңгiге орнын жоғалтпақ емес.

Еркебұлан АЛДАБЕРГЕНОВ

Серіктес жаңалықтары