БIЛIМҚҰМАР БАЛАҒА БАҒДАРШЫ БОП...

БIЛIМҚҰМАР БАЛАҒА БАҒДАРШЫ БОП...

БIЛIМҚҰМАР БАЛАҒА БАҒДАРШЫ БОП...
ашық дереккөзі
461

«Баланың маңайындағы нәрсенiң бәрi жинақты, реттi, таза болсын; баланың маңайындағы сөйленетiн сөздер де әдептi, сұлу болуға тиiстi; баланың маңайындағы адамдардың жүрiс-тұрыстары да әдептi, сұлу болу керек. Сұлу дене, сұлу қозғалысты көрiп өскен баланың денесi де, қозғалысы да сұлу болады» деген сыршыл, сезiмтал ақын Мағжан Жұмабаев өзiнiң «Педагогика» атты еңбегiнде.

Мына бiр сәт Мағжанның осы сөзiн еске түсiргендей болды… Орыс тiлi кабинетiндегi таза, ұсталмаған жаңа столдар мен орындықтар, төбеде шам жарығы жұлдыздарша төгiп тұрған люстра, магнит өрiсiмен жасалған тақта, оған iлiнген плакаттарға жапсырылған магниттер, айналы шкаф, еден мен есiктiң жаңадан қойылуымен қатар қабырғада iлiнген түрлi-түстi суреттермен безендiрiп Клара Қалмолдақызына арналған стенд көңiлге ыстық сезiм ұялатып, жанға жайлы әсер еткендей болды.

Ортада жиналған қонақтарға, мұғалiмдерге жаңадан жабдықталған орыс тiлi кабинетiнде жас ұстаз сабақ өтiп жатты. Ол орыс тiлiнiң маманы, мектеп директоры Жанат Хандiлдә едi. Жас ұстаз кабинетке әкелiнген құрал-жабдықтарды жiпке тiзген өрнектей өз орнымен көпшiлiкке таныстырды. Атап айтқада, олар орыс жазушылары мен ақындарының портретi, орыс тiлi – лингвистер портретi, плакат – бастауыш сыныптар үшiн, плакат 5-9 сыныптар үшiн, плакат 10-11 сыныптар үшiн, магниттi тақта магнитiмен, музыкалық орталық, кодоскоп, ДВД, кiтап қоятын шкаф, кресло, парта, есiк, люстра.

Абай атындағы орта мектептiң орыс тiлi кабинетiне осынша жақсылықты жасаған Өскенбай ағамыз.

«Кiтапта жатыр бар байлық,

Түсiнiп оны оқысақ.

Әрбiр сөзi бiр тайлық,

Ғалымның ойын тоқысақ» деп жырлаған Өскенбай аға ел азаматтары үшiн үлкен қамқорлық жасады. Ал, Өскенбай ағамыздың кабинеттi өзiнiң жары Клара Рысалдинаға арнауында мән бар едi. Клара Рысалдина жас ұрпақты еңбек сүйгiштiкке, үлкенге құрмет, кiшiге iзет көрсетуге баулыған, өзiнiң зайыбы Өскенбайдың оқып, бiлiм алуына бар жағдайды жасаған, ауылға беделдi келiн атанып, аналардың ақылманы болған жан едi.

«Сүйер ұлың болса, сен сүй,

Сүйсiнерлiк болса егер ол» деп ұлы Абай айтқандай, жерлесiмiз Өскенбай Құлатайұлын мақтан етемiз. Ол тау-кен инженерi-маркшейдер мамандығын игерген. Ащысай түстi металл кенiшiнде жұмыс атқарған. Бала кезiнен қолына қалам алып, өлең жазған, шығармашылық жұмыспен айналысып, әдебиетке өз үлесiн қоса бiлген. Оның «Өмiр өрнектерi», «Сағым жылдар», «Игiлiк», «Анаға тағзым» атты еңбектi оқырмандары сүйiп оқитын кiтаптарға айналды.

Өскенбай ағамыздың өзi бiлiм алған мектебiмен тығыз байланыста болып, нардың жүгiндей атқарған iсiне Абай атындағы шағын жинақталған жалпы орта мектебiнiң мұғалiмдер ұжымы алғысын айта отырып, орыс тiлi мен әдебиетi кабинетiн осы мектептiң ардагер-ұстазы Клара Рысалдина атына берiлуiн қуаттап, жас ұрпақты бiлiм нәрiмен сусындатып, қызмет атқаруға сенiм бiлдiремiз.

Өскенбай Құлатайұлы өзiнiң туып өскен жерiне тағзым етiп келген сайын жеткен жетiстiктерiмiзге ортақтасып, тiлегiн жаудырып отырады. Сонымен қатар мектептiң мұқтажды бұйымдарына көмек көрсетiп отыруды әсте есiнен шығармайды. Атап айтсақ, 200 мың теңге көмегiн берiп, мектептiң қосымша су ұңғысын қаздырып, көгалдандыру жұмыстарын жүргiздi.

Өскенбай ағамыздың туған елiне жасаған қамқорлық iсiн жас ұрпақ ұмытпайды. Ал, бар жақсылығын балаға жасаған Өскенбай ағамыз ақын Әбу Сәрсенбаевтың сөзiмен айтқанда:

«Келер ұрпақ айға қонсаң, сен ертең,

Мен баспалдақ болдым деп-ақ қуанам…» деп тұрғандай.

Бибiпатима Ерiмбетова, Абай атындағы шағын жинақталған жалпы орта мектептiң мұғалiмi

Серіктес жаңалықтары