АДАЛ МАРАПАТ АЗАМАТТЫ АЖАРЛАНДЫРАДЫ

АДАЛ МАРАПАТ АЗАМАТТЫ АЖАРЛАНДЫРАДЫ

АДАЛ МАРАПАТ АЗАМАТТЫ АЖАРЛАНДЫРАДЫ
ашық дереккөзі
321

Бойдағы сырқатты бақытсыздық деп түсiнсек, сол кеселмен күресу-өмiрге құштарлығың. Ал, өмiр деген – жарық сәуле. Менiң анам Бибiсара көп ауырды, дәрiгерге де,емшi-құшнашқа да көрiнiп тұрды. Жылына бiр немесе екi реттен ауруханаға жатып ем алатын, бiздiң отбасымыздың қараушысы жоқ екенiн бiлетiн Қармақшы аудандық аурухананың бас дәрiгерi, Қазақстанға еңбек сiңiрген дәрiгер, Ленин орденiнiң иегерi Тәуен Құлмұратов анама барлық жағдайды жасады. Анам ауырып қалса, "көмегiңдi жаса" деген мазмұнда бiр-екi шумақ өлең жазып, менi Тәуен ағаға жұмсайды. Мен ол кiсiге барсам да (13-15 жастағы кезiм), анамның өлеңiн беруге бата алмаймын және намыстанамын. Намыстанатыным, менiң шешем үйдегi жәй бiр елеусiз кемпiр, Құлмұратов болса, ауданның бас дәрiгерi. Кабинетке кiре алмай, есiгiнен кiрген-шыққандарға жалтақтап жүрiп, ол кiсiнiң алды босаған кезде жасқаншақтап есiгiне бас сұғамын. Ол кiсi менi өзiне шақырады, анамның өлеңiн алып аздап күлiмсiрейдi де, үйге дәрiгер жiбередi. Анамды көбiне емдеген дәрiгерлер Ольга Николаевна Хегай және Тиышкүл Мұстафина деген мың болғыр жандар. Дәрiгер үйге келiп көргеннен кейiн, анам ауруханаға жатқысы келсе жатады, жатқысы келмесе: "Менi үйде емдеңдер, медбике жiберiп, укол салып тұрыңдар", – десе, соны орындатады.

Ол кезде (1954 ж) көз операциясы қазiргiдей жетiле қоймаған уақыты болуы керек,анам көз ауруханасында қырық күндей жатып, аяқ жолын көретiн жағдаймен үйге оралды. Т.Құлмұратовтың көмегiмен анамның барлық құжаттары дайындалып, көзiнiң нашар көретiндiгiне байланысты үшiншi топтағы мүгедек деген құжат берiп, қосымша жәрдемақы алатын мүмкiндiк жасады.

Үстiне өмiрi таза киiм киiп көрмеген, үйi де, күйi де жоқ, есi дұрыс деуге жатпайтын, Жосалы поселкелiк кеңестiң кеңсесiнде түнеп жүретiн Тоқтар есiмдi бейкүнә жан болды. Сол Тоқаңның сөйлегенде сөзi түсiнiксiз,бiр әңгiменi аяғына дейiн айтатын мүмкiндiгi де жоқ, көшеде өзiнше бiрдеңелердi сөйлеп бара жататын. Бiрде Тоқаң қатты ауырып, аудандық ауруханаға түседi. Аурухананың бас дәрiгерi Т.Құлмұратов ертеңiне палаталарды аралап, Тоқаңның күтiмсiз жатқанын көредi. Сөйтсе Тоқаңның жатқан кереуетi, төсек орны, алып жатқан емi,үстiндегi аурухана берген киiмдерi, бәрi-бәрi әдеттегiден төмен жағдайда екен. Жедел түрде Тоқаңды жуындырып, таза киiм, таза төсек бергiзiптi.

Мiне, сұраушысы жоқ бейбақ адамға да Тәуен аға қамқорлық көрсетуден қашпайтын.

Қазiр Тәуен Құлмұратовтай дәрiгер –азаматты шырақ алып iздесең де таба алмауың мүмкiн.

Тәуен аға 1910 жылы Атырау облысы (Гурьев), Қызылқоға ауданында дүниеге келген, өзi екi жасында, iнiсi Iзiм қырқынан шықпаған уақытында ата-аналары қайтыс болып, екi жетiм ағайындары мен нағашыларының қолында үлкен қиындықты бастан кештi. Тiршiлiктiң талай тауқыметiн тартып, 1930 жылы Алматыдағы қолөнер училищесiне оқуға түсiп, байланысшы деген мамандық алған соң, 1931 жылы Алматы мемлекеттiк медициналық институтына түсiп, оны терапевт мамандығы бойынша 1937 жылы бiтiредi. Институт бiтiрген Тәкеңнен қай облысқа барғысы келетiнiн сұрағанда: "– Қазақстанның қай облысы, менiң дәрiгерлiк қызметiме мұқтаж – соған жiберiңдер" – деп жауап бередi. Тәкеңнiң еңбек жолы 1937 жылдан – Қармақшы ауданынан бастау алады. Ұлы Отан соғысы басталған күннiң ертеңiне, 1941 жылы 23-маусым күнi соғысқа аттанады. Терапевт дәрiгер Тәуен аға майдан мұқтаждығынан оташы (хирург) болып iстеп, сандаған жауынгерлердi қатарға қосып, тiрi қалуларына септiгiн тигiздi. Жанқиярлықпен кыруар еңбек еттi. Соғыстан капитан шенiмен оралған ол, 1948 жылға дейiн Алматыға жақын орналасқан Отар қаласындағы әскери гарнизоннның дәрiгерi болды. Одан кейiн қайтадан Қармақшыға келiп, осы жылдан аудандық аурухананың және денсаулық бөлiмiнiң бас дәрiгерi қызметiн 1972 жылға дейiн абыроймен атқарды.

Тәуен ағаның майдандағы жеңiс күнiн жақындатқан ерлiгi "Отан соғысы" орденiмен, бейбiт күнгi дәрiгерлiк ерен еңбегi "Октябрь революциясы", Ленин орденiмен марапатталды.

Тәуен ағаға берiлген "Қазақ ССР-не еңбегi сiңген дәрiгер" және "Денсаулық сақтаудың үздiгi" т.б. атақтар, нағыз құрметтi марапат. Жалпы абырой орден толы омыраумен өлшенбейдi. Адал жолмен келген марапат азаматты ажарлы етiп көрсетедi. Ең жоғарғы абырой- елдiң мадақтауы, халықтың есiнде болуың. Тәуен Құлмұратов сияқты Гиппократ антына адал болған дәрiгердiң өнегелi өмiр жолы бүгiнгi ұрпаққа үлгi етуге тұрарлық.

Биыл Ұлы Жеңiстiң 65 жылдық мерекесi, Қызылорда облысының 70, Қармақшы ауданының 80 жылдық мерекелерi тойланды. 35 жыл бойы Тәуен Құлмұратов Қызылорда облысына ерен еңбек етiп, Отанымыздың қорғаныс саласында 7 жыл қызмет етiп ,ауданның ғана емес, облыстың мақтанышы бола бiлдi.

Сәпен АҢСАТОВ, еңбек ардагерi

Серіктес жаңалықтары