“БIРЖАН САЛҒА” КIМ КЕДЕРГI?

“БIРЖАН САЛҒА” КIМ КЕДЕРГI?

“БIРЖАН САЛҒА” КIМ КЕДЕРГI?
ашық дереккөзі
425

– Бiржанды көресiң бе?

Бұл әрiптесiмнiң маған жiберген хабары. Бiржан дегенi "Бiржан сал" фильмi. Өткен жылдың қыркүйегiнде Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы тұсауын кескен фильм бiр жұмадай Алматыдағы кинотеатрларда көрсетiлдi де, содан кейiн көпшiлiк таба алмай қалды. Мiне, арада жетi ай өткен соң, "Бiржан салды" "Искра" кинотеатрында көрсеткелi жатыр екен. "Жақсыны көрмек үшiн" демей ме, көрерменнiң сүйiнiшiне айналған фильмдi тағы бiр рет көру үшiн, бiз де "Искра" кинотеатрына жеттiк.

Келсек, фильмдi шағын ғана топ көрiп отыр екен. Тiптi, он шақты ғана көрермен десек те болады. Шын өнердi қадiрлейтiн, шын өнердiң қадiрiне жететiн көрермен ғана жиналыпты ғой деп ойлауыңыз да кәдiк. Ал, шын мәнiнде, фильмдi көруге мүмкiндiк алған сол шағын топтың өз еңбегi. Әйтпесе, "Бiржан салды" көрерменге көру қайда? Фильмдi арнайы көрсетуiнiң де себебi осында екен. Журналист қауым фильмнен кейiн Досхан Жолжақсынов пен сценарий авторы Таласбек Әсемқұловқа осыған орай бiрқатар сауалдарын тастады.

Неге екенi белгiсiз, әнi-мiне шығады деген "Бiржан сал" жетi ай болды, көрерменге толығымен жете қойған жоқ. Елдiң бәрiн шулатқан "Қазақфильмнiң" кейбiр сапасыз туындылары "Меломанның" сөрелерiнде самсап тұрғанда, "Бiржан салдың" жолы неге кесiлдi екен? Әлде мұнда басқа да бiр себептер бар ма?

Әлi есiмiзде, фильмнiң тұсауы кесiлген сол бiр күнi "Алатау" кинотеатрында ине-шаншар орын болған жоқ. Екi сағаттан астам уақыт бойы орындарынан тiк тұрған қалпы, қимыл-қозғалыссыз тамашалап едi-ау кейбiрi. Соншама уақыт тiкесiнен тiк тұрса да, сол күнгi көрерменнiң фильмге деген ерекше сүйiнiшiн көргенбiз. Сол жолы "Бiржан салдан" көрермен көп жылдар бойы iздегенiн тапты, аңсағанына қол жеткiздi. Қазақтың жоғалғанын түгелдедi "Бiржан сал".

Бiр-бiрiнен естiгенi болмаса, "Бiржан салды" көрмеген көрермен көп. Облыс орталықтарында, iрi қалаларда тұсауы кесiлгенiмен, жаппай көпшiлiкке жете алмай, "Бiржан салдың" жолы кесiлiп отыр. Жолы кесiлгенi емей немене, фильмнiң әлi күнге дискiсi жоқ. Дискi шығару аса қиын да емес. Өйткенi, күнi кеше ғана көрерменге жол тартқан "Махаббат тәлкегi" фильмiнiң де дискiсi жарық көрiп қойды. Сонда қалай болғаны?! Ат төбелiндей топқа көрсетiлгенi болмаса, дискiсi шықпаған фильмдi шығаруға режиссердiң де мүмкiндiгi жоқ. Өйткенi, фильмнiң құқығы "Қазақфильм" басшылығына тиесiлi.

"Бiржан салды" көрсе, бүгiнгi ұрпақ тәрбиеленер едi-ау деп ойлайсың кейде. Сал мен серiнi ұмытқан, олардың кiм екенiн де бiлмейтiн бүгiнгi ұрпаққа әншiсi мен күйшiсiн, жыршысы мен жырауын қазақ қалай басына хан көтергендiгiн көрсетпейтiн бе едi, аталмыш фильм. Әлде, елдiң еркесiне айналған сал мен серiнiң өмiрiн көрсеткенi үшiн ұнамай қалды ма екен?! Әйтеуiр көңiлде дүдәмал ойлар көп. Оның жауабын кiмнен сұраймыз?!

"Бiржан салдың" елдiң көптен күткен, көптен аңсаған фильмдерiнiң бiрi екенi белгiлi. Өйткенi, фильмдегi Бiржан бейнесi ұлттың бет-бейнесiн ашып көрсеткен кейiпкерлердiң бiрi. Қазақтың әйелiнiң, қазақтың анасының ұлылығын да фильмдегi Әпiш бейнесiнен тапқан жоқпыз ба? Әттең, сол ұлылық, сол құрмет, сол қасиеттiң бәрiн бойына топтастырған фильм көпшiлiкке жете алмай жүр. "Қысқа жiп көрмеуге келмей тұр" осылай… Қолдың қысқалығы ма, әлде кейбiреулердiң қолдан жасаған кедергiсi ме, кiм бiлсiн, әйтеуiр Бiржан жарыққа шықпай жатыр. Ұлтты ұлықтайтын, ұлтының бағасына жететiн фильмдердiң тағдыры неге осылай болады екен, ә!? Есесiне, ұлтты қаралайтын, халықты қорлайтын кейбiр фильмдердiң күнi оңынан туып тұр.

Фильмнiң режиссерi Досхан Жолжақсынов та, сценарий авторы Таласбек Әсемқұлов та бұл iстiң байыбына бара алар емес. Елдiң бәрi режиссерден дискi сұрайтыны белгiлi. Оларға айтар режиссердiң жауабы да жоқ. Дискiнiң шықпай отырғанының себебiн кiмнен көредi?! Ендiгi үмiт, тек "Қазақфильм" басшылығында… Қазақты қорлайтын емес, қазақтың қадiрiн арттыратын фильм жарыққа шықпаса, онда бiздiң кiм болғанымыз?! Ал, көрермен болса, "Бiржан салды" көргiсi келедi. Дискiсiн iздеп жүр. Қайдан табады, қалай табады?!

Осы орайда, "Қазақфильмге" телефон шалдық. Ондағылар бiр-екi апта көлемiнде "Бiржан салдың" DVD нұсқасының шығатынын жеткiздi. Лайым, сол күнге жеткiзсiн деп тiлейiк!

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары