Ричард ХОУГЛАНД: ТӘУЕЛСIЗ ҰЛТ БОЛЫП ӨМIР СҮРУ БIР БАҚЫТ

Ричард ХОУГЛАНД: ТӘУЕЛСIЗ ҰЛТ БОЛЫП ӨМIР СҮРУ БIР БАҚЫТ

Ричард ХОУГЛАНД: ТӘУЕЛСIЗ ҰЛТ БОЛЫП ӨМIР СҮРУ БIР БАҚЫТ
ашық дереккөзі
222

Биыл Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етiп отырған Қазақстан туралы алып-қашпа әңгiме көп. Мәселен, Орта Азиядағы көшбасшыға айнала бiлген Қазақстандағы демократиялық құндылықтар мен сөз бостандығының ЕҚЫҰ стандарттары мен талаптарына сай еместiгiн тиек еткен ақпараттар да жиi көрсетiп қалады. Бiрақ, АҚШ пен Батыстың ресми пiкiрi қалай? Осы ретте АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкiлеттi елшiсi Ричард Хоугланд мырзамен сұхбаттасудың сәтi түскен едi. Әңгiме Қазақстанның iшкi-сыртқы қарым-қатынасы және АҚШ-тың ресми көзқарасы тұрғысынан өрбiдi.

ҚАЗАҚСТАН – ЕУРАЗИЯДА КӨШБАСШЫ ЕЛГЕ АЙНАЛДЫ

– Елшi мырза, Қазақстанда елшiлiк қызметте жүргенiңiзге екi жылдай уақыт болды. 2011 жылы Қазақстанның тәуелсiз мемлекет болғанына 20 жыл толады. Жалпы, Қазақстанның әлеуметтiк-экономикалық жағдайын қалай бағалайсыз?

– Тәуелсiз ұлт ретiнде өмiр сүруiнiң 20 жылдық мерейтойы қарсаңында тұрған Қазақстанның мақтануға толық қақысы бар. Ол Орталық Азиядағы ең бақуатты және ең тұрақты ел болып қана қоймай, Еуразия құрлығындағы көшбасшыға айналды. Қазақстан жаппай қырып-жою қаруын таратпауда және этникалық әрi дiни келiсiм салаларында әлемдiк жетекшiге айналды. Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығына қол жеткiзуi оның әлемдегi беделiнiң өсiп келе жатқанын айғақтайды.

– Қазақстанның басты ұстанымы "әуелi – экономика, сосын – саяси реформа" екенi мәлiм. Сiздiңше, Қазақстан бұл ұстанымынан ұтты ма, ұтылды ма?

– Ашығын айтар болсам, менiңше, Қазақстанның экономикалық дамуға баса назар аударуы оның тәуелсiз мемлекет ретiнде жетiстiктерге жетуiне үлкен ықпал еттi. Бiздiң ұзақ жылдар бойғы бақылауымыз бойынша, мемлекет жергiлiктi және халықаралық нарықпен байланысқан ашық та әртараптандырылған экономикалық саясат ұстанғанда ғана гүлдене алады. Менiң бiлуiмше, сiздердiң үкiметтiң те алға қойған басты мiндетi – осы. Саяси даму iсiне құрмет көрсету арқылы Қазақстан демократиялық мемлекеттер тобының шынайы мүшесiне айналу бағытында едәуiр қадам жасады. Тiптi кей кездерi Америка Құрама Штаттары Қазақстанның демократия жолында жылдамырақ қадам жасауын қалағанымен, мұның кез келген ел үшiн ұзақ процесс екенiн жақсы түсiнемiн. Дегенмен, жалпы алып қарағанда, Қазақстан өз мәдениетi мен дәстүр-салтын сақтай отырып, халықаралық демократиялық стандарттар жолында дұрыс бағыт алып барады деп ойлаймын.

БIЗ ҮШIН МАҢЫЗДЫСЫ – ҚЫРҒЫЗСТАНДА БЕЙБIТШIЛIКТI ОРНАТУ

– Қазақстан геосаяси тұрғыдан алғанда Орталық Азиядағы ерекше статусқа ие мемлекет. Қазiргi ұстанып отырған сыртқы саясаты бойынша, көп векторлық бағытты ұстанады. Ресеймен тонның iшкi бауындай, Қытайдың дегенiн орындайды. АҚШ-қа Ауғанстанға әскери ұшақтарды ұшыратын плацдарм бердi. Сiздiңше, бұл қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз?

– Мемлекеттер көршiлерiн өздерi таңдай алмайды, олар тек географиялық орналасу орнына тәуелдi. Табысқа қол жеткiзу үшiн әр ел көршiлерiмен шынайы қарым-қатынас орнатуға тиiс. Менiңше, Қазақстан тек өз мүдделерiн қорғауда ғана емес, ортақ мiндеттердi жүзеге асыруда көршiлерiмен және әрiптестерiмен байланыс орнатуда өте жақсы жұмыс iстеп келедi. Мәселен, АҚШ пен Қазақстанның аймақта қауiпсiздiк орнату және экономиканы дамыту бағытында мүдделерi ортақ. Мұнда мен қауiпсiздiктiң барлық аспектiлерi: терроризммен және есiрткi саудасымен күрес, адам саудасына тосқауыл қою, шекара қауiпсiздiгi және әрине, Ауғанстанда қауiпсiздiк пен дамуға қол жеткiзу мәселелерi туралы айтып отырмын. Ең бастысы – екi жаққа да ортақ мүдде, жаппай қырып-жою қаруларының таралуына жол бермеу және ғаламдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету. Қазақстан ұзақ жылдар бойы осы iстерде бiздiң ең сенiмдi әрi ең белсендi серiктесiмiз болып келедi.

– Украина мен Грузияның НАТО-ға және ЕуроОдаққа мүшелiкке ұмтылғаны аян. Алайда, Еуропа бұл елдердiң аталған қадамдарына онша ықылас таныта қойған жоқ. Егер Қазақстан батыстық бағыт ұстанса, аталған ұйымдарға мүше болу мүмкiндiгi қаншалықты?

– Сөздiң шынына келсек, "НАТО мен Еуроодақ Украинаға ықылас танытпады" деген пiкiрмен келiсе алмаймын. Еуроодақ 1998 жылы Украинамен Әрiпестiк және ынтымақтастық туралы келiсiмге қол қойған, ал 2008 жылы оның деңгейi ынтымақтастық келiсiмi дәрежесiне көтерiлдi. 2009 Еуропа Кеңесi Еуроодақтың шығыстағы көршiлерiнiң, соның iшiнде Украинаның, саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыруына көмектесiп, олардың деңгейiн Еуроодақтың деңгейiне жеткiзу мақсатында "Шығыстағы әрiптестiк" бағдарламасын ұсынды. Украина Ынтымақтастық Хартиясына қол қойған 1997 жылдан НАТО-мен тығыз әрiптестiк орнатқан, содан берi ол НАТО-ның бейбiтшiлiк үшiн әрiптестiк жобасының ең белсендi мүшесi болып келедi. 2008 жылы НАТО-дағы одақтастар Мүшелiк жоспарына Украинаны қосуды кейiнге қалдыру туралы шешiм шығарғанда, оның түбiнде бұл альянсқа мүше болатынын баса айтқан едi. Бұл бойынша ақтық шешiмдi, әрине, Украинаның өзi қабылдайды.

Сауалыңыздың екiншi бөлiгiне келсек. Қазақстан күрделi, көпвекторлы сыртқы саясат ұстанады. Соның iшiнде "Еуропаға жол" атты керемет бағдарламаны атап өткiм келедi. Қазiрдiң өзiнде қалыптасқан Еуропамен тығыз қарым-қатынасты Қазақстан одан әрi нығайтуы керек пе, жоқ па – ол туралы менiң пiкiр бiлдiруiм әсте жөн емес. Қайталап айтайын, мұндай шешiмдi Қазақстанның өзi ғана қабылдай алады.

– Украина осыдан 4 жыл бұрын жеңiлiске ұшыраған Януковичтi президенттiкке сайлады. Бұдан Украинаның сыртқы саясаттағы бағыты өзгередi деп ойлайсыз ба? Янукович Ресеймен арадағы сызатты қалпына келтiруге ұмтылып, энергоресурстар төңiрегiндегi дау-дамайды реттеп, Кеден одағын жасақтауға атсалыса ма? Украинадағы мемлекеттiк тiлдiң статусы өзгеруi мүмкiн бе?

– Қазақстан сияқты Украина да көпвекторлы сыртқы саясат ұстанады, яғни өзiнiң ұлттық мүдделерiн ескере отырып түрлi мiндеттердi жүзеге асырады. Украина үкiметi еуроатлантикалық интеграцияны өзiнiң маңызды сыртқы саяси бағыты етiп алды, сондай-ақ олар Ресеймен де жақсы қарым-қатынас орнатуды көздеп отыр. Жаңа билiктiң өз басымдылықтары болатыны белгiлi, десе де, әдетте үкiмет ауысқан күннiң өзiнде елдiң жалпы сыртқы саясатын айқындап отыратын объективтi жағдайлар күрт өзгере қоймайды. Ал тiл мәселесi мен экономикалық саясатқа қатысты нақты сұрақтарыңызға келер болсақ, бұлардың тiзгiнi, әрине, Украина халқы мен үкiметiнiң қолында.

– Қырғызстандағы төңкерiстi қалай бағалайсыз? Уақытша үкiмет билiктi заңсыз басып алды деген пiкiрлерге келiсесiз бе? Бұл iсте Ресейдiң қатысы бар деген пiкiрлер жиi естiледi. Оған не дейсiз?

– Ең алдымен айтарым, бiз үшiн, әсiресе Қырғызстан халқы үшiн ең маңыздысы – елде бейбiтшiлiк пен тұрақтылықтың қалпына келтiрiлуi және Қырғызстан халқы алдында толық заңды мәртебе алатын үкiметтiң жасақталуы. Бiз Қырғызстанда демократиялық конституциялық процестiң қайта жалғасын тапқанын қалаймыз және Қырғыз елiнiң экономикалық даму мүмкiндiгiне қол жеткiзгенiн көргiмiз келедi. Қазiр сайлауға дайындық процестерi жүрiп жатыр, бiз Қырғызстан халқының сенiмiне ие болатын жаңа үкiмет билiкке келедi деп үмiттенемiз. Ал мұнда Ресей қандай рөл ойнады? Тұтқиылдан болған кез келген дағдарыс кезiнде халық кiнәлiлердi iздей бастайды. Оның орнына күллi халықаралық қауымдастық болып ашық және жария түрде тұрақты, қауiпсiз, тәуелсiз, егемен, ақыр аяғында – гүлденген Қырғызстанды қалыптастыру жолында жұмыс iстегенi дұрыс болар едi.

АҚШ БИЛIГI ЖЕКЕЛЕГЕН ТҰЛҒАЛАРҒА ЕМЕС, ИНСТИТУТТАРҒА НЕГIЗДЕЛГЕН

– Жақында АҚШ-та өткен Ядролық қарусыздандыру жөнiндегi жаһандық саммитте Қазақстанның президентiнiң Семей полигонын жапқандығы ерекше әспеттелдi. Ендеше, Обамаға берiлген бейбiтшiлiк үшiнгi Нобель сыйлығына бiздiң президент неге лайық емес деп ойлайсыз?

– Кеңес одағы құлай сала Президент Назарбаевтың Семей ядролық сынақ алаңын жауып, барлық ядролық материалдар мен қаруды өз елiнiң аумағынан шығару, Қазақстанда қалып қойған материалдардың барлығын жою iсiнде Америка Құрама Штаттарымен және күллi әлемдiк қауымдастықпен бiрлесе жұмыс iстеу туралы шешiмi, шындығында, тарихи оқиға болды. Жақында Вашингтондағы кездесу кезiнде Президент Б.Обама Президент Н.Назарбаевты ядролық қаруды таратпау iсiндегi баршаға үлгi боларлық көшбасшы деп дәрiптедi. Бүкiл дүниежүзi бұл сөздердiң ақиқат екенiн айқын түсiнетiнiне және атом қаруына қарсы саясатының арқасында Президент Назарбаевтың тарихта ешқашан ұмытылмайтынына кәмiл сенемiн. Ослодағы Нобель сыйлығын тағайындау комитетi ол кiсiнi марапаттауды ұйғара ма, жоқ па, ол жағын тек уақыт көрсетедi.

– Өткенде Алматыда өткiзген баспасөз-мәслихатында сiзге сұрақ қойған Қазақ радиосының тiлшiсi қазақтiлдi журналистердiң құқығы тапталып жатқандығы жайында айтқан едi. "АҚШ Елшiлiгi Қазақстандағы қоғам өкiлдерiмен қарым-қатынаста көбiне орыстiлдi қауымның пiкiрiне құлақ түредi" деген пiкiр бар. Сiз және АҚШ үкiметiнiң түрлi лауазымды өкiлдерi өткiзетiн баспасөз мәслихаттары тек орыс тiлiне аударылады, интернеттегi сайттарыңыз тек орыс және ағылшын тiлдерiнде, ал елшiлiктiң арнайы гранттарын алатын үкiметтiк емес ұйымдар да көбiне орыстiлдiлер болып келедi. Мұның себебi неде?

– АҚШ елшiлiгiндегi барлығымыз қазақ тiлiнiң Қазақстандағы қоғамдық ортадағы рөлiнiң қалай өсiп келе жатқанынан хабардармыз, сондықтан бiз интернеттегi сайтымызда қазақ тiлiн кеңiнен пайдалану бағытында жұмыс iстеп жатырмыз. Бiз, сондай-ақ, қазақтiлдi ақпарат құралдары мен мәдени институттармен байланыс орнату бағытында жүйелi тiрлiк жасап жатырмыз. Осы сұхбатымның өзi сөзiме дәлел болады емес пе? Дәл қазiр бiз үшiн ең қиыны жұмыстың ауқымында болып отыр. Қарапайым мысал: орыс тiлiнен ағылшыншаға аударма жасайтындар өте көп болғанымен, қазақ тiлiнен ағылшын тiлiне және керiсiнше жақсы аудара алатын кiсiлер өте аз. Қазақша сөйлейтiндердiң көпшiлiгi орыс тiлiн де жетiк бiлетiндiктен, орыс тiлiнiң басым күшке ие болып отырғаны түсiнiктi. Бұл тек АҚШ Елшiлiгiне ғана тән ерекшелiк емес, дегенмен бiз бұл мәселеден хабардармыз және оған қатысты шара қолданудамыз. Сiз көтерген тiлдiң жағдайы мен АҚШ үкiметi бағдарламаларының қатысушыларына зор құрмет көрсете отырып, бұл мәселелердiң арасында мүлде байланыс жоқ екенiн сенiмдi түрде айта аламын. Бiз бұл бағдарламалардың қатысушыларын олардың ұлтына не тiлiне қарап таңдамаймыз.

– Қазақстанның таяу болашақтағы ұлттық картинасын қалай болжайсыз? Елдегi демографиялық ахуалдың болашағы туралы зерттеулермен таныссыз ба? Елдегi қазақ ұлты санының өсуi АҚШ-тың Қазақстанға қатысты саясатына қандай өзгерiс әкелуi мүмкiн?

– Сiздiң нақты қандай зерттеудi меңзеп отырғаныңызды бiлмеймiн, бiрақ мен кеңiрек ауқымда алып қарайын. Бiз, американдықтар, көпұлтты елдiң азаматтарымыз, бұл жетiстiгiмiздiң себебi – көптеген әлеуметтiк және этникалық топтар арасында теңдiк, өзара сыйластық және толеранттылық үрдiсiнiң қалыптасуы. Бұл – бiздiң мәдени мұрамыздың бiр бөлiгi және мен мұны мақтан етемiн. Сонымен бiрге, мен жоғарыда айтқан пiкiрiмдi тағы қайталаймын, Америка үкiметi жекелеген тұлғаларға емес, институттарға негiзделген. Қазақстанның этникалық құрамы емес, Қазақстан бiртұтас мемлекет ретiнде АҚШ-тың саясатына ықпал етiп отыр.

– Рахмет!

Әңгiмелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары