«БАКС»"БОЯУЫН ӨЗГЕРТТI

«БАКС»"БОЯУЫН ӨЗГЕРТТI

«БАКС»"БОЯУЫН ӨЗГЕРТТI
ашық дереккөзі
262

Жасыл түстен ашық көгiлдiрге боялған жаңа 100 долларлықты қолдан жасау қылмыскерлерге қиынға түспек. Өйткенi, бiрнеше қорғаныш шаралары қамтылған жаңа ақша қағазға салынған сурет емес, керiсiнше, жаңа технологиялардың көмегiмен, қағаз бетiне өрнек өрiлген.

Алматыда арнайы баспасөз мәслихатын өткiзген АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы қызметiн атқарушы Роберт Лэйн, АҚШ-тың Қазақстандағы елшiлiгiнiң баспасөз хатшысы Томас Таннер мен ҚР Ұлттық Банкiнiң өкiлi Ғазиз Шегенов т.б. су жаңа 100 АҚШ долларының тұсауын кестi. Өңiн жасыл түстен жез түске өзгерткен жаңа жүздiк 2011 жылдың 11 ақпанынан бастап айналымға түсетiн көрiнедi. Бiрақ бұл қазiр айналымда жүрген ескi үлгiдегi 6,5 млрд. дана 100 долларлық iске жарамсыз деген сөз емес. Өйткенi, жаңа ақша айналымға енгiзiлiсiмен, шығарылған жылына қарамастан, ескi банкноттар төлемдiк құрал ретiнде пайдаға жаратыла бередi. Тұсаукесер рәсiмiнде жаңа ақшаның қорғаныс шараларына қатысты журналистер тарапынан қойылған сауалдардың көпшiлiгi жауапсыз қалды. Өйткенi, АҚШ Құпия қызметiнiң өкiлi тұсаукесер шарасына қатыса алмады. Оған исландиялық жанартаудың атқылауы кесiрiнен Алматыға дер кезiнде жете алмауы себеп болыпты.

АҚШ-тың ең iрi ақшасы болып табылатын жүздiктi "көшiрiп басуға" әркiм-ақ құмар. Дегенмен, жалған ақша жасаушылардың 0,01 пайызы ғана заңсыз жолмен пайдаға қарық боп жүрген көрiнедi. Осы орайда, үйiнде жатып-ақ, "көк қағазды" қолдан жасайтындардың жолын кесудi көздейтiн жаңа жүздiктегi өзгерiстер банкноттың заңдылығын ешқандай арнайы құрал-жабдықсыз-ақ айқындауға мүмкiндiк бермек. Ескi ақшада қолданылған қорғаныс шараларына қосымша тағы да заманауи техника мен технологияның жетiстiктерiн қолдана отырып, сақтық қадамдарды одан сайын күшейткен американдық билiк осылайша жалған ақша жасаушыларға есе жiберiп алмауды көздейдi.

Негiзi АҚШ үкiметi үшiн валюта дизайнын өзгертiп отыру – үздiксiз процесс. Доллардың үлгiсiн әрбiр 7-10 жылда өзгертiп отыруды әдетке айналдырған американдықтар 100 долларлық банкнотты соңғы рет 1996 жылы ауыстырған көрiнедi. Оған дейiн 67 жыл бойы ешқандай өзгерiссiз пайдаға жаратылған жүздiк арада он жылдан астам уақыт өткенде тағы "тонын" ауыстырды. Ал жаңа 20 долларлық 2003 жылы айналымға енгiзiлген. Басты жаңалық – ультракүлгiн сәуледе жасыл түске боялатын қорғаныш сызығы мен ақшаның екi жағынан күн сәулесiне анық көрiнетiн "USA TWENTY" деген сөз бар. Сонымен қатар 2004 жылы ауыстырылған 50 долларлықта "USA 50" деген сөз бен ультракүлгiн сәулеге шағылысатын сары қорғаныш сызығы көрiнедi. Одан кейiн 2006 жылдың 2 наурызында өзгертiлген 10 долларлықта да ағылшын тiлiндегi ондықты бiлдiретiн сөз бен жалқынсары түстегi қорғаныш жолағы жүргiзiлген. Ал 2008 жылы жарыққа шыққан жаңа 5 долларлықтың қорғаныш жолағы – көк түсте. Бұларға қосымша, банкноттардың барлығында дерлiк жасанды ақшадан оңай әрi тез ажырататын қосымша қорғаныс шаралары қамтылған. Құрама штаттардың ең iрi ақшасы – 100 долларлықтың жаңа үлгiсi мен оның ерекшелiктерiн егжей-тегжейлi баяндаған ресми веб-сайт қазақ, ағылшын, немiс, француз, орыс т.б. жалпы саны 23 тiлде қызмет көрсетуде. Сайтта көрсетiлетiн арнайы видео-роликте жаңа жүздiктiң түрi мен түсi қалай өзгеретiнi анық көрсетiлген. Атап айтқанда, көк түстегi қорғаныш сызығында қоңыраулардың суретi салынған. Егер ақшаны ары-берi төңкерсеңiз, қоңыраулардың орнына "100" саны пайда болады. Тағы бiр жаңалық, ақша қағазға басылмаған, жоғары сапалы микротехнологиялардың көмегiмен қағазға өрiлiптi. Бұл жалған ақша жасайтындарға едәуiр қиын болары анық. Сондай-ақ, банкнотта көрсетiлген сиясауыттағы жез түстi қоңырау ақшаны еңкейткенде жасылға боялады. Егер әрi-берi төңкерсеңiз, сиясауыттан жоғалып, табылатын қоңырау ақшаның заңды екенiн оңай ажыратуға көмектеседi. Тағы бiр мүмкiндiк: жүздiктегi Бенжамин Франклин портретiнiң сол жақ иығын саусақтың ұшымен сипасаңыз, кедiр-бұдыр екенiн байқайсыз. Портреттiң оң жағында орналасқан Федералдық қор жүйесiнiң әмбебап мөрi мен сол жақтағы әрiп пен сериялық нөмiр банкнотты басып шығарған федералдық резервтiк банктi көрсетедi. АҚШ-та 12 Федералдық резервтiк банк пен iрi қалалардағы 24 филиал жұмыс iстейдi. Ал жаңа жүздiк Техас штатындағы Форт-Уорте қаласы мен Колумбия округындағы Вашингтон қаласында басылмақ. Бiр қызығы, оның түсi бұрынғыдай жасыл емес, ашық көгiлдiр түстi. Жаңа ақшаның басқа да айырмашылықтары мен ерекшелiктерiн егжей-тегжейлi бiлгiсi келген отандастарымыз www.newmoney.gov сайтынан толық ақпарат алады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары