USAID — ВИЧ ПЕН ТУБЕРКУЛЕЗДIҢ АЛДЫН АЛМАҚ

USAID — ВИЧ ПЕН ТУБЕРКУЛЕЗДIҢ АЛДЫН АЛМАҚ

USAID — ВИЧ ПЕН ТУБЕРКУЛЕЗДIҢ АЛДЫН АЛМАҚ
ашық дереккөзі
252

Бүгiнгi таңда Орта Азия елдерiнде жұқпалы iндет түрлерi өршiп тұр. Әсiресе, ВИЧ, СПИД, туберкулез дертiмен ауыратындар саны жылдан-жылға өсу үстiнде. Халықтың әлеуметтiк жағдайы төмендеген сайын аталмыш жұқпалы дерттiң таралуы да ауқымды бола түседi. Ал әлемдiк ұйымдар адам өмiрiн жасына жетпей жалмап жатқан ауру түрлерiн ауыздықтайтын жол iздеп әуре-сарсаң.

АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Уақытша өкiлi Памела Спратлен ханым және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетiнiң төрағасы Кеңес Оспанов мырза Орта Азия халқы арасында кең таралу қаупi төнiп тұрған ВИЧ-тiң және туберкулездiң алдын алу жөнiндегi бағдарламаның қолданысқа енгендiгi туралы мәлiмдедi. Осылайша USAID пен Денсаулық сақтау министрлiгiнiң "Аутрич денсаулық күзетiнде" атты бесжылдық бағдарламасы өз жұмысын бастады. Алматыда өткен өңiрлiк конференцияда Орта Азия денсаулық сақтау министрлерi тұсауы кесiлген жаңа бағдарлама жұқпалы дерт түрлерiнiң алдын алуға өз септiгiн тигiзедi деп сенiм артады.

АҚШ-тың Халықаралық даму жөнiндегi агенттiгi қаржыландыратын бұл жоба Қазақстан, Өзбекстан, Тәжiкстан және Қырғызстан елдерiнде жүзеге асырылмақ.

Қазақстанда ВИЧ сырқатына шалдыққан адамдардың саны жыл сайын орта есеппен 20-25 пайызға өсiп отыр. Қазiргi уақытта эпидемиологиялық ахуал халықтың неғұрлым әлеуметтiк жағынан аз қамтылған топтары арасында шоғырланған. Әсiресе, туберкулез ауруының таралуы барынша жоғары көрсеткiште. Мәселен, 2008 жылы елiмiзде 2500-ден астам адам осы кеселден қайтыс болса, 14000-нан астам адам жаңадан осы ауруға шалдыққан. Мұндай жағдай Орта Азияның басқа да елдерiнде, атап айтқанда Қырғызстанда, Тәжiкстанда және Өзбекстанда айна-қатесiз қайталанып отыр. Ал әлемде СПИД-тен 22 миллионнан аса адам қаза тапса, ВИЧ ауруынан қаза болғандар саны 40 миллионға жеткен. Жыл сайын бұл ауруды 20 мыңдай адам жұқтырады екен, басым бөлiгi 15-30 жас шамасындағылар.

АҚШ-тың Қазақстандағы Уақытша өкiлi Памела Спратлен: "Бұл ауруларға көбiне қоғамның маргиналды топтары шалдығады. Дегенмен, бұл адамдар бiздiң қоғамымыздың бiр мүшесi болып табылады. Сондықтан қоғамды ВИЧ пен туберкулез ауруының кең таралуынан сақтау үшiн, оларды емдеу мен алдын алу шараларымен қамтамасыз ету маңызды. Егер бiз дерттiң әлсiз топтардың iшiнде таралуына қарсы күреспесек, онда бұл ауруларға шалдығу қаупi бәрiмiзге төнедi",– дегендi айтады.

Бағдарламаны құрамына "ХОУП", "PSI", "Шығыс-Батыс" қоры және "ҚР-ғы АҚТҚ сырқатына шалдыққан адамдардың қазақстандық одағы" кiретiн серiктестер консорциумы қолға алған. Ол елiмiздiң ВИЧ жұқтырғандар көп шоғырланған – Алматы, Қарағанды, Шымкент, Өскемен қалаларында жүзеге асырылатын болады.

Аймақтық бақылау комитетi бағдарлама қызметiн үйлестiрiп, арнайы зерттеулер жүргiзумен және соңғы нәтижелердi бағалаумен айналысады. Тәжiкстанның денсаулық сақтау вице-министрi А.Мирзоев бұл мәселенi мемлекеттiк органдар мен ҮЕҰ-ның тығыз байланысы арқасында шешуге болады деген пiкiрде. Ал, PSI-дiң Орталық Азиядағы аймақтық директоры Ләйлә Көшенова: "Бөлiнген қаржының 20 пайызы Қазақстанға тиесiлi. Салыстырмалы түрде алғанда, Қазақстандағы жағдай Өзбекстан мен Тәжiкстанға қарағанда жақсырақ. Жоба аясында 4 ел бойынша бiз 6000-нан аса адамды қамтимыз деп жоспарлап отырмыз. Жұмыс барысында дерттiң алдын алу, диагностикалау мен емдеу шаралары жүргiзiледi. Оның нәтижесi бұл аурулардың халық арасында кең таралмауына әсер етуi тиiс," – дейдi жұмыла кiрiсуге шақырып.

Бүгiнде СПИД-тi бақылау жобасы жөнiндегi өңiрлiк басшылық комитетiне Орталық Азияның 4 мемлекетi – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжiкстан мен Өзбекстан ие. Соңғы 4-5 жылдан берi осы мемлекеттердiң барлығында ВИЧ қоздырғышымен күрестi жетiлдiруге 2 халықаралық ұйым атсалысып отыр. Мысал үшiн, 2008 жылы 4 елге 27 миллион доллар бөлiнген. Оның 6 жарым миллионы қазақстандық қорға келiп түстi. Ал, таяуда Астанада Еуразия экономикалық қауымдастығына (ЕурАзЭҚ) мүше бес елдiң денсаулық сақтау жүйесiнiң басшылары мен өкiлдерi бiрiгiп, "Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше елдер халықтарының денсаулығы" мемлекетаралық бағдарламасының тұжырымдамасын талқыға салған-тұғын.

Тәжiкстан Денсаулық сақтау вице-министрi А.Мирзоев:

ЕЛIМIЗДЕ ТУБЕРКУЛЕЗ ӨРШIП ТҰР

– Тәжiкстанда денсаулық сақтау саласында ең өткiр мәселе қандай?

– Бiрiншiден, USAID-тың бұл бағдарламасы бiзде қабылданған "Мыңжылдықтың даму мақсаты" атты бағдарламамен өте ұқсас. Бұл ВИЧ/СПИД және туберкулез сынды дерттiң алдын алуға арналған. Егер осы жобамен жұмыс iстеп кетсек, жақсы нәтижеге қол жеткiземiз. Әзiрге жоба бес жылға жоспарланып отыр. Алайда, бiзде ВИЧ дертiне шалдыққандардың саны соншалықты көп емес. Қазiр Тәжiкстанда 100 мың адамға шаққанда 24 адамнан келедi, яғни, шамамен 2 мың адамда бар деген сөз. Ал туберкулез ауруының көрсеткiшi жоғары болып тұр. 100 мың адамға шаққанда 80-дi құрайды. Орта Азия елдерiнiң аймақтарында жұқпалы дерттiң көрсеткiштерi бақылауға алынды. Бiз әрине, әуелi есiрткiге елiккен азаматтарға көңiл бөлемiз.

– Оның үстiне Тәжiкстан шекарасымен есiрткi тасымалы көп өтедi ғой. Бұл да айтарлықтай әсер ететiн шығар…

– Әрине. Тәжiкстан мемлекетi географиялық орналасу жағынан дәл солтүстiктен келетiн есiрткi керуенiнiң үстiнде. Бәрi Тәжiкстан арқылы өтедi. Сондай-ақ, бiздiң шекарамыз Ауғанстанмен шектесiп жатыр. Қалай десек те, транзиттiк жолмен тасымалданатын есiрткi барондарына тосқауыл болмай тұр.

– Дәл қазiр Тәжiкстан халқының әлеуметтiк жағдайы қалай?

– Әлеуметттiк жағдайға келсем, кейiнгi жылдары елiмiз экономикалық жағынан iлгерi жылжып келедi. Экономикалық-әлеуметтiк ахуал тұрақты. Жыл өткен сайын тұрғындар бұл жақсылықты сезiнiп жатыр.

– Бүгiнде Қазақстанда қайыр сұрап жүрген тәжiктер көп. Әсiресе, жол бойында бала құшақтаған әйелдер қаптап жүредi. Осыдан Тәжiкстанда өмiр сүру қиындап кеткен бе деген ой келедi.

– Жоқ, олай емес. Сiз еңбек мигранты туралы айтып отырсыз ғой. Жасыратыны жоқ, Тәжiкстанда мұндай мәселе бар. Бiздегi шамамен 1 млн. еңбек мигранты негiзiнен Ресейде, Қазақстанда және басқа мемлекеттерде жұмыс iстеп жүр. Миграция мәселесi бұрын да болған, болашақта бола бермек. Бұл тек Тәжiкстанда ғана емес, кез келген елдi мазалап отырған жайт. Өзбекстанда, Қырғызстанда жоқ па? Бар. Қазақстанда да ресми түрде айтылмаса да, мигранттар көп екендiгiн бiлемiз ғой.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары