БЕРЛИННЕН ҚҰР ҚОЛ ҚАЙТҚАН КОМАНДИР

БЕРЛИННЕН ҚҰР ҚОЛ ҚАЙТҚАН КОМАНДИР

БЕРЛИННЕН ҚҰР ҚОЛ ҚАЙТҚАН КОМАНДИР
ашық дереккөзі
215

Қиян-кескi соғыста мұсылмандығын жоғалтпаған

Фашистiк Германиямен болған сұрапыл соғыс кiмнiң отбасына қайғы-қасiрет әкелмедi дейсiз. Күтпеген жерден басталған соғыс қыршын жастарды көз жасын көл қылған ауру-сырқау әкесi мен анасынан айырды. Кейбiреулердiң артында қалған әлi де шымылдығы жиналмаған сүйiктi жары есiнен танып құлап жатты. Соғыс уақытысында тылда қалғандарының да тұрмыс жағдайы өте ауыр болды. Киерге киiм, iшерге асы бiрде болса, бiрде болмайтын күндердi жиi бастан өткердi. Мектеп оқушылары түске дейiн сабақ оқыса, түстен кейiн шаруашылықтарға барып, қолғабысын тигiздi. Бүгiнгi күндерi жатсаң да, тұрсаң да ендiгi жерде ол күндердiң ауыртпалығын ешкiмнiң басына салмасын, кейiнгi ұрпақ соғыс деген сұмдықты көрмей-ақ өссiн деп тiлейсiң.

Сондай қиыншылықты соғысқа кеткен мыңдаған жауынгерлердiң бiрi болып Сағынай Қимағанбетұлы Кенжеғұловтың отбасы да басынан кешiрдi. Қызылорда облысы, Арал қаласында туып-өскен Сағынай мектептен кейiн, екi жылдық рабфакты үздiк бiтiрген жылы Совет армиясы қатарына шақырылады. Әскери борышын өтегенiне үш жыл толғанда Екiншi дүниежүзiлiк соғыс басталып кеттi. Еңбекке ендi ғана араласуға бел буған қылшылдаған жас жiгiт алғашқылардың қатарында майданға аттанды. Үйiнде әлi де төсегiнiң жылуы тарқамаған құдай қосқан қосағы Сақыпжамал ата-енесiнiң қолында Сағынай шаңырағының түтiнiн өшiрмей, тоғыз жыл сарыла күтуден жалықпады. Сағынай Қимағанбетұлы ерлiгiмен елiне танымал болған, Совет Одағының маршалы, 2-Белорусь майданының қолбасшысы Ракоссовскийдың қарамағында соғысқа қатысып, Берлинге дейiн барды. Майдан шебiнде жүрiп, артиллерия взводының командирi болып, небiр жан алып, жан берiскен ажал отында көптеген қиындықтармен бетпе-бет келедi. Орыс батальондағы жалғыз қазақ кейбiр әдiлетсiздiктерге куә болса да, өзiнiң бiрбет қайсарлығы арқасында ешкiмге есесiн жiбермеген. Өзiнiң қазақтың өршiл өжеттiгiн, мұсылмандық адал қасиетiн жоғалтпаған. Адамдарды ұлтқа бөлген емес, оның адамгершiлiк қасиеттерiн жоғары бағалаған.

"Қырық жыл қырғын болса да ажалсыз өлмейдi" деп атам қазақ айтқандай, Сағынай бес жыл соғыста қан кешiп жүрiп, кейбiр жеңiл-желпi алған жарақаты болмаса, он екi мүшесi сау елге абыроймен оралып, бала-шағасымен қауышты. Абыроймен деген сөзiмiздi Сақаңның кеудесi толы жарқыраған "Қызыл жұлдыз", "Даңқ" ордендерiмен бiрге "Ерлiгi үшiн", "Берлиндi алғаны үшiн" т.б. медальдары айғақтап тұрғандай.

Соғыстан елге аман-есен оралғаннан кейiн, қан майданда әбден шынығып ысылған, бейбiт өмiрдiң қадiрi мен парқын жете түсiнген ардагер Сақаң қол қусырып отырмай, тездетiп жұмысқа кiрiсiп кеттi. Соғыс зардабы әбден жеңiп, тарауға айналған "Пятилетка" артелiн көп жыл басқарып аяғынан тұрғызады. Содан кейiнгi жылдарда Арал қаласындағы Мемлекеттiк банкiде инкассатор, көп ұзамай кассирлiк қызмет атқарып жүрiп зейнеткерлiкке шығады. 55 жыл Коммунистiк партия қатарында жүрiп, қай қызметтi атқарса да адалдығымен, бiр сөздiлiгiмен, маңайындағыларға мейiрiмдiлiгiмен ерекше көзге түседi.

Зейнеткерлiк демалысқа шықса да партия, қоғамдық жұмыстардан шет қалмай, кейiнгi жастарға өмiрлiк тәжiрибесiн үйретуден жалықпайды. Бiраз жыл қалалық сотқа төраға болып сайланған кезiнде де, сайлаушылар үмiтiн ақтап, әдiлдiктен аттап көрген емес. Қолынан келгенiнше адамға жақсылық жасаудан танбады. Сондай адал еңбегiн бағалаған жергiлiктi атқару орындары басшылары мақтау қағазы, бағалы сыйлықтармен қатар мерекелiк медальдармен де үнемi марапаттап отырды. Осы айтылғандардың бәрi соғыс ардагерi Сақаңның елiне сыйлы да құрметтi өмiр сүргенiн айғақтайды. Аралдың экологиясының нашарлауына байланысты 1975 жылы Жамбыл (қазiргi Тараз) қаласына қоныс аударады. Бұдан көп жыл бұрын жұбайы Сақыпжамал қолында екi шелек суымен тоқтап тұрған поезд вагонның астынан тез өтiп кетемiн деп үлгермей қалады. Көп ұзамай келешегiнен көп үмiт күттiрген баласы Айдар жұмыс орнында жоғарғы қан қысымынан қаза табады. Осы қайғы-қасiреттiң бәрi Сақаңның денсаулығына қатты әсер етедi, 1992 жылы қаңтар айында 76 жасына қараған шағында асыл азамат, ардагер жауынгердiң өзi де дүниеден қайтады. Қазiрде тұлабойы тұңғышы Күлән Жаңақорған ауданына қарасты, Қожамбердi елдiмекенiнде жұбайы Әлiбек екеуi отыз жылдан астам уақыт ұстаздық қызмет атқарып, бүгiнде еткен еңбегiнiң зейнетiн көрiп отыр. Жетi ұл-қыз өсiрiп, солардан тараған немерелерiнiң қызығына тоймай, Аллаға тәубешiлiк жасап отыр. Күләннен кейiнгi қызы Роза мен ұлы Адай Тараз қаласында тұрып жатыр.

– Елiмiзде күн санап саны кемiп бара жатқан соғыс ардагерлерiнiң өткен өмiрiн, отансүйгiштiгiн насихаттап айту, мәселенiң бiр жағы ғана, – дейдi үлкен қызы Күлән, әкесiнiң қаруластарымен бiрге түскен суретiн қолына ұстап отырып. – Ал олардың ар-намысының, адами қасиетiнiң жоғары екендiгiн, айналасындағы адамдарға жасаған жақсылықтарын, өмiрде көрген таңғажайып оқиғаларын өскелең ұрпаққа үлгi етiп айту – мәселенiң екiншi, маңызды жағы. Ендiгi жерде әкемнiң көзi тiрiсiнде, дастарқан басында, ауылдастары ортасында айтқан кейбiр әңгiмелерiнен есте қалғандарын айта жүрудi өзiме парыз санаймын.

Сағынай Кенжеғұловтың қызы Күләнға айтқан естелiктерiнен:

– Мен бұл лас, мұсылмандыққа жат тiрлiкке амалымның жоқтығынан араласуға тура келдi, – деп бастады әңгiмесiн. Соғыстың қызып тұрған бiр сәтiнде немiстерге қарсы артиллериядан оқ жаудыруға бұйрық берiлдi. Маңымдағы бiр зеңбiрек атылмай қалды. Байқап қарасам, артиллерист жiгiттiң басын жұлып әкетiптi, денесi ғана қалқиып тұр. Өзiмнiң тiрi екенiме Аллаға шүкiршiлiк етiп, атысымды жалғастыра бердiм. Бiр кезде зениттi ракета тиелген автомашина қарға омбығып, алға жылжымай тұрып қалды. Жау жағадан алып, қысып барады. Сол-ақ екен, "Өлген солдаттардың денесiн машинаның табанына салыңдар!" деген қатаң бұйрық берiлдi. Армияда берiлген бұйрық екi етпей орындалады. Амал бар ма, Алладан кешiрiм сұрай отырып, басқалармен бiрге бұйрықты орындап, автомашинаның алға жылжуына мен де атсалыстым. Сондай қиын күндердiң бiрiнде екi жауынгердiң көзi ештеңе көрмей сандалып қалды. Жас кезiмде ата-аналарымыздан естiген ем-домы есiме түсiп, тез арада оққа ұшқан аттың бауырын сыпырып алып, солдат ыдысына қайнатып жегiзгенiмде, әлгiлердiң көздерi шырақтай жанып шыға келгенiн көрiп, өзiм де таңқалғаным бар, – деп езу тартты әкем.

– Соғыстың аяқталуына жақын қалғанда, әкем Қимағанбет түсiме кiрiп, кәдiмгiдей маған қарап тұрып, "Балам, елге аман-есен қайтасың. "Бүлiнген елден бүлдiргi алма" деген бабалар өсиетiн естен шығарма, сенiң несiбең ауылға барғанда алдыңнан шығады", – дедi де, көзден ғайып болды. Айтса айтқандай, бiз Германияның астанасы Берлин қаласына кiргенде, сiздерге өтiрiк, маған шын, әр үйде толған алтын бұйымдар, хром етiктер, жап-жаңа киiм-кешектер көздiң жауын алды. Есiк алдындағы сарайда майымен тұрған үш аяқты мотоциклдер сол күйiнде қалып кеткен: қасымдағы қарулас жiгiттерiм қолдарына алтын сағаттарды тағып, дүние көздiң құрты ғой, жәшiк толы дүние-мүлiктi үйлерiне жарыса жiберiп жатқанда, мен бiр түйiр затын алмай-ақ елге аман-есен оралдым, – деп күрсiне еске алады әкем өткен күндерiн.

Иә, оқырман қауым, миллиондаған адамның өмiрiн жалмаған қиямет соғыстың жеңiспен аяқталғанына үстiмiздегi жылдың мамыр айында 65 жыл толғалы отыр. Бұл бiздiң тарихымыздағы елеулi дата. Елбасымыз өзiнiң биылғы жылғы "Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстаның жаңа мүмкiндiктерi" атты Халыққа Жолдауында "Әрбiр соғысқа қатысушы мен соғыс мүгедектерiне бюджеттен 65 мың теңге бiржолғы жәрдемақы төленетiн болады. Сол сияқты Ұлы Отан соғысында қаза тапқан әскери қызметшiлердiң, соғыс мүгедектерi мен оларға теңестiрiлгендердiң ата-аналары мен жұбайлары, соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлерi де материалдық қолдаусыз қалмайды", – дей келе "Бұл бiздiң әкелерiмiз бен аталарымызға олардың жанқиярлық күресi мен жеңiсi үшiн көрсетiлген құрмет", деп атап өттi.

Бiз де Елбасы сөзiне қосыла отырып, онда айтылған тарихи пiкiрлердi толық қуаттаймыз. Аяулы ардагер әкелерiмiздi әрқашан ардақ тұтып, еске аламыз.

Кәрiм ЖҰМАБАЙҮЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесi

Серіктес жаңалықтары