ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
ашық дереккөзі
257

ГРЕКИЯДА БЮДЖЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРI ЕРЕУIЛГЕ ШЫҚТЫ

Грекияда мемлекеттiк шығынды қысқартуға бағытталған үкiмет бағдарламасына қарсы наразылық шеру ұйымдастырылды. Халықтың наразылығын тудырған мәселе – мемлекеттiң жалақыны төмендетiп, салық мөлшерiн көбейтуi және азаматтардың зейнетке шығу жасын ұзарту сияқты реформалары. Осылайша ел Үкiметi 45 млрд. бюджет тапшылығын жабуды көздеген. Жалпыхалықтық ереуiлдiң салдарынан пойыздар мен кемелер тоқтап, ұшақтардың барлығы рейстi доғарды. Осыған дейiн мектеп мұғалiмдерi елдiң бiлiм министрiмен сұхбат өтуi тиiс телеарнаны басып алған болатын. Полициямен қақтығысып қалған мұғалiмдер ақыры телеарна ғимаратынан шығып, министрмен сұхбат бiр жарым сағатқа кеш өткен. Өйткенi, Грекия үкiметi уақытша келiсiмдермен жұмыс iстеп жүрген мұғалiмдердi қысқартуды көздеп отыр. Жуырда Халықаралық валюта қоры және Еуроодақ белшесiнен қарызға батқан Грекияға 110 миллиард еуро несие беретiнiн жариялады. Алайда бұл елге мемлекеттiк шығынын қатал үнемдеу талабы қойылған. Ендi сарапшылар Грекиядағы ауыр жағдай Еуроодақ аймағындағы өзге елдерге де тарауы мүмкiн деген қауiпте. Бұл ретте ең алдымен үлкен мемлекеттiк қарызын әрең өтеп жүрген Португалия айтылып жүр.

Ал, ҚР Премьер министрi К.Мәсiмов: "Бiз дағдарысты еңсердiк. Ендi кiрiс қанша болса, шығыс та сондай болуы тиiс. Бюджеттiк жоспарлау кезiнде басы артық шығындарға бұдан былай жол жоқ" деп ел қазынасының жұмсалуы қатаң қадағаланатынын баса айтты. Осы тұста Премьер-министр Грекияны мысалға алып: "Грекияда не болып жатқанын көрiп отырмыз. Ол – еуропалық одаққа мүше мемлекет. Валютасы да Еуро. Бiрақ, олар бюджеттiң тұрақты болуына назар аудармады. Салдарынан осындай проблемаға тап болды" дедi.

МҰНАЙ ТАСЫП, ЕЛГЕ ҚАУIП ТӨНДI

АҚШ-тың Миссиссипи жағалауында алапат табиғи апатпен күрес жалғасып жатыр. Мексика шығанағындағы апаттан кейiн мұхитқа бет алған мұнай дағы жойқын экологиялық апатқа соқтыруы мүмкiн. Бұл туралы мұнай платформасындағы апат зардаптарын жою әрекеттерiн көзiмен көру үшiн Луизиана штатына келген АҚШ президентi Барак Обама мәлiмдедi. Обама апатқа платформа иесi "Бритиш Петролиум" компаниясы кiнәлi екенiн растағанмен, "зардаптарын жоюды ортақ iс" деп атады. Жағалауда өлген балықтар, тасбақалар мен құстар табылып, экологиялық апаттың алғашқы белгiлерi көрiндi. Соңғы бiр тәулiктiң өзiнде Луизиана мен Флорида штаттары аралығында ондаған балықтар мен 16 тасбақа табылған."Бритиш Петролиум" инженерлерi экологиялық мәселенi уақытша шешудiң жолын ұсынды. Олар мұнай шыққан жерге жаңа дақтардың пайда болуына жол бермейтiн арнайы металдан жасалған күмбезше орнатпақ.

Мексика шығанағына жайылған мұнай дағын жоюға 5 мың адам, 200 кеме жұмылдырылды. Ал, апаттан келген шығынның көлемi қазiрдiң өзiнде 12,5 миллиард доллардан асып отыр.

Айтпақшы, төтенше жағдайдан кейiн Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов тез арада Каспийде өндiрiлiп жатқан мұнайдың қауiпсiздiгiн тексеруге пәрмен бердi. Мұнай және газ, Қоршаған ортаны қорғау министрлiктерiне Каспийдегi мұнай өңдеу алаңының техникалық қауiпсiздiгiн тексеру үшiн тапсырма жүктедi. Өйткенi, Мексика шығанағындағы "Бритиш Петролиум" компаниясының қалқымалы бұрғылау қондырғысының iстен шығуы экологияға алапат зардабын тигiзуде.

МИНСК БАКИЕВТI ҰСТАП БЕРМЕЙДI

Беларусь елiнiң басшысы Александр Лукашенко "Рейтер" агенттiгiне берген сұхбатында: "Минск Қырғызстан тарапынан өтiнiш түскен жағдайдың өзiнде экс-президент Құрманбек Бакиевтi экстрадициялаудан бас тартады" деп мәлiмдедi.

Лукашенконың айтуынша, мұндай әрекет Қырғызстанның уақытша үкiметi үшiн нәтижесiз әрекет болып табылады. "Бакиев Беларусь мемлекетiнiң және президентiнiң қорғауында", – дедi ол.

Бұған дейiн Қырғызстанның уақытша үкiметi арнайы декретпен Бас Прокуратураға президенттiк тағынан тайдырылған Құрманбек Бакиевтi елiне экстрадициялап, оны қылмыстық жазаға тартуды тапсырған болатын. Осы декретпен Қ.Бакиев "бейбiт адамдарды ату туралы шешiм қабылдағаны үшiн" экс-президент және дербес құқықтылығы мәртебесiнен айырылған едi.

Естерiңiзге сала кетейiк, сондай-ақ, Қырғызстанның уақытша үкiметi сәуiрдiң 7-сi күнi көптеген адам өлтiрiлген бұқаралық тәртiпсiздiктерге кiнәлiлердi тапқан адамға ақшалай сыйақы тағайындады. Оған бұрынғы президент Қ.Бакиев, оның iнiсi Жанышбек (Жаныш) және оның ұлдары Максим, Марат Бакиевтер кiнәлi деп табылып отыр.

"БОСҚЫНДАР ТУРАЛЫ" ЗАҢ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Елiмiзде 615 адам немесе 239 отбасы "босқын" деген атқа ие. Мұның басым бөлiгiн Ауғанстаннан келгендер құрайды. Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң вице-министрi Бiржан Нұрымбетов "Босқындар туралы" Заңды таныстыру кезiнде босқындардың төлқұжаттарын түгендеуге және жүрiп-тұруына жағдай жасау ниетте бюджеттен осы жылы 3,7 млн. қаржы бөлiнетiнiн жария еттi. Мұндай мiндеттеменi 1951 жылы құрылған Женева Конвенциясы талап етiп отыр. Министрлiктiң мәлiмдеуiнше, елiмiзге табан тiреген босқындардың саны тұрақты, шекара сызығында ешқандай нөпiр байқалмайды. Биыл бар-жоғы 5 отбасыға ғана "баспана" берiлген, тағы бесеуi кезекте тұр. Ал, көршi қырғыз елiнен келер азаматтарға босқын деген мәртебе берiлмейдi, олардың елдегi қимыл-қозғалысын "Көшi-қон туралы" Заң реттеп отырады.

Дайындаған Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары