ҮКIМЕТ АЗЫҚ-ТҮЛIК БАҒАСЫН АУЫЗДЫҚТАЙДЫ

ҮКIМЕТ АЗЫҚ-ТҮЛIК БАҒАСЫН АУЫЗДЫҚТАЙДЫ

ҮКIМЕТ АЗЫҚ-ТҮЛIК БАҒАСЫН АУЫЗДЫҚТАЙДЫ
ашық дереккөзі
406

Осы аптада Министрлер кабинетiнiң отырысында азық-түлiк бағасын ауыздықтау және басқа да тауар түрлерiнiң бағасын тұрақтандыру жайы талқыға салынды. Елiмiздегi қымбаттаушылық пен iшiнара кемшiлiктерге қарамастан статистика агенттiгiнiң мәлiметi көңiл тояттарлық болып шықты. Қазақстанда 2010 жылдың алғашқы 4 айында iшкi жалпы өнiмнiң өсiмi 7,6 пайызды құраған. Бұл көрсеткiшке Үкiмет басы Кәрiм Мәсiмов мырзаның өзi де таңқалыс бiлдiрдi.

Десе де азық-түлiк бағасының қымбаттауы өрiс алып келедi. Селекторлық режимдегi бұл отырыс нарықтағы қымбатшылыққа арналып, Үкiмет басы қымбатшылыққа тойтарыс беру мәселесiн қарастыруды ұсынды. Әлбетте, бұл проблеманың ұшығы Экономикалық даму және сауда министрi Жанар Айтжановаға келiп тiрелетiнi белгiлi. Алайда, министр ханым кiнәнiң бiр шетiн өңiрлiк әкiмдiктерге ысырып жiбердi. "Олар құрған коммуналдық базарлар өздерiне жүктелген мiндет пен тапсырманы орындай алмады" деп атқарушы билiктiң көңiлiне жағымсыз жайттарды ашып айтты. Бұл базарлар қыс және көктем айларында жергiлiктi халықты арзан жемiс-жидек, көкөнiс және ет өнiмдерiмен қамтамасыз етуге тиiс болатын. Осылайша қымбатшылықты ауыздықтау мүмкiн болмақшы едi.

Сондай-ақ, бүгiнде қалың бұқараның дағдарыста жүйкесi мен қалтасын тоздырып жүрген жайт — коммуналдық тарифтiң көтерiлуi туралы да сөз қозғалды. Вице-премьер Өмiрзақ Шөкеев: "Қазақстандағы азық-түлiк өнiмдерi нарығындағы жағдай тұрақталғанша, коммуналдық қызметтер тарифiн көтермеу керек", — дедi. Расында "жау жағадан алған" тұста азық-түлiк пен коммуналдық төлемдердiң қымбаттауы инфляцияның белгiленген дәлiзiнен асып түсуi мүмкiн. Бiрақ бұл жағдайға жол беруге болмайтынын да ескертiп айтты.

Үкiмет ең жоғары бағасы белгiленетiн азық-түлiк тауарларының тiзiмiн жасамақ. Бiрақ бұл баға 45 күн бойында ғана тұрақты болады. Әзiрге азық-түлiктiң қай түрi бойынша тiзiм бекiтiлетiнi нақтыланған жоқ. Ет өнiмдерiнiң бұл тiзiмге iлiгетiнi даусыз. Себебi, негiзгi ет өндiрушi аймаққа жататын Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында орын алған апатқа байланысты бұл тауардың бағасының көтерiлуi айқын байқалып отыр. "Басты олқылық — бақылаудың әлсiрегенiнен", — деп түйдi Премьер-министр. Сонымен қатар бағаны ауыздықтаудың тағы бiр тәсiлiн вице-премьер Ө.Шөкеев мырза айтып қалды. Оның айтуынша, әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорацияларға азық-түлiк импорттау бойынша құзыр-өкiлеттiлiк бекiту керек. Себебi, тамақ өнiмдерiнiң басым бөлiгi Қытайдан немесе Қытай арқылы жеткiзiледi. Ал азық-түлiк тасымалдаушылардың денi шетелдiктер. Сондықтан, елiмiздегi тауар нарығын реттеуге олардың атсалыса қоюы екiталай. “Бұл нарыққа өзiмiздiң кәсiпкердi кiргiзу бiзге әлдеқайда тиiмдi” дейдi Ө.Шөкеев.

Өткен төрт ай iшiнде Оңтүстiк облыстар жемiс-жидек пен көкөнiстi 25 миллион теңгеге экспорттаса, батыс өңiрi сырттан 10 миллион теңгенiң азығын сатып алған. Қомақты көлемдегi шығын iшкi нарықтағы жүйесiздiктен орын алған.

Отырыс соңында Үкiмет реттемейтiн тауар түрi 3 есе, ал реттелетiн тауар түрi 1 пайызға қымбаттады. Мәселен, жемiс-жидек 16 пайызға, қант 9 пайызға, электр қуаты 12, ал суық су бағасы 9 пайызға артты. Ахуалды реттеу үшiн әлеуметтiк кәсiпкерлiк корпорациялар жұмылдырылмақ. Экономикалық даму және сауда министрi Жанар Айтжанованың айтуынша, ол үшiн мемлекеттiк бюджеттен 56 миллиард теңге бөлiнбекшi. Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов болса ведомство басшылары мен облыс әкiмдерiне толыққанды сараптама жүргiзiп, осы және өзге де ұсыныстарды бiр ай iшiнде әзiрлеп қоюды тапсырды.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары