ТАРИФТIҢ ӨСУI ЖӘНЕ ТЫҒЫРЫҚҚА ТIРЕЛГЕН КӘСIПКЕРЛЕР

ТАРИФТIҢ ӨСУI ЖӘНЕ ТЫҒЫРЫҚҚА ТIРЕЛГЕН КӘСIПКЕРЛЕР

ТАРИФТIҢ ӨСУI ЖӘНЕ ТЫҒЫРЫҚҚА ТIРЕЛГЕН КӘСIПКЕРЛЕР
ашық дереккөзі
242

Электр стансаларына күрделi жөндеу жұмыстарының бiрнеше жылдан берi жүргiзiлмегенiн, құрал-жабдықтардың тозығы жеткенiн, осының салдарынан тұтынушыларға сапалы қызмет көрсете алмай отырғанын және басқа да қиындықтарын тiзбектеп, жарық бағасын өсiрудi сұраудан шаршамайтын энергетикалық компаниялардың, халықты сумен, жылумен қамтамасыз ететiн басқа да монополистердiң айы оңынан туған секiлдi. Биыл тарифтер 12-15 пайызға дейiн көтерiлетiнiн Табиғи монополияларды реттеу агенттiгi ашық айтты. Шенеунiктердiң босбелбеулiгi мен монополистердiң ашкөздiгiне ашынған отандық кәсiпкерлер болса, "Егер тарифтер өсе берсе, бизнесiмiздi басқа елге алып кетемiз" деп наразылық танытуда.

ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттiгiнiң болжамдарына сүйенсек, үстiмiздегi жылы су, жылу мен жарық бағасы 12-14 пайызға дейiн өсетiн көрiнедi. Отандық басылымдардың бiрiне сұхбат берген агенттiк жетекшiсi Нұрлан Алдабергенов тарифтердiң көтерiлуi маусым бойынша жүзеге асырылатынын айтты. Мысалы, судың бағасы жазда қымбаттаса, жылудың құны күз бен қыста көтерiлмек. Шенеунiктiң мәлiмдеуiнше, 2009 жылы тарифтердiң деңгейi едәуiр жоғары болатын. Ұлттық валютаның құнсыздануы салдарынан жарыққа төленетiн ақы елiмiз бойынша орташа есеппен алғанда, 15-17 пайызға бiр-ақ шарықтады. Қымбатшылықтың қыспағынан газ бен көмiр бағасы да шет қалған жоқ. Электр стансаларындағы кейбiр тарифтердiң жоғарылауы жарықпен қамтамасыз етуге және электр жарығын бөлуге айтарлықтай әсер еткен.

Монополистердiң жұмысын реттеуге мiндеттi агенттiк төрағасы осылайша алдағы қымбатшылыққа моральдық тұрғыда дайындауға тырысқанмен, кәсiпкерлердiң айтары басқа. Себебi, монополистердiң тарифтердi шарықтатуы кесiрiнен қарапайым азаматтар да, кәсiпкерлер де зиян шегедi. Елiмiздiң кейбiр аймақтарында электр стансалары жаңадан ашылған жұмыс орындарын жарықпен қамтамасыз етуге қауқарсыз. Есесiне, төлемақыларды өсiруге мүдделi. Ал коммуналдық төлемдердiң көтерiлуi инфляцияның одан ары ушығуына себеп болатыны белгiлi. Кәсiпкерлер қауымы тарифтер өскенде не басқа шығындарын қысқартуға, не өнiмдерiнiң құнын көтеруге мәжбүр болады.

2009 жылы Табиғи монополияларды реттеу агенттiгi талқыға түскен 585 тарифтiң 464-iн көтерген едi. "Тарифтердi жоғарылата отырып, тұтынушылардың қалтасына салмақ салу арқылы елдi үнемдей бiлуге үйретемiз" деген сенiмдегi шенеунiктер осылайша, монополистердiң ауанына төңкерiлiп отыр. Мәселен, Агенттiк таратқан деректерге жүгiнсек, қазiрдiң өзiнде алматылық тұтынушылар жылына — 240 млн. теңге, ал астаналықтар 43 млн. теңгеден астам қаражатты үнемдеп отырған көрiнедi.

Осыдан бiр ай бұрын БАҚ өкiлдерiмен кездескен Агенттiк басшысы Нұрлан Алдабергенов: "Егер олар (монополистер — Н.Ж.) шамадан тыс шығындарды жоюмен айналыспайтын болса, айыппұл төлейдi. Өйткенi, аталған қаражат қарапайым тұтынушының қалтасынан шықты ғой", — деген болатын. Алдабергеновтiң қатаң талап қоюға бекiнуiнiң басты себебi, жыл сайын тұтынушы тарапынан бүкiл Қазақстан бойынша төленетiн 5 млрд. теңгенi монополистер шамадан тыс жоғары шығындар үшiн жұмсайды екен: "Бұл — ұрлық, жөндеу жұмыстарын дер кезiнде жүргiзбеу. Агенттiктiң мiндетi аталған қаражаттың қайда жұмсалғанын анықтап, орнын толтыру".

Кәсiпкерлер қауымы қаққан дабылға жуырда шаруа қожалықтарының басшылары қосылды: Алматы облысы Еңбекшiқазақ ауданы Шелек ауылдық округiнiң шаруашылық қожалықтарының иелерi суғармалы жерлерiне қажеттi су бағасын 4 есеге өсiрген монополистерге наразылық ретiнде суға ақша төлеуден түгел бас тартты. Осының кесiрiнен ауданға қарасты жерлерге егiлген көпжылдық шөп егiндерi мен биыл көктемде жаңадан отырғызылған бақшаларға қурап қалу қаупi төндi. Өйткенi, сұраған ақысы алақанға түспегендiктен, монополист компаниялар тарапынан суғармалы жерлер сумен қамтамасыз етiлмеген. Еңбекшiқазақ ауданындағы 2 мың гектардан астам жерге егiлген алмалықтар, жүзiмдiктер, көпжылдық өсiмдiктерге (люцерна) былтыр мемлекет тарапынан 1 млрд. теңгеден астам субсидия бөлiнiптi. Жоспар бойынша 1 сәуiр мен 1 мамыр аралығында 1000 гектар жерге соя, жүгерi мен көкөнiс егiлуi қажет болатын. Алайда, судың дауымен жүрген шаруалар өнiм егiлген жерлерiн уақытылы суғара алмады, соя мен жүгерi егу мәселесi де дер кезiнде шешiлмедi. Соңғы 5 жыл iшiнде бiр ғана Шелек ауылдық округiнен ашылған 738 шаруа қожалығының небары 150-ге жуығы ғана (20 пайызы) жұмыс iстеуде. Еңбекшiқазақ ауданындағы көп жерлердiң қазiр игерiлмей, қаңырап бос жатуына адамдардың шығыны көп шаруадан бас тартуы себеп болса керек. Оның үстiне, Бартоғай су қоймасы мен Үлкен Алматы каналының ернеуiнен асып тұрғанын ескерсек, су тапшылығының жоқтығы анық. Алматыда арнайы баспасөз мәслихатын өткiзген Қазақстан кәсiпкерлерiнiң тәуелсiз ассоциациясының вице-президентi Тимур Назхановтың айтуынша, "Бартоғай су қоймасын пайдалану басқармасы" РМК мен Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы 2010 жылдың 1 сәуiрiнен бастап, шаруа қожалықтары сатып алатын судың бiр текше метрiн 10 тиыннан 40 тиынға дейiн өсiрiп жiберген. Осыдан 2-3 жыл бұрын 6-7 тиынға бағаланған судың бағасы осылайша шарықтаумен шектелмеген, монополистер шаруа қожалықтарынан судың ақшасын алдын ала төлеудi талап етуде. Ал кiрiсi мен шығысын есептеп үлгермеген ауылдағы ағайын алдын ала төленуi тиiс мол ақшаны қайдан аларын бiлмей дал. "Мұхит Медет" ЖШС құрылтайшысы Мұрат Жексембин судың қымбаттауы шаруалар еңбегiн зая кетiрiп, қожалықтарға үлкен соққы боп тиетiнiн көлденең тартады. Өйткенi, оның айтуынша, жүзiм шаруашылығымен айналысатын өзiнiң шаруа қожалығы өнiмнен түсетiн кiрiске тек 3 жылдан кейiн ғана қол жеткiзедi, есесiне, су үшiн небары бiр маусымда 20 мың теңгеге жуық қаржы жұмсауы тиiс. Бағбанның бұл сөзiн растаған Т.Назханов: "Олар өздерi өсiрген өнiмдi алыпсатарларға арзанға сатуға мәжбүр. Өйткенi, оны нарыққа алыпсатарлар шығартпайды. Ортада жүретiн делдалдар көп әрi өнiмдi ешқайда жiберткiзбейдi. Сондықтан шаруалар өнiмдерiн тек шығындарын жабу үшiн ғана сатады. Бұл жерде пайда туралы сөз айту артық" дей келе, Қазақстандағы бағаны реттеушi органдар монополистердiң ашкөздiгiн ауыздықтауды жедел қолға алуы керектiгiн сөз еттi: "Бүгiн — шаруа қожалықтары, ертең өндiрiсшiлер бас көтерiп жүрмесiне кiм кепiл? Халық арасында наразылық тумаса игi. Сондықтан осы мәселеге айрықша назар аударып, тараптардың мүддесiн толық ескере отырып, шешу қажет".

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары