КЕМЕРОВО КЕНIШIНДЕГI ЖОЙҚЫН АПАТ

КЕМЕРОВО КЕНIШIНДЕГI ЖОЙҚЫН АПАТ

КЕМЕРОВО КЕНIШIНДЕГI ЖОЙҚЫН АПАТ
ашық дереккөзі
261

Ресейдiң Кемерово облысындағы «Распадская» шахтасында орын алған жойқын апаттан қаза тапқандар саны күн санап өсiп жатыр. Кешегi мәлiмет бойынша, шахтада 52 адам қаза тапса, iзiм-ғайым болған 40 шақты кеншi iздестiрiлуде. Құтқару-iздеу жұмыстары бiр сәтке тоқтамаса да, тiрi қалғандарды табу мүмкiндiгi сағат санап азайып барады. Ауруханаларда 60-тан астам жаралы адам жатыр.

Мамырдың 8-i күнi болған жарылыс кезiнде жер астында 359 адам жұмыс iстеп жатқан екен. Оларды сыртқа алып шығу үшiн шахта тереңiне құтқарушы топтар түскен болатын. Арада 4 сағат өткеннен кейiн тағы да жарылыс болған. Жарылыстардан барлығы 71 адам жараланған. Апат ауданына Ресей үкiметiнiң басшысы Владимир Путин келiп, құтқару жұмыстарының барысымен танысып, кеншiлермен кездестi. Ресей үкiметiнiң басшысы апатқа қатысты мұқият тергеу жүргiзудi тапсырды. Соңғы жылдары солтүстiк көршiмiздiң кенiштерiндегi осындай апаттар жиiлеп барады.

Ресей премьер-министрi Владимир Путин ауруханаға соғып, зардап шеккендердiң халiн бiлдi және барлығына материалдық көмек берiлетiнiн жеткiздi. Сонымен қатар, асыраушысынан айырылған отбасыларға да көңiл айтып, оларға 1 млн. рубльден жәрдем ақша бөлiнетiнiн айтты. Балаларының оқуына қажеттi шығын да мемлекеттiң бюджетiнен қарастырылмақ. Ал, жесiр қалған әйелдер жұмысқа орналастырылады. «Тағы баса айтқым келедi. Сiздер билiктiң өздерiңiзбен әрдайым бiрге екенiн түсiнгендерiңiздi қалаймыз» дедi В.Путин.

Тергеушiлер Ресейдегi ең iрi шахталардың бiрiнде болған жарылысқа электр құралдарының iстен шығуы немесе көмiр шығару технологияларының бұзылуы себеп болған деген екi болжамды қарастыруда. Ресейдiң Төтенше жағдайлар министрi Сергей Шойгудың мәлiмдеуiнше, қазiр мамандар шахтаны топан судан қорғау жолдарын қарастырып жатыр.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары