КЕНТАУДАҒЫ ҚИЫН КҮРЕС НЕМЕСЕ ҚАЗАҚ ИНЖЕНЕРЛЕРIНIҢ АСТЫРТЫН ҰЙЫМЫ

КЕНТАУДАҒЫ ҚИЫН КҮРЕС НЕМЕСЕ ҚАЗАҚ ИНЖЕНЕРЛЕРIНIҢ АСТЫРТЫН ҰЙЫМЫ

КЕНТАУДАҒЫ ҚИЫН КҮРЕС НЕМЕСЕ ҚАЗАҚ ИНЖЕНЕРЛЕРIНIҢ АСТЫРТЫН ҰЙЫМЫ
ашық дереккөзі
260

— Жұрт бiзге "намыссыз" деп күлуге көштi, — деп бастады әңгiмесiн Әнуархан он шақты жас қазақ тау-кен инженерi бас қосқанда, Әлiбектiң үйiнде. — Бiз қашанғы осылай жүре беремiз — өз елiмiз, өз жерiмiзде. Бәрiмiз институт бiтiрген мамандармыз, ал кейбiр өзге ұлттың жiгiттерi небары техникум бiтiрiп, бiздерге бастық болып жүр. Бiз смена бастықтарымыз, ал олар бiздiң бастықтарымыз — бөлiм бастықтары, одан да жоғары. Комбинаттың барлық бөлiмдерiнде солардың әйелдерi отыр.

Жiгiттер, бас көтеретiн кез келдi! Бәле осы комбинаттың директоры Таракановта, бұл кiсiнi құртпай теңдiк түсiмiзге кiрмейдi. Сондықтан әрекет жасайық. Қане, кiмде қандай ұсыныс бар?

Бұл — 1965 жылдың көктемi едi. Коммунистiк партияның қылышынан қан тамып тұрған кезi. Қазақстандағы барлық өндiрiс орындарында дерлiк негiзгi мамандар, басшы қызметкерлер тек өзге ұлттың өкiлдерi. Жергiлiктi ұлт мамандарын майда-шүйде, барып-кел, алып-кел деген мәртебесiз жұмыстарға пайдаланатын. Мiне, осындай жағдайлардың барлығы қазақ инженер-мамандарының намысын қайрай бастады. Жүйкеге тиетiнi сол, кейде техникумды бiтiрген басқа ұлттың мамандары иниститут бiтiрген қазақ инженерлерiне бастық болып, оларды қолбаладай жұмсайтынын қайтерсiң.

Бұдан әрi шыдауға, еш талпыныс, қарсылықсыз бас салбыратып жүре беруге жiгiттердiң намысы жiбермедi. Бас-аяғы 43 адам.

Апта сайын 2-3 рет жиналып, жиi ақылдасатын болды. Басты мәселе — Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаевқа хат жазып, оны қолма-қол тапсыру болып шешiлдi. Бұл хатты дайындау үшiн арнайы топ құрылды.

Әр жиында жiгiттерге арнайы тапсырмалар берiледi, ал комбинаттың цехтарындағы келеңсiз жайттардың 15 жылдық топтамасын архивтерден жинап, оны қайтадан електен өткiзiп, кең түрде хат дайындау Бiтiмбаев Маратқа жүктелдi.

15 жылдық материалдарды жинау кезiнде көптеген шындықтың бетi ашылды:

— Ресейден келген жұмысшылар мен инженер-техник мамандарын шектеусiз жұмысқа қабылдап, жыл аяғында штат қысқарту сылтауымен қазақ жұмысшыларын, мамандарын жұмыстан жаппай шығару;

— Қазақ жұмысшыларын көше сыпыру, дәретхана тазалау, қаланы көгалдандыру, бұзылған жарамсыз үйлердi жөндеу, мал бағу сияқты ақшасы аз, нәтижесi көзге көрiнбейтiн жұмыстарға пайдалану;

— Қаладағы пәтерлердi тек келiмсектерге берiп, жергiлiктi халықтың өкiлдерi жеркепе-бөлшектерде (уақытша баспана) тұрған.

Тағы басқа сандаған келеңсiздiктердiң бетi ашылып, ашынған хат дайындалды.

Ал осы хатты растап, қол қоюға келгенде бiраз жiгiттер әуелгi шешiмiнен бас тартты.

Бастарын қатерге, жандарын шүберекке түйiп, сол кездегi қатаң саясатқа қарсы әрекет жасаған инженерлер ұйымы басшыларының бiрi – Бегiмбетов Әбдiхан. Бегiмбетов Әбдiхан аға Ащысай комбинатының еңбек ардагерi, "Халықтар Достығы" орденiнiң иегерi. Ол былай дейдi:

"1965 жылы Әнуархан Әйменовпен кездесiп, жете таныстық. Ол "Западный" кенiшiнде. Жағдайды талқылай жүрiп, ұйымдасып, бас көтеруге бел будық. Кездесулер жұмыстан кейiн әр үйде ұйымдастырылды, үйлерге жиналғанда бiр-бiрлеп, ары кетсе екеуден келуiмiз керек болды. Сақтықта қорлық жоқ, сақ болу үшiн солай ұйымдастырдық. Жиын бiткеннен кейiн де осындай тәртiппен тарап жүрдiк. Осындай, келiсiлген тәртiптiң нәтижесiнде жат көзден аулақ болдық. 43 адамбыз.

Аптасына екi-үш рет әр үйде жиналып, әрқайсымыз тапсырма алып, келесi кездесуде оларды тыңдап, керек мәселелердi тиянақтап, хат жаза бастадық. Хатты жазған Марат Бiтiмбаев. Орысшаны iшiмiздегi жақсы бiлетiнiмiз, жазатынымыз сол. Не керек, әр кенiштiң, цехтардың 15 жылдық архивтерiн ақтарып шықтық, керектi деген ақпардың барлығын жинадық. Қалыптасқан жағдайдың әдейi ұйымдастырылғанына көз жеткiздiк. Бiрiншiден, қазақ мамандары келудей келген, бiрақ көбiсi шыдай алмай ауысып кеткен. Ал басқа ұлт өкiлдерi iрiктелiп, жинала берген. Жоғарғы қызметке басқа жаққа ауысқандары болмаса, комбинаттың кенiштерiнде, басқа да бөлiмдерiнде мүлдем көбейiп, өз дегендерiн iстеп отыр.

Екiншiден, жұмысшылар жағы да осындай адам төзбейтiн жағдайларға ұшыраған. Жыл бойы, басқа ұлт өкiлдерiн штаттан тыс қабылдап, жыл аяғында әдейi қысқарту ұйымдастырылған. Қысқарғандар — ылғи қазақтар, бiрен-саран өзбектер, басқа ешбiр ұлт өкiлi қысқартуға ұшырамаған. Осындай тәсiлдер қолданып, комбинатта, жалпы Кентау қаласында орыстар мен басқа ұлт өкiлдерiн әдейi көбейткен. Ол мәселенi көтеретiн, жаны ашитындар табылмаған.

Қысқартылған қазақтардың бала-шағасының көптiгiне қарамай, жұмыссыз қала берген, бiрен-саранын ғана ЖКО дейтiн цехқа алған. Онда айлық төмен, өзге ұлт өкiлдерi ондай айлыққа қабылданбайды.

Осының барлығын тiзiп жазып, Қонаевтың атына хат дайындалды.

Бiр жiгiт екеумiз осы хатты алып, Шымкенттегi Жұмабек Тәшеновке бардық. Ол кiсi облыстық Атқару Комитетi төрағасының орынбасары болып келген кезi.

Жұмабек Тәшенов қазақтың бетке ұстар азаматы едi ғой. Бұл кiсi Қазақстанның үкiмет басында тұрғанда елiмiздiң солтүстiк облыстарын Ресейге қосу мәселесi көтерiлдi, Никита Хрущев сол үшiн Алматыға арнайы келген болатын. Бұл облыстарды Ресейге қосуға үзiлдi-кесiлдi наразылық бiлдiрiп, тiптен бұл туралы бюрода айтуға да қарсылық жасайды Жұмекең. Осы тартыстың нәтижесiнде аталмыш облыстар өзiмiзде қалып, Тәшеновтi Шымкент облысының Атқару Комитетi төрағасының өндiрiс жөнiндегi орынбасары етiп жiберген едi.

Хатты оқып көрiп, Тәшенов балаша қуанды. Бұл хатты көптен күтiп жүргендiгiн, Отанына жаны ашитын қазақтардың, советтiң қылышынан қорықпай, шындықты қасқайып тұрып айтатұғын адамдардың барлығына сенiп жүргенiн айтты. “Сондай қазақтардың барлығына қуанып отырмын”, – дедi.

"Қонаевқа хатты тапсырыңдар, бiрақ өте сақ болыңдар. Әшкереленiп қалсаңдар, Қонаевқа жетпей, сендердiң де бастарыңа қауiп төнуi мүмкiн", — дедi.

Бұл хаттан Қонаевтың дұрыс шешiм шығаратынына кәмiл сендi.

Осы әңгiменi ұйым мүшелерiне айтып бердiк.

Содан Әнуархан Әйменов, Қожабаев Қали, Жақсымбетов үшеуi Алматыға аттанды. Хатқа қырық үш қазақ инженерлерi мен техниктерi қол қойған, iшiндегi екеуi өзбек ұлтынан да болды.

Ол кезде Қонаевқа кiрiп, қабылдауында болудың өзi бiр ерлiк. Әнуархан бастаған үш жiгiт бiр апта бойы Алматыда жатып, ақыры Қонаев ақсақалдың қабылдауында болады. Бұлар Қонаевқа кiрер алдында былай келiседi: қабылдауда отырған кезде Әнуархан ортасында, ал қалған екеуi екi жағында отырады. Артық сөз болмау керек, ақсақалдың сұрақтарына қысқа әрi тиянақты жауап беру керек. Егер бiр сұраққа оң жақтағы жiгiт жауап беру керек болса, Әнуархан оның аяғын басып қалады, ол жауап бередi. Ал егер сол жағында отырған жiгiт жауап беру керек болса, Әнуархан сол жiгiттiң аяғын басып қалады, ол сұраққа бұл жiгiт жауап бередi. Негiзгi сұрақтарға өзi жауап берiп отырады.

Сөйтiп Қонаевтың барлық сұрақтарына орынды әрi тиянақты жауап берiп, көңiлдерiн бiр демдеп шығады ғой қабылдаудан.

Димекең хатты оқып болып: "Егерде осы хатта көрсетiлген жағдайлардың 30 пайызы анықталмаса, жағдайларыңның қиын болатынын түсiнерсiңдер", — деп ескертедi. Содан Көлебаев Алексей Семенович деген хатшы барып, тексеру жұмыстарын жүргiзедi дептi.

Комиссия келдi. Көлебаев Алексей, обкомнан тағы да екi хатшы келдi. Олардың фамилиялары есiмде жоқ. Бiреуi қазақ, екiншiсi орыс. Ыдырыс Тiлеубергеновтi көмекшi ретiнде ала келiптi. Оның себебi бар екен.

Хатта көрсетiлген барлық жайттар толығымен расталды. Комбинат бастықтары мен кенiш бастықтары өздерiн ақтайтын ештеңе айта алмады. Комбинат пен кенiш басшылары И.Г.Тараканов, И.Ш.Коган, М.Ф.Федоров, В.В.Матусевич, В.П.Спиваков, А.А.Кузнецов және басқалар көздерiмен жер шұқыды.

Комиссияның қорытынды құжаттары қалалық партия комитетiнiң бюросында қаралып, комбинат директоры Тараканов Иван Георгиевич орнынан алынды.

Оңтүстiк Қазақстан экономикалық басқару ауданының Халық шаруашылық кеңесiнiң 1965 жылғы 25 қыркүйектегi №113 қаулысынан:

"Ащысай түстi металл комбинатының директоры И.Г.Тараканов жолдас жұмыс кезiнде кадрларды сұрыптау, орналастыру және тәрбиелеуде Лениндiк принциптi өрескел бұзған.

Көптеген инженер-техниктердi олардың бiлiмiнiң таяздығына қарамай бiр орыннан екiншi орынға көтермелеп ауыстырып отырған. Осының нәтижесiнде бұл қызметкерлер менмендiк, өзiмшiлдiк т.с.с жағымсыз қасиеттерге бой ұрған.

Осымен қатар бiлiмдi, iскер инженер-техниктер ұзақ уақыт бойы өсiрiлмеген. Кадрларды тәрбиелеуде марапаттауда және жауапқа тарту кездерiнде көптеген қателiктер жiберiлген.

Тараканов И.Г. жолдас ұжыммен санаспаған, қарамағындағылармен қарым-қатынаста дөрекi мiнез көрсеткен. Осыған қарап комбинаттың бөлiм басшылары да өз қарамағындағы қызметкерлерге дөрекiлiк көрсетуге тырысқан, кейде адамның ар-ожданын масқаралауға дейiн барған.

Тараканов И.Г. жолдас бөлiм басшыларының жұмысшыларды жұмысқа қабылдау кезiндегi өрескел заң бұзушылығына тоқтау салмаған. Бұл жағдай комбинат жұмысшылары мен инженерлердiң арасында ашу-ыза тудыруға әкелiп соққан.

Халық шаруашылығы кеңесi қаулы етедi:

1. Кадрларды сұрыптау, орналастыру және тәрбиелеудегi Лениндiк принциптi бұзғаны үшiн, өз қарамағындағы қызметкерлермен өрескел түрде қарым-қатынас жасағаны үшiн Ащысай түстi металл комбинатының директоры Тараканов И.Г. жұмысынан босатылсын.

2. Ащысай комбинатының директорлық қызметi уақытша бас инженер В.П.Ищукке жүктелсiн.3. Халық шаруашылық Кеңесi бастығының орынбасары Костин М.К. жолдасқа және кадр бөлiмiне комбинаттағы кадр мәселесiн тексерiп, өз ұсыныстарын халық шаруашылық Кеңесiнiң қарауына тапсыру жүктелсiн.

Оңтүстiк Қазақстан халық шаруашылық

кеңесiнiң бастығы М.Бөпежанов

Екi кенiштiң бастықтары қатаң сөгiс алып, орындарында қалды. Бiздер комиссияға өтiнiш жасап, Таракановты орнында қалдыруды сұрадық. Осылай келiстiк. Ол орнында қалса, орын алған жағдайды түзеуге жанын салатыны түсiнiктi. Ал басқа адам… е-е, жаңа сылтауларды көбейтедi де.

Ал, кенiш бастықтары барлық бәленi Таракановқа жауыпты. Ол қалғанда, кенiш басшылары орындарынан кетер едi.

Комбинаттың директоры болып, Ащысай кенiшiнiң директоры Владимир Илларионович Логинов тағайындалды.

Логинов Владимир Илларионович бiлiмi орта мамандық (тау-кен техникумын бiтiрген) болғанымен, Чехословакияның өндiрiс орындарында бiрнеше жыл қызмет iстеген, қабiлеттi, шыңдалған кiсi едi. Бiздiң арыз-хатымызда бұл кiсiнiң аты-жөнi көрсетiлмеген. Сол себептi бұл кiсiнiң iс-тәжiрбиесiн ескерiп, директор етiп тағайындаған едi. Қазақтармен қоян-қолтық араласып, жергiлiктi мамандардың қабiлетiн тани бiлетiн. Бiздi – Әнуархан екеумiздi Алжирге жiберген де осы кiсi болатын.

Қаланың бiрiншi хатшысы болып Ыдырыс Тiлеубергенов тағайындалды.

Бiздер жеңдiк, теңдiгiмiздi алдық. Қазақтардың өндiрiс орындарындағы теңдiгi бүкiл Қазақстанға жария болды. Өйткенi, барлық обкомдарда қаралсын, жағдай түзетiлсiн деген Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң шешiмi таратылған.

Сөйтсек, бұл қазақтың егемендiгiнiң басы екен, коммунистiк партияның ұлттар саясатының күйреуiнiң басы екен. Сонымен, Кентау комбинатындағы 43 инженер Қазақстанның келешегiне жол бастап, титтей көмегiмiз тиген екен.

Жағдайымыз дұрысталды, қазақ инженерлерiн қызметте жоғарылату басталды. Бiрақ әлгi 43-iң iшiнен емес, ұйымға қатыспағандардың мансабы өсiп жатты. Соның өзiне де қатты қуандық.

Басшылар Әйменов Әнуарханды, менi Алжир мемлекетiне жiберудi ұйғарды, уақытша сол жерлерде бола тұрсын деген болуы керек.

Алжирге 1968 жылдың қазан айының басында кетiп, 1970 жылы қараша айының басында оралдым. Екi ай дем алып, 1971 жылы қаңтардың басында Мырғалымсай кенiшiнiң Сұңғылсай участiгiне бастық болып орналастым. Осы жұмыстан бiртiндеп кенiштiң бас инженерi болдым. Қысқасы қызметтi нөлден бастадым. Бас инженер болып 1975 жылы күз айларында тағайындалдым. Хаттан кейiн 10 жыл өтiптi. Бұған да шүкiршiлiк.

Әнуархан комбинаттың алыс орналасқан кенiшi – Байжансайға жiберiлдi. Одан кейiн комбинаттан кетуге мәжбүр еттi. Не керек,Әнуархан екеумiз Мәуленқұлов Сақтың бақылауындағы мамандары болдық.

2007 жылы комбинатқа 80 жыл толып едi, — деп сөзiн жалғады Әбдiхан қария. — Ащысай комбинатының даңқы бiр кезде қазiргi ТМД елдерiне түгел тарап едi. Бүкiлодақтық халық шаруашылығы кеңесi президиумының (ВСНХ) қаулысымен 1927 жылы 24 тамызда Ащысай комбинаты құрылған болатын".

Бұл аз уақыт емес. Осы бiр ғасырға жуық мерзiмде Ащысай кенiшiнен өндiрiлген түрлi-түстi металдар Кеңес үкiметiнiң түкпiр-түкпiрiне жетiп жатты. Кешегi Ұлы Отан соғысында осы комбинаттан өндiрiлген қорғасын жауға оқ болып атылды. Бүкiл Кеңестер одағы бойынша дайындалған 10 оқтың тоғызын Ащысай комбинаты берiп тұрды.

Бүгiнде бұл алып комбинаттың жұрнағы ғана қалған, өзi жоқ. Дегенмен Кентау қаласы комбинаттың 80 жылдық тойын өткiзуге бiрқатар дайындық жұмыстарын жүргiзген екен.

Ш. Қалдаяқов атындағы Мәдениет сарайында салтанатты жиын өттi. Бiраз еңбегi сiңген азаматтар марапатталды.

Мiне, осы жерде Әнуархан еске түстi. Осыдан 42 жыл бұрын басын қатерге тiгiп, сол кезде саясатқа қайшы келетiн батыл қадамға барып, қазақ инженер-мамандарын ұйымдастырып Қонаевқа кiрiп, мәселенi төтесiнен қойған азамат едi. Жас қазақ тау-кен инженерлерiне жол ашып берген қаһармандығы қайда, қандай белгi қалды, бiздiң рахметiмiз қайда? Өзi жоқтың көзi жоқ.

Осы комбинаттың 80 жылдық мерейтойына Әбдiхан ақсақал арнайы толғау дайындап барды. Оны Кентаудың "Қаратау тәжi" газетi 2007 жылдың 24-тамыз күнгi санында жариялады.

Толғауда Кентау қаласының бiр көшесiне Әнуархан Әйменовтiң атын беру туралы ұсыныс бар-тын.

Сол жiгiттiң қажырлы қадамының арқасында лауазымды орындарға қолы жеткен қазақ азаматтары бүгiнде неге үнсiз, бiрге тiзе бiрiктiрiп хат жазған жiгерлi жiгiттер неге ләм демейдi?! Ал "Арым – жанымның садағасы" деп ауыр кезеңде шындық үшiн күрескен Әнуархан Әйменов кейiнiрек белгiсiз жағдайда мерт болды… Бiрақ, сол ердiң атын өшiрмей сақтау бiзге аманат.

Өскенбай ҚҰЛАТАЕВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесi

Серіктес жаңалықтары