АНА – ТӘРБИЕ САЛАСЫНЫҢ ҰЛЫ ҰСТАЗЫ

АНА – ТӘРБИЕ САЛАСЫНЫҢ ҰЛЫ ҰСТАЗЫ

АНА – ТӘРБИЕ САЛАСЫНЫҢ ҰЛЫ ҰСТАЗЫ
ашық дереккөзі
233

Ата-бабамыз дала демократиясы желiсiмен ұлттық, дәстүрлiк заңдылықты ұстанған. Дүниеге қор болмаған, жан тазалығын сақтаған.

Қолымен баласын бесiгiнде тербетiп, жүрегiмен әлемдi әлдилер ана болу – ең маңызды да жауапты iс. Ұлттың ұлт болып қалуы, қоғамның өсiп өркендеуi, ұрпақтың жолынан адаспауы анаға, ана болар қыз тәрбиесiне байланысты. "Адам" деген асыл есiмдi өз болмысында таза сақтап қалу үшiн де дiнi мен дiлi күштi ана тәрбиесi ауадай қажет. Ата салтымызды бойына сiңiрген абзал аналар басты байлығымыздың бiрi. Бала рухани сауаттылықтың бастауын анадан алады. Тарих атаға жүгiнсек Ислам iлiмiмен өмiр сүрген бабаларымыз әйелдердi қорғап, мұқтажының бәрiн адал жеткiзiп тұрған. Жаратушы ием тоғыз ай қабырғасы қайысып бала көтерудегi шыдамдылықты, толғақ кезiнде төтеп берер төзiмдiлiктi аналардың қайсар-қайратына лайықтап берген. Нәрестесiне ақ сүтiмен қоса, түн ұйқысын төрт бөлген мейрiмдiлiктi, жөргегiн жуып, күтiп-баптау үшiн ептiлiктi ана еншiсiне бұйыртқан.

Тәрбиенi тiлге тиек етсем, тамыры тереңде жатқан Ұлы дала перзенттерiнiң ұлттық болмысы бойыма жылы қан жүгiртедi. Ақиқатқа негiзделген ата жолын аңсатады. Бұл – ұлтымызға мәңгiлiк iз қалдырған ата-дәстүр құндылығының әлсiресе де жойылмағандығының белгiсi. Ұлы бабаларымыздың өсиет сөздерiн өз бойларына сiңiрiп, оның пайдалы жақтарын ұрпақ тәрбиесiне қолданғандардың ұтары көп. Дәлiрек айтқанда, аналарымыздың ұлылар сөзiн әдептiлiктiң айнасы ретiнде пайдалана бiлiп, баланың жан-дiлiмен сезiнiп, ақиқатты аңғаруына ықпал етуi ерекше маңызды.

Мәдениеттi ұрпақ тәрбиелеу – мәдениеттi ананың қолынан келер iс. Бiздiң қазақ әйелдерi тең құқылықты бойларына тез сiңiрiп, имандылық негiздегi қазақ отбасыларында ерлер мен әйелдердiң нақты өз мiндеттерiн орындау негiздерiн өзгертiп жiбердi. Қазiргi таңда кейбiр әйелдер әйел-ана болудан гөрi күйеуiн билейтiн басшы болуға бейiмделiп барады. Аналар өз табиғатындағы мейiрiм, нәзiктiгi, сезiмтал қасиеттерiмен бала тәрбиесiне ыңғайлы жаратылған. Олардың өз мiндеттерiнен ауытқып, өзгерулерiнiң кесiрiнен қоғамдағы кейбiр келеңсiз жайттар бой көтердi. Аналар саудаға, саясатқа, мансапқа араласқан сәттен отбасындағы тәрбие ақсап, жанұя жылулығы кете бастады. Бақылаусыз қалған балалардың көбi өз бiлгендерiн iстедi, адасу жолына түстi. Ғылымы жетiлген заманда батыстың үлгiсiмен "әйел теңдiгiн" пайдаланып, "өзiмдi өзiм асыраймын" деп жұмыс басты болып кеткен аналарымыз да көптеп кездеседi. Iшiмдiкпен әуестенiп, темекi тартатындары қаншама. Аналарға қызметкер, саясаткер, iскер бола жүрiп, бала тауып, оны тәрбиелеу, әрине, оңай емес. Сондықтан аналардың бiрiншi кезекте жаужүрек батыр, ақылды саясаткер, ойшыл ғалым, әдiл басшы боларлық, бiр сөзбен айтқанда, тұлға болатындай ұрпақ тәрбиелегенi өзi үшiн де, ұлты үшiн де пайдалы болар едi. Бүгiнгi таңдағы бiлiмдi, көкiрегi ояу көзi ашық аналар қатарының көбейгенiн мақтаныш санау да орынды. Бiрақ, бiлiмдiлiктi ең бiрiншi ұрпағы үшiн пайдалану аналық парыз.

Адамзаттың аналар арқылы көбейетiнi, ынтымақ, бiрлiк сыйластықтың әйелден басталатындығы ақиқат. Бала бойындағы қасиеттi – бiрiншi Алладан, сосын анадан деп қарап, аналарға тек халал тамақ жегiзудiң де сыры бар. Өмiрге ұрпақ әкелiп, өсiп-өну жолындағы аналардың ниет тазалығы қаражатқа тәуелдi емес. Үлкен сарайда тұрып, астарына қымбат машина мiнгендер де баласына рухани тәрбие бере алмауы мүмкiн. "Бала – перiште", "Балалы үй – базар", "Бала құт әкеледi" дегендi де ата-бабаларымыз өмiрден алған. Баласы көптiң қорғаны мықты.

Пайғамбарымыз Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) "Жұмақ аналардың аяғының астында" деген сөзi жайдан-жай айтылмаған. Осындай құрмет, дәрежеге лайықты болу үшiн, балаларының денсаулығына, тәрбиесiне, бiлiм алуына жауапты ана болумен қатар, күйеуiнiң басшылығын мойындайтын, беделiн түсiрмейтiн ақылды әйел де бола бiлу керек. Отбасының берекесiн кiргiзiп, түтiнiн түзу шығаратын аналар болғандықтан, болашақ бақыты үшiн де жауапты. Аналар отбасындағы орнын бiлiп, имандылыққа бет бұрса, қазақ елi мықты болады.

Ислам дiнiмен бiрге келген ата дәстүрi жақын адамдардың жетi атаға дейiн үйленуiне тыйым салған. Ел арасындағы ауызбiршiлiк, ынтымақтастықтың нәтижесiнде жаумен шайқасқанда жеңiске жетiп отырған. Жетi атаға дейiн туыс-бауырлықты сақтаудың бiр жағы ағайын басының көбейiп, iргесiнiң берiк болуына септiгiн тигiзген. Заң бұзған жастарға өлiм жазасына дейiн шара қолданған.

Қазақ елi тәуелсiздiкке қол жеткiзiп, өзiнiң тарихи бастауларына көз тастап, имандылық тәрбиесiн қолға ала бастады. Иман қуаты күштi аналардың рухы биiк тұлға тәрбиелеп, ағайынның бiртұтастығын сақтауда алтын арқау болатынын сезiнуiмiз қажет. Отанның отбасынан басталарын саналы түрде түсiнiп, тәрбие саласының ұлы ұстазы ана екенiн мойындап, оның орнының iзгiлiктiң қайнарына тең екенiн бiлейiк, ағайын.

Жақсыгүл ҚАЛЖАНОВА, ҚР Бiлiм беру iсiнiң үздiгi

Серіктес жаңалықтары