КIСI ЕСIМIНДЕГI ҰЛТТЫҚ РУХ
КIСI ЕСIМIНДЕГI ҰЛТТЫҚ РУХ
Қазiргi қазақ тiлiнiң құрамында кеңiнен пайдаланып жүрген шығыстық кiсi есiмдерiн екi түрлi бағытта қарастыруға болады: бiрi – әйел есiмдерi, екiншiсi – ер кiсiлердiң есiмдерi. Бұлай қарастырудың да өзiндiк себебi бар. Әйел есiмдерiнiң араб тiлiндегi формалары қазақ тiлiне ауысқан сәтте аздап өзгерiске ұшырайтыны бар. Ол заңдылық негiзiнен араб тiлiне тән. Араб тiлiнде зат есiмдер орыс тiлiндегi сияқты екi тек категорияға бөлiнедi: ер тегi, әйел тегi. Ер тегi мен әйел тегiнiң айырмасы ер тегi -ун қосымшасына аяқталса, әйел тегi -атун қосымшасы арқылы ерекшеленедi. Оның үлгiсi мынадай: Алимун-Алиматун, Аминун-Аминатун, Каримун-Кариматун т.б.
Көрiп тұрғанымыздай, әйел есiмдерi араб тiлiнiң грамматикасы бойынша -атун қосымшасына аяқталады. Бiрақ айтылуда қосымшадағы дауысты "а" дыбысталып, -тун оқылмайды, ал жазылуда сақталады. Сол себептi араб тiлiндегi әйел есiмдерi "а"-ға аяқталады да Алима, Амина, Карима, Салима, Шарипа т.б. болып қолданылады. Ал ер тегiндегi-ун жазылуда сақталады да айтылуда дыбысталмайды. Сол себептi Алимун-Әлiм, Аминун-Әмин, Каримун-Кәрiм, Салимун-Сәлiм болып шығады.
Елiмiз егемендiгiн алып, дiнiмiз исламмен қайта қауышқан тұста мұсылмандықты қабылдаған адамдардың өз есiмдерiн өзгертiп, арабша есiмдерге ауыстыруы үрдiске айналып бара жатқан сияқты. Атап айтқанда, Мұхаммед, Ахмет, Абдулла, Махмуд т.б.
Бiрақ мұны да түрлiше түрлендiрiп жүргенiмiз баршаға аян. Бiр ғана Мұхаммет есiмiнiң бiрнеше үлгiсi бар екен: Мұхаммед, Мухаммед, Мухаммет, Мухамбет, Мұхамбет, ал одан туындаған Ермұхаммет, Жармұхаммет, Бекмұхамметтердiң өзi бiрнеше вариантта келсе, Мұхамметәлi, Мұхамметрахым, Мұхамметғали, Мұхамбетқали, Дүрмұхаммет болуы есiмнiң жаңа формасын қалыптастырады.
Басқасын былай қойғанда, шыққан жерi мен тегiн бiлдiретiн сөздердi қосып айту: Махмуд Ал-Һамадани – Һамаданилық Махмуд, Ахмет Тантауи – Тантауилiк Ахмет т.б. үрдiске айналып барады. Олардың бүгiндегi формасы әл-Тарази, әт-Түркiстани, әл-Сығнақи т.б.
Бұл тұста белгiлi қоғам қайраткерi Амангелдi Айталы ағамыздың "Бүгiнде жастарымыздың өздерi ұлттық танымдағы есiмдердi қоюға аса белсендiлiк танытпайтын сияқтанады. Бiрi таза ислами есiмдердi, яғни оның мағыналық сипатына мән бермей …. араб сөздерiндегi есiмдердi қоюды негiзге алса, кейбiрi батысқа бет бұрып, өздерiнiң ұғымынша заманауи есiмдердi ұсынып жатады. Кейiннен оның не қазақ, на батыстық екенiн бiлмей жүргенiң",– деп келтiретiн пiкiрi қонымды.
Жуырда Астана қаласында өткен "Ұлты қазақ азаматтарының аты-жөндерiн рәсiмдеудi реттеу мәселелерi" деген тақырыпта өткен республикалық "дөңгелек үстелде" қазiргi таңда ұлты қазақ азаматтарының жеке куәлiктерiндегi түрлi үлгiдегi кiсi есiмдерiнiң нұсқалары талқыланды. Бұрынғы Мәдениет және ақпарат министрлiгi Тiл комитетiнiң ұйытқы болуымен өткен бұл жиында қазақ қауымының аты-жөндерiн бiр iзге келтiру мәселелерi кеңiнен сөз етiлдi.
Кiсiнiң аты-жөнi ұлттық үлгiде болуына мүмкiндiк туған кезден бастап түрлi үлгiдегi кiсi есiмдерi, олардың бiрнеше үлгiде жазуы пайда болды. "Бiр есiмнiң бiрнеше үлгiсiне тап болдық" дедi дөңгелек үстелге жиналғандар. Бұл дұрыс-ақ, орынды отырыс. Алайда бұған қоса бүгiнде тiлiмiзде жүйесiз орын алып жүрген шығыстық есiмдердiң де барлығын есте тұтқан абзал. Мұнда да бiрiздiлiк жоқ. Тiл жанашырлары оны да есте тұтса екен деймiз. Өйткенi бұл мәселе де бүгiнгi таңда өте маңызды.
"Жалпы алғанда, ислам дiнiнде мұсылмандықты қабылдаған адамдар арабша есiм алуы шарт деген қағида жоқ. Тек, мұсылманның есiмi мағыналы, әдемi, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)сүннетiне муафық болса болғаны, соның өзi жеткiлiктi",– дейдi белгiлi дiнтанушы М.Бұлытай.
Кезiнде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұсылмандар немесе мұсылмандықты қабылдаған өзге ұлттардың да арабша ат қоюы керек дегендi әмiр еткен емес. Бiрақ қойылған есiмдердiң мағыналарының жақсы болуын әмiр еттi.
Абу Дәуiт риуаяттарында: "Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алла есiмдерiнен Абдулла, Абдурахман есiмдерiн жақсы көретiн. Ал соғыс, от, ащы, қайғылы және т.б. мұңлы мағынадағы есiмдердi жақсы көрмейтiн", -деп келтiредi.
Туылған нәрестеге ат қою – мiндетiмiз. Оған ата-ана жауапты. Сол себептi ат қоюды да үлкен жауапкершiлiк деп бiлу керек. Өйткенi дiнiмiз Ислам нәрестеге Алланың пендесi екенiн санасына сiңiретiндей есiмдердi қоюды әмiр еткен. Кейбiр есiмдердiң кiсi баласына ауырлық ететiнi де баршылық. Олай дейтiнiмiз, пайғамбарымыздың есiмiмен аталып, ал амал әрекетте оған лайық болмаған жағдайда, қашанда, қиыншылықтарға кез болып қалады.
Кiсi есiмiн қоюға қоғамдағы жағдайлардың да өзiндiк әсерi болатыны жасырын емес. Осы ретте бүгiнгi теледидардың да өзiндiк орны барлығын айта кету керек. Өйткенi қазақтың кiсi есiмдерiн қоюда мұның да әсерi көрiнiп-ақ тұр. Бүгiнде телеарналардан көрiнiс тауып жүрген түрiк, кәрiс, жапон, мексикан, ресей сериалдарындағы кейiпкерлердiң дүниеге жаңа келген сәбилердiң есiмдерiне таңылуы таңғаларлық жайт болмай қалды. Сондай-ақ оған кешегi кеңестiк дәуiрдiң негiзiнде қалыптасып қалған орыстық жүйенi қосыңыз. Бұл жайлы кезiнде белгiлi ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Ақселеу Сейдiмбек: "Орыстық төл есiм жүйесiне тән өз есiмi – әке есiмi – ата тегi (фамилия) үлгiсiн әлем халықтары қолданбайды десе де болады. Мұндай үлгi қазаққа да жат. Қазақтың моральдық-этикалық қарым-қатынас нормасына үштiк атаудан (өз есiмi – әке есiмi – ата тегi) тұратын орыстық төл есiм жүйесi мүлде сай келмейдi" деген болатын.
Расында, қазақ халқы ер кiсiнi әкесi мен атасының есiмi бойынша атауды әбестiк көретiн халық. Ал қыздар мен әйел кiсiлерге тiптi ерсi, ұят саналған. Десе де, бүгiнде бұған бой алдырып, етiмiздi үйретiп алдық. Орысша нұсқадағы әкесiнiң атын (фамилиясын) емiн-еркiн айтуға дағдыланып та кеттiк. Жарайды, ендi ол орысша -ев, -ов, т.б. қосымшалардың тасасында қалып қойды делiк. Алайда бүгiнгi таңда осы "-овтар" алмастырылған тұста әкесiнiң және атасының аты қатар тiзiлгенде кейбiр қыздарымыз бен келiндерiмiздiң беттерiн бүлк еткiзбей еркiн айтуға дағдылануына не дерсiң. Бәлкiм бұл сол американдық, не мексикалық, не еуропалық телесериалдардағы қарым-қатынастардың айна-қатесiз ұлттық санамызға қабылдануы емес пе?
Мiне, осындай талғам-талап өресiндегi кiсi есiмдерiн де бiр жүйеге келтiретiн уақыт жеткен сияқты. Шындығында, дүниеге келген нәрестенiң есiмi өзiнiң ұлттық болмысына сай, салт-дәстүрге лайықталған, халықтық сенiмiне негiзделген, мағыналы да мәндi болғаны абзал. Мұны тиiстi органдар қадағалау керек деймiз. Бiрақ ең басты жауапкершiлiк – ата-анада. Түйiндей келгенде, кiсi есiмi өзiнiң болмысына, мiнез-құлқына сай қойылған мағыналы болуы керек.
Нұрлан МАНСҰРОВ, шығыстанушы