ӘЛI ДЕ КЕШ ЕМЕС

ӘЛI ДЕ КЕШ ЕМЕС

ӘЛI ДЕ КЕШ ЕМЕС
ашық дереккөзі
264

Соғыс ардагерлерi Алматыдан Бауыржан Момышұлының ескерткiшi мен мұражайының ашылуын қалайды

Алдағы желтоқсан айында Кеңестер Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толады. Соған орай үстiмiздегi жылдың басынан берi мектептерде, жоғары оқу орындарында, елдi-мекендерде оны еске алу шаралары жүрiп жатыр. Жуырда сондай игi шара Қаскелең қаласында өттi. Бұл жиынды Алматы облысының әкiмi Серiк Үмбетов ашып, Баукең туралы ыстық iлтипатын бiлдiрдi. Содан кейiн сөз алған батырдың ұлы Бақытжан әкесi жайында үш кiтап жазғанын, оны оқырмандар жылы қабылдағанын айтты. Филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов Баукеңнiң шығармашылығын қырық томға жинақтағанын, оның отыз томын Мәдениет министрлiгi, он томын Жамбыл облысының әкiмшiлiгi жарыққа шығарып жатқанынан хабардар еттi. Ал батырдың жанында жиырма жыл жүрiп, қызмет көрсеткен ғалым-жазушы Мамытбек Қалдыбайдың естелiктерi әсерлi шығып, жиналған көпшiлiктi бей-жай қалдырмады.

Батырды еске алған жақсы. Мұндай шаралардың әлi де жалғаса берерi анық. Дегенмен Баукең өмiрiнiң көбiн осы Алматы қаласында өткiздi. Шығармашылығының көбi де осы оңтүстiк астанада, iрi мегополис орталығында жазылды. Ал осы қалада батырға қойылған ескерткiш те, мұражай да жоқ. Неге? Бұл халықтың көкейiнде көп жылдардан берi жүрген сұрақ? Ескерткiш – айбынымыз, мұражай –тарихымыз емес пе!?

Ұлы Жеңiстiң 65 жылдық мерекесi атап өтiлген 9-мамыр күнi Алматыдағы 28 гвардиялық панфиловшылар саябағында болып, бiрнеше соғыс ардагерлерiмен кездесiп, жоғардағы сауал төңiрегiнде пiкiр алысқанбыз.

Виктор Васильевич Афанасьев, майдангер, запастағы полковник:

– Батыр Бауыржан Момышұлын кiм бiлмейдi. Оны мына менiң кiшкене немерем да жақсы бiледi, – деп немересiне еңкейдi. – Қане, Танюша айтшы, Бауыржан Момышұлы кiм?

Немересi: "Ол – Отанды қорғаған батыр!" – деп тақ ете қалды. Ардагер сөзiн жалғады. – Бұл қалада, осы панфиловшылар саябағында оның ескерткiшi де, мұражайы да болуы керек. Батырын қадiрлеген ел солай құрметтейдi. Сол мұражай болғанда мына немеремдi алып барып, жәдiгерлерiмен таныстырып, ескерткiшiне тағзым етер едiк.

Александр Сергеевия Иванов, майдангер, запастағы майор:

– Былтыр Астанаға батырдың еңселi ескерткiшi қойылды. Бауыржан Момышұлының ескерткiшi республиканың облыс орталықтарының бәрiнде болғаны жөн. Ол сондай құрметке лайықты жан дер едiм. Оның соғыстағы ерлiк iстерi, жауынгерлерiн жау қоршауынан бiрнеше рет еш шығынсыз алып өткенi және өзi бастап шабуылға жiгерлендiруi күнi бүгiнге дейiн ұландарымызға үлгi.

Анатолиий Николоевич Кузнецов, майдангер, запастағы полковник:

– Бауыржан Момышұлының Жамбыл облысындағы Жуалы ауданында мұражайы бар деп естiгенмен. Бiз секiлдi қарттар Жуалыға қайдан барсын. Сондай мұражайдың да, ескерткiштiң де осы Алматыда болғаны жөн едi. Мұнда қала қонақтарынан бөлек қаншама шетелдiктер жүр. Үкiметке мұражайын саламыз десе әлi де кеш емес. Екi қабаттан тұратын еңселi үйдi қазiр ары десе екi-ақ айда тұрғызуға болады. Тек басшылардың соған құлқы болсын деңiз. Батырдың "Москва үшiн шайқасында" ешқандай қоспасыз нағыз қан майданның көрiнiсiтерi жазылған. Мен оны сол үшiн де құрметтеймiн. Ал оның осы уақытқа дейiн Алматыдан мұражайы мен ескеркiшiнiң ашылмауы Үкiметке сын.

Иә, осы кезге дейiн көзiнiң тiрiсiнде-ақ аңызға айналған, әлемге танылған, халқының сүйiспеншiлiгiне бөленген Баукеңе Алматыдан ескерткiшiнiң қойылмағаны, мұражайының ашылмағаны Үкiметке сын. Майдангер Анатолий Кузнецов айтпақшы, Үкiмет осы бiр олқылығын толтырам десе әлi де кеш емес. Көпшiлiк ескерткiш пен мұражайдың 28 гвардиялық панфиловшылар саябағынан орын тепкенiн қалайды.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары