Әдiл АХМЕТОВ: ДЕМОКРАТИЯ МЕН АНАРХИЯНЫҢ АРАСЫ МҮЛДЕМ БӨЛЕК

Әдiл АХМЕТОВ: ДЕМОКРАТИЯ МЕН АНАРХИЯНЫҢ АРАСЫ МҮЛДЕМ БӨЛЕК

Әдiл АХМЕТОВ: ДЕМОКРАТИЯ МЕН АНАРХИЯНЫҢ АРАСЫ МҮЛДЕМ БӨЛЕК
ашық дереккөзі
302

Алматыда өткен "ЕҚЫҰ-ның Еуразиялық өлшемi" атты трансазиялық парламенттiк форумы негiзiнен екi мәселеге арналды. Оның бiрi — Ауғанстандағы саяси ахуал мен есiрткi саудасы болса, екiншiсi — Қырғызстандағы шиеленiскен жағдай. Форумда Қырғызстан мәселесi туралы тұшымды баяндама жасаған және бұған дейiн ЕҚЫҰ парламенттiк ассамблеясы президентiнiң Қырғызстан бойынша арнайы өкiлi ретiнде қырғыз елiне екi мәрте барып мәселенiң мән-жайына қаныққан, сондай-ақ күнi кеше Парламент ассамблеясы өкiлдерiмен қырғыз елiне атбасын тiреген Әдiл Ахметов мырзаны әңгiмеге тартқан едiк.

— Әдiл Құрманжанұлы, "ЕҚЫҰ-ның Еуразиялық өлшемi" атты трансазиялық парламенттiк форумды ұйымдастырушылардың бiрiсiз. Жалпы, мәртебелi басқосуға жиналған қонақтар Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын қалай бағалап отыр?

— Әртүрлi елден келген делегаттардың айтуына қарағанда, Қазақстан белсендi түрде жұмыс iстеп жатыр. Көп мәселелердi шешуге талпынып отыр деген оң баға бердi. Қазақстанның әлемдiк аренадағы рөлi күннен күнге артып келедi. Мұны тек өз азаматтарымыз айтып жатқан жоқ, шетелден келгендердiң бәрi тiлге тиек еттi. Одан қала бердi жақында Вашингтонда өткен ядролық қаруға қарсы форумда Президенттiң рөлi айқындалды. Бұл да қауiпсiздiкке байланысты мәселе ғой. ЕҚЫҰ-ның мiндетi де ынтымақтастыққа шақырып, қауiпсiздiктi қамтамасыз ету.

— Ал бұл форумға Ауғанстан мәселесiнiң не қатысы бар?

— Бiз төрағалық етiп отырған ұйымға кiретiн 56 мемлекеттiң 48-i Ауғанстанға әскери және гуманитарлық көмек берiп отыр. Оның үстiне бiзге жақын орналасқан Ауғанстан мен Қырғызстандағы жағдай Қазақстанға да, басқа мемлекеттерге де зардабын тигiзуде. Яғни, көршi елдегi тыныштық, бейбiт өмiр бiздiң де iшкi жағдайымыздың дамуына тiкелей әсер етедi. Сондықтан да Қазақстанның бастамашыл боп, осы форумды өткiзiп отырғаны үлкен абырой. Мұның сыртында шiлде айында ЕҚЫҰ-ға кiретiн мемлекеттердiң Сыртқы iстер министрлерiнiң бейресми конференциясы өтедi. Бүгiнде Елбасының ЕҚЫҰ-ның саммитiн өткiзу туралы бастамасын Ресей, Франция, Италия, тағы басқа көптеген елдер қолдады. Ал осы ауқымды саммиттiң күн тәртiбi Сыртқы iстер министрлерiнiң отырысында талқыға салынбақшы. Бұл Қазақстанның ғана емес, ЕҚЫҰ-ның да абыройын артқызып, үлкен пайда әкеледi. Негiзi Қазақстан осындай маңызға ие форумды үшiншi мәрте өткiзiп отыр.

— ЕҚЫҰ-ға төрағалық етушi Қазақстан көршi Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыру үшiн қандай шаралар атқарып жатыр?

— Ол жерде бұған дейiн екi рет болдым. Қырғызстандағы жағдай революция дегенге келе ме, келмей ме, бiлмеймiн. Сол оқиға болғанның ертесiнде Парламент ассамблеясының атынан мен бардым, одан соң қазiргi ЕҚЫҰ-ның iс басындағы төрағасы Қанат Саудабаевтың жеке уәкiлi, мәжiлiстiң вице-спикерi Жәнiбек Кәрiбжанов барды. БҰҰ-ның бас хатшысының өкiлi Ян Кубиш және Венадағы шиеленiстердiң алдын алу жөнiндегi бюро директорының орынбасары Г. Залбер де барды. Бәрiмiз бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарып, жағдаймен жiтi таныстық. Уақытша үкiметтiң мүшелерiмен, үкiметтiк емес ұйымдардың өкiлдерiмен сөйлестiк. Таратылып кеткен Жогорку Кенештiң депутаттарымен де әңгiмелестiк. Және халықаралық банк жүйесiнiң қызметкерлерiмен брифинг ұйымдастырдық.

— Қырғызстанның осындай тығырыққа тап болғанына не себеп?

— Бұның бәрiне Бакиевтiң өзi кiнәлi. Оның "бұлай болатынын бiлмей қалдым" деген сөзiне сенбеймiн. Ел президентi бола тұра, елде не болып жатқанын қалай бiлмейдi? Өзi отқа май құйып жiбердi. Оппозициялық партияның өзiмен бұрын қоян-қолтық жұмыс iстеген премьер-министрiн, басқаларын түрмеге жауып тастады. Олардың артында халық тұр ғой. Жағдайдың ушығып кетуiнiң басты себебi сол. Шын мәнiнде, Бакиевтiң өзi бұлай болатынын бiлмей де қалды. Ол бәрiн түрмеге жауып тастасам, сонымен iс тынады деп ойлады. Бiрақ олай болған жоқ. Өйткенi, Ақаевтан кейiн халықтың санасында қарын ашса, күрек-кетпен алып көшеге шықса, үкiметтi басып аламыз деген стереотип пайда болды. Мiне, бұл елде екiншi мәрте қайталанып отыр. Бұл — жақсы үрдiс емес.

— Қырғыз елiнде шиеленiстер әзiрге тоқтамайтын сияқты. Жақында ғана Бакиев жақтастары Жалал-Абадта, Ошта үкiметтiң ғимараттарын басып алып, Уақытша үкiмет өкiлдерiмен қырқысып қалып, адам шығынына алып келдi ғой.

— Иә, халық жаман үйренiп қалды. Неге қырғыз халқы кiшкене ойланбайды? Олар осылай ғана өзiмiздiң жағдайымызды түзеймiз дейдi ме? Тағы бiр айтатын нәрсе, қырғыз саясаткерлерiнiң арасында "Орта Азиядағы ең үлкен демократтар — бiзбiз" деген түсiнiксiз пiкiр бар. Олай емес. Демократия мен анархия екеуi бiр-бiрiмен дос болмайтын категория. Бiреудiң жерiн тартып алу, бiреудiң жекеменшiгiн басып алу, бас салып ұрып-сабау, тонау — бұлар демократияға жатпайтын нәрсе.

— Қырғызстандағы дүрбелеңдi әлем елдерi әрқалай бағалап отыр. Кейбiрi мұндай әрекеттердi құптамайтынын ашық бiлдiруде. Бұған не айтасыз?

— Елбасы бұған "тек қана Президент кiнәлi емес, халық та ойлануы керек қой" дедi. Дұрыс қой. Ұлы Абайдың: "Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мiнеки, бұзған жоқ па елдiң сиқын…" деген сөзi бар. Бар-жоғы 5 млн.-ға жуық халқы бар Қырғызстанда 105 саяси партия бар екен. Қазiр олар реформа жасақтап, парламенттiк республика құрамыз деп жатыр. Сонда әлгiндей көп саяси партия билiкке баратын болса не болады? Бiр ғана мысал. Моңғолияның Парламентiнде 15 шақты партия бар. Олар бюджеттi жарты жыл талқылап, дер кезiнде шешiм қабылдай алмады. Мұны да ойлану керек. Елбасымыз халыққа Жолдауында: "Алдымен экономиканы түзеу керек, содан кейiн ғана саясатпен айналасайық" деген едi. Әрине, қарны аш адам қолына қару алып, көшеге шығады. Алдымен елдiң қарнын тойғызу керек. Құдай бетiн ары қылсын, Қырғызстан мен Қазақстандағы жағдай мүлдем бөлек. Қырғызстанның орта есеппен тұрмысы 800 доллар болса, бiзде 8 мың доллар. Оның сыртында экономикада атқарылып жатқан тетiктердiң арқасында қаржы дағдарысынан да оп-оңай шыққан жоқпыз ба? Биылғы жылы IЖӨ өндiрiс саласында 13 пайызға өстi. Басқа салада да iлгерiледi. Бiз дағдарыстан шығып бара жатырмыз. Осыған неге ризашылық бiлдiрмеймiз?

— Бiр сөзiңiзде Бакиевтiң iс-әрекетiн айыптап едiңiз. Ал, Белоруссия президентi Лукашенко Бакиевтi неге қолтығына алып отыр?

— Өйткенi, оған саяси ұпай керек. Сайлау тықыры да келiп қалды. Сондықтан ол Бакиевтi жақтайтындардың қолтығына су бүркiп, от құйып отыр. Бұл үлкен саясаткерге жараспайтын нәрсе. Басқа елдiң iшкi шаруасына араласуға болмайды. Бакиев те қара басын күйттеуден аспады. Президент болған адам мұндай саясат жүргiзуге тиiстi емес. Ол ең алдымен өз елiнiң, халқының мүддесiн ойлаудың орнына, өз басының қамын күйттедi. "Өзге елде сұлтан болғанша, өз елiңде ұлтан бол" дейдi. Елiнен қашып кететiн не жөнi бар?

— Ал, Ұжымдық қауiпсiздiк жөнiндегi келiсiм-шарт ұйымының (ОДКБ) бас хатшысы Николай Бордюжа Лукашенкоға Бакиевтi жасырғаны үшiн үлкен алғыс бiлдiрдi. Бұған не дейсiз?

— Мұнда бiраз нәрсеге деген мүдделiлiк жатыр. ОДКБ-ға қол қойған мемлекеттер бiр жағдай болып жатса, бiр-бiрiне көмек бередi делiнген. Бұл жерде ОДКБ көмек беретiн жағдай орын алған жоқ.

— Бакиевтiң "отставкаға кеттiм" деп жазбаша мәлiмдеме жазып, iле-шала оны қайтарып аламын деуi де берекесiз адамның iсi емес пе? Қазақстан жағы Бакиевтi құтқарған кезде ол Елбасыға алғысын жаудырып едi. Кейiн Лукашенконың қол астына барып басқаша сөйлеген жоқ па?

— Ресейдiң Президентi Д.Медведев: "Бiз Бакиевтi жақсы бiлемiз. Ол өз сөзiнде тұрмайтын адам. Қазiр бiр сөз айтса, артынша тайқып, басқа сөз айтады" дедi. Мiне, Бакиевтiң бет-бейнесi осыдан-ақ аңғарылады. Үлкен лауазымды қызметтi алып жүру үшiн ақыл мен парасат керек. Бакиев осы жағынан өзiн көрсете алмады. Бакиев жалпы, өз сөзiне қожайын адам емес. Бiрақ президенттiктен кеттiм деп қолхат бердi. Қанша жерден сөзiмдi қайтарып аламын десе де, қолхат – құжат қой. Халық оны кешiргiсi келмейдi. Бакиевтiң iсi – бауыздаған қойдың тұяқ серпiген жағдайы. Одан ештеңе шықпайды. Тәртiп бұзғандардың бәрi қамалды. Қазiр бiршама тынышталып қалды. Ел халқы көтерiлiс кезiнде марқұм болған туысқандарының қырық күндiк асын бердi.

— Ал, Бакиевтiң отбасы Қырғызстан қаржысын талан-таражға салды деген ақпарат қаншалықты рас?

— Бәрi рас. Барлық жауапты жұмыстарға туысқандарын қойған. Инвестицияның бәрiн баласының тақымына салып берген. Тағы бiр кемшiлiгi, электр көзiне, газға, суға деген тарифтi үш-төрт есе көтерiп жiберген. Өзi нашар тұратын халықты одан әрi тұралататын не жөнi бар. Сондықтан тағы айтам, бәрiне Бакиевтiң өзi кiнәлi. Оған ешкiм қастандық жасайын деген жоқ. Бейбiт халықты атуға қандай құқығы бар!? Қаншама адам ажал құшты, қаншама адам жарақат алды. Соны бiле тұра, қайтадан Президент болғысы келедi. Ендi оны кiм қабылдайды?

— Сiздiңше, Қырғызстандағы жағдай қалай өрбидi? Осы аптада Қырғызстанға барған Парламент ассамблеясының өкiлдерi не шештi?

— "ЕҚЫҰ-ның Еуразиялық өлшемi" атты трансазиялық парламенттiк форумнан кейiн ЕҚЫҰ-ның Парламенттiк ассамблеясының төрағасы Жоао Соареш пен Парламент ассамблеясының бас хатшысы С.Оливер, сондай-ақ Парламент ассамблеясының он бес шақты депутаты Бiшкекке барып қайттық. Олар Уақытша үкiметтiң төрайымы Роза Отунбаевамен кездестi. Қырғыздардың шымбайына батып отырған бiр ғана мәселе бар. Ол — шекара мәселесi.

— Сонымен, шекара жақын арада ашыла ма?

— Олар бiзге "шекараны ашып берсеңiздер екен" деп өтiнiш бiлдiрiп жатыр. Бүкiл шетелден келетiн тауардың бәрi бiз арқылы өтедi. Бұл тек қырғыз экономикасына ғана емес, бiздiң елге де нұқсан келтiрiп отыр. Шынын айту керек, жұмыссыз қырғыздардың көбi бiздiң елден нәпақасын тауып жүр. Олардың да жағдайына қарауымыз керек. Бәрi де бала-шағаны бағудың қамы. Жалпы, бiз төскейде малы, төсекте басы қосылған, қыз алысып, қыз берген бауыр елмiз. Бiз сынап айтсақ, бауыр ел болғандықтан, жанымыз ашығаннан кейiн айтып жатырмыз. Елбасы бұл мәселенi қараймыз дедi. Көршi елдегi жағдай түзелсе, шекара ашылады. Қазiрдiң өзiнде елiмiзде құжатсыз жүрген адамдар шығарылды. Негiзiнде халықаралық жағдай ушыққан уақытта шекараның жабылғаны дұрыс деп ойлаймын. Неге десең, бұл бiздiң елдiң қауiпсiздiгi үшiн керек.

— Роза Отунбаеваның "Ресей бiзге көмектесiп жатыр, оларға көп рахмет" деп айтуында не сыр жатыр?

— Қырғызстан — жағдайы ауыр кiшкентай мемлекет. Ресей де бiраз көмек бердi. Әрине, қолұшын созған мемлекеттi мақтайды ғой. Бiр қызығы, Қазақстан туралы ешқандай сөз айтып жатқан жоқ. Оны өздерi бiледi ғой. Бiрақ бiзден олар Ақаевтың кезiнде де, Бакиевтiң кезiнде де көмек алды. Тыңайтқыш та берiп жатырмыз, дизель отынын да жеткiздiк, ақшалай да көмек берiп жатырмыз. ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретiнде қырғыз елiндегi толқуды да тұрақтандыруға Елбасы да, қазақ елi де үлкен шаруалар жасады. Олардың iштерiнде ептеп өкпе бар сияқты. "Қазақстан тарапы қырғыздарды кедей ел" деп айтты, "Бiз кедей еле емеспiз, жағдайымыз жақсы" дегендi айтады. "Бөрi арығын бiлдiрмес" деген осы ғой. Қазiргi жағдайда олардың қырғиқабақ танытатын жөндерi жоқ. Бiз қырғыз елiндегi жағдайды тұрақтандыруға үлес қостық. Әйтпесе, азаматтық соғыс басталып кетуi мүмкiн едi. Бұл тек Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ғана iс-әрекетi емес, сондай-ақ, АҚШ президентi Барак Обама, Ресей президентi Дмитрий Медведев те қолдады. Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы ретiнде осындай шараны қолданды. Ал, қазiр Бакиевтiң балаларына iздеу жарияланды. Егер оларды ұстап, елге әкеп соттаса, бұл — олардың iшкi iсi.

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары